2017-01-26 (0) (3938)

Мейіржан Әлібек: "Ажырасу"

Мейіржан Әлібек:

Санамызда салғырттық салады асыр. 

Күй кешемін келгендей заманақыр. 

Бүтін отау азайып бұл қоғамда, 

Жетім бала көбейіп бара жатыр. 


Отау құру, үй болу - нағыз белес, 

Түсініспес жандардың жаны ізгі емес. 

Тырысқақ ер, ұрысқақ əйел үшін 

Ұл-қызының ертеңі маңызды емес. 


Ата көрген немере атқа қонар, 

Еңсесін тік көтеріп топқа барар. 

Əке көрген балалар оқ жониды, 

Əке көрмей өскен ұл отқа оранар. 


Ажырасу - қазаққа сор болып тұр, 

Ата-ананың көз жасы көл болып тұр. 

Ажырасу - сабырсыз жастар үшін, 

Тығырықтан шығатын жол болып тұр. 


Осыны ойлап жүргендер азырақ - ау. 

Болып кеткен бұл күні базына дау. 

Ажырасу - батпақтан шығу емес, 

Ажырасу - пəледен ажырамау. 


Əке - адал болса екен, ана көркем, 

Лайықты ғой бақытқа балалар тең. 

Менмендікпен көбейсе неке бұзу, 

Мемлекет те əлсіреп қалады ертең. 


Жаға бермес жалпыға бар мінезің. 

Көну керек алған соң жар ғып өзің. 

Бір-біріне қарайды ел кешіріммен, 

Кінəласа алдымен əркім өзін. 

(Мейіржан Әлібек)

3938 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !


Пікір жазу үшін, сайтқа тіркеліңіз. Тіркелу

*