15:10 | Маңызды мәселе
2016-11-30 (0) (5664)

САХАБА ӘБУ БӘКІРДІҢ (Р.А) СОҢҒЫ КҮНДЕРІ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

САХАБА ӘБУ БӘКІРДІҢ (Р.А) СОҢҒЫ КҮНДЕРІ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

9-бөлім:

 

Құранның жинақталуы

Ямамадағы шайқаста қаза болғандардың арасында Құранды жатқа білетін сахабалар саны көп болды. Сахабаларда басқа да қарилар қаза болып, Құран аяттарының көпшілігі жоғалып кете ме деген уайым туа бастады. Осыдан кейін Әбу Бәкір ас-Сыддық (р.а) Омар ибн әл-Хаттабпен (р.а)  ақылдаса келе Құранның барлық жазбаларын бір жерге жинап, Құран білгірлерін тыңдап, негізгі түпнұсқа Құранды жасап шығу туралы шешім қабылдайды. Бұл ауқымды жобаны басқару Зайд ибн Сәбит әл-Ансариге (р.а)  тапсырылды. Ол жас, алғыр, сенімді, Алла Елшісі  () Алладан келген уахиларды жазған сахаба болатын. Мақсат – Алланың Өз Елшісіне ()  түсірген Құранына ешнәрсе қоспастан, өзгетпестен бір жинаққа түсіру. Алла Елшісі  () Жебірейіл жеткізген әрбір аят ретінің санын сахабаларына үйретіп отырған. Яғни, қандай сүреге, қай аяттан кейін оқылуы керектігі нақты ескертілген. Сахабалар да Құранды сол қалпы оқитын. Зайд ибн Сәбит (р.а)  өзіне артылған жауапкершілік туралы: «Алламен ант етейін, егер олар маған тауды бір жерден екінші жерге апарып қоюды тапсырса, бұл Құранды жинаудан оңай болар еді. Мен пальма жапырақтарына, тасқа, тері бөліктеріне, сүйектерге жазылған, адамдар жатқа білетін аяттарды жинай бастадым... Құранның бұл жинағы қайтыс болғанша Әбу Бәкір ас-Сыддықта сақталды (р.а), одан кейін Омар ибн әл-Хаттабта (р.а), ол қайтыс болған соң Хафса бинт Омарда (р.а)  сақталды...» деген екен.

Ол Алла Елшісі ()  тірі кезде жазылғанды және жатталғанды ғана түсірді. Егер аят тек қана жатталып, бірақ жазылмаған болса, жаттау барысында қателік кетуі мүмкін деген қорқынышпен қабылдамады. Және жатқа білетін адам аяттың Пайғамбар ()  тірі кезде жазылғанына екі куәгер келтірмейінше де қабылдамады.

 

Ирак және Шам жерлерінің бағындырылуы

 

Діннен бас тартушылармен болған күрес аяқталғаннан кейін Араб түбегінде тұрақтылық орнады. Мұсылмандар астанасы – Медине болды. Халықтың бір басшысы, бір қағидасы, бір идеясы қалыптасты. Мұсылман үмбетінің бірлігі бекем бола түсті. Сондай-ақ, бұл сынақтар Әбу Бәкір (р.а)   басқарған қоғамның қатыгез дағдарыстарға төтеп беруге қабілетті екендігін анық көрсетті. Енді Әбу Бәкір (р.а) жаңа жерлерді ашуға байланысты жоспарларын құруды бастады. Бәрі де Алла Елшісінің ()  кезіндегі нұсқауымен еді. Нәтижесінде, Әбу Бәкір (р.а) Ирак және Шам жеріне әскер жіберді.

Әбу Бәкірдің (р.а) қос қолбасшысы Халид пен Иядқа (р.а) берген нұсқаулықтары оның өте жақсы стратег екендігін тағы айғақтайды. Ол қолбасшыларға тактикалық, стратегиялық әскери нұсқаулықтар берді, әрқайсысына Ирактың қай бағытынан кіру керектігін хабарлады, тапсырманы орындауды қайсы географиялық орыннан бастау керектігін де жеткізді. Ол пәрменді алдына Ирактың картасын жайып қойғандай дәл, нақты беретін болған.

Халид ибн Уалид (р.а) Ирактың бағындырылуына себеп болған бірнеше шайқасты жүргізді. Олар Зат ас-Салясил, Мазар, Уллейс, Хира, Анбар, Айн-ат-Тамр, Хасыд, Фусад жерінде орын алды. Халид (р.а) те Әбу Бәкірмен (р.а) ақылдаса келе түрлі әскери әдістерді пайдаланды. Және әрбір әдісі Алланың қалауымен сәтті шығып жатты. Ол қайсыбір жерді басып алмас бұрын, көшбасшы мен халықтың үрейін ұшыратын мәтіндегі жолдаулар жіберіп отыратын. Жолдауда  әрбір елді мекенге Ислам дінін қабылдау немесе жизия төлеу немесе өзінің өлімнен қорықпайтын әскерімен шайқасу туралы үш таңдау жасау мүмкіндігін ескертетін. Халыққа барынша жұмсақтық, кеңшілік танытып, Ислам дінінің көркемдігін, мұсылмандардың жақсылығын танытып жүру оның әр айтқан сөзі мен істерінен көрінетін. Бұл да Ирак халқының Исламға деген сүйіспеншіліктерінің оянуына себеп болды.

Ирак жері бағындырылып болғаннан кейін, Әбу Бәкір (р.а) Шамға шабуылдау туралы шешімді қабылдады. Ол алдымен ең құрметті әрі тәжірибелі деген сахабалармен ақылдасты. Кейін Йемен тұрғындарын көмекке шақырды. Йемен тұрғындары Әбу Бәкірдің (р.а)   қарапайымдылығына, мұсылмандардың құлшылығы мен көркем мінезіне қатты таңырқап, өздерінің қателіктерін түсінді, оларды Алла разылығы үшін жақсы көрді.

Алланың Елшісінің ()  мұрагері Шам жеріне төрт жасақ аттандырды. Оларды Язид ибн Әбу Суфиян (3000 әскер; мақсаты – Дамаскті бағындыру, қалған жасаққа көмектесу), Әбу Убайда әл-Жаррах (3000-4000 әскер; мақсаты – Хомсаны алу), Амр ибн әл-Ас (6000-7000 әскер; Қызыл теңіз жағасы, Палестинаны бағындыру), Шурахбил ибн Хасан (3000-4000 әскер; Табук пен Балканы алу) басқарды.

Ол әрбір қолбасшыға, сарбазға айтқан өсиеттерінде, жолдауларында тақуалықты, Алланың хақысына сақ болуды, шайқас кездегі сабырлықты, адалдықты насихаттап отырды. Сондай-ақ, қолбасшы мен сарбаздардың қарым-қатынастарына асқан сақтық білдіріп, әрбірінің құқығы мен міндетін анықтап берді. Сарбаздар басшының бұйрығын орындауға асығуға, бойұсынуға, олжаны бөлуге салғыласпауға міндетті болды. Ал қолбасшылар оларға қамқор болып, әрдайым қанаттандырып отыруға міндетті еді. Әр жасақтың ұраны болды.

Шамға жіберілген жасақтар едәуір қиындықтарға тап болды. Олар күші және көптігімен ерекшеленетін Рим империясының әскерімен соқтығысып қалды. Мұсылмандар Әбу Бәкірге (р.а) өздерінің жағдайын айтып, хат жолдады. Ол сарбаздарға Ярмук жеріне барып бір жерге жиналуды бұйырды және қосымша әскер аттандырды. Иракқа жіберілген Халидтің (р.а) әскері де Шам жеріне келген болатын. Барлық әскерді Халид ибн Уалид (р.а)  басқарды. Ол Әндіжан мен Ярмук жерінде үлкен шайқастарды өткеріп, өте керемет жеңістерге қол жеткізді. Әрбір жеңісі Шам жерін бағындыруға үлкен жол ашып отырды.

Әбу Бәкір (р.а) жіберген әскердің негізгі саясаты мынадай еді: басқа халықтар мен мемлекеттерге мұсылмандарға деген құрметті ұялату, Алла Елшісінің () жолымен ғана әрекет ету, жаңа ашылған жерлерге әділетті әрі қамқор қарым-қатынас көрсету, бағындырылған халықтарда дін ұстануға зорлық жасамау т.б.

Мұсылмандар рекордтық көрсеткіштегі қысқа уақытта және аз шығынмен Ирак, Шам жерін бағындырды. Өздерінің алып көршілері парсылықтар мен византиялықтарды тізе бүктірді. Бұл жеңіске себеп болған негізгі факторлар: мұсылмандардың ақиқатқа деген терең сенімі, ризықтың Алладан берілетіндігіне және Алла берген өмірді ғана сүретіндіктерін шынайы түсінуі, әскери тәжірибелері,  байсалдылықтары, кеңдіктері, әділділіктері, өзге халықтарға деген мейірімі мен әділдігі,  келісімдерге адалдығы, көзсіз батыр, тақуа, дана, ықыласты көшбасшылардың әдістері, дұрыс әрі нақты құрылған жоспар.

Ярмук жеріндегі жеңіске қуанып үлгермеген сарбаздар Әбу Бәкір ас-Сыддықтың (р.а) қазасы туралы суық хабарды естиді. Жаңадан сайланған басшы жалпы жасақ басшысы ретінде Әбу Убайда әл-Жаррахты (р.а)   тағайындайды. Олар келесі тапсырманы күтумен болды...

 

Әбу Бәкірдің қазасы

 

Хижраның 13 жылы жумада әл-аъхира айында өте салқын ауа райында  ғұсыл алудың нәтижесінде Әбу Бәкір ас-Сыддық (р.а) қатты сырқаттанып қалды. Қызуы он бес күн бойы түспейді. Намазда имамдыққа Омар ибн әл-Хаттабты (р.а) шығарды. Сырқат ұзаққа созылып, жағдайы күннен-күнге нашарлайды. Оның халін білуге келген адамдар: «Саған емшіні шақыртайық па?» дегенде, Әбу Бәкір (р.а): «Ол мені көрді және «Шын мәнінде, Мен Өз қалағанымды жасаймын» (Алла Тағала туралы деп айтты) деп жауап берген.

         Өзінің қазасының жақындығын сезген Әбу Бәкір (р.а) сахабаларды жинап, өзін босатып, жаңа басшыны сайлау туралы ұсынысты айтады. Алайда, бүліктерге орын болмас үшін, мұның өзі тірі кезде атқарылғандығын қалайды. Ол билеуші тағайындауды мұсылмандардың өзіне қалдырған болатын. Алайда, әркім әр түрлі ұсыныс білдіріп, нақты шешімге келе алмаған соң, бұл таңдауды Әбу Бәкірге (р.а) жасауды өтінеді. Әбу Бәкір (р.а)  уақыт сұрап, Абдуррахман ибн Ауфты (р.а), Осман ибн Аффанды (р.а), Талха ибн Убайдуллаһты (р.а) жеке-жеке шақырып ақылдасады, олардан Омар (р.а) туралы пікірлерін сұрайды. Бәрі де Әбу Бәкірдің (р.а) орнына Омардан (р.а)  артық адамның жоқтығына бірауыздан келіседі.

Соңында барлық қалаларда оқылуы тиіс болған жолдау жазады. Мәтінде мынадай сөздер бар еді:

«Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен! Бұл дүниемен қоштасып, имансыз имандыға айналатын, надан ақиқатты түсінетін мәңгілік әлемге өту алдындағы Әбу Бәкір ибн Әбу Қофәһаның соңғы өсиеті. Мен сендердің басшыларың етіп Омар ибн әл-Хаттабты тағайындаймын және сендерге игіліктен басқа еш нәрсе тілемеймін. Менің білуімше, ол сабырлы әрі әділетті. Алайда, ол әділетсіз болып, өзгеріп кетуі де мүмкін, мен ғайыпты білмеймін. Қандай жағдай болса да, мен жақсылықты ойладым және әрбір адамға өзінің қолекі істегені беріледі: (26:227).Мұны естіген Омар (р.а)  мұрагерліктен үзілді-кесілді бас тартады. Алайда, Әбу Бәкірдің (р.а)  айтқанынан қайтпағандықтан, амалсыз келіседі. Және онымен оңашада қалып соңғы өсиетін айтады.

Қиындықпен демалып, ақтық демі шығуға шақ қалған Әбу Бәкір (р.а)  қызы Айшаға (р.а): «Уа, Айша... Өз отбасымның мүшелерінен сен секілді ешкімді жақсы көрмедім. Мен саған пальма тоғайын сыйлап едім, алайда, жүрегім тынышталар емес. Оны мұраға қайтаршы... Маған мұсылмандарды басқару жүктелген сәттен бастап, олардан бірде-бір дирхам, динар алған жоқпыз. Олар жеген тамақты жедік, олар киген киімді кидік, бізде осы эфиоп-құлдан, суғаруға жегілетін және мына бір мата кесіндісінен басқа ешбір мүлік жоқ. Мен қайтыс болғаннан кейін бұларды Омарға жібер» дейді.

Айша (р.а) бақты қайтарады және мүліктерді Омарға (р.а) жібереді. Бұлар Омарға (р.а) жіберілгенде ол көзіне жас алып: «Алла сені рақымына алсын, Әбу Бәкір! Одан кейін оны үлгі етіп өмір сүрушіге қиын болады...» деген екен.

Әбу Бәкір ас-Сыддық (р.а) он бес күн ауырып жумада әл-ахирдың 22 күні дүйсенбі кешке алпыс үшін жасында қайтыс болады. Оның денесін өз өсиет еткендей әйелі Асма бинт Умайс (р.а) жуды. Жаназа намазын Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) оқыды. Және Алла Елшісінің ()  қабірінің қасына Айша анамыздың (р.а)  бөлмесіне жерленеді. Оны қабірге ұлы Абдуррахман (р.а), Омар (р.а), Осман (р.а), Талха (р.а) қойды.

 

Соңғы сөз

Ұзақ жылдар бойы Алла жолында табанды еңбек етіп, Оның дініне қызмет еткен абзал тұлға Әбу Бәкір ас-Сыддық (р.а) осылайша дүниеден өтті. Адамзат өркениеті Алла Елшісінің ()  сүннет туын желбіретіп, оның егінін қуратпаған бұл қарияға өлшеусіз қарыздар. Ол көркем сабырмен әділеттік пен бостандық дәндерін өсірді және бұл еңбегі мол жеміс берді. Ол әлемдік ғылымға, мәдениетке үлкен үлес қосқан ұлы өркениеттің негізін қалаушылардың бірі. Алла Тағала Әбу Бәкірдің (р.а) себебімен жойылып кетуге шақ қалғанын дінін қорғады, Әбу Бәкір ас-Сыддық (р.а) құрған жоспардың себебімен Ислам жерін кеңге таратты.

Әлемдердің Раббысы Аллаға мақтау болсын! Я, Алла, Сен Пәксің, Мақтаулысың! Саған ғана тәубе етеміз, Сенен ғана кешірім сұраймыз!

5664 рет оқылды