Руханият 2017-09-28 (0) (15154)

Сапарға шыққан адамға қандай жеңілдік бар? 2-бөлім

Сапарға шыққан адамға қандай жеңілдік бар? 2-бөлім

Жолаушы сапар барысында құбыланың қай тұста екенін білмей қалса, сол жердің тұрғылықты адамдарынан немесе білетін басқа біреулерден сұрауы керек. Егер сұрайтын ешкім болмаса, өзі тұжырым жасап, есептеп, ойы басым түскен жаққа қарап намаз оқиды.

Егер біреуден сұрап немесе өзі тұжырым жасап, бір тарапқа қарай намаз оқып болғаннан кейін намазын құбыладан басқа жаққа қарап оқығаны анықталса, ол намазды қайта оқымайды. Оған сахабалардың басынан өткен мына оқиға дәлел болады:

Бірде бір топ сахаба қараңғы түнде құбыланың қай тарапта екенін білмей, әркім болжам жасап, әр тарапқа қарап намаз оқиды және өзі оқыған жақты белгілеп қояды. Таң атқаннан кейін намаз оқыған жақтары құбыла тарапы емес екендігін біліп, болған жайды Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  баяндайды. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Намаздарың бітті», – деп жауап береді (Сунән әд-Дарақутни, Бәб әл-ижтиһад фи әл-қиблә, 4. Әл-Бәйһақи, әл-Ихтиләф фи әл-қиблә, 2067).

 

Яғни Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намаздарың дұрыс, қайта оқудың қажеті жоқ дегенді айтқан. Басқа бір риуаятта: «Сендерге қайталау міндет емес», – деп жауап берген делінеді.

 

Сапарда намаз қаза болып қалса не істеу керек?

 

Яғни бір адам жолаушы болып сапарда жүрген кезінде қасыр қылып оқитын төрт ракағатты намазын, тұрғылықты болғаннан кейін өтесе де, екі ракағатты етіп оқиды. Себебі оның мойнына жүктелген намаз екі ракағатты еді.

Қаза намаздарын Құран мен сүннетте тыйым салынған уақыттардан болған басқа кез келген уақытта өтеуге болады. Қаза болған намазды артынша, келесі намаздан бұрын орындаған абзал.

 

Жолаушыға жамағат намазға қатыспауға рұқсат беріледі!

 

Ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын) Дажнанда (Мекке маңындағы тау) азан шақырды. Сосын: «Намазды үйлеріңде (тұрған жерлеріңде) оқыңдар», – деді де: «Бізге (қасындағы серіктеріне) Алла елшісі азаншыға азан шақырғаннан кейін артынша «сапарда, жаңбырлы не суық түнде намазды үйлеріңде оқыңдар» деп айтуға әмір беретін», – деді (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын).  Жолаушыға жұма мен айт намаздарына қатысу міндет емес. Бірақ мүмкіндігі болса, бұл намаздарға қатысқаны абзал.

Сапарда ораза тұтпауға болады!

Хамза ибн Амр әл-Әсләми (Алла оған разы болсын) Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Сапарда ораза тұтайын ба?»—деп (сұраған). Ол жиі ораза тұтатын еді, оған (Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қаласаң—ораза тұт, қаласаң—тұтпа»,—депті (Муслим).

Ибн Аббастан (Алла әкесі екеуіне разы болсын): Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазанда Меккеге қарай шығып, ораза тұтқан да, Қадидқа (Меккеге таяу жер атауы) жеткенде ораза тұтуды тоқтатқан және (онымен бірге шыққан) адамдар да ораза тұтуды тоқтатқан.

 

Жәбир ибн Абдуллаһтан (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сапарда болғанда, топталған адамдарды және көлеңкеге алынған бір кісіні көріп: «Бұл не?»—деп (сұрады). (Олар): «Ол ораза тұтқан»,—деді. Сонда (Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сапарда ораза тұту тақуалық емес»,—деді»,—деген. (Муслим).

 

Жолға жалғыз шықпаған дұрыс!

 

Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер де адамдар жалғыз (жол жүрудегі) мен білетін (нәрсені) білгенде, ешбір аттылы түнде жалғыз жүрмес еді»,—депті.

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаға және ақырет күніне иман келтірген әйелдің махрамсыз бір күн, бір түндік жолға сапарға шығуына рұқсат жоқ»,—деп айтты»,—деген (Бұхари). Махрам—үйленуге болмайтын жақын туыс адамы. Хадистің басқа риуаяттарында туыстарымен бірге күйеуі де айтылған.

 

Сапардан келгенде намаз оқуға асық!

 

Кағбтан (Алла оған разы болсын): Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әлдебір сапардан (Мәдинаға) сәскеде келсе, мешітке кіріп, отырудан бұрын екі ракағат намаз оқитын.

 

Сапардан келгенді құшақтап күтіп алуға тырыс!

Айша (оған Алла разы болсын): «Бірде Зайд бин Харис Мәдинаға Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) менің үйімде болған уақытында келді. Ол есік қақты да, Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған қарай киімін сүйретіп асықты, сосын оны құшақтады және сүйді» (Тирмизи).

 

Сапарға шығайын деп тұрған адамға айтылатын дұға

 

Салим бин Абдуллаһ бин Омар, ол әрдайым Абдуллах ибн Омар (оған Алла разы болсын) сапарға аттанайын деп тұрған адамға былай деп айтатынын жеткізді:

  «Мен сенімен Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) секілді қоштасуым үшін, маған жақында дейтін де, мынаны айтатын: «Дініңді, аманатыңды (яғни жолда орындалатын діни амалдарыңды) және амалыңның соңын Аллаға тапсырамын!» /Астаудиъу-Ллаһа динака, уа аманатака, уа хауатима амалика!/ (Тирмизи).

 

 Бірде Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір адам келіп: «Мен сапарға аттанғалы жатырмын, маған жол батасын берші», - деді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла саған тақуалық нәсіп етсін!» /Зауадака-Ллаһу-т-тақуа/, - деді. Ол адам: «Бұған тағы да мен үшін қосшы», - деді де – Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Ол сенің күнәләріңді кешірсін» /Уа ғаффара занбака/, - деді. Ол адам: «Бұған тағы да мен үшін қосшы», - деді де – Пайғамбар, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Сен қай жерде болсаң да, Ол сенің игілікке жетуіңді жеңілдетсін!» /Уа иассара лакаль-хайра хайсума кунта» (Тирмизи) деді.

 

 

 

Сапарға шығарда айтатын дұға

 

1.      Көлікке мініп: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар. Субхәнәл-ләзи сәххара ләнә һәзә уә мә куннә ләһу муқринин. Уә иннә илә раббинә ләмунқалибун».

Алла ұлы! Алла ұлы! Алла ұлы! Бізге мұны бағынышты еткен Алла пәк. Әйтпесе біз оның маңына жақындай да алмас едік. Сөзсіз біз Жаратушы Иеміз жаққа қайтамыз.

 

 

2.      «Аллаһумма иннә нәс-әлукә фи сәфәринә һәзәл-бирра уәт-тәқуә, уә минәл-ъамәли мә тәрда. Аллаһуммә һәууин ъаләйнә сәфәранә һәзә уәтуи ъаннә буъдәһ. Аллаһумма әнтәс-сахибу фис-сәфәри, уәл-халифәту фил-әһли. Аллаһумма инни әъузу бикә мин уәъсәә-ис-сәфәри, уә кә-әбәтил-мәнзари, уә су-ил-мунқалаби фил-мәли уәл-әһл».

Я, Алла! Біз Сенен осы сапарымызда ізгілікті, тақуалықты және Өзің риза болатын іс-әрекеттерді жасауымызды нәсіп етуіңді сұраймыз. Я, Алла! Бұл сапарымызды бізге жеңіл ет, әрі оның қашықтығын бізге жақын ет. Я, Алла! Сапардағы жолдасым – Өзіңсің, сондай-ақ отбасыммен қалған да – Өзіңсің. Я, Алла! Мен сапардың ауыртпашылықтарынан және қайғылы көріністен, сондай-ақ мал-мүлкім мен үй ішіме қаралы қайтудан Өзіңе сыйынып, пана сұраймын.

 

Сапардан қайтқанда жоғарыдағы сөздерге мына сөздер қосылып

айтылады

 

«Ә-ибун, тә-ибун, ъабидун, лираббинә хамидун».

Біз Раббымызға тәубе етіп, құлшылық жасап әрі Оған мадақ айтып оралудамыз.

 

 

Сапарда немесе басқа кезде бір үйге қонған кісінің айтатын дұғасы

 

«Әъуузу би-кәлимәәтил-ләәһит-тәәммәәти мин шәрри мәә халәқ».

 

Алланың кәміл сөздерімен жаратқан мақұлықтарының кесірінен оған сыйынамын».

15154 рет оқылды