...Ол бүгін тағы да ішіп келді. Араққа сылқия тойып көшеде жатқан жерінен ауылдастары көріп, «әкелеріңді алып кетсеңдерші» деп хабарласқан екен. Бала қолын бір-ақ сілтеді: «Одан да өле салшы!»
«Одан да өле салшы!» Осы сөз әкенің санасында біразға дейін жаңғырып тұрып алды. Ештеңені білдірген жоқ, тек өзіне де, өзгеге де түсініксіз бір сөздерді қайталады да, жатып қалды...
Бұл қайбір жылы жазғы демалыста ауылға барғанда бір танысымның үйінде болған жағдай еді. Содан бері мені «Әкемізге қалай құрмет көрсетеміз?» «Біз әкемізді жеткілікті дәрежеде бағалай алып жүрміз бе?» деген сұрақтар жиі мазалайтын болды.
Бәріне танымал қазақтың қара өлеңінде:
Жүрген соң баурайында күнде көріп,
Таулардың биіктігі байқалмайды, -
дейтін әдемі жолдар бар. Иә, жатсақ та, тұрсақ та күнде жанымызда жүрген соң кейде жақындарымызды бағалай алмай жатамыз. Әйтпесе, қанша жерден ішкіш, маскүнем болса да, сол әкенің әлгі ұл туғанда бөркін аспанға атып, қуанғанына, оның әр қылығына масаттанып, «Ұлым» деп көкке көтергеніне күмәнім жоқ. Сен бәрін бүгінгі күнмен, бүгінгі жағдаймен өлшейсің-ау. Бірақ «бұрын қандай болып еді?» деп сәл ойланып көрші. Егер өткенге әділетті түрде қарай алсаң, көп нәрсені аңғарар едің:
Ол сені велосипедінің алдына отырғызып жүргізді, мойнына отырғызып құс қылып ұшырды, сен қуанған сайын балаша мәз боп бірге жүгірді. Аяғының ұшына отырғызып көтерді. Ол арқасына отырғызып ат қылып ойнатты. Сен оның үлкен аяқ киімі мен галстугін тағып алып, өзіңді нағыз батыр сезіндің. Көшедегі балалар ренжітсе, ол сенен есеңді алып берді. Ол саған ағаштан ойыншық жасады, балаң армандарыңды орындап, қиялыңа қанат бітірді. «Әке, ұйқым келмей жатыр» дегенде, тез ұйықтап кетуің үшін жұмбақ жасырды. Мұның бәрін кез келген әке жасады, сенің әкең де жасаған, тек сенің есіңде ештеңе қалмаған.
Ендеше, бүгін әкеге құрмет көрсетудің, оны сыйлаудың бірнеше жолдарын, үлгісін көрсетпекпіз.
«ОЛ ТІЗЕ БҮКПЕЙ ЖАТЫП, СЕН ОТЫРМА»
Бірде Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) жолда кетіп бара жатып танысын жолықтырады. Оның соңынан бір кісі еріп келеді екен. Ол әлгі танысынан арт жағында келе жатқан адамның кім екенін сұрайды. Танысы: «Ол менің әкем», - деп жауап береді. Сонда Әбу Һурайра (р.а) дереу: «Бұл ісің жөн емес, Пайғамбарымыздың сүннетін ескермегенсің. Әкеңнің алдына шығып жүру – ерсі қылық. Әкеңнің не артынан жүр, не оң жағында жүр. Астың дәмдісін әуелі әкеңнің алдына тарт. Тамаққа алдымен әкең қол созсын. Қабағыңмен болса да жасқап, оның көңіліне селкеу түсірме. Ол тізе бүкпей тұрып, сен отырма. Әкең ұйықтамай жатып, сен жастыққа бас қойма!» деп өсиет айтқан екен. (Әл-Хаким, әл-Мүстәдрак,3/689).
ӘКЕҢНІҢ ДОСТАРЫНА ҚҰРМЕТПЕН ҚАРА
Қазақта «Әкен өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» дейтін әдемі сөз бар. Мұның астарында әкеңнің қатарлас достарын, сырлас жолдастарын құрметтеу дейтін ұғым жатыр. Бiрде Ибн Омар атты сахаба (р.а) сапарда келе жатып бiр бәдәуиді (бәдәуи – шөл даланың тұрғыны) кездестіріп қалады. Бұлардың әкесі кезінде өте жақын сырлас дос болған еді. Ибн Омар (р.а) әлгi кiсiден: “Сен пәленшенiң ұлы емессiң бе?” – деп сұрайды. Ол: “Иә”, – деп жауап бередi. Сонда Ибн Омар (р.а) әлгi кiсiнi өз есегiне мiнгiзiп басындағы сәлдесiн шешiп берген екен. Тіпті, мұны көрген қасындағылар оған: “Оған дирһам сыйласаң да болатын едi”, – деп айтқан. Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Әкеңнiң достарымен қарым-қатынасыңды үзбе. Әкеңнiң достарымен қарым-қатынасты үзер болсаң, Алла Тағала нұрыңды кетiредi”, – деген. (Бұхари) Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде “Көркем құлықтың ең абзалы – баланың өз әкесiнiң достарымен қарым-қатынасын үзбеуi”, - деген. (Бұхари) Ол сыйлаған адамды сенің де сыйлауың – оны марқайтып, көңілін көтеретіні анық. Ендеше, мұны да әкеге құрмет көрсетудің бір әдісі деп білгейсің.
АЛЛА АТА-АНАСЫНА ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУШЫ АДАМНЫҢ ҒҰМЫРЫН ҰЗАҚ ЕТЕДІ!
Себебі, ардақты Елші, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Ата-анасына жақсылық етушi қуанышқа бөленсiн! Алла Тағала оның ғұмырын ұзақ етсiн!” – деп дұға жасаған. (Бұхари)
«МЕН ӘКЕМДІ ОЙЛАЙМЫН...»
Мына бір жүрек тебірентер әсерлі оқиғаға назар салыңызшы. 10-11 жастағы кішкентай бала. Еліне жау тиіп, әкесі мен екі ағасы оққа ұшқан. Өздері өлместің күнін көріп, басқа елге қашуға мәжбүр болған босқындар еді. Сол елдің жанашыр азаматтары әлгі босқындарға көмектесуді ойлайды. Бума-бума ақша жинап, әлгілдердің ортасына келеді. Жаңағы жетім баланың басынан сипап: «Не қалайсың? Бізге арманыңды айт», -дейді. Алайда, бала ештеңені қаламайтынын, ештеңенің керек емес екенін айтады. Бұл жастағы балалардың әртүрлі ойындары бар планшетке, телефонға қызығатыны анық. Жаңағы адамдар «IPad, IPhone, не қалайсың? Қалағаныңды айт, міне, бізде ақша бар, қалағаныңды алып береміз», - дейді. Сонда әлгі кішкентай баланың не деп айтатынын білесіз бе? Ол: «Мен әкемді ойлаймын...» - дейді. «Әкемді ойлаймын...» Баланың одан басқа ешқандай арманы жоқ еді. Өзіңіз ойлаңызшы, мына дүниенің бүкіл қызығы, ас-су, тәтті тамақ, ойын-сауық – ештеңенің қызығы жоқ. Тек әкесі болса, болды.
«БҰЛ – ҚАРҒА»
Ал мына бір оқиға саналы адам баласын ойландырмай қоймайды. Жайма шуақ күндердің бірінде әке мен бала үй алдындағы аулада отыр еді. Әкесі таза ауамен тыныстап, ал баласы қолындағы газетіне шұқшиып отыр. Бір кезде қарқылдаған қарғаның даусы естілді. Әкесі: «Бұл не?» – деп сұрады. Бала: «Қарға ғой», – деді. Кенет қарғаның пыр етіп ұшқан даусы тағы естілді. Әкесі тағы да елеңдеп: «Бұл не?» – деді. Баласы: «Қарға ғой, әке, қарға», – деді. Қарға қарқылдауын қоймады. Әкесі тағы да: «Балам, бұл не?» - деп сұрады. Бала ашуланып: «Әке, қарға дедім ғой», – деді сәл даусын көтеріп. Арада біршама уақыт өткенде әлгі қарғаның бірі әке мен баланың алдына келіп қонды. Әкесі: «Ол не нәрсе?» - деді. Шыдамы таусылған жігіт: «Қарға дедім ғой, әке! Қарға! Қар-ға!» - деді қызарақтап. Әкесі үн-түнсіз орнынан тұрып үйіне қарай беттеді. Үйден күнделік дәптерін алып шықты. Алып келді де, баласына беріп: «Мына бетті оқы», – деді ескіріп кеткен бір бетті ашып. Баласы үңіліп оқи бастады. Онда 20 жыл бұрын болған мына бір оқиға жазылыпты:
«Мен бүгін төрт жасар баламмен саябаққа бардым. Саябақта отырғанда алдымызға бір қарға ұшып келді. Балам менен: «Бұл не?» – деп сұрады. Мен: «Бұл - қарға», – деп жауап бердім. Ол осы сұрағын 21 рет қойды. Мен бәрінде де: «Бұл – қарға, бұл - қарға», – деп жауап бердім. Әр сұраған сайын оны құшақтап сүйіп, әкелік мейірімімді көрсеттім», - деп жазылған екен. Бұл 24 жасар жігітке 4 жасындағы оқиғаны еске салған әкесінің қойын дәптері еді. Мұны оқыған жігіт өз ісі үшін ұялып, қатты өкінді.
Иә, бұдан шығатын қорытынды, көше кезіп, ішіп жүрген болса, жиі-жиі сұрақ қойып, мазаңды алса, бұл – оның бүгін ғана басына туған жағдай. Ол өмір бойы сенің арқаңда, мойныңда отырып алып, құлғаңының етін жеген жоқ. Ол бүгін ұрса, ертең сен үшін алаңдап, жолыңды тосады. Оның да жүрегі езіле қайғырады, тек онысын сыртқа шығармайды.
«Абай жолы» романында мынадай әдемі үзінді бар. Қалада оқуда жүріп, жазғы демалыста ауылына келген бала Абай үйіне жете салысымен алып-ұшып анасына қарай жүгіре жөнеледі. Бірден анасын құшақтап алады. Ананың да баласын сағынып, әрең жүргені белгілі. Алайда, Ұлжан ана баласын өзінен итеріп, сонау шетте тұрған әкесіне қарай бағыттайды. «Алдымен әкеңе бар» дейді. Содан кейін ғана бауыр еті баласын құшырлана сүйіп, мауқын басады. Сол тәрбиені көріп өскен Абай кейін: «Әке ұрысса балаға – ол да достық, бала ұрысса әкеге жараса ма?» деген тәлімі мол тағылымды сөз қалдырған.
ДҮНИЕДЕН ӨТІП КЕТКЕН АТА-АНАҒА ДА ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ!
Бірде бір кісі Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Иә, Расулулла, ата-анам қайтыс болғаннан кейiн оларға жақсылық iстеудiң жолы бар ма?” – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Иә, бар. Қайтыс болған ата-анаңа төрт жолмен жақсылық iстесең болады:
1. олар үшiн дұға жасап, күнәлары үшiн жарылқау тiлеу;
2. орындай алмай кеткен уәделерiн орындау;
3. достарына құрмет көрсету;
4. ата-анаңды себепшi етiп олардың туыстарымен қарым-қатынасты үзбеу”, - деген. (Бұхари)
Және тағы бір кісі Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): Иә, Расулулла! Менiң анам қайтыс болды. Алайда ешнәрсенi өсиет етпедi. Анамның атынан садақа берсем пайдасы бола ма?” – деп сұрағанда Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Иә, болады”, – деп жауап берген. (Бұхари)
Иә, «Әкеңнің айтқан аз сөзін,
Көңіліңнің құтысына
Төгіп алма, дәлдеп құй!» -
деп Дулат Бабатайұлы айтқандай, «әке-шешең тірі болса, өзіңді Жәннаттың тұтқасын ұстап тұрғандай сезін. Әйтпесе, ертең-ақ сол тұтқа қолыңнан сусып кетеді».
***
Мен сәл ғана шегініс жасап, бағанағы жігіттің оқиғасына қайта оралғым келеді. Оның ер жетіп, өскен, жұмыс істеп, өз нанын өзі тауып жүрген шағы еді. Ағам екеуі сөйлесіп отыр:
- Сен қазір не істеп жүрсің?
- Жұмыс қой сол. Машинаның майын ауыстырам. Құрал-саймандарын жөндеймін.
- Ооо, көлік жөндеу десейші?!
- Иә, жеке орталығымды аштым.
- Азамат екенсің! Оны қайдан үйреніп жүрсің?
- Әкем үйреткен... Әкем маған көп нәрсені үйретті ғой. Кезінде бірге жөндейтінбіз. Қазір өзім-ақ істей берем, - деді күліп.
Бір кездері «Одан да өле қалшы!» деген әкесін бүгін мақтап отыр...