2017-03-07 (0) (9319)

ЖАРЫНАН ЖЫЛУ КӨРМЕГЕН ӘЙЕЛ ӨЗГЕНІҢ СӨЗІНЕ ТЕЗ АЛДАНАДЫ

ЖАРЫНАН ЖЫЛУ КӨРМЕГЕН ӘЙЕЛ ӨЗГЕНІҢ СӨЗІНЕ ТЕЗ АЛДАНАДЫ

 

Әйел адамға әйел болып күн кешудің өзі бір жағынан – бақыт, бір жағынан – салмақты іс. «Әйелдің қырық жаны бар» деп жиі айтамыз. Сол қырық жанның да өз сұрауы бар. Қырық жанның да өз салмағы бар. Әйел болмысына сай тұрмыстың қандайына болса да төзу үшін күш керек. Әйелдің ғұмырын бойына сіңіріп, әйел атына сай болу үшін де оларға қырық жан керек. Өзінің қырық жанымен ерінің жалғыз жанына қорған болу үшін әйел адамға ерінен ең алдымен не қажет?

 

 

Бір ауыз сөз бірлікті күшейтеді

 

Әйелдер – нәзік жанды. Кейде еркелегенді, жылы сөз естігенді ұнатады. Сондай кездерде шыдамдылық танытып, түсіністікпен қараған дұрыс.Әйелдің табиғаты еріне өз проблемаларын айтып, көмек сұрауына кедергі емес, әйел заты оқиғалардан әсерленгіш, сыншыл да міншіл келеді. Бар нәрсені сөзбен реттеп, орынды жерде орынды лебіздің айтылуына аса мән береді. Бір-екі ауыз жылы сөздің өзі әйелдің көңілін көтеріп, алынған болмашы ғана сыйлық оны балаша қуантуы мүмкін. Кейде сыйлықтың бағасы мен көлемінің өзіне сай болуын талап етуі де ғажап емес, себебі, әйел үшін ерінің оған қаншалықты көңіл бөліп, бағалайтындығымаңызды.  Сол сияқты орынды айтылған бір ауыз сөз де кез-келген отбасындағы қарым-қатынасты нығайтып, бірлікті күшейтеді.

 

 

Әйелдің жүрегі ауыр сөзге лайықталмаған

 

Әйелдің ағзасы ауыр жұмысқа лайықталмағаны сияқты оның нәзік жүрегі де ауыр сөздердің мекені емес. Жақсы ана болу – әйел бақытының кілті. Нәзіктік дегеніміз – әлемді құтқаратын сұлулық. Әйел затының ең басты екі ерекшелігі – сұлулығы мен нәзіктігін сақтау және отбасының қамқор анасы болу.

Әйел адам қолынан келгенін істесін. Бірақ оны жұмыс деп қабылдамасын. Жұмысты тек еркектерге қалдырсын. Әйелдердің санасы мен ағзасы басқаға арналған. Асхана. Қазан көтере білудің өзі өнер. Бірақ мұны да терең түсіну керек. Еркек тек ұр да жық мінезге лайық дегіміз келмейді. Ойы таяз адам ғана солай қабылдайды. Әйелдің қызметі – нәзіктікке ие болу.

 

Егер жылы-жылы сөйлесеңіз...

 

«Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады…»  Ел мен ердің, адам мен адам арасында алтын дәнекер болатын жылы сөздің пайдасын халқымыз жақсы білген. Жылы сөздің құдыретіне сіз өз өміріңізде талай көз жеткізген боларсыз, бірақ адамдардың көбі оған онша көңіл аудармайды. Жылы сөз – жан шуағы. Әйел адамға қошемет сөздер айтсаңыз, дәрежеңіз түсіп қалмайды, керісінше бұл ерлі-зайыптының арасындағы сезімді нығайта түседі. Бұл сөздерді сіз кез-келген уақытта: күндіз де, кешке де, түнде де және кез-келген жағдайда айта аласыз.

 

 

Күйеуінен жылы сөз естімеген әйел басқаның тәтті сөзіне тез алданады

 

Біздің компьютерлік заманда қарым-қатынас оңай болып көрінгенмен, жылы сөз біз  бір кездері оқыған кітаптағы кейіпкерлердің жанындай нәзік болып қала береді. Олар дәл бұрынғыдай гүлдерді, тосын сыйларды және өздеріне қаратып айтылған қошемет сөздерді (комплимент) жақсы көреді. Сіз жарыңызға жақсы сөздерді жиі айтып үйреніңіз. Себебі, күйеуінен жылы сөз естімеген әйел басқаның тәтті сөзіне тез алданады. Оның сырт бейнесі әрдайым керемет, оның сұлулығы ешқашан қайталанбайды деген мәндегі қошемет сөздер әйел адамның езуін еріксіз жымитады да, айналасын нұрға бөлейді. Сүйіктіңіздің бойындағы өзгерістерді назардан тыс қалдырмаңыз. Оның әдемі киім үлгісін, сіз үшін әдеміленгенін байқағаныңызды және оған өте жарасымды екенін  айтыңыз. Тек асыра сілтеп, жасандылыққа бой алдырудан аулақ болыңыз. Әйел баласы өте сезімтал. Шын көңілмен айтылмаған сөзді олар бірден байқап қояды.

 

 

Әйел өзінің еңбегін бағалағанды ұнатады

 

Әйелдер өздерінің әдеттері мен қызығушылықтарына ерінің көңіл бөлгенін ұнатады. Егер сіз оның қандай да бір тағамды жақсы жасайтынын айтар болсаңыз, төбесі көкке жеткендей болады. Өзі сондай нәзік болғанымен, бәріне үлгеретінін, үйдің жұмысы мен қызметін қатар алып жүре алатынын алға тартыңыз. Әйел адамдар өзінің еңбегін байқағанды және бағалағанды қатты ұнатады. Сол себепті әйелдің еңбегін бағалап, мақтап қоюды ұмытпаңыз. Ол әйелге өзіне деген сенімділік пен күш-жігер береді.

 

 

Ол – әлсіз жаратылыс, гүлмен көмкеріңіз!

 

Жаны аяулы әйелдердің өзі гүлді жақсы көреді. Бірнеше раушан гүлінен жасалған бір құшақ гүл кім-кімді де қуантады. Бірақ, ықыласпен, жүрекпен берілген бір шоқ гүлмен де оған қуаныш сыйлауға болады. Тіпті, жерде өскен ұсақ гүлдерді алып, алқа, жүзік, білезік немесе тәж жасап, «менің ханшайымыма» деп ұсыныңызшы, одан бақытты әйел болмайды.

 

 

Оны әдемі есіммен шақырыңыз!

 

Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) Айша анамызды (оған Алла разы болсын) махаббатпен «Хумәйра» деп еркелетіп шақыратын. Және адамдарға: «Діндеріңнің жартысын осы Хумәйрадан үйреніңдер», – деп айтатын. (Ибн Ғимад, Шажарат: 1/62). Сіз де жарыңызды жақсы, тәтті бір есіммен шақырыңыз. Әрбір ұсақ нәрседе сіз өзіңіздің жұбайыңызға сүйіспеншілігіңізді білдіруіңіз керек. Махаббаттың жалынын ұстап тұру үшін жарыңызға деген сезіміңізді жасырмаңыз. Күйеуі мен әйелі әрдайым бір-біріне жақсы, жылы сөздер мен мақтаулар айтып тұру керек. Күйеуі әйеліне өзінің ғашықтығы мен ынтықтығын көрсетуі қажет. Осындай өзара қарым-қатынас бар болса, неке биіктерге көтеріледі.

 

 

P/S: Ақша тапсаңыз да, отбасыңыз үшін тамақ пісірсеңіз де, басты мақсат – Алланың разылығын алу. Әйеліңізге гүл сыйласаңыз да – Алланың разылығын ғана көздейтініңізді жадыңызда ұстаңыз. Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) еліктеңіз, сонда сіздің де әйеліңіз Айша анамызға (оған Алла разы болсын) еліктейді. Алла Тағала сіздерге бақытты да, берекелі отбасы болуды нәсіп етсін!

 

9319 рет оқылды