14:20 | Автопортрет
2017-03-09 (0) (1788)

ӘЛИ ИБН ӘБУ ТАЛИБТІҢ (Р.А) ЖЕКЕ ӨМІРІ

ӘЛИ ИБН ӘБУ ТАЛИБТІҢ (Р.А) ЖЕКЕ ӨМІРІ

 

Жобамыздың төртінші кезеңіне Қиямет күнге дейін өшпейтін жарық жұлдыздардың бірі, құрмет пен үлгі тұтуға лайық ғұмырдың қожайыны – Әли ибн Әбу Талибтің өмірі (оған Алла разы болсын) арқау болмақ. Тілі мен жүрегінен ақиқат аңқыған, толған айдай нұрлы жүзді, қарапайымдылығына берік, қаталдығына ұстамды, әділеттілігінде табанды, әлемді батырлыққа баулушы, от ауызды шешен, көркем сөздің зергері, тәрбиесі тәлімді бұл тұлғаның өмірінен алар ғибратымыз мол. Оның Исламдағы орны мен тұлғалық қасиетін таныту үшін «Пайғамбар шаңырағының тәрбиеленушісі» деген лауазым жеткілікті. Иә, ол сәби күнінен осы үмбеттің мырзасы мен ханымы Мұхаммед пен Хадишаның (р.а) тәрбиесі мен мейіріміне шомылды. «Алла Елшісінің ең жақын бауыры әрі күйеу баласы», «Жәннаттағы әйелдердің ханымы Фатиманың (р.а) жары», «Жәннаттағы бозбалалардың мырзасы әрі Пайғамбардың көзінің қуанышы Хасан мен Хусейннің (р.а) әкесі» деген лауазымдар оның мәртебесін онан сайын асқақтата түспек. Бәрін айт та, бірін айт, ол – Исламды ең алғашқы болып қабылдап, жанын періште келіп алғанға дейін Құраннан нәр алып, Құранмен өмір сүрген, мұсылмандардың әміршісі деңгейіне жеткен Алланың арыстаны.

Алла қаласа, алдағы бөлімдерде өмір жолы дін дұшпандарының қиянатына ұшырап, әділетсіздіктің құрбаны болған аяулы сахаба туралы ақиқи ақпараттармен бөлісуге тырысамыз.

 

 

І БӨЛІМ. ӘЛИ ИБН ӘБУ ТАЛИБТІҢ (Р.А) ЖЕКЕ ӨМІРІ

 

Әлидің есімдері

Толық есімі – Әли ибн әбу Талиб (әбд-Манаф) ибн Әбдулмутталиб ибн Хашим ибн әбд-Манаф ибн Қусайй ибн Киләб ибн Мурра ибн Кағб ибн Люайй ибн Ғалиб ибн Фихр ибн Мәлик. Алла Елшісінің немере інісі болып келеді. Ортақ аталары – Әбдулмутталиб. Яғни, Мұхаммед Пайғамбардың әкесі Абдуллаһтың туған ағасы Әбу Талиб – Әлидің (р.а)  әкесі.

Әли (р.а) шыр етіп дүние есігін ашқанда Асад (арыстан) деген есімге ие болады. Анасы өзінің әкесі Асад ибн Һашимнің құрметіне осылай атаған. Әкесі Әбу Талиб бұл уақытта сапарда болатын, келген Асад есімін ұнатпай, Әли деп қояды.

Әлидің (р.а)  Әбу Хасан деген куньясы болды. Бұл Фатима анамыз (р.а)  дүниеге әкелген Хасан атты ұлымен байланысты. Оның Әбу Тураб (топырақтың әкесі, «шаңға аунаған») деген де лақап аты болды. Оған бұл есімді Пайғамбар берген болатын және Әли (р.а) үшін бұдан сүйікті есім болмады, өзін осылай атағанды ұнататын. Есімнің пайда болу тарихы: «Бірде Фатиманың (р.а) үйіне кірген Пайғамбар Әли (р.а) жоқ екенін байқайды. «Көкеңнің ұлы қайда?» деп сұрағанда анамыз: «Арамызда бір кикілжің болып, маған ренжіп қалды, содан кейін күндіз үйде ұйықтауға қалмай шығып кетті» деп жауап береді. Пайғамбар  бір адамға: «Оның қайда екенін көріп келші» деп тапсырады. Әлгі кісі қайта айналып келіп: «Уа, Алланың Елшісі, ол мешітте ұйықтап жатыр» дейді.  Пайғамбар сонда барып, Әлидің жамылғысы (ридасы) бүйірінен сырғып түсіп, шаң тигенін  көреді. «Түрегел, әй, әбу Тураб, түрегел, әй, әбу Тураб!» деп оның үстіндегі шаңдарды қаға бастайды (Муслим).

Оны әбу Хусейн, әбу Қасым, әбу ас-сибтайн (екі немеренің әкесі), мұсылмандар әміршісі, төртінші әділетті мұрагер деп атайтындар да болды.

 

Дүниеге келуі

Әлидің (р.а)  дүниеге келуі туралы бірнеше дерек бар. Оның ең дұрысы – Пайғамбарлыққа дейін он жыл бұрын туылған. Әл-Фақихдің айтуынша, Әли (р.а) бану Хашим әулетінен Қағбаның ішінде дүниеге келген тұңғыш перзент екен.

 

Жанұясы

Әлидің (р.а) тұлға болып қалыптасуына шыққан-тегі мен өскен ортасы әсер етпей қоймады. Оның айналасындағы адамдар тектілігімен, өз ортасындағы абыройымен, құрметімен ерекшеленетін.

Атасы ӘбдулМутталиб ибн Һашим – Меккедегі құрметті адамдардың қатарында болды. Тіпті, өзінің алдындағы бабалары көрмеген сыйластыққа ие болған. Қажыларды сусындандырып, тамақтандыру, Зәм-зәм суына иелік ету оның мойнында еді. Әбдул Мутталиб Алла Тағаланың Қағбаға ерекше құрмет көрсетіп, әрдайым Өзі қорғап тұратындығына күмән келтірмеген. Піл оқиғасы кезінде қаскүнем Абраһамен тілдескенде де: «Қағбаны қорғайтын өз қожайыны бар...» деп айтады.  Ол балаларын өзгелерге зәбір көрсетуден, әділетсіздік жасаудан сақтандырып, тек үлгілі істер атқаруға шақыратын. Мұхаммед Пайғамбар алты жасқа толғанда анасы Әмина қайтыс болғанда, немересін бауырына басады. Екі жыл бойы мейіріміне шомылдырып, сегіз жасқа толғанда қайтыс болады. Меккеліктер оның қазасына қайғырып бірнеше күн бойы саудасын тоқтатып қойған екен.

 

Әкесі Әбу Талиб – өте кедей адам еді. Әбдул Мутталиб қайтыс болғаннан кейін Пайғамбарды қолына алады. Оны қатты жақсы көретін және үнемі өзімен бірге алып жүретін. Бану Һашим әулетінің көшбасшыларының бірі болғандықтан, Мұхаммедке пайғамбарлық келіп, мүшіріктердің тепкісіне ұшырағанда оған барынша қолдау, қорғау көрсетеді. Бану Һашим тайпасының басқа да адамдарын Алла Елшісіне көмектесуге шақырады. Алайда, немере інісі қанша рет шақырса да өз ата-бабасының дінінен қайтпайтындығын айтып, Ислам дінінен бас тартады. Иман келтірмеген күйі сексен жастан асқанда қайтыс болады. Бұл – пайғамбарлықтың оныншы жылы шәууал айында еді. Дәл осы жылы Хадиша анамыз (р.а) дүние салғандықтан, қос оқиға Пайғамбарымыздың жанына қатты батады. Сондықтан, бұл тарихта «қайғы жылы» деген атпен қалды.

 

Анасы – Фатима бинт Асад ибн Һашим (р.а). Ол һашимдік перзентті дүниеге әкелген һашимдер қызы еді. Әбдул Мутталибтің қазасынан кейін Пайғамбарға қамқорлық көрсету құрметі Әлидің анасы Фатимаға (р.а) берілді. Анасының орнына қамқор болып, аналық мейірімін аямады. Мұхаммед Пайғамбар бұл үйде жиырма жылға жуық уақыт тұрды. Оның Ислам дініне шақыруын қабыл алып, ең алғашқы иман келтірушілердің бірі болды. Жұмсақтық пен мейірімділіктің үлгісі болған бұл әйел әкесіне деген құрмет үшін Фатима анамызға да (р.а) жақсы қарым-қатынас жасайды. Әлидің (р.а) былай деп айтқан сөздері жеткізіледі: «Мен анама: «Алла Елшісінің қызы Фатиманы су әкелуден және әр түрлі қажеттіліктерді тасу үшін сыртқа шығудан босат, ал ол дәнді үгітіп, қамыр илейді» деп айттым» (Һайсами).

Пайғамбармен болған ұзақ қарым-қатынастың нәтижесінде Фатима бинт Асад (р.а) аздаған хадис те жеткізеді. Алла Елшісі оны құрметтеп, жиі сыйлықтар беретін. Ибн Хажардан: «Әли (р.а) айтады: «Бірде Алла Елшісіне жібек мата сыйлыққа берілді. Ол маған: «Мұны Фатималардың арасына үлестір» деді. Мен матаны бөліп, төрт жамылғы жасадым: Алла Елшісінің қызы Фатимаға, Фатима бинт Асадқа және Хамзаның қызы Фатимаға (оларға Алла разы болсын)». Және ол төртіншісін айтпады» (Исаба).

 

Бауырлары:

Талиб (Бәдірде иман келтірмеген күйі қайтыс болады);

Ақил немесе әбу Язид (Меккені бағындыру жылы Ислам дінін қабылдады);

Жағфар (ең алғашқылардың бірі болып иман келтіріп, Эфиопияға қоныс аударған);

Умму Һани (Хубайра ибн Әмрдің әйелі болған);

Жумана (Әбу Суфиян ибн әл-Харистің анасы);

Барлығының да анасы – Фатима бинт Асад болды.

 

Әйелдері мен балалары:

Әйелдерінің есімдері: Алла Елшісінің қызы Фатима, Хәулә бинт Жағфар ибн Қайс, Умму әл-Банин бинт Хизам ибн Халид ибн Жағфар, Асма бинт Умайс, ас-Сахба, Умама бинт әл-Ас ибн әр-Рабиғ, Умму Сағид бинт Уруа ибн Масғұд ас-Сақафи.

Әлидің (р.а) 14 ұлы, 19 ( немесе 17) қызы болды: Хасан, Хусейн, Үлкен Зейнеб, үлкен Умму Күлім (осы төртеуі Фатима анамыздан), Үлкен Мұхаммед (Мұхаммед ибн әл-Ханафия), Үлкен Аббас, Осман, Үлкен Жағфар,  Абдуллаһ, Жақия, Ғаун, Үлкен Омар, Рұқия, Ортаншы Мұхаммед, умму әл-Хасан, Үлкен Рәмлә, Умму Һани, Маймуна, Кіші Зейнеб, Кіші Рәмлә, кіші Умму Күлсім, Фатима, Умама, Хадиша, Умму әл-Кирам, Умму Сәләм, Умму Жағфар, Жумана, Нафиса.

Олардың тек бесеуінің ғана ұрпағы болған. Олар: Хасан, Хусейн, Мұхаммед әл-Ханафия, әл-Аббас және Омар.

 

Әлидің сыртқы келбеті

Ибн Әбдул-Барр айтады: «Әлидің (р.а) сыртқы келбеті туралы ең жақсы деректер мынадай болды: дене сымбаты орташа, бойы орташадан аласа, үлкен қара көзді, толған айды еске түсіретін сұлу жүзді, қарны шығыңқы, кең иықты, мойындары күміс  түтікшені еске түсіреді. Басы тақыр болатын, шаштары тек желкесінде болған. Сақалы үлкен, жауырыны жабайы жануарлардың жауырынын еске түсіреді. Егер ол біреуді шынтағынан ұстаса оған дем жетпей қалатын. Денесі мығым, күшті қолды әрі білекті, шайқасқа шыққанда жүгіргендей болатын. Салқынқанды, батыр еді» (Истиғаб).

 

 

1788 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !


Пікір жазу үшін, сайтқа тіркеліңіз. Тіркелу

*