Руханият 2018-05-28 (0) (39985)

Шайтаннан қорғанудың жолдары

Шайтаннан қорғанудың жолдары

 

Жындар неліктен адамның дұшпанына айналды?

Құдіретті Алла Адам атаны жаратқанда, барлық періштелерге сәжде жасауды бұйырады. Құран бұл оқиғаны былай баяндайды: «Біз сендерді жараттық, одан соң сендерге кескін-келбет бердік. Содан кейін періштелерге «Адамға сәжде етіңдер! дедік. Сонда олар сәжде етті. Тек, (жыннан болған) Ібіліс сәжде етушілерден болмады. («Аъраф» сүресі, 11-аят). Иә, періштелердің арасында жүретін Ібіліс қана Алланың бұйырғанын орындамаған еді.

Қанша уақыт бойы Аллаға адал қызмет еткен Ібіліс тәкаппарлыққа берілді. Сондағы Алланың үкімі қандай еді?

Құран аяттары былай жалғасады: Алла Тағала айтты: «Одан түс. Сенің мұнда өзіңді жоғары санап, менменсуіңе орын жоқ. Шық! Сен –қор етілгендерденсің». Ол: «Маған қайта тірілетін күнге дейін мерзім бер» деді. Алла: «Сен – уақыт берілгендерденсің» деді. Ол: «Сен мені адастырғаның үшін мен оларға қарсы Сенің тура жолыңда міндетті түрде (тосып) отырып аламын. Содан кейін оларға алдынан, артынан, оң жағынан және сол жағынан келемін. Сөйтіп, мен олардың көпшілігін шүкір етушілер (Раббыңның берген игіліктеріне разы болып, алғыс білдірушілер ретінде таппайсың» деді. Алла айтты: «Одан айыпталған және қуылған түрде шық! Олардан (адамдардан) кім саған ерсе, міндетті түрде сендердің барлығыңмен Жаһаннамды толтырамын» деді. («Аъраф» сүресі, 13-аят).

Алла кемшілік атаулыдан пәк! Қараңызшы, шайтанның «әскеріне» ерушілер – Жаһаннамның болашақ тұрғындары. Нендей үрейлі, нендей жан түршіктірер ескерту! Сіз бен біз кейде шайтанның дегенінен еріп кетіп жүрген жоқпыз ба? Аллаға деген иманымыздан, жындардың белсенділігі артып кететін сәттер көп болмай ма? Рас, Алланың тәубе есігі Қияметке дейін ашық. Ол – Кешірімділердің кешірімдісі. Дегенмен, дер кезінде тәубе жасап, тура жолдан нық ұстау үшін Ібілістің әлсіз тұстары мен одан қорғану, сақтану шараларын дұрыс білу керепіз. Бүгінгі мақаламызда жыннан сақтану, шайтанның азғыруынан аман қалдыратын Құран мен сүннеттегі амалдарды, дұғаларды топтастыруды мақсатқа алдық. Алла сіз бен бізге дұрыс білімге дұрыс амал жасауымызды, жүректеріміздің сау болуын нәсіп етсін!

БІРІНШІ ҚОРҒАН: Ықылас.

Бұл – шайтан мойындаған жол. Құрандағы Ібілістің сөзі: «Раббым, мені адастырғаның үшін оларға жерде (бойұсынбаушылықты) көрікті етіп көрсетемін және олардың барлығын адастырамын. Бірақ, олардың ішіндегі тазарған құлдарыңды ғана адастыра алмаймын». («Хижир» сүресі, 39-аят). Тазару, ықылас деген не? Ықылас – істеген амалың үшін Алладан өзген куә болушыны іздемеуің. Атақты Ислам ғұламасы  Фудаил Ибн Ъияд: "Адамдарға бола амалды тәрк ету – рия (мақтангершілік). Ал енді олар үшін амал жасау – Аллаға серік қосу. Ал ықылас – осы екеуінен де таза болу"- деген. 

ЕКІНШІ ҚОРҒАН: Құлшылықты бір Аллаға жасау.

Шайтан Адам мен оның ұрпағын тура жолдан айнытатындығын айтып менменсігенде Алла Тағала ол билік жүргізе алмайтын адамдарды былай сипаттайды: «Ақиқатында, Менің құлдарыма (Маған шынайы құл болғандарға) – олардың үстінен сенде билік жоқ. Тек адасқандардан, сондай саған ергендерден ғана бар». («Хижир» сүресі, 42-аят). Яғни, құлшылықта Алла Тағалаға серік қоспаған адам Алланың қорғауында болып, шайтанның зиянынан ада болады.

ҮШІНШІ ҚОРҒАН: Жамағатпен болу.

Жамағатта болу шайтанның үрейін туғызады әрі Алланың ризашылығына жеткізеді. Алла Елшісі бұл туралы: «Ақиқатында, қасқыр отардан бөлінген қойды жейді» (Әбу Дәуіт) және «Кім Жәннаттың ортасын қаласа жамағатта болсын: расында, шайтан бір адаммен болады, ал екі адамнан алыстайды» (Ахмад, Тирмизи) дейді. Сондай-ақ, намазды да жамағатпен оқу абзал. Бұл туралы мынадай хадис бар: «Бір ауылдағы немесе шөлдегі үш адам жамағат болып намаз оқымаса, шайтан оларға билік жүргізеді. Сондықтан да, намазда жамағатпен болыңыздар, қасқыр да отардан бөлінген қойды жейді». (Әбу Дәуіт, Тирмизи).

ТӨРТІНШІ ҚОРҒАН: Игі істер жасау.

Пайғамбарымыз былай деген: «Адам аятты бойсұна оқып, сәжде жасаған кезде шайтан одан алыстап, жылайды да: «Сорым құрсын! Адамға сәжде жасау бұйырылды, ол оны жасады және мұнысымен Жәннатқа жетеді. Маған да сәжде жасау бұйырылды, ал мен бас тарттым да, Тозақты таптым» дейді». (Муслим).

БЕСІНШІ ҚОРҒАН: «Қуылған шайтанның азғыруынан Аллаға сыйынамын» («Әъузу бил-ләәһи минәш-шайтаанир ражиим») дұғасын айту.

Бұл дұға айтылатын уақыттар:

1.     Азғырылуды сезініп, уәсуасты байқағанда айту керек. Алла Тағала: «Ал қашан саған шайтаннан наз’ғ (азғыру, жамандыққа итермелеу) болса, Аллаға жүгініп, өзіңді қорғауын тіле. Ақиқатында, Ол – әрбір нәрсені Естуші, бәрін Білуші. («Аъраф» сүресі, 200-аят).

2.     Құран оқу алдында айтқан жөн. «Нахл» сүресінің 98-аятында: «Құранды оқыған кезіңде, қуылған шайтаннан Аллаға сыйынып, Оның қорғауын сұра» делінген.

3.     Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәретханаға кірер алдында: «Ей, Алла! Шын мәнінде мен ер және әйел жын-шайтандардан Өзіңе сыйынамын» («Аллаһуммә инни әғузу бикә минәл-хубси уәл-хабәис») деп айтқан екен.

4.     Жубейр (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінің намаз оқығанда: "Аллаhу әкбару кәбиран уәл-хамду лилләhи кәсиран уа субханәл-ләһи букратәу уә әсыйлә» (3 рет) , Әъузу бил-ләhи минәш – шайтан:  уә нәфхиhи, уә нәфсиhи уа hәмзиh"  деп 3 рет  айтатындығын жеткізеді.

5.     Ашуланған кезде айту бұйырылады.  Бірде Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көзінше екі кісі керісіп қалды. Ашуға булыққаны соншалықты бірінің мұрыны жыртылып кетуге шақ қалып еді.  Алла Елшісі: «Қуылған шайтанның азғыруынан Аллаға сыйынамын. Мен бір сөз білемін, оны айтқан адамның ашуы тарқайды» деді. Олар: Бұл қандай сөзі, уа, Алла Елшісі?» деп таңғалысты. Ол: «Қуылған шайтанның азғыруынан Аллаға сыйынамын» деп жауап берді. Келесі бір хадисте ашуланғанда отыру не болмаса жату, қатты ашу қысса мұздай суға дәрет алу бұйырылған.

6.     Ит үргенде және есек ақырғанда шайтаннан Аллаға сыйыныңыз. Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді: «Есектің ақырған дауысын естігенде шайтаннан Аллаға сыйыныңыздар, себебі, ол шайтан көрді. Ал тауық айқайлағанда Алладан рақым сұраңыздар, ол періште көрді».

АЛТЫНШЫ ҚОРҒАН: Отбасын, бала-шаға мен мүлікті қорғау.

Абдулла ибн Әмр (оған Алла разы болсын) Пайғамбардың былай дегенін жеткізеді: «Кімде-кім үйленсе немесе қызметші жалдаса: «Ей, Алла, расында мен Өзіңнен оның игілігін, оны не үшін жаратқан болсаң соның игілігін сұраймын және оның кесірінен Өзіңе сыйынамын» («Аллаhумма инни әс-әлукә хайраhа уә хайраһә уә хайра мә жәбәлтәһә ъаләйһи уә әъузу бикә мин шәрриһә уә шәрри мә жәбәлтәһә ъаләйһ») десін».

Ибн Аббас жеткізеді: «Егер сіздердің біріңіз әйелімен жыныстық қатынасқа түсерде: «Алланың атымен бастаймын! Ей, Алла, бізден шайтанды аулақ ет әрі бізге нәсіп ететін перзенттен де шайтанды аулақ ет» десе, туылған балаға шайтан зиянын тигізе алмайды».

Адамға бірнәрсе ұнаса немесе жаңа мүлікке қол жеткізсе: «Ма-шиаллаһ ла қууәтә иллә билләһ» десін. (Бұл Алланың қалағаны. Алла Тағаланың күш қуатынан асатын ешқандай күш-қуат жоқ».

Балаларды да қорғап-сақтау сүннетке сай келеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Хасан мен Хұсейінге былай деп дұға жасайтын: «Сендерді бүкіл шайтаннан әрі түрлі зиянкестерден  және сұқ көздерден сақтай гөр» деп Алланың кәміл сөздерімен сыйынамын» («Уъиизукумәә би-кәлимәәтил-ләәhит-тәммәти мин кулли шәйтанин  уә hәммәтин уа мин кулли ъайнин ләәммәһ»).

ЖЕТІНШІ ҚОРҒАН: «Бақара» сүресін оқу. 

Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар, ал «Бақара» сүресі оқылатын үйге шайтан кірмейді» деген. (Ахмад, Муслим).

«Бақара» сүресінен он аят оқу. Ибн Масғұд (оған Алла разы болсын) айтады: «Кімде-кім түнде «Бақара» сүресінен он аят оқыса, ол үйге шайтан кірмейді: басындағы төрт аят, Аятул-Күрсі, оған дейінгі екі аят және соңғы үш аят».

«Кім «Бақара» сүресінің соңғы екі аятын түнде оқыса, оған жеткілікті». (Бұхари). Яғни, барлық жамандықтан сақтауға жеткілікті делінген. Басқа ғалымдар «Шайтанның жамандығынан сақтауға жеткілікті», «Адамдар мен жындардың жамандығынан сақтайды» деп тәпсірлеген.

СЕГІЗІНШІ ҚОРҒАН: Құранның соңғы сүрелерін оқу.

Аиша анамыз (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) төсекке жатқанда қолын алдына қойып, Құранның соңғы үш сүресін оқығаннан кейін қолын үрлеп, онымен басынан бастап аяғынан дейін алдыңғы денесін сипап шығатындығын және мұны үш рет қайталағандығын айтқан. (Бұхари).

«Айт: «Ол – Алла біреу-ақ. Алла мұңсыз...», сондай-ақ, «муъаууизаат» сүрелерінің қалған екеуін («Нас», «Фәлақ») кешке және таңертең үш рет оқу жеткілікті». (Нәсаи).

Әбу Хабис (оған Алла разы болсын) Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) жеткізеді: «Уа, Әбу Хабис! Мен саған Алладан қорған іздеген адамның айтатын ең жақсы сөзін хабарлайын ба?». Ол: «Иә, Алла Елшісі!. Ол: «Айт: «Таңның Раббысына (Иесіне) сиынып, қорғауын тілеймін...» («Фалақ» сүресі, 1-аят) және «Айт: «Адамдардың Раббысына (Иесіне) сиынып, қорғауын тілеймін» («Нас» сүресі, 1-аят) – осы екі сүре Алладан пана тілеушілерге» деді». (Нәсаи).

Әбу Саид әл-Худри (оған Алла разы болсын) Пайғамбардың адамдар мен жындардың кесірінен Аллаға сыйынатын. Кейіннен Аллаға сыйынып, қорғау тілейтін сүрелер түсіріледі де, ол қалған дұғаларды қалдырып, осы сүрелерді айтатын болғанын жеткізеді. (Тирмизи).

Сондай-ақ, «Нас» сүресінде: «(Алла еске алынғанда) шегінуші азғыратынның (уәсуасул ханнастың) жамандығынан. Сондай адамдардың көкіректеріне уәсуәса салатын, жындар мен адамдардан» деген «дұға» аяттардың бар екендігін білеміз. («Нас» сүресі, 4-6-аяттар).

ТОҒЫЗЫНШЫ ҚОРҒАН: Алланы еске алу, зікір айту.

«Кім күніне 100 рет: «Алла Тағаладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Ол жалғыз, Оның серігі жоқ. Бүкіл билік Оған тән әрі барлық мақтау-мадақ Оған ғана лайық. Оның күш-құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді» (Лә иләһа-иллә-лләһу уәхдәһу лә шәрикә ләһу ләһул-мулку, уә ләһул-хамду, уә һууә ъалә кулли шәй-ин қадир») деп айтса он құлды босатқандай сауап алады. Оған 100 игі істің сауабы жазылады және 100 күнәсі өшіріледі. Бұл сөздер таң атқаннан кеш батқанға дейін шайтаннан қорған болады». (Бұхари).

ОНЫНШЫ ҚОРҒАН: Көзді және көру қабілетін сақтау.

Азғыру мен арбау – шектен тыс назардан шығады. Пайғамбарымыздан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келген мынандай бір хадис бар: «Назар –  Ібілістің жай оқтарынан болған бір оқ. Кім Алладан қорқып, сол назарды тастаса, Алла оның орнына жүрегінде тәттілігін тапқан иманды береді»  делінген. Иә, кім көзін, назарын харам нәрсеге салса, онда ол Ібілістің уланған оғыменен жарақаттанып, бақытсыздыққа ұшырайды. Ал, кім көзін, назарын харам нәрседен тыйса, Алла оны иманмен қуаттап, туралыққа жетектейді. Әрі ол пенде иманның ләззатын тауып, жүрегі бақытқа кенеледі.

 

ОН БІРІНШІ ҚОРҒАН: Тілді тыю.

Тіл – шайтанның ең үлкен қаруы. Сол себепті, тілді тыю – шайтанға қарсы «шайқаста» жеңіске жеткізетін ең үлкен амалдардың бірі. Бәрі де өзіңе қатысы жоқ нәрседен бас тартудан басталады. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ең жақсы Ислам – өзіне қатысы жоқ нәрсені тастай білгенде» деген екен. (Тирмизи). Сондай-ақ, тілді өтіріктен, талас-тартыстан, жауласуға дейін апаратын ерегіс, сөзталастан, өсектен, ғайбаттан, балағаттау, боқтау сөздерден, қайтыс болғанды жамандаудан, күпірлікке айыптаудан,  өтірік аралас әзілден, шектен тыс күлкіден, өзгенің сырын жария етуден, өтіріктен, екіжүзділіктен, өтірік куәлік беруден, ерлі-зайыптылар арасындағы сырды тасудан, Алладан басқамен ант беруден, қоразды, желді, індетті, сөгуден, жасаған істеріңді жария етуден, тамақты сөгуден, құпия сұхбаттардан сақтау бұйырылады.

ОН ЕКІНШІ ҚОРҒАН: Қарынды сақтау.

Яғни, шектен тыс ысырапқа жол бермеу (тым қатты тойып кетуден де сақ болу) және харам жолмен тапқан ақшаға (пара, өсімқорлық, жетімнің мал-мүлкіне қол сұғудан) азық-түлік алудан аулақ болуға кеңес беріледі.

ОН ҮШІНШІ ҚОРҒАН: Үйге кіргенде және шыққанда айтылатын дұғаны тастамау.

Әрбір мұсылман тамақты ауызға алмас бұрын «Бисмилләһ», яғни, «Алланың атымен бастаймын» деп айтуы қажет. «Кісі үйіне кіргенде және тамақ жейтін кезінде Алланы есіне алса, шайтан: «Бізге (бұл үйде) түнейтін орын да, кешкі ас та жоқ» дейді. Ол (үйіне) кіргенде Алланы есіне алмаса: «Біз түнейтін орын таптық» дейді. Ал тамақ жейтін кезінде Алланы есіне алмаса (шайтан): «Біз түнейтін орынды да, кешкі асты да таптық» дейді. (Муслим). «Үйге кіргенде айтылатын дұға: «Алланың атымен кірдік, Алланың атымен шықтық. Раббымызға тәуекел еттік» («Бисмилләһи уәләжнә, уә бисмилләһи харажнә, уа ъалә раббинә тәуәккәлнә» (Кейін үй ішіндегілерге сәлем берсін делінген).

Үйден шыққанда айтылатын дұға: «Алланың атымен. Аллаға тәуекел еттім. Алла Тағаланың күш қуатынан асатан ешқандай күш-қуат жоқ» («Бисмилләһ, тәуәккальту ъаләллаһ, уә лә хаулә уә лә қууәтә иллә билләһ»). Адам осы сөздерді айтқанда шайтан: «Ол менен бір күнге қорғалды» деп айтады екен. (Әбу Дәуіт).

ОН ТӨРТІНШІ ҚОРҒАН: Жақсы сөз бен күлімсіреу.

Алла Тағала «Исра» сүресінің 53-аятында былай дейді: «Құлдарыма айт, олар ең жақсыны сөйлесін. Шын мәнінде, шайтан олардың арасына наз’ғ қылады (іріткі салып, бұзады). Анығында, шайтан – адам баласына анық дұшпан».

ОН БЕСІНШІ ҚОРҒАН: Жамандықтан сақтайтын дұға.

«Бір кісі Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): О, Алла Елшісі, кеше түнде мені шаян шағып алды» деді. Сонда ол: «Егер де сен кеш батқанда «Алланың толық сөздерімен Оның жаратқан мақұлықтарының кесірінен оған сыйынамын» («Әъузу бикәлимәтил-ләһиттәм мәти мин шәрри мәә халәқ») деп айтқанда саған зиян тигізбес еді» дейді». (Муслим)

ОН АЛТЫНШЫ ҚОРҒАН: Алланы еске алу.

Әбу Тамима Пайғамбармен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір есекте отырған кісінің былай дегенін жеткізеді: «Мен Алла Елшісімен бір есекте отырдым. Кенет есек сүрініп кетті. Мен: «Сорың құрсын, шайтан!» дедім. Сонда Пайғамбар: «Сорың құрсын!» деп айтпа, олай айтсаң, шайтан өзін мықты сезінеді де: «Мен оны өз күшіммен жеңдім» деп айтады. Ал егер сен: «Алланың атымен» деп айтсаң, шайтан өзін шыбыннан да әлсіз сезінеді» деді». (Ахмад).

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен сендерге Алла Тағаланы жиі еске алуды бұйырамын. Ақиқатында, Алланы еске алушы – ізін дұшпан (өлтіру немесе тонау үшін) аңдып жүрушімен бірдей. Қашқан адам қауіпсіз орын тауып, соңына түсушіден тығылады. Расында, Алласын еске алушы әлгі жауынан тығылған адам секілді (одан да артық) шайтанның қастығынан құтылады» (Тирмизи). Ал Табарани «Тәпсір» кітабында: «Шайтан Адам ұрпақтарының жүрегіне басып отырып алады. Адам мұны ұмытып және бейғамдық танытса, шайтан онан сайын жайғасып, сұм ойлар салады. Егер адам Алланы еске алса, шайтан одан алыстайды» деген.

ОН ЖЕТІНШІ ҚОРҒАН: Азан шақыру.

«Намазға шақырылғанда шайтан азан біткенше ішек желін шығарып қашады. Азан аяқталғанда қайта келеді, намаз оқылғанда тағы қашады, біткенде қайта келеді». (Бұхари). Келесі бір хадисте намаз уақытында уәсуаәса салатын шайтан туралы былай делінген: «Бұл Хинзаб атты шайтан, сен оның қатысуын сезсең, Аллаға шайтаннан сыйын да, оң жаққа үш рет түкір». (Муслим, Ахмад).

ОН СЕГІЗІНШІ ҚОРҒАН: Түнгі намазға тұру.

Ибн Масғұд (оған Алла разы болсын) айтады: «Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көзінше бір адам туралы: «Ол күн шыққанша ұйықтады, тіпті, түнгі намазға да тұрмады» деп айтылды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Шайтан оның құлағына дәрет сындырды» деген.

ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ҚОРҒАН: «Аятул-Күрсіні» оқу.

«Парыз намаздан кейін «Аятул Күрсіні» оқыған адам келесі намазға дейін Алланың қорғауында болады». (Табарани).

Бірде Әбу Һурайраға (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазандағы зекетті қарауылдауды тапсырады. Сонда ол үш түн қатарынан ұрлыққа түскен біреуді ұстап алып, бала-шағасының азыққа мұқтаж жағдайын айтқандықтан босатып жібереді. Үшінші күні жібермеске бекінгенде ұры босатқан жағдайда оған Алла пайда келтіретін бір сөздерді үйрететіндігін айтады. Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) келіскенде:

–    Төсегіңе жатарда «Аятул-Күрсіні»: «Аллаһу лә иләһә иллә һууәл-хаййул-қаййуум" дегеннен аяттың аяғына дейін оқы. Сонда Алла тарапынан бір қорғаушы қасыңда болып, таң атырғаныңша шайтан саған еш жақындай алмайды,- деген екен.

Таңертең болған оқиғаны Алла Елшісіне  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқанда:

–     Ол саған суайт бола тұра рас айтыпты. Үш түннен бері кіммен сөйлесіп жүргеніңді білесің бе, ей, Әбу Һурайра? -дейді. Әбу Һурайра:

–     Жоқ,-дейді.

Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  оған:

–     Ол – шайтан, - деген екен». (Нәсаи).

Сөз соңында, бауырларымызды әрдайым Алланы еске алуға шақырғымыз келеді. Себебі, хадисте: «Алланы еске алушылар мен еске алмаушылар тірі мен өлідей» делінген. (Бұхари, Муслим). Сонымен қатар, тілді зікірден құрғатпау – Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өнегелі өсиеті емес пе?

 

 

39985 рет оқылды