19:20 | Қазақ білсін
19:40 | Жүректің көзі ашылса
19:50 | Хадис уақыты
2017-03-20 (0) (2130)

ӘЛИ ИБН ӘБУ ТАЛИБТІҢ (Р.А) ПАЙҒАМБАР ﷺ ШАҢЫРАҒЫНДАҒЫ ТӘРБИЕСІ

ӘЛИ ИБН ӘБУ ТАЛИБТІҢ (Р.А) ПАЙҒАМБАР ﷺ ШАҢЫРАҒЫНДАҒЫ ТӘРБИЕСІ

II БӨЛІМ. ӘЛИ ИБН ӘБУ ТАЛИБТІҢ (Р.А) ПАЙҒАМБАР ШАҢЫРАҒЫНДАҒЫ ТӘРБИЕСІ

Ислам дінін қабылдауы

 

Ибн Исхақ Әли ибн әбу Талибтің (р.а) Хадиша (р.а) Ислам қабылдап қойғаннан кейін Пайғамбарға келгендігін жеткізеді. Ол екеуінің намаз оқып жатқанын көріп: «Бұл не, уа, Мұхаммед?» деп сұрайды. Пайғамбар : «Алланың өзіне таңдаған және Өзінің пайғамбарларын жіберген діні. Мен сені Бір ғана Аллаға және Оған ғана құлшылық етуге шақырамын және сен әл-Латқа және әл-Уззаға сенуді доғару керексің» дейді. Әли (р.а) сонда: «Осы күнге дейін бұған ұқсас нәрсені естімеппін, Әбу Талибпен ақылдаспайынша еш нәрсе істемеймін» дейді. Пайғамбар өзі ашық айтқанша Әлидің (р.а) құпияны таратқанын қаламай: «Уа, Әли, Исламды қабылдамайтын болсаң, ол туралы ешкімге айтушы болма» деді. Әли (р.а) түннің бәрін ойланумен өткізеді, ақыры Алла Тағала оған Исламды қабылдау керектігі туралы шешім ұялатып, таңертең Алла Елшісіне қайта келеді. «Сен маған не ұсындың, уа, Мұхаммед?» дегенде Алла Елшісі оған былай деп айтады: «Ешбір серігі жоқ Алладан басқа құлшылыққа лайықты Тәңір жоқ екендігіне куәлік беру, әл-Лат және әл-Узза сенімінен бас тарту, Оған серік қосатын барлық нәрседен теріс бұрылу». Әли дәл солай жасап, Ислам дінін қабылдады. Осыдан кейін Әбу Талибтен қорқып әрі қауіпсіздікті сақтап Алла Елшісіне келіп жүреді. Өзінің иман келтіргендігін көпке жарияламады.

Мұхаммед Пайғамбар намаз оқу үшін Мекке шатқалдарына кетіп қалатын. Сонда Әли (р.а) де онымен бірге жасырын барады. Екеуі бірге намаз оқып, кеш батқанда үйге қайтатын. Алайда бір күні бұл туралы әкесі Әбу Талиб біліп, ұлын шақырып, сұраққа алады. Сонда ол: «Уа, әкешім! Мен Аллаға және Алланың Елшісіне иман келтірдім. Мен оның пайғамбарлығына сеніп, онымен бірге Алланың алдында намаз оқыдым және оған ердім» дейді. Сонда Әбу Талиб: «Ол сені тек қана жақсылыққа шақырады. Оның соңынан ілес!» деген екен.

 

Пайғамбар шаңырағындағы күндер

 

Алла Тағала Әлиді (р.а) бала күнінен өз қамқорлығы мен панасына алды. Бір жылдары құрғақшылық пен аштық жайлап, құрайыштар үшін өте ауырға соқты. Жоғарыда айтқанымыздай, Әбу Талибтің тұрмысы нашар еді. Оған үй-ішінің бәрін қамтамасыз ету ауырға соқты.

Бала күнінен Әбу Талибтің қолында болып, көп жақсылығын көрген Мұхаммед Пайғамбар оған алғысын айтқысы келді. Тағы бір бақуатты тұратын Аббас атты көкесіне барып: «Уа, Аббас! Бауырың Әбу Талибтің отбасы үлкен, адамдарды құрғақшылық пен аштық қинап жатқанын білесің. Оған барып, отбасын асырауына жәрдем берейік. Ұлдарының бірін мен алайын, ал сен басқасын ал» дейді. Әл-Аббас келіседі. Екеуі келіп  бұл жайлы Әбу Талибке айтқанда, Ақилден басқа кез келгенін ала беруге рұқсат береді. Осылайша, Мұхаммед Әлиді (р.а), Аббас (р.а) Жафарды (р.а) үйіне алып кетеді.

Әли Пайғамбар мен оның жары Хадишаның (р.а) шаңырағында алғашқы уахи түскенге дейін тұрды. Әлиді (р.а) Алла тәрбиелеген, мінез-құлқы тірі Құран болған жан тәрбиеледі. Бұл оған әсер етпей қоймады. Пайғамбардың қолында тұруы оның да тәрбиесінің көркем болатындығына кепіл еді. Әли (р.а) балалар арасында тұңғыш болып Ислам қабылдады, Пайғамбар оқыған ең алғашқы аяттарды тыңдады, ең алғашқылардың бірі болып Пайғамбардың артында намаз оқыды. Бұл оның Алланың, Алла Елшісінің , Алла дінінің алдындағы орнын айқындайды.

 

Әлидің (р.а) Алла Елшісі үшін өмірін қатерге тігуі

 

Осылайша Исламның ең алғашқы қадамдары, дінді арқалаған азаматтардың көзсіз ерлігі, дұшпандардың озбырлығы – бәрі де Әлидің (р.а)   көз алдында өтіп жатты.

Жиырма үшке толған жас жігіт Әлиге (р.а) Алла Тағала тағы да бір үлкен сынақ пен жауапкершілік артты. Құрайыштар Мұхаммед Пайғамбарды өлтіріп, біржола көзін құртуды ойластырғанда, Алла Тағала шексіз білімі әрі даналығымен Елшісіне мұны білдіртеді. Алла Елшісі төсегіне Әлиді (р.а) жатқызып, өзі түн ішінде үйден шығып кетеді: «Бүгін менің төсегімде ұйықта. Менің сырт киіміме оран да, осылай жат. Ақиқатында, олар саған ешқандай зиян тигізе алмайды» деді Пайғамбар (Ибн Һишам). Мүшіріктер үйді қоршап, әне-міні дегенде қастандық жасауға даяр тұрғанда Әли ибн Әбу Талиб сүйікті Елшісі үшін өзін қатерге тікті. Мұндай қадамға тек жүрегі махаббатқа, тәуекелге, батылдыққа толы еркектер бара алады. Ибн Аббас (р.а) бұл туралы: «Шын мәнінде, Әли сол күні өз өмірін құрбандыққа тікті: Пайғамбардың киіміне оранып, оның орнында ұйықтады» деген.

Пайғамбарды кім бірінші өлтіретінін шеше алмай әуре-сарсаңға түскен мүшіріктер таңертең Алла Елшісінің орнында жатқан Әлиді (р.а) көріп таңғалысты. Одан Пайғамбарды сұрап еді: «Тіптен білмеймін» деп жауап берді.

Әлидің (р.а)   жауабына қапаланған мүшіріктер оған ұрсып, ұрып, мешітке алып келеді де, біршама уақыт сол жерде ұстайды, кейін қайта жібереді.

Алла Елшісі өзі Мединеге қоныс аударғанымен, оның шексіз адалдығы мен сенімділігі үшін мүшіріктердің аманатқа берген дүниелерін тарату үшін Әлиді (р.а) бірнеше күнге Меккеде қалдырған болатын. Оның бұл әрекеттері Әлиге (р.а) толықтай сенім білдіргенін нұсқайды.

Әли де (р.а) артылған сенімді ақтап, бір сәтке де әлсіздікке берілмеді, Алла Елшісінің жасырынған орнын айтпады. Оның құтылғаны туралы ойдан туған қуаныш барлық қиындыққа оңай қарсы тұруға көмектесті. Меккеде үш түн өткізіп, барлық аманатты иелеріне қайтарып берді де, Мединеге қоныс аударуға жиналды.

Оның астында көлігі жоқ еді, сондықтан да, ыстық құмның денесін күйдіріп жіберуінен сақтанып, түнде жаяу сапар шегіп, күндіз демалып отырды. Және ол бұл ұлы сапарға жалғыз өзі шықты. Аллаға деген махаббатқа толған жүректің иесі қауіп пен қиындыққа толы сапарды жеңіл атқарып, Мединедегі Алла Елшісіне келіп қосылды.

Ол өзінің Пайғамбарға  деген махабатты туралы: «Алламен ант етейін, біз оны өз мүлкімізден де, балаларымыз, әкеміз, анамыздан да және шөл қысқан кездегі салқын судан да артық жақсы көрдік» деген екен.

 

Әли (р.а)  – Пайғамбар отбасының мүшесі

 

Айша анамыз (р.а) жеткізеді: «(Бірде) Алла Елшісі таңертең (үйінен) үстіне қара жүннен (тоқылған) өрнектелген шекпен киіп шығады. Сонда Хасан ибн Әли келіп, (Пайғамбар ) оны (үйіне) кіргізеді. Сосын Хусейн келіп, (Пайғамбар ) онымен бірге (үйіне) кіреді. Сосын Фатима келеді, (Пайғамбар ) оны (үйіне) кіргізеді. Сонан соң Әли келеді, (Пайғамбар ) оны да ішке кіргізеді. Содан кейін (Пайғамбар ): «(Ей, Пайғамбар) үйінің мүшелері! Алла сендерден жамандықты кетіруді және сендерді толық тазартуды ғана қалайды» («Ахзаб» сүресі, 33-аят), – деген (Муслим). Бір ғалымдар аяттың арабша мәтініндегі «жамандық» деп тәржімаланған «рижс» сөзінен «күмән», енді біреулері «азап», тағы біреулері «күнә» меңзелген дейді. Әл-Азһари кез келген ұнамсыз әрекет «рижс» деп аталатындығын айтқан. Хадистен байқағанымыздай, Әли (р.а) және оның әйелі мен бала-шағасы– Пайғамбар отбасының мүшелері деген лауазымға ие. Расында, бұл үлкен мәртебе. Исламда бұл ұғымды «аһлул-бәйт» деп те атап жатады. Алайда, Пайғамбар үйінің мүшелері мұнымен шектелмейді. Хусайн ибн Сабира (р.а) сахаба Зейд ибн Арқамнан (р.а): «Оның отбасы мүшелері кімдер, уа, Зәйд? Әйелдері оның отбасы мүшелерінен емес пе?» – деп (сұрады. Зәйд ибн Арқам): «Әйелдері оның отбасы мүшелерінен. Алайда оның (нағыз) отбасы мүшелері – өзінен кейін садақа (зекет) (алуларына) тыйым салынғандар», – деді. (Хусайн): «Олар кімдер?» – деп (сұрады. Зәйд): «Олар – Әлидің әулеті, Ақилдің әулеті, Жағфардың әулеті және Аббастың әулеті», – деді. (Хусайн): «Бұлардың барлығына садақа (алуларына) тыйым салынған ба?» – деп (сұраған еді, Зәйд): «Иә», – деді», – деп айтқан (Муслим).

 

Әли (р.а) Пайғамбар өміріндегі ең қиын сәтте

 

 Ол (біреудің) Сәһл ибн Сағдтен (р.а) Алла Елшісінің  Ухуд күні алған жарақаты жайлы сұрағанын естіген. Сонда ол: «Алла Елшісінің беті жарақаттанды, күрек тісі сындырылды және басындағы дулығасы жарылды. Алла Елшісінің қызы Фатима (р.а) қанды жуды, ал Әли ибн әбу Талиб (р.а) оған қалқанмен су құйып тұрды. Фатима (р.а) судың қан кетуін үдетіп жатқанын көрген соң, алашаның кесіндісін алып, күлге айналғанша өртеді де, оны жарақатқа жапсырды. Сонда қан тоқтады», – деп айтқан (Муслим).

 

 

2130 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !


Пікір жазу үшін, сайтқа тіркеліңіз. Тіркелу

*