Медицина 2018-09-20 (0) (24051)

Пайғамбар медицинасы: Емшіні қалай таңдаймыз?

Пайғамбар медицинасы: Емшіні қалай таңдаймыз?

Денсаулық – дер кезінде қадірі түсініле білмейтін байлық. Сырқат – Жаратушы тарапынан әрбір адамға берілетін сынақ. Тән – Алланың аманаты. «Аурудың жақсысы жоқ, Дәрінің тәттісі жоқ», «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің», «Ауру кірді - әлек кірді», «Бас ауырса, жан қорқады» деп нақылдай білген қазақ денсаулықты бірінші байлыққа да балайды.

 

Пайғамбар медицинасы – ғылыми медицинаның негізін қалаушы

 

Ауру жанға батқанда қолдағы барымызды сатуға даяр болып, тауды да, сайды да асып кететініміз бар. Алайда, жаратылысын бәрінен де артық білетін Жаратушының риза болған діні исламда дерттердің шипасы бар екені ұмыт қалып жатады. Ислам немесе Пайғамбар медицинасы – заманауи ғылыми медицинадан ем табылмағанда немесе шамасы жеткенді жасап, шарасы таусылған адамның жүгінетін жері емес. Пайғамбар медицинасы – ғылыми медицинаның негізін қалаушы. Себебі, Құран – ғылымдардың анасы. Ал медицинаның бастауы – Адам атамыздан (оған Алланың сәлемі болсын), адамдарды қараңғылықтан шығарып, дұрыс өмір сүруді үйрету үшін жіберілген пайғамбарлардан басталады. Бұл сөзімізді Табараниден жеткен мына бір хадис дәлелдей алады: «Алла Тағала Адамды Жәннаттан түсіргенде, Жәннат жемістерін берді және Құдай оған түрлі кәсіп туралы білім берді әрі барлық нәрселердің атауын үйретті».

Сондай-ақ, «Медицинаның» – арабтың «Мәдәт Сина», яғни, «Синаның жәрдемшісі» деген сөзінен шыққандығын әркім біле бермейді. Дәл осы медицина ғылымының атасы атанған ислам ғұламасы Әбу Әли ибн Синаның «Медицина ғылымының заңдары» («Канон») атты еңбегі – медициналық iлiмдердiң нағыз энциклопедиясы ретінде танылған. Бұл еңбек сол кездегi медициналық бiлiмдердiң екшелеп, сараланған және бiр жүйеге келтiрiлген анықтамасы дерлiк.

Ал қазіргі таңда медициналық тәсілдерден тыс шараларды қолданатын топтың атауы болған «тәуіп» сөзі – «табиб», яғни, «емші» деген сөзден шыққан. Соңғы кезде тәуіптердің аты затына сай болудан қалып, ел-жұрт шошына қарайтын адамдарға айналуы өкінішті-ақ... 

Айтпақшы, сіз білесіз бе, сонау VIII ғасырдың өзінде  ислам мәдениетінің бесігі мен есігіне айналған Испаниядағы Кордова жерінде 50 емхана болған екен. Дәл осы жерде 1400 дәрінің сипаттамасы жасалып, ең алғаш рет адам көзіне ота жасалады. Бұл кезде Еуропада медицина ғылымының иісі енді ғана шыға бастаған еді. Тіпті, бұл аймақта 400 жылдан кейін ғана ең алғашқы емхана құрылады. Яғни, ислам – қазіргі ғылыми медицинаны жоққа шығармайды, керісінше оның қайнар бұлағы бола отырып, бірлесе жұмыс жасауды мақсат тұтады.

 

Дәрі мен дәрігерге жүгінуге бола ма?

 

Ислам діні дәрі-дәрмек пайдалануға тыйым салмайды, дәрігерге, шариғатқа қайшы келмейтін емшіге қаралудан тоспайды. Бұхари мен Муслимнің жинақтарында: «Әрбір дерттің дауасы бар. Егер дерттің дауасы дөп түссе, (науқас) Алла Тағаланың рұқсатымен сауығады»«Алла Тағала шипасын берместен, ешбір ауруды жібермейді» делінген. Сондай-ақ, Ахмадтың жинағында Усама бин Шариктің былай дегені келтірілген: «Бірде мен Пайғамбарда болдым, оған бірнеше бәдәуи келді. Олар емдік шаралар қолдануға, емделуге бола ма деп сұрады. Сонда ол: «Иә, Алланың құлдары, дәрі-дәрмекті пайдаланыңыздар!Себебі, Алла Тағала шипасын бірге жіберместен ешбір ауруды жібермейді, тек біреуінен басқа» деді. Одан: «Сонда ол не?» деп сұралғанда: «Кәрілік» деп жауап берілді.

Біліңіз, дәрі-дәрмек ішкенде, емшіге қаралғанда шипаның әш-Шәфи, яғни, Шипа Беруші болған Алладан екенін ескеріп, Оған ғана тәуекел етіп, дәріден яки дәрігерден емес, бір Алладан үміттеніңіз, көмекті Алладан сұраңыз, жақсылықтың Оның ғана қалауымен болатындығын естен шығармаңыз. Қалғандарының барлығы да жай ғана себепкер...

Әби Хизамнан мынадай хадис жеткізіледі: «Пайғамбардың кезінде бір адам жарақат алды, кейіннен ол жерден қан құйылып ағады. Осыдан кейін Бани Анмардан болған екі адам алдырылады, олар әлгі адамды зерттеп, әрекеттерін түсіндіре бастайды. Сонда Пайғамбар араларыңдағы медицинаға епті, білгірін сұрауға қызығушылық танытады. Одан: «Мұнда (медицинада) айырмашылық бар ма?» деп сұралғанда: «Ауруды жаратқан да Ол (Алла), оның шипасын беруші де Ол (Алла)» деп жауап беріледі. (Ахмад).

 

«Жаратушы тұрғанда жаратылғаннан не сұрайсың?»

 

Ал бақсы-балгерге, емшіге жүгіну қаншалықты дұрыс? Бұл сөзімізге қазақтың зиялылары, алаштың ардақты азаматтары жауап берсін. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Мұсылмандық шарты» кітабында: «...Ауру болса, оқыған-білген дәрігерге қаралып, Алладан шипа сұрасын. Бақсы, балгер туралы Пайғамбардың хадисі мынау: «Кім де кім бір нәрсені харам қылса, яки харам қылдырса, яки бал ашса, сиқыр қылса, яки сиқыр қылдырса, олар менің үмметім емес. Және біреу бір бақсыға бал ашқызып, соның айтқанына  нанса, анық күпірлікке ұрынғаны, Құранға нанбағаны үшін» деген. Құмалақ салған, жауырын жаққан, бір нәрсені арам қылған – бәрі солардың жолдасы. Бәрінен де аулақ болу керек. Осындай адамды жаман үйретіп, не болса соны әдейі қылғызып, бейне бір сондайды білім қасиет шығатындай көріп тұрады. Тастың үңгірін, жалғыз ағашты әулие деп, мал түнетіп, әлем (шүберек?) байламақ – бәрі осындай жаман іс. Егер де сондай дағды қылған бір нәрсені қойғанда, бір қазаға ұшырасаң да одан деп ойлама. Зинһар сақтан, бір Алла Тағаланың  Өзінен басқадан пайда, зиян жоқ. Не болса да Алланың пәрменімен болады. Ондай нәрселерде түк қасиет жоқ. Бірақ оқып-білген дәрігерге емдетпек сауап, обал емес. Пайғамбарымыздың хадисі:  «Ей, Алланың құлдары, ауруларыңызды емдетіңіз. Алла Тағала дауасыз еш бір науқас  жаратқан жоқ, жалғыз кәрілік ажалдан басқа» деген. Бірақ, дәрігер де анық жазады демейсің, Алла Тағаладан шипасын кез қылар ма  екен деп үміт қыласың. Оқыған дәрігерлік жаман емес, бірақ біздің айтқанымыз бақсы-құшынаш емес, соны жақсы ұғыныңыз» деген. Ал қайраткер, ақын Ғұмар Қараш 1911 жылы жарық көрген «Өрнек» атты еңбегінің «Жоққа илану» деген бабында: «Тауарих қағаздарын ақтарып қараса да, бұл бапта бек ғажайып оқиғалар көрінеді. Мұнан 50-60 жыл ілгері біздің мұсылман халықтар бек надандықтары себепті – ауруларына тиісті дарулармен ем жасатпаған, бақсыларға бақтырған, һәм ішінде қашып-пұшып жүрген молда, надан ишандарға үшкіртіп, түкіртіп әурелеткен. Қайсы бір ауруларды далада өскен бәйтерек ағашқа апарып, неше күн сонда түнетіп, жансыз ағаштан медет, жәрдем талап еткен. Мұны ағашқа табыну демей не дейміз?! Мұнан артық та мәжустік боларма?! «Табыну» деген – бір нәрседе басқаларда болмаған  ғадетке  халиф рухани бір күш бар деп ығтихат байлап (ойлап, сеніп) оны тағзым етіп, одан медет сұрағаны айтылады. «Табыну тек түртіну деп ойламаңдар, әлгі айтылғанша бір нәрсеге тағзым етуде «табыну» болады. Бұл шекте тағзым тек бір Алладан ғойры (басқа) ешкімге, еш нәрсеге дұрыс емес. Түртінулер отқа табынса, бұлар ағашқа табынған болады, еш айырма жоқ. Мысалы, біз өзіміз де  білеміз: біреу шөлдесе, оған не қылмақ керек? Зияратқа апару керек пе, әлде сусын беру ме? Шөлдеген адамды зияратқа апару не дәрежеде ұят болса, басқа ауруларды апару һәм сол дәрежеде ұят – араларында еш айырма жоқ. Надан адамның еншісіне тиген бір қасиет сол болады: себебін білмеген нәрсенің бәрін керемет әулиеліктен деп санайды » деген  екен.

Ал Ыбырай Алтынсарин кезекті өлеңдерінің бірін:

Бас ауырса бақсыларды

Алып келіп бақтырарсың.

Жазықсыз жануарды сойып,

Өкпеменен қаптырарсың.

Жын -бәлекеи қашады деп,

Тұмар алып тақтырарсың.

Білмес надан еткен істен» деп түйіндейді.

 

Шынайы емшіні қалай анықтаймыз?

 

Олай болса, емшіге қойылатын басты талаптарды сабақтай отырайық:

·       Мүлде бал ашпайтын болуы керек;

·       Пайғамбар хадистерінде көрсетілген әдіс-тәсілдермен емдеуі керек;

·       Құранмен емдеуі керек;

·       Шариғатқа қайшы келмейтін шөп секілді өнімдермен емдеуі керек (мәселен, сынықшы т.б).

Ал егер де емші-тәуіптің бойынан төмендегі белгілердің біреуі байқалса, ол сөз жоқ сиқыршы саналады:

 

1. Аурудан өзінің және анасының есімін сұрайды.

2. Аурудың бір затын (тер сіңді киімін, бас киімін т.б.) сұрайды.
3. Кейде құрбандыққа шалу үшін белгілі бір сипаттағы хайуанды әкелуін талап етеді. Онда Алланың атымен соймайды. Құрбандықтың қанын науқастың ауырған жеріне жағуы немесе оны алыс жерге апарып тастауы мүмкін.
4. 
  3 күн немесе 40 күн жуынба деп айтады.
5.   Қанмен шомылдырады.
6.    Карта, кофе,құмалақ, т.б нәрселерді пайдаланып бал ашады.
7.    Құран аяттарынан бөлек түсініксіз дуа сөздер оқиды.
8.    Науқасқа ортасында арабша әріптер не сандар жазылған төртбұрыш суреті салынған орамал не қағаз беруі мүмкін.
9.   Науқасты күн түспейтін бөлмеде біраз уақыт тұруға бүйырады.
10.  Ауруға бір заттарды беріп, оларды көміп тастауын бүйырады.
11.   Науқасқа бір парақшалар беріп, оларды өртеп, түтінін жұтуын бұйырады.
12.  Адамға түсініксіз сөздермен сөйлейді.
13.  Кейде сиқыршы өзіне келген кісінің аты-жөнін, қай елден, қандай мақсатпен келгенін өзіне айтып береді.
14.     Парақшаларға белгісіз әріптерді жазып, оны ішірткі етіп ішуін талап етеді.

Егер сіз барған емшіден осы белгілердің біреуін байқасаңыз ол адамға жолаушы болмаңыз. Әйтпесе, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім балгерді шақырып, оның айтқандарын растаса, ол Мұхаммедке түскен нәрсеге күпірлік жасаған болады»- деген хадисіндегі бақытсыз жанға айналуыңыз мүмкін...

Ескерту: Дәл осы сипаттары бойынан табыла отырып ол сізге намаз оқы, таза жүр, арақ ішпе деп айтуы мүмкін. Тіпті, оның намаз оқып, Құран жаттайтынына да қанық боласыз. Біліңіз, адам біреуді тонайтын кезде «мен тонаймын» деп алдын-ала ескертіп барып тонамайды ғой. Сондықтан олар да өздеріне адамдарды сендіру үшін «арақ ішпе, таза жүр, намаз оқы» дейді, бірақ адамдарды серік қосуға итермелейді. Ал адам серік қосса оның амалының бәрі зая кетеді. «Ақиқатында, саған және сенің алдыңдағыларға (алдын өткен әрбір пайғамбарға): «Егер Аллаға біреуді серік етіп қоссаң, амалың жойылып кетеді әрі анық зиян шегушілерден боласың» деп уахи етілді». («Зумәр» сүресі, 65-аят).

 

 

Дәл осы тұста: «Олай болса, емделудің қандай әдістері бар? Аллаға тәуекел ету үшін де, материалдық және рухани амал-әрекеттер жасалмай ма? Сүннетте қандай өнімдермен емделу құпталады? Қандай пайдалы азық-түліктер қолданылады? Дем салуға бола ма? Қандай шипа дұғалары бар?» деген сауалдардың туындауы заңдылық. Біз қолға алған «Пайғамбар медицинасы» жобасы Алла қаласа, алдағы уақытта дәл осы тектес сауалдарыңызға жауап беретін болады. Ауырудан арылудың да, ауырмаудың да жолын бірге іздейік!

 

24051 рет оқылды