2017-05-03 (0) (7443)

ТІКЕНЕККЕ ЖАЛАҢАЯҚ СЫРҒАНАҒАН СИЫРШЫ

ТІКЕНЕККЕ ЖАЛАҢАЯҚ СЫРҒАНАҒАН СИЫРШЫ

 

Шүкіршілік адамның рухани кемелденуімен ұлғайып, адамшылық келбетін айқындай түсетін қасиет. Шүкіршілік барға қанағат етумен тоқталмай, өзінің бұл дүниеде бар болуына, жарық дүниені көріп, тіршілік жасауына шүкір етуінен көрінеді. Осы орайда сіздерге өнеге болар деген оймен Райымбеков Пансатбек ақсақалдың басынан өткерген, шүкіршілікке шақыратын шағын әңгімелерін ұсынамыз.

 

 

«Жыртық аяқ киім шүкіршілікті үйретті...»

 

Бір күні аяқ киімімнің бас жағы жыртылып қалды. Оны жаңадан алатын біріншіден, қаражат жоқ, екіншіден, ондай туфлиді табу ол кезде тіптен тапшы болатын. Ауданға жаңадан мұғалім болып келіп жатқан кезім еді. Мектепке баруға, оқушылардың көзіне сондай мұғалім болып көрінуге қатты қысылатын едім. Алайда, басқа да жас мұғалімдердің кейпі менікіндей болатын. Тіпті, кейбірінің аяқ киімі де жоқ болатын. Олар мектепке 8 шақырым жерден жалаң аяқ жаяу келетін. Содан мен жыртық туфлиімнің бас жағы білінбесін деп туфлиімді майлаған кезде жыртық жеріне де қара кремнен жағып қоятынмын. Сондағы ойым адамдардың көзіне оғаш көрінбесін, білінбей тұрсын дегендегім ғой. Алыстан қарасаң шынымен білінбейтін, жақыннан арнайы назар салып қараған адамға бәрібір жыртық екені көрініп тұратын. Естелік суреттерден дәл сол бейнемді көріп, көзіме жас алатынмын. Кейін альбомнан қарасам, қыздарым намыстанып, сол суреттің аяқ жағын қиып тастапты. Қанша қиып, намыстанғанымен, мен сол заманды, сол қиындықты өз басымнан өткерген едім. Ал қазір солай жасайтын жастар бар ма? Аяқ киімнің қадірін білмейміз. Сәл желімінен ажырап қалған болса, бірден қоқысқа тастауға асығып тұрамыз. Мен сол кезден бастап өзімді шүкіршілікке үйреткен екенмін.

 

«Жалаң аяқ адамның төзіміне қайран болғанмын...»

 

Жыртық болса да, аяқ киімім бар ғой деп шүкір етіп жүрген кезім еді. Ол кезде 25-30 жастағы албырт шағым. Мектепке бес ауданнан қатынайтын жас жігіттер жақын ауылдардағы қойшылардың қойын бағып, сол жерде ауқаттанып, қой баққан күні сол үйлерге қонатын. Бір күні мектептен қайтып келе жатып, аяғым ыстықтаған соң шешіп тастап, жалаң аяқ жүргім келді. Дала ыстық. Аяғымның асты шеңгел, тікен толы. Тікен кіріп кетер деп сәл қорқастап тұрғанымда анадайдан мені бақылап тұрған сиыршы бала маған қарап:

Тәйірі, мына тікенектен де адам қорқа ма екен?! Былай тұр, бұл тікенектің әуселесін көрейін, – деді. Сол-ақ екен, жалаң аяғымен бір топ шеңгелдің үстінен сырғанап өте шықты. Аңтарылып қарап қалған мен, өз көзіме өзім сенбедім. Сөйтсем, әлгі малшы баланың аяғы бір қарысқа жақын күстен, кірден табанына қатып қалған екен. Аяғына бір қарап, маған жымиып бір қарап өз жөніне кете берді. Мен состиып сол орнымда біраз ойланып тұрып қалдым. Жоқшылыққа да шүкірлік еткен сол жігіт әлі күнге есімнен кетпейді. Қазір сендердің шкафтарыңда төрт мезгілдің де төрт түрлі аяқ киімі бар ғой. Сендер ең бақытты ұрпақсыңдар!

 

«Ол кезде аштықтан шымшықтын етін де жейтін...»

 

Ол кезде бізде жейтін ауқат жоқ болды. Тіптен ол кезде өсіп тұрған ағаш та болмайтын. Көрші ауылда бірең-саран ағаштар болған. Сол талдарға шымшықтар ұя салып кетеді. Сол шымшықтардың жұмыртқасын алып, кейін балапандарын алып, қуырып жейтін. Жоқшылықтан, аштықтан жейтін. Қазір қарасаң, сол шымшықтың етін жеген ақсақал тоқсан жасқа келіп отыр. Ол кездің адамдары төзімді, тым сабырлы болған еді. Аллаға шүкір, қазір сендер не ішем, не кием демейсіңдер.

 

«Ауылға жету үшін пойыздың төбесіне қонатын едік...»

 

Ол кезде ауданнан ауылға қатынайтын қазіргідей жеңіл машина, автобус дегендер болмайтын. Пойызға мінуге де билет табылмайтын. Ауылға деген сағыныш не істетпеді десеңші! Ауылға, ата-анамызға бару үшін жүк тасымалдайтын пойыздардың төбесіне шығып алатынбыз. Күніміз де, түніміз де сол пойыздың азынақ желі уілдеген төбесінде өтетін. Ауылға жақындаған уақытта қасымыздағы досымыз төбеден жүргізген су құбырына соғылып, сол мезетте көз жұмды. Сондай жылдамдықпен жүйіткіп келе жатқан пойыздың төбесіндегі тіршілікті өзің көз алдыңа елестетіп көрші. Сондай салқын, суық темірді мықтап ұстап алып, ұйықтайтынбыз. Тіпті көзімізді жұмуға да қорқатын едік. Көзің ілініп кетсе жоқ болдым дей бер. Ал қазір солай жасайтын адам бар ма? Бар болса, бірден оған жынды деген айып тағып, жындыханаға жатқызып тастар едік қой. Кейде алыс жолға шыққанда осы оқиға есіме түседі.

 

«Әйелдер орамалына жасырып азық таситын еді...»

 

Ертеде ауылдың кемпірлері бидайдың масағын теріп, азық ететін. Кеңес заманында ол кезде бидайдың масағын да өкіметке өткізетін еді. Үйінде азығы жоқ әйелдер сол масағын да алуды армандайтын еді. Амалы қалмаған әйелдер бала-шағама бір нәрсе бұйырсын деп орамалдарын шешіп жіберіп, шашының арасына бидайдың масағын құятын болған. Орамалдарын орап алып, қайтар жолда тексерістен өткізгенде аман-есен өтіп кетеді екен. Үйіне келгенде шашының арасындағы бидайды сілкіп-сілкіп түсіріп, балаларына қайнатып берген, соны азық еткен. Ондай да заман болған. Қазір ойлап қарасам, сол кезде жоқшылықтан жапа шеккен қазаққа Алла Тағаланың жәрдемі болған екен ғой деп ойлаймын. Қаншама қиындық көрсек те, әйтеуір, соңында Алла Тағала тығырықтан шығатын бір жолды тауып беретін еді.

 

 

Міне, бұл бір ғана Пансатбек ақсақалдың басынан өткерген, нағыз өмірдің өзінен алынған, боямасыз тағдыр бейнелеген ой саларлық шағын ғана әңгімелер жинағы еді. Жүрекпен жасалған шүкіршіліктің нәтижесінде қазір атамыздың отбасы мәуелі баққа айналды. «Шүкіршілік қылғанға шыр бітер» деген халық даналығы осыған дәлел шығар. Алла Тағала шүкір ететін шуақты күндеріміз көп болғай!

7443 рет оқылды