18:30 | Жақсы кино
Бизнес 2016-12-23 (0) (8076)

ҚАРАЖАТСЫЗ ҚАЛАЙ ДЕМАЛУҒА БОЛАДЫ?!

ҚАРАЖАТСЫЗ ҚАЛАЙ ДЕМАЛУҒА БОЛАДЫ?!

 

Демалыс – нағыз тыныштық. Көңіл тыныштығы, жүрек тыныштығы, жан тыныштығы. Көпшілігіміз демалыс күні, демалыс маусымы басталғанда қалтамыздағы қаражатқа қарап көңілімізді түсіріп жатады. Нәтижесінде, үйде отырып, теледидардың алдында бос уақыт өткізуге әуестенеміз. Шын мәнінде қаражатсыз да демалуға болады! Қалай?! Оқып көріңіз!

 

 

Ата-анаңызбен, туған-туыстарыңызбен риясыз әңгіме – әрдайым демалыс!

Күнделікті күйбең тіршілікте ең жақын адамдарымызға арнайы уақыт бөле алмай жатамыз. Қолыңыз бос кезде неге осы олқылықтың орнын толтырмасқа?! Өзіңізге естен кетпес демалыс сыйлағыңыз келсе, ата-анаңызбен, туған-туыстарыңызбен шай үстінде болсын, табиғат аясында болсын,  сыр бөлісіп, әңгіме айтып көріңізші! Қандай риясыз әңгіме! Жүрек түкпірінде жүрген сұрақтарыңызға да жауап ала аласыз, рухани шаршаудан да арыласыз.


Ең жақын құрбыңызбен серуенге шығыңыз!

 

Нағыз демалыс тек мұхит асып, күнге қыздырыну немесе тауға шығып, шаңғы тебу ғана емес. Демалыс күні қаражатым жоқ деп үйде босқа теледидардың алдында жата бермеңіз. Сізді тағы да ең керемет күтіп тұр! Жаныңызға ең жақын құрбыңызбен не досыңызбен бірге таза ауада серуендеуге шығыңыз. Парктерді аралап, табиғаттың сұлулығын бір сәт сезініп көріңізші. Және сол әсерді қасыңыздағы жақыныңызбен бөлісе біліңіз. Бұл демалыс түрі сізге ерекше көңіл-күй сыйлайтынына сенеміз

 

Мәдени іс-шаралар мен көрмелерге қатысыңыз!

 

 

Қалтаңызда қаражатыңыз жоқ болса да, көңіл-күйіңізді көтеріп, өзіңізге демалыс сыйлауға болады. Қалай?! Егер сіз үлкен қалаларда тұратын болсаңыз бұл тіптен мәселе емес. Күн сайын қалада түрлі мәдени іс-шаралар мен көрмелер өтетіні белгілі. Ғаламтордан толығырақ өтетін  іс-шаралар туралы біліп алып, өзіңізге демалыс сыйлауға дайындалыңыз.

 

 

Келесі еңбек демалысына дайындық жүргізу де – демалыс!

 

 

Уақыт бір орнында тұрмайды. Келесі жылы сіз армандаған еліңіге саяхаттап қаларсыз... Ол үшін алдымен сізге жақсы дайындық керек. Ең бірінші сізге саяхаттап баратын мемлекетініңіздің тілін үйрену керек. Бұл міндетті нәрсе. Ол үшін қаражатыңызды шығындап, түрлі курстарға жазылудың қажеті шамалы. Себеі, сіз іздеген білім көзі көз алдыңызда өзі-ақ тұр! Ғаламтордан не түрлі дайындық кітаптарынан сөздік жаттау арқылы сол елдің тілін үйреніп алуға таптырмас мүмкіндік. Бір жағынан бұл сіз үшін рухани демалыс болмақ. Онда іске сәт!

 

Сүйікті хоббиіңізбен айналысу да – демалыс!

 

 

Әр адамның бар ынтасымен жасайтын сүйікті ісі болады. Бірі кітап оқумен, бірі табиғат аясында серуендегенді немесе күнделікті үй шаруасымен айналысу да кей адамдар үшін хобби түріне жатады. Хобби уақытыңыздың босқа өтпей, пайдалы нәрселерге жұмсауға арналған кішігірім мектеп десе де болады. Егер сіздің қызығушылығыңызды оята білсе, кітап оқу, пайдалы лекциялар тыңдау мен Құран жаттау секілді пайдалы, игі істерге арналған уақыттың келер күні берері мол болмақ. Ең бастысы, сіздің еркіңіз бен ақылыңыз қатар қалаған істі жасау арқылы демалысқа шақырамыз.

 

 

Үй жағдайындағы салон сізді міндетті түрде демалдырады!

 

 

Бұл әдіс әсіресе қыз-келшектеріміз үшін таптырмас демалыс боларына сенеміз. Өз үйіңізді бір сәт сән салонына айналдыра біліңіз. Халықтық рейепт бойынша немесе қазіргі заманға сай түрлі рецепттер бойынша өз сұлулығыңызды айқындай түсіңіз. Бет терісін жұмсартуға, шаш күтіміне, т.б байланысты түрлі қоспаларды үй жағдайында дайындап, қалағаныңызша қолдана біліңіз. Бұл әдіс сіздің қалтаңыздан артық шығын шығармайды. Бұрын сән салондарына барсаңыз енді сіз өзіңіз үшін де сән шебері бола аласыз.

 

 

Отбасыңызға уақыт таба білу – нағыз тегін демалыс!

 

 

Тағы бір демалыс күніңізді өз отбасыңызға арнай біліңіз. Балаларыңызды алып шығып, табиғат аясында қыдыртыңыз. Арнайы балаларға арналған ойын алаңдарына апарыңыз немесе қыс мезгідінде түрлі қолдан жасалған сырғанақтарға апарып өзіңізге де, балаларыңызға да көңіл-күй сыйлай біліңіз. Бұл отбасылық дәстүрге айналса тіптен керемет! Онда сіз жыл бойынша нағыз демалыстың рахатын сезінетін боласыз!

 

Міне, сіздерге қаражатсыз демалуға болатын бірнеше әдістерді ұсындық. Ең бастысы, аталған әдістерді өз мүмкіндігіңізге пайдалана отырып, нағыз рухани демалыстың рахатын сезіне біліңіз!

 

8076 рет оқылды