(қарапайым да қайырлы кеңес)
Табиғатынан адам баласы сұлулыққа құмар ғой. Сұлулық – біреу үшін жан тазалығы, біреуге сәнді киім, енді біреуге сыртықы келбет. Әлбетте, мұның бәрі бір-бірімен үйлескенде ғана сыртқы көрік ажарлана түспек. Жалпы, «сұлулық бетте емес, жүректе» десек те, ер кісілердің табиғаты сыртқы сұлулыққа баса қарайтыны жасырын емес. Мұны, тіпті, ата дінімізде де, әйелдің ері алдында сәнденіп жүруін маңызды міндеттердің біріне қосқанынан да байқауға болар. Сіздіңше, сәндену деген не? Сәнді киім кию, бояну, әтір ме? Әлбетте, мұны жоққа шығармаймыз. Алайда, кіршең киім әтірден гөрі сабынға мұқтаж болғаны секілді, ер кісі жан-жарынан, ең алдымен, тазалықты көргісі келетінін білесіз бе? Ер кісілердің жасандылықтан гөрі табиғи сұлулыққа жаны құмар. Ендеше, зәйтүн майының пайдасы туралы аз ғана кеңес бермекпін.
"Зәйтүн майы"
Көпшілігіміз "Зәйтүн" десе, асқа қолдануды ойлаймыз. Негізінде, ішке қандай пайдасы болса, сыртқа да соншалық таптырмас "витамин" десек те болады. Мәселен, азанда аш қарында бір ас қасық зәйтүн майын ішіп тұру, ішке тазалық жүргізеді. Нәтижесінде, артық салмақтан арыласыз.
Барша мұсылмандардың үлгісі, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шаш пен тері күтіміне де "Зәйтүн" майын қолдануға кеңес берген. Өзі де қолданғаны жайлы айтылған.
"Маска жасау жолдары"
Майды сәл қыздырып алып, шашқа сіңіріп жағып шығасыз. Өте көп мөлшердің қажеті жоқ. Тарақпен тарап отырып, арасына толық сіңуіне мән беріңіз. Артынша, шашыңызды целлофанмен орап, орамалмен жауып қойыңыз. Бұл жағдай майдың құрамындағы пайдалы дәрумендер шаштың түбіне сіңуіне көмектеседі. Нәтижесінде:
Шаштың түсуін азайтып, қалың әрі жылдам өсуіне ықпал етеді
Бас терісінің құрғауын тоқтатып, қайызғақтанудан қорғайды.
"Бет күтімі"
Бет және басқа да денеге ылғи жатар алдында, "Зәйтүн" майын аз мөлшерде сіңіріп, жағып тұру- терінің балғын әрі жұмсақ болуына, көпшілік әйелдерде ерте жастан белең ала бастайтын көз айналасындағы әжімнің түспеуіне, құрамы әртүрлі дәрумендерге бай болғандықтан,бетке сіңу арқылы ажардың нәрлі болуына көмектеседі.
Қосымша күтім:
Кез- келген дәруменнің бетке толық енуі үшін, алдымен, бет терісін тереңінен тазартқан жөн. Ол үшін уақытқа да, қаржыға да ысырап жасаудың қажеті жоқ. Кешке жатар алдында, ас содасын ыстық қайнақ суға қою күйде езіп, көздің астынғы нәзік терісінен басқа беттің барлық бөлігіне жағып шығыңыз. Он минуттан соң жылы сумен шайып тастаңыз. Бет терісіндегі құрғаған ескі терілер мен мұрын үстіндегі ұсақ қара нүктелерді тереңнен алып тастайды. Осы қадамнан кейін қалаған пайдалы иіс майыңызды аз мөлшерде, бетке массаж жасай отырып жағып шығыңыз. Аптасына екі рет жасасаңыз жеткілікті.
Құрметті қыз- келіншектер! Сыртқы сұлулық тек қана қымбат әшекей мен бояулардан, сәнді киім-кешектен тұрмайтынын ескеріңіздер. Бет – адамның айнасы. Бет терісінің тазалығы, шаштың табиғи жылтырлығы мен төгіліп тұрған ұзындығы, сіздің әйел атты нәзік болмысыңызды аша түспек. Қанша жерден опа-далап жақса да, жалған шаш бояуымен көркемдесе де, табиғи сұлулық- Алланың жаратқанынан ары асып кете алмасымыз анық. Ерімнің алдында күтінуім керек екен деп, ысырапқа, жасандылыққа, зиянды қоспаларға қол созбайық. Адамның мінез-құлқын жасандылық емес, таза ниет пен қарапайымдылық көркемдегені секілді, сыртқы сұлулық та тазалық пен қарапайым ғана күтімге мұқтаж. Сондай-ақ, ажардың нәрлілігі мен жастығы үшін табиғи жолмен денсаулықты күтудің де маңызы зор екені тағы бар.