2017-01-17 (0) (7016)

ӘЙЕЛДІ БАҚЫТТЫ ЕТЕТІН ЕКІ ТІРЕК

ӘЙЕЛДІ БАҚЫТТЫ ЕТЕТІН ЕКІ ТІРЕК

 

 

Әйел баласын Алла Тағала өте нәзік әрі әлсіз етіп жаратты. Оған табиғи рең беріп, көркемдеді. Толағай-тағдырдың салмағын нәп-нәзік жүрегімен көтере білсін деп оның әлсіз иығынан бастап, тұла бойын төзімді етіп жаратты. Және дүниеге адам әкелуді, әр ауыртпалықты жеңсін деп Алла Тағала оған мықты қажыр берді.Десек те, қанша дегенімізбен, әйел адамы бәрібір әлсіз, қорғансыз. Ал, барлық әйелді қорғап жүретін мынадай ең мықты екі тірек бар.

 

 

Әйелдердің ең бірінші арқа тірегі – осы!

 

«Ақылына көркі сай» деген халық даналығын жиі айтамыз. Себебі, ажарлы адамның ой-өресі де биік болады. Табиғатынан көрікті, Алла Тағала берген нығметін иманымен, ақылымен ұштастыра білген қыздан артық сұлулық жоқ. Иманды әйелдің өзі де, сөзі де сұлу, өйткені, ол ылғи да ақылына жүгінеді. Ал, әйелдерді қорғайтын ең мықты қалқан, ол – оның иманы. Нағыз сұлулық жан сұлулығы, жүрек тазалығы десек, соның негізі – иман. Әйел жүрегіндегі иманы арқылы еш аянбастан көңілі жарым жадау-жүдеулерге, сырқаттарға, кембағалдарға жанашыр бола алады.  Алла Тағала оған мына әлемді, адамдарды аялай алатын аялы алақан мен мейірім берді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жар таңдаған кезде әдемілігіне қараңдар деген. Бірақ оның әдемілігі басты нәрсе еместігін ескертіп бір хадисінде былай дейді: «Әйелді не байлығы үшін немесе сұлулығы үшін немесе діндарлығы үшін алады. Сендер діндар болғанын алыңдар! Тек қана байлығы үшін алған адам байлығына қауыша алмайды. Тек сұлулығы үшін алған адам сұлулығынан мақұрым қалады» деген. (Муслим).  Әйел иманды болса, бар мұратын болашақ отбасының игілігіне байлап, әлемдегі ең ізгі әйелге айналады. Әйел иманды болса, бар тілегін келешек перзентінің жолына арнаған, әлемдегі ең мейірбан әйел сол болады.

«Қайырлатқан кемесін талай ердің,

Таяз көлге шашылмағай шұғылаң.

Тереңдігі жоқ әйелдің,

Қорқу керек сыртқы сұлулығынан» деп жырлайды ақын Мұхтар Шаханов. Мұндағы тереңдіктің негізі жан сұлулығында, әйел адамның иманында болса керек. Иә, әйел иманды болса, бар бақытын некелі ерінің талайынан күткен ең адал жарына айналып, әлемдегі ең сұлу әйел атанады!

 

Қорғансыз әйел әуретті жерлерін көрсетуге құмар келеді!

 

Алла Тағала әйелді жарының жүрегін қызғыштай қорып тұру үшін оны соның қабырғасынан жаратты. Жақсы ер ешқашан әйелін қамықтыра алмайтынын ұғып, сезіне алатын ақыл берді. Және оған ерінің бар мінін біле тұра, қолдау білдіре алатын үлкен күш берді. Ол Өмірде кездесетін барлық қиындықтарға сынбас үшін шыдай алатын сабыр берді.Ол ақылды, үлкен күшті, сарқылмас сабырды өзінің ерінен ғана ала алады. Әйел табиғатынан өзін үнемі қорғансыз сезінеді.  Ал, кез келген нәзік жандылар үшін сенімді адамның қанатының астында болудың маңызы зор. Әйел адамның екінші ең мықты тірегі – оның иманының жартысы, өмірлік серігі, Алла қосқан жары. Иманды ару атанған әрбір әйелдің міндеті – әдемі болып, сыпайы, биязы, инабатты, әрдайым өзінің әлсіз жаратылыс екенін, оған арқа сүйер қорған мен қамқорлыққа зәру екенін көрсету.

«Сендердің әйелдерің сендер үшін киім сияқты, ал сендер оларға киім сияқтысыңдар…» («Бақара» сүресі, 187-аят) деген Алланың сөзі адам үшін қандай ғанибет десеңізші?! Киім адам үшін қандай маңызды рөл атқаруы мүмкін? Біріншіден, кісінің әуретін жабады, екіншіден, жайлылық сыйлайды, үшіншіден, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, төртіншіден, суықтан, ыстықтан қорғайды, бесінші, бөтен көздің сұқтануынан сақтайды. Киім туралы айта берсе әңгіме көп. Ал, ерлі-зайыптылар бір-бірінің ары мен ұяты, қамқоршысы, жанашыры, қорғаны, тәрбиешісі. Ер адам сана түкпіріндегі жаратылыстық сезімі арқылы тыныштығы мен жан рахатының арқауына айналуы үшін әйеліне жақсы қараудың қажеттілігін түйсінеді. Алла Тағала былай дейді:

«Ол сендерді бір жаннан жаратып, оның (ердің) тыныштық табуы үшін оның өзінен жұбайын жасады...» («Ағраф» сүресі, 189-аят).  Әйелдің жанының жай табуы, аман-есендікте, сергектікте болуы оның мінез-құлқының қалыпты болуының, жанұяның бақытты болуының һәм оның айналасындағы ортаның жарқын болуының бірден-бір себепкері – оның Алладан кейінгі өмірлік қорғаны, ерінің мықты болғаны, иманының берік болғандығында.

Құраннан: «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-бірлеріне көмекші, өкіл» («Тәубе», 71-аят) деген аятты оқығанда Алла Тағаланың Өз жаратылысындағы даналық-хикметі жанұядағы ердің де, әйелдің де тең дәрежеде бақытты ғұмыр кешуін және әйелдің ер адамның қамқорлығында болуын, оған бойұсынуын айтқанын аңғарамыз.

Әйел адам сабырды ерінен алады. Ері оған сабырлы болу – мұң-мұқтажыңды Алладан басқа ешкімге тіс жарып айтпау керектігін ұғындырады. Әйел адам басына қиын іс түскенде үнсіздікке жүгініп, Алладан алақаны арқылы жәрдем сұрайды. Әйел жаны күйзеліске ұшыраған сәтте, байбалам салмайды, Алланың разылығы үшін барынша байыптылық танытады.Сөйтеді де өзінен асқан рухани бай адам жоқ екенін дәлелдейді. Алла Тағала әйелге ері арқылы өзгесі құлдилап құрып бара жатқанда, қаймықпай алға ұмтылсын деп ерік-жігер берді. Міне, мұның барлығын әйел адамы жанында мықты қорғаны, қамқоршысы болғанда ғана жасай алады. Отбасының берекесі мен тыныштығын, бақытын ойлаған, ерінен бір саты төмен тұруды ақылдылық деп ұққан, ең мықты тірегі бар әйел қауымына сүйсініп қарамау мүмкін емес! 

7016 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !


Пікір жазу үшін, сайтқа тіркеліңіз. Тіркелу

*