Ер азамат – отбасының басшысы әрі қамқоршысы. Әйел адамдардың міндеттері мен жауапкершіліктері болатыны секілді, ер адамдардың да отбасында атқарар өз жұмыстары мен міндеттері бар. Ал жақсы жолдас нендей нәрселерді жасамайды? Ол: cынамайды, әйеліне зат секілді қарамайды, кемсітпейді, өзгелермен салыстырмайды, әкелік парызын естен шығармайды, ашуға берілмейді, өтірік айтпайды. Пайғамбарымы (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұсылман әйеліне ашуланбасын! Жаман мінезі болса, жақсы мінезі де болады.» (Муслим) деген.
Ер жігіттің әйелімен қарым-қатынасты жақсартуға жасаған әрбір амалы – құлшылық. Бұл тұрғыда баршамызға Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жасаған іс-әрекеттері үлгі. Ендеше ерлер қауымының назарына бірнеше кеңестер ұсынамыз:
1) "Әйеліңнің көңіліне қаяу түскен сәтте оған тіреу бол әрі оның көз жасын өз қолыңмен сүрт!"
Әнас (р.а) былай деді: "Бірде Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелі Сафия (р.а) Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге сапарда болатын. Жолда ол артта қалып қойды да, сосын Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оны алдынан шығып күтіп алды. (Сол кезде) ол көзіне жас алып: "Сіз мені жайбасар түйеге отырғыздыңыз", - деді. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз қолымен оның көз жастарын сүртіп, жұбата бастады" (ән-Нәсаи).
2) "Әйеліңді өз қолыңмен тамақтандырып, еркелетіп әлпештеп тұр!"
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: "Әрі, ақиқатында, сен міндетті түрде Алланың Дидарына ұмтылып жұмсаған барлық нәрсең үшін сый-сауап аласың, тіпті әйеліңнің аузына өз қолыңмен салатын тамақ үшін де" (Бұхари, Муслим).
3) "Кейде оның әлдебір кемшіліктерін байқамауға тырыс"
Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: "Мүмин еркек мүмин әйелге жеккөрушілік танытпайды. Оған оның мінез-құлқының әлдебір тұсы ұнамағанымен, басқасы ұнайды" (Муслим).
4) "Әйеліңнің тізесін жастануды әдетке айналдыр!
Яғни басыңды оның аяғына қой! Айша (р.а) былай дейтін: "Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) (басын) менің аяқтарыма қоятын да, Құран оқитын..." (Бұхари, Муслим).
5)"Үйден шығарда әйеліңнің маңдайынан иіске!"
Айша (р.а) былай деп баяндайтын: "Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің кейбір әйелдерін сүйіп, сосын барып дәрет алмастан намазға шығатын" деген. Яғни, ол істен дәреті бұзылмайтын (Әбу Дәуд, Тирмизи).
6)"Әйеліңе үй шаруаларында көмектес!
"Бірде (бір кісілер) Айшадан (р.а) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйде не істейтіні жайлы сұрайды. Сонда ол: "Ол адамдардың бірі еді. Киімін жамап-тігетін, қой сауатын әрі өз-өзіне қызмет жасап жүретін", - деп жауап береді. (Ахмад).
7) "Әйеліңнің сырын ешкімге ашпа"
Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: "Расында, Қиямет Күні Алланың алдындағы адамдардың ең жаманы – өз әйелімен оңашада болатын әрі ол да онымен оңашаланатын, ал сосын оның құпияларын айтып беретін еркек" (Муслим).
«Алла – мінсіз, әуелден пайғамбар – хақ. Мүмін болсаң, үйреніп сен де ұқсап бақ…», – дейді емес пе Хәкім Абай…?! Айша (р.а) анамыздай жарыңыз болғанын қаласаңыз, Пайғамбардай (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) күйеу бола біліңіз.