2017-07-16 (0) (9320)

ӘЙЕЛДІҢ ЕРІН БИІКТЕТКЕНІ – ЖЕҢІЛГЕНІ ЕМЕС!

ӘЙЕЛДІҢ ЕРІН БИІКТЕТКЕНІ – ЖЕҢІЛГЕНІ ЕМЕС!

(салиқалы әйелдің бес сипаты)

 

Кейде ерлі-зайыптылардың өмірінде келіспеушіліктер мен түсініспеушіліктер болып тұрады олардың басым бөлігі – әйелдің ақыл таразысына байланысты. Ал, «Дүниедегі ең жақсы нығмет – салиқалы әйел» деп түсіндірген асыл дініміз, дұрыс отбасылық өмірді қалыптастыру жолын да көрсетіп қойған. Сіздерге сондай салиқалы әйелдің бес сипатын ұсынамыз.

 

 

Бойсұнушы әйел Жәннатқа сегіз қақпасының кез-келгені арқылы кіреді!

 

Әбу Һурайраның (Алла оған разы болсын) сөзінен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Егер әйел бес уақыт намаз оқыса, Рамазан айында ораза ұстаса, ар-намысын қорғайтын болса және күйеуін тыңдайтын болса, оған: «Жәннатқа қалаған қақпаң арқылы кір», – деп айтылады». (Ибн Хиббан 1296. Хадис сахих (сенімді). Қз.: «Сахих әл-жәми’» 660). Бұл хадисте Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдің күйеуіне бағынуын намаз және ораза секілді маңызды құлшылықтармен бір қатарға қойды. Және осыған сәйкес, егер әйел күйеуіне бағынбайтын болса, демек, ол бұл үлкен игіліктен мақрұм қалады. Ал салиқалы мұсылман әйелге Алланың разалығы мен сегіз қақпа арқылы Оның Жәннатына кіруден басқа тағы не керек?!

 

Күйеуімен бірінші болып татуласатын әйел Жәннатта болады!

 

Әнастың, Ибн Аббас пен Қа’б ибн Ужраның (Алла оларға разы болсын) сөздерінен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Сендердің Жәннат тұрғындарының қатарындағы еркектерің жайлы хабар етейін бе? Пайғамбар Жәннатта, Әбу Бәкір әс-Сыддық Жәннатта, шәһид Жәнннатта, сәби күйінде өлген Жәннатта, елді-мекеннің шетіндегі бауырын тек Алла үшін зиярат ететін адам Жәннатта. Және сендердің Жәннаттағы әйелдерің туралы айтайын ба? Ол – әрбір сүйетін, бала табатын әрі егер күйеуі оған нашар қарым-қатынас көрсеткен болса, немесе оның өзі оны ашуландырған болса, оның қолын алып: «Сен разы болмайынша, мен ұйықтамаймын!», – дейтін әйел”. Әт-Табарани «әл-Кәбир» 14/307, Тамам «әл-Фәуаид» 1/202, Абу Ну’айм «әл-Хилья» 4/303.Ендеше, әрбір салиқалы әрі тақуа мұсылман әйел Жәннат тұрғыны болу үшін осы ұлы қасиетке талпынсын. Себебі осы сипаттағы әйел бұл хадисте Жәннатта болатын Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), Әбу Бәкірмен және шәһидпен бір қатарда айтылып өтті.

 

Күйеуінің айыбын жасырған әйелдің шаңырағы шайқалмайды!

 

Әйел адам – отбасының ұйытқысы. Шаңырақтың шайқалмауында, ұлттың ұлт болуында әйелдердің рөлі орасан зор. Әйелі бұзылған қауымнан жақсы ел шықпайды, ол құриды. Сондықтан, отбасындағы әйелдің орнына қатысты кейбір мәселелерді аз-кем әңгімелей кетсек. Жоғарыда отбасылық татулық тұрғысынан сөз қозғадық. Соған қатысты тағы бір мәселе, яғни әйелдің ең маңызды міндеттерінің бірі – үйдегі болған сырды сыртқа шашпау, сыр сақтау. Бұл салиқалы да пәк әйелге тән сипат. Ерлі-зайыптылардың сыры сыртқа шықса, отағасының абыройына нұқсан келеді. Исламды нық ұстап, ниеті дұрыс болып, қашан да Аллаға дұға етуші ерлі-зайыптыларға Жаратушы бейбітшілік пен берекет береді. Алла Тағала Құранда: «Олармен жақсы, байыпты түрде мәміле жасаңдар» («Ниса» сүресі, 19-аят), – дейді. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Сіздердің ең жақсыларыңыз – әйелдеріңізге жақсы қарағандарыңыз», – деген. Егер осынау өсиет сөздерге амал етіп, зайыбы ерінің тілеуін тілеп құрметтесе, сырын сыртқа шашпай, абыройын биіктетсе, әр істе сабыр етсе, екеуі бірге сәждеге бас қойса, перзенттеріне мұсылмандық тәлім-тәрбие берсе, отбасында ынтымақ пен тыныштық болса, міне, бұл – нағыз Ислами үлгілі отбасы болғаны. Мұндай шаңырақтың шайқалуы әсте, мүмкін емес.

 

Әйелдің ерін биіктеткені – жеңілгені емес!

 

Шаңырағының биік, босағасының берік болып, отбасында махаббат пен береке орнағанын қалайтын ақылды әйел өзінің ерінен төмендігін сезініп, айтқанына көніп, бұйырғанын қалтқысыз орындай білуі қажет. Күйеуіне бағынған әйелдің отбасында қашан да береке-бірлік, тыныштық болып, жұбайлардың арасындағы сезім мен сенім, сыйластықтың арта түсері хақ. Егер әйел ер азаматының хандай болғанын қаласа, өзі де оған хандай қарап, сыйлай білгені жөн. Ал еріне құлша қарап, алақанында ұстағысы келсе, алтын басты ер адамын қорлағанмен тең болар еді. Еріне бойсұнған әйел үнемі одан бір саты төмен тұруды өзіне бақыт санайды. Әйел адамның басты асыраушысы, жалпы үйдегі басты адам қашанда ер адам болғаны абзал. Әйел адамның ерінен бір саты төмен тұру керегінің мәні осында. Бұл – отбасындағы барлық мәселенің шешімі әрі ер мен әйел арасындағы байланысты бұзбай ұстап тұратын фактор. Әйел биік болу үшін ғана төмендейді. Ол ақылды әйелге айналған сайын Алланың алдында және ерінің алдында дәрежесі биіктей береді.Ғалымдар әйел үшін Алла мен Оның Елшісінің бұйрығына бағынғаннан кейін күйеуінің алдындағы хақыларын орындағаннан маңызды нәрсе жоқ деген. Әйелдің ерін биіктеткені – жеңілгені емес, керісінше, сол арқылы биіктегені. Бұл биіктік оны әйел бақытына кенелтеді. Бірде Айша анамыз (оған Алла разы болсын) әйелдерге қарап тұрып: «О, әйелдер, сендер өз құқықтарыңды білсеңдер, өздерің шаңға батып жатып, әуелі күйеулеріңнің бетіндегі шаңды сүртер едіңдер» деген екен (Әбу Шейх жеткізген).

 

Көркем мінез – көркіңіз. Салиқалы әрі сұлу бола біліңіз!

 

Адам баласын, әсіресе, әйел адамын өзге пенделерден ерекшелеп тұратын бір қасиеті – оның мінезі. Жақсы мінез – жан көркі. Адамды кең пейіл, көпшіл ететін де, я болмаса қытымыр, кекшіл ететін де – бойға біткен мінез. Осыны ескерген Бұқар жырау: «Қызда қылық болмаса, құр шырайдан не пайда?» деп, ұрпақ өрбітіп, бесік тербететін болашақ аналарға ең алдымен көркем мінезді болуды насихаттаған. «Көркем мінез» сөзін көп айтамыз. Шын мәнінде көркем мінез дегеніміз не? Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте бір адам Пайғамбарымызға (оған  Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Маған кеңес бер» деп өтінеді. Ол (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ашуланба!», – деді. Осыдан кейін әлгі адам өз сұрағын бірнеше рет қайталады. Бірақ Пайғамбарымыз әр жолы: «Ашуланба», – деуден танбады (Бұхари). Жазушы Ғабит Мүсірепов те бұл ойды одан әрі жалғастырып: «Әйел ашуланса – жеңіледі, еркелесе – жеңеді» деген еді. Яғни, еріне ашу шақырмаған әйел – ең дана әйел. Ешқашан мәселені ашумен емес, ақылмен, сабырмен жеңуді әдетке айналдырыңыз. Сонда ғана айналаңызға, еріңізге, жақындарыңызға жақын болып, алғысын аласыз. Кейбір әйелдер күйеуіне ашуланса, оның жақсы тұстарын ұмытып кетеді. Сөйтіп, күйеуіне ауыр сөздер айтып қоюы мүмкін. Ондай жағдайдың соңы, әрине, жанжалмен аяқталатыны анық. Сондықтан жұбайыңыз ренжіткен, ашуланған сәттерде сабырлылық таныта білген жөн.

 

 

P/S: Әйел салиқалы болса, отбасы түзеледі. Отбасы түзелсе, ел түзеледі. Ел түзелсе, имандылық, ізгілік, қайырымдылық, жанашырлық, адамгершілік секілді құндылықтар салтанат құрады. Имандылық салтанат құрған қоғамның берекесі мен бірлігі, жақсылығы артады. Жақсылығы артқан ел бақытты өмір сүреді.

9320 рет оқылды