22:30 | Тәтті Time
2017-02-22 (0) (19306)

ЖӘННАТТЫҢ СЕГІЗ ЕСІГІН АШАТЫН АМАЛ

ЖӘННАТТЫҢ СЕГІЗ ЕСІГІН АШАТЫН АМАЛ

  

Жәннат – сөздік мағынасы жеміс ағашы мол, ішінде өзендер аққан, ағаштарының көптігінен іші көрінбейтін бау-бақша. Жәннат – мұсылман қауымының мәңгілік бақыт мекені. Қияметте ақырет күнінің есебінен абыроймен өткендер өздеріне уәде етілген мекендері Жәннатқа кіреді. Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) риуаят еткен хадисте: «(Алла тағала) Ізгі құлдарым үшін көз көрмеген, құлақ естімеген және адам баласының  ойына келмеген жақсылықтарды әзірлеп қойдым, – дейді», – деп айтылған. (Бұхари, Муслим, Тирмизи, Ибн Мажаһ).

 

Жәннаттың сегіз есігіне де шақырту алатын пенде

 

Бізамал еткен, арман еткен Жәннатта жақсылықтар жасырылған сегіз есік бар. Олар:

– Тәубе есігі. Бұл есік Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) есігі деп те аталады;

– Ораза есігі. Бұл есік Раййан есігі деп те аталады;

– Зекет есігі;

– Садақа есігі;

– Қажылық және ғұмра есігі;

– Жиһад есігі;

– Туыс-бауырмен қатынасын сақтау есігі.

Бұл мәселеге мына хадис дәлел:

«Расулулла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қиямет күнi Алла Тағала жолына екi нәрсенi жұмсаған адамды Жәннаттың бiр есiгiнен: «Ей, Алланың құлы! Бұл – жақсылық», – деп шақырылады. Намаз оқығанды «намаз» есiгiнен, ораза ұстағандарды «Раййан» есiгiнен, ал садақа бергендердi «садақа» есiгiнен шақырады», – деп айтқанда, Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын): «Ата-анам Сіз үшін құрбан! Бұл есiктің бірінен шақырылғанға не қам, не қайғы? Алайда, осы есiктiң барлығынан бiрдей шақырылатын пенде бола ма?», – деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Иә, болады. Мен Алла Тағаладан сiздi солардың бiрi болуыңызды тiлеймiн», – деп жауап бердi». (Бухари, Муслим)

 

Осы амалды жасаушыға Жәннатың сегіз қақпасы да ашылады

 

Ғұқба ибн Амирден (оған Алла разы болсын): «Бізге түйелерді бағу жүктелген еді. (Бірде) менің кезегім келді де, оларды кешке айдап әкелдім. Келсем, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түрегеп тұрған қалпында адамдарға сөйлеп тұр екен. Мен оның сөзінен: «Қайсыбір мұсылман жақсылап дәрет алса, сосын тұрып жүрегімен және жүзімен бұрыла (яғни, жан-тәнімен беріле) екі ракағат намаз оқыса, оған міндетті түрде Жәннат тиісті болады», – дегенін (естіп) үлгердім. Мен (мұны естіп): «Бұл қандай ғажап!» – дедім. Сонда алдымда тұрған біреу: «Мұның алдындағы (айтқаны) тіпті ғажап!» – деді. Қарасам, Омар екен. Ол: «Мен сенің жаңа ғана келгеніңді көрдім. (Осының алдында Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)): «Қайсыбірің кемеліне жеткізе (не толық) дәрет алып, сосын «Әшһәду әллә иләһә илләллаһ(у), уә әннә Мухаммадән абдуллаһи уә расулуһ(у) (Алладан басқа ешбір құдай жоқтығына және Мұхаммед Алланың құлы әрі елшісі екеніне куәлік беремін)» деп айтса, оған міндетті түрде Жәннаттың сегіз қақпасы ашылып, ол бұлардың өзі қалағанынан кіреді», – деп айтты», – деді», деген (Муслим). Бұл хадистің Тирмизи келтірген нұсқасында Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ былай деп айтқаны келтіріледі: «Я, Алла мені тәубеге келушілердің бірі және тазарушылардың бірі қыл. /Аллаһумма джаъальни мин ат-тауабина уә джаъальни мин аль-мутаттаһһарина/.

 

Тазаланыңыз да –  Жәннаттық болыңыз!

 

«Тазалану – иманның жартысы, «әл-хамду лилләһ (барлық мақтау Аллаға тән)» (деген сөз) таразыны толтырады, «субханаллаһ, уәл-хамду лилләһ (Алла пәк және барлық мақтау Аллаға тән)» (деген сөз) аспандар мен жердің арасындағы (кеңістікті) толтырады. Намаз – нұр, садақа – дәлел, сабыр – жарық сәуле, Құран – сенің пайдаңа не саған қарсы құжат. Барлық адам таңертең (өз шаруаларына) аттанады және өз жанын сатып, оны құтқарады не опат етеді» (Муслим). Муслимнің хадистер жинағында «тазалану» – дәрет алу, сондай-ақ ғұсыл құйыну немесе киімді, денені және орынды нәжістен тазарту мағынасында берілген болуы мүмкін делінген. Ал «мұндағы «иман» сөзі намазды білдіреді. Яғни тазаланудың сауабы намаз сауабының жартысын құрайды, өйткені тиісті тазаланусыз оқылған намаз жарамсыз саналады» деп жазылған.Абдуллаһ ибн әс-Сунабихиден (оған Алла разы болсын): «Егер мүмін пенде дәрет алып, аузын шайса, күнәлары аузынан шығады. Егер сіңбірсе, күнәлар мұрнынан шығады. Егер бетін жуса, күнәлары бетінен, тіпті, көзінің кірпіктерінің ішкі астарынан шығады. Егер екі қолын жуса, күнәлар қолдарының, тіпті, қолының тырнақтарының астынан шығады. Егер басына мәсіх тартса, күнәлар басынан, тіпті, екі құлағынан шығады. Екі аяқтарын жуса, күнәлар аяқтарынан, тіпті, аяқтарының тырнақтарының астынан шығады. Сосын оның мешітке баруы мен намазы ол үшін нәпіл болады», – деп сүйіншілеген еді. Кірпігіңізден, құлағыңыздан, тіпті аяғыңыздың тырнағының астынан күнәлардың төгілгенін қалайсыз ба? Онда дәрет алыңыз.

 

Алла Тағала баршамыздың құлшылықтарымызды құнттап, құпталғандай орындауға жәрдем етсін, дұғаларымыздың Өз құзырында қабыл болуын және Өзі уәде еткеніндей, әрбір амалымызға сай – Жәннатты нәсіп етсін деп тілейміз...

19306 рет оқылды