10:15 | Құран уақыты
10:35 | Ем болсын
10:45 | Менің анам, менің әкем
2017-04-03 (0) (11270)

ТІЛІҢІЗДІ ҚАТЕЛІКТЕН САҚТАЙТЫН ҮШ ӘДІС

ТІЛІҢІЗДІ ҚАТЕЛІКТЕН САҚТАЙТЫН ҮШ ӘДІС

 

Тіл сөйлеу үшін жаратылған. Алайда кейде жөндегенінен бұзғаны көп болады. Оны қателіктерден қалай қорғай аламыз? Төмендегі ең негізгі үш әдісті оқи отырып, тіліңізді түрлі қателіктерден қорғай біліңіз.

 

Бұл әдіс – тілге ең жеңіл ғибадат!

 

«Басқа пәле – тілден» деген аталы сөзді талай рет естіп жүрміз. Естідік-ау, бірақ тілімізді тым болмаса бір күн тыйып көрдік пе? Тілімізді тыюды қазірден қолымызға алып көрелік. Бұл әдіс – тілге ең жеңіл ғибадат! Алланы жиі еске алушы адам – Алланың алдындағы ең құрметті адам. Құранда Алла Тағаланың: «Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын. Әрі шүкір етіңдер және күпірлік етпеңдер» («Бақара» сүресі, 152-аят) деген өсиеті бар. Аса ұлы Алла құлдарына Өзін еске алуды бұйырды әрі ол үшін қымбат сый уәде етті. Бұл сый – Алла Тағаланы еске алғанның әрбірін Алланың Өзі еске алуы. Алланы еске алу уақыт, жағдай, орын таңдамайды.  Жаратушыға жағымды әрбір амалға өлшем мен шектеу қойылған, тек Алланы еске алудың ғана шегі жоқ. Адамдар жағдайларына қарай құлшылықтардан босатылады. Мысалы, сапардағы адам оразаны кейіннен өтесе болады, ал қаражаты арнайы өлшемге жетпеген адам зекеттен босатылады. Алайда, әрдайым Алланы еске алмаған адамның айыбын ешнәрсе ақтай алмайды. Адам тәні су мен тамақсыз қалай өлсе,  Алланы лайықты түрде еске алмаудан жан да дәл солай өлімнің дәмін татады. Сол себептен кез келген уақытта осы бір жеңіл ғибадатты азсынбай, сауабынан үміт ете отырып Алланы еске алудан аузымыз шаршамауы керек. Әсіресе, көлік кептелістерінде тұрғанда, жаяу жүріп бара жатқанда, дәрет алуға бара жатқандағы уақытты зікірмен толтырған орынды. Бос уақытта әр нәрсені ойға алып, баға жетпес уақытымызды аялап, екі дүниеде бақытқа жеткізетін Алланы еске алатын сөздерді айтуды ұмытпайық.

Алланы еске алушыларды періштелер қоршайды. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде: «Қандай да бір қауым Алланың кітабын оқыса, оларға Алланың тыныштығы түседі, олардың үстін мейірім жабады, жан-жағын періштелер қоршайды» деді. Және Алланы жиі еске алушы адамның жүрегі тыныштық табады. Алла Тағала: «Сондай иман келтіргендер; Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын; Алланы еске алумен жүректер орнығады» («Рағыд» сүресі, 28-аят) деген еді. Ендеше Алланың есімдерін жиі есіңізге алып, жүрегіңізді нұрға толтырыңыз. Күн сайын «Лә иләһа иллалаһ» (Алладан басқа құлшылыққа лайықты Тәңір жоқ), «СубхәналлаҺи уә бихәмдиһи, субхәналлаһил-ъазыйм» (Алла кемшілік атаулыдан пәк және Ол барлық мақтауға лайық) сөздерін айтумен Алла алдында абыройлы болмақсыз.

 

 

Осы әдісті орындап, адамдардың ең жақсысы атаныңыз!

 

Жүрегіңізді нұрландыратын әрі сізді жамандықтан қорғайтын келесі әдіс – Құранды көбірек оқу.  Құран – бұл дүние өзінің соңына жеткенше жасайтын, күллі адамзат үшін өмірдің барлық салаларында (қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық және моральдық) ең жоғары дәрежелі кемел үлгісі болатын Хақ кітабы. Құран Кәрім сөздері адамзатты надандықтан, зұлымдықтан, қараңғылықтан жарық жолға – ілім жолына, мәдениет жолына бастайды. Сондықтан оған заманның, уақыттың өзгеруі еш әсер етпейді. Құран еш уақытта заман, ғасыр соңында  қалмайды, керісінше ғасырды, заманды өз соңынан жетелейді. Қазіргі психология пәнінің оқулықтарында «бақыт» термині – өз өмірінен қанағаттанушылық сезімін сезінген адамның психологиялық көңіл-күй ауаны деп түсіндіріледі. Демек, бақыт – жүрегің мен көңіліңнің тыныштыққа бөленуі. Жүрек түзелсе, өмір түзеледі: «Расында, денеде бір кесек ет бар, ол түзу болса, қалған дене бүтіндей түзеледі, ол бұзылса, қалған дүние түгелімен бұзылады. Біліп қойыңдар, ол – жүрек» (Муслим). Ал жүрек Құран оқумен тыныштық таппаушы ма еді? «Солар – иманға келгендер және Алланың еске салуымен (Құранмен) жүректері тыныштық тауып, орныққандар. Біліңдер! Жүректер Алланың Еске салуымен (Құранмен) тыныштық тауып, орнығады» («Рағыд» сүресі, 28-аят)деген сүремен таныс шығарсыз. Демек, Құран аяттары және ондағы хикметті өсиеттермен танысқан жүрек онымен тыным тауып, орнығады. Өйткені, ол аяттар бұлжымас ақиқатты көз жеткізер айғақ, дәлелдермен куәландырады. Мұның бәрі адам жүрегіне тыныштық әрі  айқын сенімділік сыйлайды. Бұл ілімді кемшілігі болмаған әрі кемел сипаттарға ие Құраннан ғана табуға болады. Асыл дініміз байға да, мансаптыға да, сұлуға да, сымбаттыға да емес, Құранды көп оқитын адамды қызғануды өсиет етеді. Бұл Құран оқушының қаншалықты үлкен табысқа жеткендігін көрсетеді: «Екі түрлі қасиеті бар адамнан басқа ешкімге қызығуға болмайды, (олар): Алла оған Құран білімін нәсіп етіп, оны күндіз-түні оқыған адам және Алла оған байлық нәсіп етіп, ал ол оны күндіз-түні (игілікке) жұмсаған адам» (Бұхари, Муслим).  Осы әдісті орындап, адамдардың ең жақсысы атаныңыз! Бұл жайында Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің араларыңдағы ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің» деген өсиеті бар (Бұхари). Егер Құран Кәрімді түпнұсқадан оқи алмайтын жағдайда болсаңыз, еш қапаланбаңыз! Оның қазақша нұсқасын оқысаңыз да болады.

 

 

Бұл әдісті орындау сіздің  де қолыңыздан келеді!

 

Сөзіңізді көбейткен сайын қателіктеріңіз де көбейеді. Тек, Алланың атын еске алудан басқа. Оны көбейтсеңіз, қателіктеріңіз өшіріледі. Мұсылман адам жауабы көркем, əдепті болып келеді. Сіз қандай сөз айтсаңыз да, сол ісіңіз үшін жауап беретін уақыт келеді. Алла Тағала: «Ол қандай сөз айтса да, оның жанында дайын тұрған бақылаушы бар» («Қаф» сүресі, 18-аят) деп ескертеді. Яғни, әр сөзіңізді қырағы күзетші  жазып қояды. Оң жағында отырған періште адамның жақсы істерін, ал сол жағындағы періште күнәларын жазып отырады. (Саъди). Бір ауыз сөз сізді Жәннаттың ең жоғары дәрежесіне шығара алады, бір ауыз сөз тозақтың ең қатты азабына түсіруі мүмкін. Тілді тыюға берілетіннен артық сауап жоқ деген. Тіпті, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім Аллаға және Ақыретке сенсе, жақсы сөйлесін немесе үндемесін», – деп өсиет айтты. Тілдің зиянын о дүниеде емес, күнделікті өмірден де байқауға болады. Осы күнге дейін ойланбай айтылған сөзден, өсек пен ғайбаттан қанша адамды ренжітіп, қанша достан айырылып қалғаныңызды санап көріңізші. Ауыздан шыққан зиян сөзден кейін ұйықтай алмай шыққан түндеріңіз көп болды ма? Немесе өзгенің әділетсіз сөзінен жүрегіңіз ауырған сәттерді еске түсіріңіз. Иә, пәле – тілден. Аузынан ешқашан жаман сөз шықпаған және айтқан сөзінің артығы не кемі болмайтын Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жөн-жосықсыз сөйлейтіндерді жақтырмайтын, өзіне ұнамсыз бір жайтты жанындағыларға сездіргісі келгенде, оны астарлап жеткізетін. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) бір әйелдің бойының қысқалығын айтып қалғанда: «Қой, ғайбат айтпа. Әлгі сөзіңді теңізге тастаса, тұтас былғап жібергендей екен», – деп сол мезетте тыйған екен (Ибн Касир). 

 

Міне, біз Алланы жиі еске алу, Құран оқу және жақсы сөз сөйлеу арқылы тілімізді қателіктерден қорғай аламыз. Хәкім Абай атамыз айтқан өсек, өтірік, мақтаншақтықты тастап, осы үш әдісті орындау қолыңыздан келген болса, тілді тыюдың қаншалықты пайдалы екендігін сезінесіз. Нәтижесінде, тек қана жақсы дүниелерді айтуға дағдыланасыз.

 

         

11270 рет оқылды