Ибраһим (а.с) пайғамбар ретінде жіберілген кезде ел ішінде пұтқа табынушылық кең етек алған болатын. Адамдар әр нәрсенің құдайы бар деп есептейтін. Мәселен, соғыстың құдайы, береке әкелетін құдай, махаббат құдайы, егіннің құдайы, отбасының құдайы т.б. Ибраһим пайғамбар (а.с) пұттардың ес-түссіз, жай ғана мелшиген меңіреу тастар екендігін, Жаратушы бола алмайтындығын шырылдап қанша айтса да оларды көндіре қою аса қиын шаруа еді. Өйткені олар ылғи да қарсы дау айтудан жалықпайтын.
Бір күні Ибраһим пайғамбар (а.с.) олардың саналарына сәуле бітіріп, шел басқан көңілдерін ояту мақсатында ғибратты бір іс істеуді ұйғарады. Қала халқы түгелімен мереке қарсаңында қаланың сыртына шыққан болатын. Қағбаға кірген Ибраһим (а.с.) пұт атаулының бәрін балтамен қиратып, балтаны іштеріндегі ең үлкен соғыс құдайының мойнына іліп қояды. Мерекеден қайтып келген халық ойран-асыр бұл жағдайды көріп жағаларын ұстасады. "Қап құдайларды қараусыз тастап кеткен өзіміз де оңбаймыз!"- деп өкіне бастайды. Кенет ашу қысқан біреуі: «Біздің Құдайларымызға бұндай сұмдықты кім істеді? Сірә, бізге зұлымдық ойлаған біреу болар», - дейді ызбарланып. Осы кезде бір кісі: «Ибраһим деген бір жігіт осы жайында кейінгі кезде көп айтып жүрген еді», - дейді. «Олай болса, оны дереу алдымызға әкеліңдер. Куәлік етсін!" - дейді халық жамырап.
Ел: "Әй, Ибраһим! Біздің құдайларымызға бұны істеген сен бе?" - деп сұрайды. Өзі де осыны күткен Ибраһим (а.с.) салмақты пішінінен айнымай: "Мүмкін ол істі иығына балта асынған ана бір үлкені жасаған болар?.. Сөйлей алса, өзінен сұрап көрсеңдерші?"- дейді. Ибрахимнің бұл сөзіне таңданған олар: "Сен бұлардың сөйлей алмайтындығын білесің ғой", - дейді. Ибраһим (а.с.): "Олай болса, тіл қатуға да шамасы келмейтін, ешкімге не пайдасы, не зияны жоқ мұндай меңіреу тастарға, ағаштарға, сүйектерге қалай табынасыңдар? Кішкене ақылмен ойласаңдар қайтеді?" - дейді. («Әнбия» сүресі, 63-аят; «Саффат» сүресі, 89,99-аяттарының тәпсірі)
Иә, Құранда келетін бұл оқиға шипаны өзі секілді қос аяқты пендеден, ризықты темірден, сүйектен жасалған мүсіндерден, қорғау мен пананы бір уыс матадан күтіп жүрген адамдардың барлығына ой салатыны анық. «Бірінші тілек тілеңіз, бір Аллаға жазбасқа» деп өткен бабаларымыз «Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады», «Алла деген құстай ұшар, адам деген мұрттай ұшар» деп бекерден-бекер айтпаса керек...