2017-02-27 (0) (8341)

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ БАЙ ӘЙЕЛ

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ БАЙ ӘЙЕЛ

 

Әдетте, ең бай адам деп басқалардың қазынасын санап, оларға рейтинг бойынша үздік орындар тағайындап жатамыз. Тіптен, күллі әлем танитын танымал кино жұлдыздарын, бизнес-леди атанып жүрген атағы мен мәнсабы бар әйелдерді журнал бетіндегі жылтырақ суреттеріне қарап жазбай танып жатамыз. Ал, шын мәнінде мына әлемдегі ең бай әйел кім екенін білесіз бе?!

 

Егер бақытты болуды қаласаң...

 

Барлық әйел бақытты болғысы келеді, өзгені бақытты еткісі келеді... Және бақытты болуды көбісі байлықпен, көлікпен, қымбат киіммен, бағалы тамақпен шатастырып та жатады.  Алла Тағала бізге: «...Саған бергендерімді ал және шүкіршілік етушілерден бол» деп ескертіп еді ғой. («Аъраф» сүресі, 144-аят). Өмірден озған көптеген сахаба әйелдержұпыны өмір сүрді. Айша анамыздың (оған Алла разы болсын), Фатима анамыздың (оған Алла разы болсын) дүниелік жағынан бай болған кезін оқығансыз ба?! Оларда мал-дүние, кереметтей үй-жай, қымбат көлік, алдында жорғалайтын күтуші болмады. Соған қарамастан, олар өмірде бай болып, өздерін де, бүкіл адамзатты да бақытты етіп өтті. Себебі, олар Алла Тағаланың берген ризық-несібесін дұрыс жолға жұмсай білді. Осылайша олардың өмірлерінде береке болды. Керісінше, мал-дүние, бала-шаға тағы басқа қаншама нығметтер берілсе де, бақытсыздықпен өмір сүретіндер бар. Өйткені, олар дұрыс жолдан тайып кетті. Бұл – дүние-мүлікке ие болу, нағыз байлық емес екеніне айқын дәлел. Қарап отырсаң, көптеген әлемдік деңгейде диплом, куәліктері бар жандардың бұлыңғыр өмір сүріп жатқанын көресің. Ал кейбір жандардың білімдері шектеулі болуына қарамай, сарқырап жатқан өзендей пайдалы істерді жасап жатқанын көресің. Егер сен бақытты болуды қаласаң, онда Алла Тағала жаратқан бітім-болмысыңа, біліміңе, табысыңа риза бол, қанағат қыл. Тіпті кейбір данышпандар бұдан да тереңдей түсіп: «Сен өзіңде болып тұрған жағдайдың төменіне де риза бол», – дейді. Сенің бағаң талант-қабілетіңде, игі амалыңда, елге тигізіп жатқан пайдаңда екен. Өзгенің бойынан көріп жүрген сұлулық, мал-дүние, бала-шаға үшін қайғырма. Алла Тағаланың бергеніне риза бол...

 

Өз болмысыңмен өмір сүрсең...

 

Сен ешқашан басқа тұлғалардың кейпіне еніп, өз болмысыңды өзгертпе. Шын мәнінде, бұл – нағыз азап. Өзгелердің кейпіне ену үшін өзін, дауысын, қимылын, қабілетін, сөздерін ұмытып жататындар көп-ақ. Олар еліктеу, ұқсату әрекеттерімен өз болмыстарын жоюда. Адам атадан бастап соңғы жаратылысқа дейін екі адам бір бейнеде жаратылған емес. Бейне сондай болса, қабілет, мінез-құлық қайдан бірдей босын?! Сен – тарихта әлі күнге дейін ұқсасы болмаған жансың әрі мүлде болмайтын жеке бір жаратылған әлемсің. Сен басқалардан мүлдем өзгесің. Ендеше, өзіңді өзгеге ұқсатамын деп қиналмай-ақ қой. Өз жаратылысыңмен, өз болмысыңмен өмір сүр, өз егемендігіңді тұншықтырма! Дауысыңды, жүріс-тұрсыңды өзгертпе. Өзіңді Құран, хадиспен тәрбиеле. Сенің өзіңе тән болмыс-бітімің, түр-түсің бар. Біз сенің сол табиғи қалпың, табиғи түр-түсіңде болуыңды қалаймыз. Өйткені, сен солай жаратылғансың. Сені осындай сипатпен таниды. Негізінде адамдар жаратылысы мен болмысы тұрғысынан тәтті, қышқыл, ұзын, қысқа ағаштарға ұқсайды. Олай болса, сен егер алма болсаң, алмұрт болуға тырыспа. Өйткені, сенің сұлулығың, дәмділігің – алма екендігіңде. Әсілінде, біздің түр-түсіміздің, тіліміздің, қабілетіміздің, шама-шарқымызыдың әр түрлі болуы – Алла Тағаланың белгі-мұғжизаларынан. Ендеше, Алла Тағаланың мұғжизасын жоққа шығарма.

 

Өзгелер дүниесімен мақтанғанда, сен қанағатыңмен шаттан!

 

«Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» деп Майқы би айтқандай, нағыз мұсылман адам жоққа сабыр, барға қанағат етеді. Алланың берген несібесіне, әрбір атқан таңды көргеніңе шүкіршілік етудің өзі бір ғанибет. Бес күндік мына жалған дүниеде адамдарға жақсылық жасап, сол жасаған жақсылығың жүргеніңе жылылық ұялатып жатса онда өмірді бекер сүрмегенің.Қанағат – Алладан өзгеден дәметпеу. Қанағатшыл болу дүниеңе рахат сыйлайды. Алланың разылығы үшін қолдағы барыңның қадірін білу. Қанағатшыл болу, адам бойындағы асыл қасиеттердің ең көркемі. Қанағатшыл адам жүректі бұзатын, сауаптарды жоятын күнәлардан сақталады. Мысалы, күншілдік, көре алмаушылық, қызғаныш, өтірік сөйлеу, шағыстыру, арсыздық, ғайбат айту, т.б. осы сияқты дүние ахиретіне қауіпті істер. Қанағатшыл кісі қашан да Алланың бергеніне разы болады. Берудің затына қызығушылық танытпайды, ешуақытта біреуді күндемейді яғни ауыр күнәлар жасаудан аулақ болады.Баймын деп асып тасыма, жоқпын деп жасыма! Қанағаттың жөні осы екен деп, әрекетсіз жатып алма. Өмір сүру үшін, салиқалы ұрпақ тәрбиелеп саналы ғұмыр кешкен абзал.

 

Өзіңе Жәннаттан сарай тұрғызғың келе ме?!

 

Тарихқа көз жүгіртсең, қаншама сұлу, қаншама бай, дәулетті, атақты әйелдер өмірден өтті. Бірақ, олар өздерінің байлықтары мен қазыналарын өздерімен бірге ала кетті ме?! Жоқ! Олар тіпті қымбат, бағалы киімдерін де киместен, барлық пендеге ортақ киім – жай шыт матаны қанағат тұтты. Зәулім сарайда тұрмадым деп қайғыратын боларсың?! Сол үшін жарыңды да жазғырып, оның табысына көңілің толмай жүр ме?! Онда бұл ісің бекершілік! Сен одан да Жәннаттағы сарайда тұрғың келе ме?! Ойлашы өзің, жердегі уақытша сарай емес, Жәннаттағы сарай! Онда ізгі амалдарыңды көбейт, шүкір етушілерден бол! Ата-анаңның және болашақ жарыңның разылығын алып, өзіңе Жәннаттан сарай тұрғыз! Алла Тағала Құранның «Зухруф» сүресінің, 71-аятында: «Оларға алтыннан жасалған табақтар және кеселер ұсынылады. Ол жерде көңілдер қалайтын және көздер рахаттанатын нәрселер бар. Әрі сендер онда мәңгі қаласыңдар» деп сүйіншілейді. Және тағы да: «Әрі оларға зәнжәбил (сусыны) араластырылған кеседен ішкізіледі, «Сәлсәбил» деп аталатын бұлақтан...» («Инсан» сүресі, 17-18-аяттар). «(Ей, Мұхаммед!) Иманға келген және ізгі амал жасағандарды сүйіншіле: оларға астынан өзендер ағып жататын (Жәннаттағы) бақтар бар. Оларға оның жемісінен бір ризық берілген сайын олар: «Бұл бізге бұрын да берілген еді» дейді. Оларға (Жәннатта) оның ұқсасы беріледі. Әрі олар үшін онда тап-таза жұбайлар бар. Олар онда мәңгі қалады» деп уәде етеді («Бақара» сүресі, 25-аят).   

 

Міне, сен миллиондаған әйелден байсың!

 

Атақты екен деп немесе бағалы, жағалы киінеді екен деп, ақшасы көп деп басқа әйелдерге мүлде қызығушылық танытпа! Адамдардың көбісі іштей емес, тек сырттай ғана «бақытты» болып көрінетінін ұмытпа. Ал, сені кедей деп кім айтты?! Денің сау, аспаның ашық, киімің бүтін, тамағың тоқ, ішер суың, дем алар ауаң бар. Демек, сенің қасыңда қажет нәрсенің бәрі бар, өзің сезбей тұрсың.  Сенде екі көз, екі құлақ, екі қол, екі аяқ, екі ерін, тіл бар. Сенің өз аяқтарыңмен жүріп-тұрғаның жай ғана нәрсе ме?! Сен ұйқың қанып тұрасың, ал көптеген адамдардың ұйқыларын ауру қашырған. Сен тойып ішіп-жеп жатырсың, көптеген адамдар ауру-сырқау болғандықтан жеп-іше алмай жүр емес пе?! Құлағың жайлы ой жүгірт, керең емессің. Көзің жайлы ойлап көр, соқыр емессің. Теріңе қара, алапес емессің. Ақыл-ой төңірегінде ойлан, ессіз жынды емес, саналы жансың. Сол ақылмен қаншама байлық-нығметтерге бөленіп жатырсың. Бір көзіңнің есесіне таудай алтын берем десе де, беруге келісер ме едің?! Құлағыңды екі таудай күміске сатар ма едің?! Тіліңді беріп, патшалар сарайында тілсіз отыруға келісер ме едің?! Қолдарыңның есесіне алтын-күміс, маржан-жақұт берсе, қолсыз қалуға келісер ме едің?! Сенің бойыңда не деген байлық бар, бірақ оны өзің сезбейсің. Ең бастысы, сенде ең үлкен байлық – отбасың бар! Қайғырып, уайымдап, тынышсыз өмір сүресің. Дүние тіршілігінің кері кеткеніне уайымға салынасың. Сенің қасыңда бақыттың кілті, таудай талант, барша жақсылық тұр емес пе? Олай болса, ойлан да, шүкіршілік ет, тәубе де!

 

 

P/S: Ешқашан байлық деген ұғымды қызылды-жасылды, мың құбылған мына дүниемен шатастырып алма. Нағыз байлықты Алла Тағала қанағат пен сабырға жасырып қойған. Сен соны іздеп тап та, бақытқа кенел! Бес күн өмірде ата-анаңның үмітін ақтап, жан жарыңа бойұсынып, оның разылығын алып, салиқалы да, өнегелі ұрпақ тәрбиелей алсаң, міне сен әлемдегі ең бақытты әйелсің!

Алла Тағаланың бізге берер нығметтері таусылмағай!

8341 рет оқылды