10:35 | Ем болсын
10:45 | Жұма уағызы
2017-03-24 (0) (10912)

ДАНА ЕНЕЛЕРДІҢ ДАРА КЕЛІНДЕРДІ ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ

ДАНА ЕНЕЛЕРДІҢ ДАРА КЕЛІНДЕРДІ ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ

 

   Отбасында келін мен ененің арасындағы сыйластықтың мәні зор. Көп жағдайда шаңырақтың шайқалмауы, отбасының айрандай ұйып отыруы, береке мен бірліктің кең өріс алуы да ене мен келінге тікелей байланысты. Кейбір енелер өз келіндерін “ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда  ұстауым керек” деп жаңа түскен жас келінге салқын қабақ танытып, тырнақ астынан кір іздейді. Ал енді бір абзал енелер келінінің білмегенін үйретіп, түсінбегендерін түсіндіріп, маңдайынан сипап отырады. Өз үйінде еркін өсіп, ата-анасының тәрбиесіне әбден үйренген жас келін жат босағаға келіп, сол үйдегі адамдардың қалыптасқан әдеттеріне, мінез-құлқына үйреніп, бірден сіңісіп кетуі оңай шаруа емес.  Осыны кейде түсіне бермейміз. Кейде ене түсінгенмен , тек қана менікі дұрыс дейтін қырсық келіндер де болады және тура осы жағдайды "келін емес, келсап түсіріппіз" деп жатады. "Келінің жақсы болсын десең, бірінші өзің келініңе келін бол" деген сөз де бар. Бұл сөздің даналығы - үйдің тұрмыс шаруасын жаңа түскен жас келінге жүктемей, келінің үйренем дегенше өзің тындыр деген мағына. Ақылды келін бәрін, үйрене келе "апа шаруаны өзім бітіре аламын, сіз демалыңыз" дейтін болады.  

ЖАҚСЫ ЕНЕ АНАҢДАЙ

    Қай ене болса да, өз келініне ыстық ықыласпен мейірімін төгіп, кем -кетіктерін түзетіп, жол көрсетуге міндетті. Ал енесі үйретіп, тіпті қатты айтып жатқанда да оның сөзін бөлмей үйренуге ұмтылу - жас келіннің міндеті. Жалпы жас келінді көп нәрсеге үйретуге болады. Мысалы: дәмді тамақ жасау, қонақ күту, ұқыптылық, тазалық т.с.с. Алайда имандылық, әдептілік, инабаттылық, ізгілік сияқты асыл қасиеттер қыз балаға туған анасы арқылы сіңеді.  Ал келін болу - біреуге жар ғана емес, бүкіл бір отбасына, туған-туысқандарына тірек, қамқоршы болу деген ұғым. Сол отбасының  ыстығына күйіп, суығына тоңып, барлық қызығын қуанып, бөлісу. Жалпы айтқанда, отбасының отымен кіріп, күлімен шығу - әрбір тәрбиелі келіннің міндеті.  

ЕНЕҢІЗБЕН СЫРЛАСЫҢЫЗ

       Енеңізбен сырласып, ақылдасып, кеңес сұрап, жылы сөздер айтсаңыз, ол да сізді  өзіне жақын тартады. “Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады” демекші, сырыңызды өз шешеңізге емес, енеңізге айтып отырған абзал. Жалпы келін мен ененің арасындағы карым қатынас сол үйдегі ер азаматқа, яғни келіннің күйеуіне де  тікелей әсер етеді. Неғұрлым енеңізбен жақын болсаңыз, күйеуіңіз сізді соғұрлым сыйлайды. Әйелінің кемшілігін жасырып, анасының абыройын асқақтатып екі ортада көркем мәміле ұйымдастыру – дана адамның ісі. Отбасының қалыптасуында нәзік жандылардың алар орны бір бөлек.

    Ал әйел  өзіне берілген аманат екенін, ата-анасының разылығы Алланың разылығына жеткізетіндігін сезінген еркек екі тарапқа да қолынан келген көркем қатынасты жасай алады. Өзіңізге қандай келін қаласаңыз, сол талапқа өзіңіз де сай болыңыз.

 

ЕНЕ МЕН КЕЛІН АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ НЫҒАЮЫНА СЕПТІГІН ТИГІЗЕТІН КЕҢЕСТЕР

Келіннің міндеттері:

1)    Шаңыраққа шаттық болып енген жас келін! Сіз де күні ертең ене боласыз. Ертең келініңіздің қандай болғанын қаласаңыз, бүгін сіз сондай болыңыз. Күйеуінің жүрегін жаулағысы келген келін енесінің жүрегіне жол табуы тиіс. Жолдасыңыздың өмірге келуіне себепші болған жанға ерекше мейір қойғаныңыз дұрыс болады. Және екінші анам деп қадірлеңіз.

2)    Хадистердің бірінде: “Отбасың үшін жасаған әрбір жақсылық- садақа”
делінген. Келін енесіне сүйіспеншілік пен зор құрмет көрсетуі тиіс.

3)    Егер отауыңыз енеңізден бөлек болса, екінші анаңызға жиі қоңырау шалып, хәлін сұрап тұрыңыз. “Мейір-көзде” демекші, көбірек дидарласып  тұру - арадағы бауырмалдықты арттырады. Енеңізге әрдайым сыйлық жасаңыз. Өйткені «сыйлық - арада сүйіспеншілік орнатады» (хадис).

4)    Енеңізбен сөзге келіп қалсаңыз, қанша ызаланып тұрсаңыз да, парасаттылықпен әдеп шеңберінен шықпағаныңыз жөн.

5)    Өз анаңыздың сырларын ешкіммен бөліспей, құпия тұтқаныңыз секілді, екінші анаңыздың да сырларын сақтай білгеніңіз арадағы сенімнің нығаюына ықпал етеді.

6)    Отбасыңызда болған жағдайлар табалдырықтан шықпағаны абзал. Әсіресе, өз анаңыз бен туыстарыңыздың білуі қажет емес. Жалпы айтқанда, екі жұрт арасындағы татулықты сақтап тұру тікелей сізге байланысты екені жадыңызда болсын.

7)    Енеңізге тік сөйлеу мен тік мінез көрсетуден аулақ болыңыз. Белгілі бір мәселеге байланысты ойларыңыз бір жерден шықпай жатса, “Сіздікі дұрыс бірақ, мен басқаша пікірдемін”-деп, даналықпен өз ойыңызды жұмсақ түрде жеткізіңіз. Немесе, үндемей-ақ қойғаныңыз дұрыс болады.

 

Ененің міндеттері:

 

1)    Туған шаңырағын тастап,  сіздің үйдің түтінін түтетсем деп келген келініңізді Алланың аманаты деп біліңіз.

2)    Кемшіліктерін бетіне басып немесе сыртқа әшкере етуден сақтаныңыз. Туған перзенттеріңіздің кемшіліктерін жасырғаныңыз сияқты, келініңіздің де жамандығын жасырып, жақсылығын асырыңыз. Мінезінің кем-кетігі болса түзетуге көмектесіңіз.

3)    Келініңізге жекіп, бұйыра сөйлемеңіз. Өз балаларыңызбен қандай мәміледе болсаңыз, онымен тура сондай қарым-қатынас жасаңыз. “Жақсы ене өзінің келін болған күнін ұмытпайды” деген бабалар сөзін есте ұстаңыз.

4)    “Екі жастың арасына есі кеткен түседі” демекші, отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Ондай кезде жастардың арасына түсудің қажеті шамалы. Егер іс насырға шауып, жағдай ушығып кетсе, бірден ұлыңызды жақтап шыға келместен, барынша әділдікпен шешуге тырысыңыз.  

10912 рет оқылды