19:20 | Қазақ білсін
19:40 | Жүректің көзі ашылса
19:50 | Хадис уақыты
2016-12-14 (0) (11933)

ДУАЛАУДЫҢ ДАУАСЫ (немесе магияның ақ-қарасы бола ма?) ІІ-БӨЛІМ

ДУАЛАУДЫҢ ДАУАСЫ (немесе магияның ақ-қарасы бола ма?) ІІ-БӨЛІМ

ІІ-БӨЛІМ

Сиқыршы мен Алла Тағала ерекше қабілет берген адамның айырмашылығы

 

Әдетте, емшілікпен айналысатын бақсыларды ақтау үшін айтылатын: «Алла Тағала расымен де кейбір адамдарға ерекше қасиет дарытып қояды. Себеп деген нәрсе болады. Кейбір дәрігерлер емдей алмайтын сырқаттарды осы адамдар жазып жібереді. Мысалы, апам үш күн орнынан тұра алмай қалғанда, емшілікпен айналысатын көршіміз ұшықтап сауықтырған болатын» деген түрлі нұсқадағы әңгімелерді естиміз.

Біріншіден, бұл сөздің астарында сиқыршы немесе бақсы-балгер ғайыпты біледі деген түсініктің жатқаны анық. Өткен мақаламызда айтқандай, ғайыпты жаратылыстардың абзалы болған Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) білмеген болса, біздің көршіміз, атамыз, ауылдасымыз қайдан білсін?

Екіншіден, иә, рас. Шынайы ықыласпен иман келтіріп, Жаратушы бекіткен қағидаларын бұлжытпай орындайтын, Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетін ұстанатын жанға Алла Тағала аса жомарттықпен рақымын төгеді, Өзіне сүйікті, жақын пенделердің қатарына шығарады: «Ақиқатында, Аллаға жақын болғандарға қорқыныш жоқ әрі олар қайғырмайды» («Йунус» сүресі, 62-аят).  Сондай ізгі құлдардың бірі – Алланың кітабында аталатын Хидр болатын. «Кәһф» сүресінің 65-аятында ол туралы: «Сонда ол екеуі Біз оған Өзімізден мейірім берген және Өзімізден білім үйреткен құлдарымыздың бірін тапты» делінеді.

Ғалым ибн Хаджар: «Сиқырлықпен күнәһарлар ғана айналысады, ал Алла ерекше қабілетті күнәһарларға бермейді» деген. Күнә жасайтын, діни білімі төмен, дінде жоқ нәрселерді жасайтын адам оған лайық емес.

Кейде сиқыршының өзі шайтанмен байланысып жүргенін білмеуі мүмкін. Бұл оның шариғатты ұстанбайтындығын, бір ғана Аллаға құлшылық ету ұғымын дұрыс түсінбегендігін білдіреді. Ол шайтан салған уәсуастан, түрлі кейіпте келу себебінен, шайтанның адастыру үшін жасаған түрлі айлаларынан кейін қайтыс болған адамдармен немесе ғалымдармен байланысып жүрмін деп ойлайды. Сөйтіп, өзі ғана адасып қоймай, өзгелерді адастырады. Шайтан өзі билік етіп жүрген адамға ол жоқта болған оқиғаларды, алдына келетін адамдардың есімдерін, басқа да түрлі ақпараттарды олардың туыстарының, аталарының есімдерін, олардың бейнелерін хабарлап тұрады. Ал сиқыршыға келушілер оған таң қалып, ғайыпты біледі екен деген ойда қалады.«Шайтандардың кімге түсетіні туралы сендерге хабар берейін бе? Олар әрбір өтірікшіге, күнәһарға түседі. Олар (шайтандар) естігендерін адамдарға тастайды (жеткізеді), ал олардың көбі – өтірікші» («Шуъара» сүресі, 221-223-аяттар).

Сондай-ақ, Аллаға жақындатылған ешбір жан өзіне берілген сыйды жария етпейді, әсіресе, тек қана Алланың хақысы болған ғайыпты білу сипатын өзіне иемденбейді. Кім Алланың шариғатының шеңберінен шықса, білім ізденбесе, жамағат намазына қатыспаса, зекет төлемесе, ораза ұстамаса, Алланың дінін таратпаса, айналасын жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыймаса, өзінің Аллаға жақын тақуалардан екендігін жарияласа, солай бола тұра, өзін емші не бақсы етіп таныстырса, ол – шайтан өзіне құл еткен өтірікші әрі күнәһар. Мұндай адамды «әулие» деп тану Аллаға ең ұнамсыз істерден екен.

 

СИҚЫР ӘРБІР ЖАНҒА ЖАСАЛУЫ МҮМКІН, ТІПТІ, ПАЙҒАМБАРЛАРҒА ДА...

 

Айша анамыз (оған Алла разы болсын) айтады: «Бір күні Лубейд ибн әл-А’сам есімді Бану Зурайқ тайпасының адамы Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сиқыр жасайды. Нәтижесінде, Пайғамбарға істеп қойған істері істемегендей болып көріне бастайды. Бір күні күндіз (немесе кешке) менің жанымда болған кезінде, ол Аллаға қатты дұға жасады. Содан кейін: «Уа, Айша! Алланың өзім сұраған ілімді маған дарытқанын байқадың ба? Маған екі ер кісі келді, бірі бас жағыма, екіншісі аяқ жағыма отырды. Бірі екіншісінен: «Бұл адам неге қиналып жүр?» деп сұрады. Әлгі: «Ол сиқырланған» деп жауап берді. Тағы да: «Оны кім сиқырлады?» деп сұралды. Екіншісі: «Лубейд ибн әл-А’сам» деді. Біріншісі: «Сиқыр ненің ішінде?» деп сұрап еді, екіншісі: «Кепкен пальма жапырақтарына оралған тарақта» деп жауап қатты. «Сонда олар қайда?» «Заруан құдығында». Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірнеше сахабаларымен сонда аттанды. Келгеннен кейін: «Уа, Айша, оның суы қына тұнбасындай, ал пальма бояуы шайтанның бастары секілді болды» деді. Мен: «Я, Алланың Елшісі, сен оны қуып жібермейсің бе?» дедім. Ол: «Алла маған амандық нәсіп етті және мен оны адамдарға қатысты зұлымдыққа айналдырғым келмейді» деді. Кейін сиқырды көміп тастауға бұйрық берді» (Бұхари, Муслим).

Яһудилер өздерінің араларындағы ең үздік деген сиқыршы Лубейд ибн әл-А’саммен келісім шартқа отырып, Мұхаммед Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  сиқыр жасағаны үшін үш динар төлейді. Ол Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйіне келіп жүретін күң қыз әкелген шаш қалдықтары бар тараққа сиқыр жасайды. Сөйтіп сиқыр күшейе түсу үшін оны кепкен пальма жапырағына орап, Заруан құдығындағы тас астына көміп тастайды.

Еврейлер бұл жолы сиқырдың ең қауіпті түрін нысанаға алды. Мақсаттары Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өлтіру еді.  Алайда, Алла оны айладан қорғап, сиқырды әлсіретті. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) 40 күн бойы ауырды (ауырған күндерінің санына байланысты бірнеше нұсқа бар), тіпті, әйелдерінің бірімен жақындаспақ болғанда қауқарсыз болып қалады. Алланың рақымымен, сырқат оның қылықтары мен ақыл-санасына зарарын тигізе алмады.

Бұл хадистен аңғаратынымыз, сиқыр – адамдардың алдынан шығатын үлкен сынақ. Ешбір қиындық Алланың қалауынсыз болмайды. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мүміннің жағдайы қандай ғажап! Шын мәнінде, барлық іс оған қайырлы болмақ және бұл нәрсе мүміннен басқа ешкімге берілмеген. Егер оған қандайда бір жақсылық жетсе, ол шүкір етеді. Мұнысы өзі үшін қайырлы болады. Егер оған қандайда бір қиындық келсе, сабырлылық танытады. Түбінде мұнысы да өзі үшін қайырлы болады» (Муслим) деген. «Біз сендерді аздаған қауіп-қатермен, аштықпен және мал-мүліктерінен, (жақын) жандарынан, өнімдеріңнен айыру  арқылы сынаймыз. Сабыр етушілерді сүйіншіле, солар бір қайғы жеткенде: «Ақиқатында, біз Алланыкіміз әрі, әлбетте, Аллаға қайтушымыз» дейді. Міне, соларға Раббысынан игілік пен мейірім бар. Әрі олар – тура жолмен жүрушілер» деген Құран аяттары да сынаққа сабыр сақтаушыны сүйіншілейді. («Бақара» сүресі, 155-157-аяттар).

Яғни, пенде сиқырға ұшыраса да, Алланың мейірімінен үміт үзбеуі тиіс. Жоғарыда келтірілген хадисте үлкен мән жатыр. Алланың ең үлкен қамқорлығының құшағында болған Пайғамбар бұл сынаққа тап болған болса, онда сиқыр кез-келген адамға жасалуы мүмкін деген сөз. Сондықтан, Құран мен сүннетте келген жамандықтан қорғану шараларын әрдайым амалға асырғанымыз абзал. Және Алланың сөзі Құран кез келген сырқат пен шайтанға қарсы ең үлкен қару екендігін естен шығармауымыз қажет. Дем салып емдеуге қатысты толығырақ мәлімет мына сілтеме бойынша:

http://www.asylarna.kz/maqala/maqalainfo/63

Сондай-ақ, Құрандағы басқа да шипа да аяттарын мына жерден оқи аласыз:

http://www.asylarna.kz/maqala/maqalainfo/243

 

 

 

СИҚЫРДЫҢ ТҮРЛЕРІ

1.     Адамдардың арасын ажырату мақсатындағы сиқырдың сипаттары: адамдар арасындағы қарым-қатынастың күрт өзгеруі (сүйіспеншіліктен жеккөрінішке ұласуы); сиқырланған адам оның өзін де, істерін де, ол отыратын орындарды, жүретін мекендерді жақтырмайды; оны қорқынышты кейіпте көреді (сиқырға жауапты жын оған осылай көрінеді).

2.     Бір адамның екінші бір адамға ессіз ғашық болуы мақсатында жасалатын сиқыр сипаттары: махаббатта шектен шығу, бауырмалдық, тым күшті құмарлық, онымен жыныстық қатынасқа түсуге құштарлану, үнемі оны көргісі келіп тұру (бұл сиқырды әйелдер өздеріне бір жігітті ғашық ету үшін немесе күйеуі өзінен алыстамау үшін жасатады), сабырсыздық, оған көзсіз бойұсыну.

3.     Көзбен елестету сиқыры (зрительная галлюцинация): адам жылжымайтын заттарды жылжулы, жылжушыларды жылжымайтын кейіпте, үлкен затты кіші, кіші затты үлкен күйде, тіпті, денелерді беймәлім бейнеде көреді.

4.     Құлақпен есту сиқыры (слуховая галлюцинация): қорқынышты түстер, шайтанның сыбыры, достармен қатынаста сенімсіздік, түсінде өзін шақыратын дауысты естіп, оянғанда ешкімді көрмейді, биіктен құлап бара жатқандай болады, түсінде өзін аңдып жүретін жануарларды көреді т.б.

5.     Ессіздік байқалатын сиқыр: алаңғасарлық, мұқиятсыздық, ұмытшақтық, сөзіне есеп бере алмау, назардың артқа ығысуы, бір жұмыста не үйде тұрақтай алмау, сыртқы келбетке немқұрайлы қарау, тіпті, кейде қайда болғанын немесе түнде қайда қорғанын есіне түсіре алмайды.

6.     Күйзеліс сиқыры: жалғыздыққа ұмтылу, тұйықталу, үнемі үнсіздік, адамдармен қарым-қатынаста өзін жағымсыз сезіну, жиі есінен танып қалуы, немқұрайлылық, үзілмейтін күйзеліс, жанның тынышсыздануы т.б.

7.     Ауру сиқыры: белгілі бір ағзадағы үнемі ауырсыну, кезең бойынша естен танып қалу, кемтарлық, мүгедектік, бір мүшенің немесе бүкіл дененің сал болып қалуы, сезу мүшелерінің әлсіреуі т.б.

8.     Жатырдан қан кету сиқыры: жатырдан қан кету, тіпті, етеккірден кейін де бірнеше күнге, тіпті, бір айға жалғасады, жыныстық ағзалардан көп мөлшерде сары су не ірің шығады.

9.     Некеге кедергі жасау мақсатында жасалатын сиқыр: ұзақ ойлану, естен айырылып қалу (бұл дәрімен емделмейді), кеуде тұсының қатты қысылуы, бұл әсіресе түстен кейін немесе түн ортасында күшейеді, іште немесе белдегі ауырсыну сезімі, түсінде үнемі сөйлеу. Бұл сиқырды қалыңдықтың туыстары жасатады. Некеге кедергі келтіру үшін жын қызға қонып алғандықтан, жігіт оған ұсқынсыз көрінеді де, некеден бас тартады. Жын күйеу жігітке де әсер етуі мүмкін.

10.                       Еркектік қуатты азайту мақсатындағы сиқыр: жын еркектің бас миына отырып алады да, жыныстық ағзаның орталық координациясына кедергі келтіреді. Еркек әйелге жақындай бергенде, оған қауқарсыз болып қалады. Егер, оның бірнеше әйелі болса, бұл тек бір әйелмен қатынаста ғана көрініс табуы мүмкін.

11.                       Әйелді жыныстық қатынастан тосу мақсатында жасалатын сиқыр: әйел өзінің еркінен тыс еркекті қаламайды, жыныстық қатынастан ләззат ала алмайды, екеуі қосылғанда жатырдан қан кетеді, тіпті, жыныстық қатынас кезінде еркекке етке ұқсас нәрсе кедергі жасауы мүмкін. Еркек пәктігі сақталған қызға үйленуі мүмкін. Алайда, сиқыр нәтижесінде, оның қыздығы жоқ болып шығады да, еркек одан күмәнданады. Сиқырдан емделгенде қыздық қалпына келеді.

12.                       Бедеулік тудыратын сиқыр. Бұл еркекке де, әйелге де қатысты бола береді.

а) Ұрықтандыру үшін еркек ұрығындағы сперматозоид көлемі 20 млн/ 1см2 болуы керек. Жын еркектің жұмыртқасына әсер етіп, нәтижесінде сперматозоидтар қажетті деңгейге жете алмайды. Бұдан басқа, жын сперматозоидтар мұқтаж болған темірге де әсер ете алады. Бұл болмаса, олар өліп қалуы әбден мүмкін.

Ә) Жын әйелдің жұмыртқа жасушасына әсер етіп, нәтижесінде ұрықтану процессі жүрмейді. Кейде ұрықтандыру сәтті өтеді, алайда, жүктілік кезінде жын ана жатырындағы қан  тамырды зақымдап, нәтижесінде түсік орын алады. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, шайтан Адам ұрпағының қан ағысымен жылжиды» деген (Бұхари, Муслим). Сиқыр арқылы орын алатын бедеулік физиологиялық бедеуліктен ерекшеленеді. Сиқырланған адам кеуденің қысылуы (түстен кейінгі және түннің ортасына дейінгі уақыт), алаңғасарлық, белдегі ауырсыну, ұйқыдағы тынышсыздық, қорқынышты түстер секілді белгілерді байқайды.

 

СИҚЫРДЫ ЕМДЕУ ЖОЛДАРЫ

 

Асылында, жынмен байланысты болған мұндай ауруларды тек шариғатымызда келген емдік шаралармен ғана  емдеуге мүмкіндік бар. Ең сорақысы, жындардан болған ауруға медицина саласында дәл диагноз қоя алмай жатады.

Бұхари мен Муслимнің жинақтарында: «Әрбір дерттің дауасы бар. Егер дерттің дауасы дөп түссе, (науқас) Алла Тағаланың рұқсатымен сауығады»«Алла Тағала қандай ауру жаратса, оның шипасын бірге жаратады» делінген. Осы орайда шариғат рұқсат еткен емделудің екі түрін айта кетейік. Біріншісі – дәрі-дәрмекпен емделу. Бұған медицина және шөп дәрілер арқылы, массаж, сынықшылық жолымен емделу жатады. Екіншісі – шариғат жолымен емделу. Оған Алла Тағалаға Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйреткен шипа дұғаларымен жалбарыну, Құран сүрелерін оқып дем салу, хиджама жасату (қан алдыру) сияқты нәрселер жатады.

Бұдан бөлек, шариғатқа қарама-қайшы болатын емдеу тәсілдері бар. Әдетте, олар жындардың көмегін  пайдалану арқылы жүзеге асады: Алладан өзге нәрселерге сыйындыру, молаларды аралату, олардың басына түнету, дүниеден озған адамдардың рухына сыйындыру, бал ашып, не адамның суретіне қарап ауруын болжау, қасқырдың тісі, түсініксіз дұғалар тағы басқа нәрселерді шипа мақсатымен оқып беру, қанмен шомылдыру, апталап жуындырмау, қамшымен сабау, пышақпен, отпен аластау  сияқты  емделу түрлері жатады. Бұларды шариғатта тыйым салынған емдеу түрлері деп атаймыз. Мұндай емдік шараларынан кейін кей адамдар шынымен де дертіне шипа тапқандай болуы мүмкін.  Бірақ, бұл – уақытша ғана құбылыс. Себебі, жындар адамдардың шипа табуына емес адасуына мүдделі. Сондықтан, адасқан тәуіпке келген адам уақытша шипа тапқанымен, жүректеріне дерт қосып, ішіне жын кіргізіп, не ең бастысы Аллаға серік қосу күнәсін арқалап, барлық сауапты амалдары жойылып қайтады. Бұл – адамның ойсырай жеңілуі, шайтанның шаттана жеңіске жетуі.

Алла қаласа, келесі мақаламызда сиқырдан емделу тақырыбына толық тоқталып, сиқырдан қорғану, алдын-алу шаралары туралы  ақпарат беретін боламыз.

ЖАЛҒАСЫ БАР...

 

11933 рет оқылды