Әбу Бәкір (р.а) мінберге шыққан сәтінен бастап мұсылман үмбетінің құндылығы мен адамгершілігін, оның бастапқы тазалығын сақтап қалуға ұмтылды. Әділдік пен теңдіктің жоғары деңгейге көтерілгені соншалықты, әрбір әлсіз өзін еркін, алаңсыздықта сезінетін. Олар қандай жағдайда да өздерінің құқықтарының тапталмайтынына шүбәсіз сенетін. Ол мұсылмандарға қоғамда азғындық, бұзақылық таралса, Алладан қасірет келетіндігін жиі ескертетін. Өйткені, Алла Елшісі (ﷺ) «Қандайда бір қоғамда зина және бұзақылық таралса және адамдар оны жасырмайтын жағдайға жетсе, ол қоғамда міндетті түрде оба және олардың ата-бабалары білмеген кеселдер пайда болады» деген. Азғындық – қоғамның шипасы жоқ дерті саналады. Сол себепті, саналы, тақуа әрі әділетті билеуші өз халқын тәрбиелеуге кірісті. Ол адамдарды пайдалы нәрсеге үйрету, жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю үшін бірде-бір минутын бос өткізбеуге тырысты.
Әбу Бәкір (р.а) өз саясатын жүргізу үшін Алла Елшісінің (ﷺ) сахабаларының көмегіне жүгінді. Мәселен, Әбу Убайда әл-Жаррахты (р.а) қаржы министрі ретінде тағайындап, қазынаны басқаруды тапсырды. Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) әділет министрі ретінде сайланды. Әбу Бәкір (р.а) өзі де сот ісімен айнылысқан болатын. Зайд ибн Сәбит (р.а) байланыс министрі болып жарияланды. Ол Әбу Бәкірге қажетті болғандарды қағазға түсіретін. Кейде бұл қызметті Әли ибн Әбу Талиб (р.а) немесе Осман ибн Аффан (р.а) да атқара беретін. Ел аумағы бірнеше облыстарға бөлінді және әр облысты басқаратын орынбасар тағайындалатын. Әбу Бәкір (р.а) оларды сахабалармен ақылдаса отырып сайлайтын және әрбіріне өсиет-уағыз жазатын. Олар әміршімен әрдайым байланыста болып, маңызды мәселелерді ақылдасатын. Әбу Бәкір (р.а) жауапты жазбаша жіберетін. Шабармандар бейбітшілік кезінде де, соғыс уақытында да шабармандар екі ортадағы байланысты үзбеуге тырысатын. Мұсылмандар Әбу Бәкірді (р.а) Алла Елшісінің (ﷺ) мұрагері ретінде таныды.
Сахабалар Әбу Бәкір мұсылман үмбетінің билеушісі қызметін алаңсыз атқару үшін басқа кез келген жұмыстан босату керек деп санады. Өйткені, ол әр таң сайын иығына тауарын (көбіне мата) салып, базарға қарай шығатын. Шаруасымен келген ел-жұрт оны іздеп қалатын-ды. Мұның себебін сұрағандарға: «Сонда отбасымды қалай асыраймын?» дейді екен. Екінші жағынан, үйіндегі бар байлығын ортақ қазынаға салған болатын. Омар (р.а) мен Әбу Убайда (р.а) ақылдаса келе Әбу Бәкірге (р.а) жылына үш жүз динар қаражат пен күніне бір қой беруді шешеді. Өзгелер де бұл шешімге бірауыздан келіседі.
Әбу Бәкір (р.а) адамдар үшін ешкі сауып беретін. Ол әмірші болып тағайындалғанда кішкентай қыздардың бірі: «Енді ол бізге ешкі сауып бермейтін болды» дейді. Алайда, ол: «Жоқ, мен міндетті түрде оны жалғастырамын, бұл маған артылған қызметті атқаруға кедергі бола қоймас» деп жауап береді. Ешкісін алып келгендерден асқан қарапайымдылықпен: «Шелекті жақын ұстайын ба, алыс ұстайын ба?» деп сұрайтын (бұл сүттің көбігі көп не аз болуына әсер етеді). «Жақын» десе, жақын, «алыс» десе, алыс ұстап сауатын. Ол Сунхада алты ай уақыт тұрып, кейін Мединеге қоныс аударды.
Оның қарапайымдылығын көрсететін көптеген оқиғалар бар. Мәселен, ол түйе үстінде отырғанда қамшысы құлап кетсе, алу үшін асығатын. Жаяу адамдар оған: «Егер бізге айтсаң, біз саған алып берер едік қой» дегенде: «Алла Елшісі (ﷺ) бізге адамдардан ештеңе сұрамауды өсиет етті» деп жауап берген.
Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) ас-Сыддықтың (р.а) күн сайын таң намазынан кейін бір жаққа асығып бара жататындығын байқап жүреді. Мұның себебін ойлана келе, соңынан түсіп аңдымаққа бекінеді. Әбу Бәкір (р.а) бір лашықтың ішіне кіріп кетеді. Сыртқа шыққанын күтіп тұрған Омар (р.а) бірден үйге енеді. Сөйтсе, онда кәрі әрі зағип әйел және оның балалары отыр екен.
– Я, Алланың құлдары! Сендер кімсіңдер?-деп сұрайды.
– Мен – осы шатырда балаларыммен тұратын жалғызбасты кәрі кемпірмін. Бұлардың әкелері қайтыс болған. Біздің Алладан басқа асыраушымыз жоқ,-деді. Омар (р.а):
– Ал жаңа менің алдымда осы үйден шыққан кім?-деп сұрайды.
– Есімін білмеймін. Бірақ, ол күн сайын келіп біздің үйімізді сыпырып, еденімізді жуып кетеді. Таңғы асымызды дайындап, қойымызды сауады,- деген жауапты естігенде Омар (р.а) өз-өзін ұстай алмай еңкілдеп жылайды. Кейін:
– Уа, Әбу Бәкір, сен өзіңнен кейінгілер шаршайтын амал жасадың! Кейінгілерге саған ұқсау қиын болады,-дейді...
Расымен де, көзі тірісінде Жәннатпен сүйіншіленген, Алла Елшісінің ең сүйікті досы болған, тіпті, осы үмметтің барлық адамдарының иманын басып озатындай дәрежеге жеткен Әбу Бәкірдің (р.а) бізге мәлім құлшылығы осындай көркем болса, біз білмейтіні қаншама?!
Усаманың әскері
Алла Елшісі (ﷺ) қазасының алдында римдіктерге қарсы әскер жасақтап үлгерген болатын және қолбасшы ретінде он сегіз жасар Усама ибн Зайдты (р.а) тағайындайды. Кейбір сахабалар Усаманың (р.а) тағайындалуына қарсылық білдіргенде: «Сендер қазір оның тағайындалуын талқылап жатсаңдар, кезінде әкесінің де тағайындалуын талқылаған едіңдер, алайда, Алламен ант етейін, ол көшбасшылық үшін жаратылғандай еді және мен оны барлық адамдардан артық жақсы көретінмін, ал, ұлын барлық адамдардың ішінде одан кейін жақсы көремін» деп жауап берген.
Әбу Бәкір (р.а) мұрагер болып тағайындалғаннан кейін үшінші күні Усама (р.а) әскерінің аттанатынын жариялайды. Дәл сол уақытта арабтардың біршамасы діннен бет бұрып, кейбір, Ислам шарттарын орындаудан бас тартып жатқандықтан және Алла Елшісінің (ﷺ) қазасынан кейін халық әлі де есеңгіреп жүргендіктен, сыртқы дұшпандар мұсылмандардың әлсіздігін аңдып отырғандықтан, сахабалар бұл шешімге наразылық білдірді. Әбу Бәкір (р.а) кеңес шақырып, әрбірінің пікірін тыңдап, қайта таратып жібереді. Содан кейін, мешітке халықты жинап өз шешімінен бас тартпағандығын, қандай жағдайда да Усама (р.а) әскерін византиялықтарға қарсы жіберетіндігін мәлімдеді. Өйткені, бұл Алла Елшісінің (ﷺ) шешімі еді. Сондықтан, оны (р.а) ештеңе қорқытпады, тоқтатпады. Мұсылмандар бірнеше рет райынан қайтаруға тырысқанда: «Жаным қолында болғанмен ант етейін! Егер мені жабайы жануарлар талап кететіндігіне сенімді болсам да, Алла Елшісі (ﷺ) бұйырғандай Усаманы аттандырар едім және бұл елді мекенде менен өзге бірде-бір жан қалмаса да, Усаманы аттандырар едім» деп кесіп айтады.
Усаманың (р.а) әскерін шығарып салуға шыққан Әбу Бәкір (р.а) Омарды (р.а) өз жанына көмекшілікке қалдыруын өтінеді. Содан кейін әскерге бұрылып: «Уа, адамдар! Мен сендерге он нәрсені өсиет етемін. Мұны естеріңде сақтаңдар. Сатқындық жасамаңдар, опасыз болмаңдар, әскери олжадан рұқсатсыз ештеңе иемденбеңдер. Мәйітті қорламаңдар, балалар мен қарттарды өлтірмеңдер, пальмаларды кеспеңдер және өртемеңдер, жеміс ағаштарын қырықпаңдар, тағамнан басқа нәрсе үшін қойды, сиырды, түйені соймаңдар. Монахтар ғибадат жасайтын бөлмедегі адамдарды көрсеңдер жайларына қалдырыңдар. Сендерге ас әкелсе, Алланың есімін айтыңдар. Уа, Усама, ол жерге Алла Елшісі (ﷺ) айтқан нәрсені жаса, содан кейін Әбілге бар, Алла Елшісінің (ﷺ) бұйрығынан тайма және оның өсиет еткенін орында!» деді.
Усама (р.а) әскерімен сапарға шығып, Алла Елшісіне (ﷺ) нұсқаған Кудаға жеріне жетті. Қырық күннен кейін Мединеге жеңімпаз болып оралады. Өзімен бірге тұтқындар мен әскери олжа алып келеді. Иракли патшаға Алла Елшісінің (ﷺ) қазасы мен оның жеріне Усаманың жасаған шабуылы туралы хабар бір мезгілде жетеді. Сонда ол: «Бұл қандай адамдар? Олардың көшбасшысы жаңа ғана қаза болды, ал, олар біздің жерімізге шабуыл жасап үлгерді» деген екен. Усаманың сапары мұсылмандарға өте көп пайда әкелді. Түрлі аймақта бас көтерген арабтар: «Егер оларда жеткілікті күш болмаса, мұншама әскерін жібермес еді» деген оймен көптеген зұлым жоспарларынан бас тартады. Мұсылмандарға тап беруге даяр отырғандар, райларынан қайтып, бейбіт келісімге келді. Ғалымдар бұл сапардың кейін Сирия, Персия, Солтүстік Африка жеріне жасалған жорықтарға есік ашқанын жарыса жазған.
Алла Тағала Өзінің Елшісіне (ﷺ) бағынған қоғамға береке, жеңіс жіберді. Ал кім одан бас тартса, қорлық пен абыройсыздыққа ұшырайды.
Әбу Бәкір (р.а) билігі уақытында мұсылман үмбетіне жолыққан келесі бір сынақ – араб тайпаларының діннен бет бұруы. Оның бірнеше себептері болды: Алла Елшісінің (ﷺ) қазасы тудырған есеңгіреу, иман әлсіздігі, аят және хадис мәтіндерін дұрыс түсінбеу, надандық дәуіріндегі кейбір ғұрыптарды қайталауға құштарлық, билікке ұмтылыс, сараңдық, қызғаныш, яһудилердің, христиандардың, отқа табынушылардың әсері т.б.
Діннен бет бұрудың бірнеше түрлері болды: кейбірі ислам дінін мүлде тастап, пұтқа табынушылық пен надандыққа қайтты. Біреулер өздерін пайғамбар жариялады. Басқалары намазды тастады. Ал енді бірі Исламды мойындауды жалғастырды, намазын оқыды, бірақ, зекетті беруден бас тартты. Олардың айтуынша, зекет тек қана Мұхаммед Пайғамбарға (ﷺ) берілетін қаражат. Ең сұмдығы – бір топ Мұхаммед Пайғамбардың (ﷺ) қазасына ашық қуанышын білдіріп, Исламға дейінгі әдеттеріне көшті. Қай топқа қосыларын білмей тосылып қалғандар да болды. Алайда, мұндай көріністер барлық елді мекендерде болған жоқ, Алланың дініне адал болғандардың саны да көп еді. Діннен бас тарту басталған әрбір облыста үнемі іріткі салып, бүлік тұтандырып отырған көшбасшылар бар еді.
Алайда, Алланың қалауымен, содан кейін Алла Елшісінің (ﷺ) мұрагерінің табандылығы мен шешім қабылдай білу қасиетінің себебімен Ислам діні барлық қиындықтарды жеңіп, мызғымаған күйде қалды, бастапқы тазалығын сақтады. Әбу Бәкір (р.а) намаз бен зекетті бөліп қарауға болмайтындығын ескертіп, әрбір діннен бас тартушыны түзеуге барын салатындығына уәде берді. Нәтижесінде, Ислам парыздары өзгермеген күйі қалды.
Медине қаласына діннен бас тартушылар тарапынан қауіп төнді. Әбу Бәкір (р.а) тұрғындардың мешітте қонуын қадағалап, алыстан келе жатқан дұшпанды бақылап тұратын арнайы адамдар тағайындады. Оларды Әли ибн Әбу Талиб, Зубайр ибн Аууам, Талха ибн Убайдуллаһ, Сағд ибн Әбу Уаққас, Абдулла ибн Масғұд, Абдуррахмен ибн Ауф (оларға Алла разы болсын) секілді Алла Елшісінің (ﷺ) құрметті сахабалары басқарды. Исламға адалдығын сақтаған көрші тайпалар да діннен бас тартушылармен күресті. Осылайша, қалаға бірнеше рет жасалған қастандықтарға оп-оңай тойтарыс берілді. Алпысты алқымдаған Әбу Бәкір (р.а) діннен бас тартушыларға қарсы жорықтарға өзі шығып, мұсылмандармен бір қатарда күресті. Ал Мединеге жақын жатқан аймақтардағы күрес басқаша жүргізілді. Әбу Бәкір (р.а) сол елді мекендегі көсемдерге хат жолдап, оларды басшы ретінде тағайындады да, жергілікті халықты оған бағынуға шақырды. Халық көшбасшымен бірге діннен бет бұрушылармен күресті. Мәселен, Йемен жерінде Фируз ад-Дәйләми (р.а) есімді сахабаға бағынған халықтың әрекеті нәтижесінде бүкіл Йемен жері дін дұшпандарынан тазарды.
Алла Елшісінің (ﷺ) мұрагері алыс аймақтағы діннен бас тартушыларға қарсы күрес үшін арнайы жасақ құрды. Ол сарбаздарды 11 жасаққа бөліп, әрбіріне көшбасшы тағайындады. Олар адамдар сатқындықтан қайтқанша күресуге, оң жауап бергендердің тыныштығын алмауға бұйырылды. Бәрін азан даусы шешті, егер, олар азан шақырса, олар жергілікті мұсылмандарды жайына қалдыру керек еді. Сондай-ақ, мұсылмандарға да, Исламға сатқындық жасағандарға да арналған жолдау жазды. Шабармандар оны аймақтардың түкпір-түкпіріне жеткізіп, оқып беруге тиіс болды. Мұнда ол адамдарды Алла бекіткен күйде Исламды толық қабылдауға шақырып, одан бас тартқан жағдайда болатын екі дүниедегі шығынды ескертті. Сөздері тастан да ауыр еді...
Әл-Асуад әл-Әнси, Туляйха әл-Асади және Мәлик ибн Нууайра секілді діннен бет бұрушылардың көшбасшылары жеңіліс тапты. Мусайләма және бану Ханифа секілді өздерін пайғамбар жариялаған опасыздар да өлім құшты. Ямама, Бахрейн, Оман, Бузах, Йемен жеріндегі шайқастарда мұсылмандар көзсіз ерлік көрсетіп, Алланың діні үшін еш нәрседен тайсалмады. Қаншама жерді бағындырып, қаншама дұшпанға тойтарыс берген қолбасшы Халид ибн Уалидтің (р.а) еңбегі тіптен ерен. Алла Елшісі (ﷺ) ол туралы: «Халидті ренжітпеңдер! Шын мәнінде, ол – Алла дінсіздерге төндірген Алланың семсері» деген болатын. Ол өте қатал, аса жауапты, салқынқанды, шешім қабылдағыш тұлға болатын. Және әскери шеберлігі аса көркем еді. Ол Алланың дінін қорғау үшін аттан түспеді және ол үшін Алланың разылығы мен сыйынан басқа еш нәрсе дәметпеді. Ол әскерді басқарып қана қоймай, өзі де қатарда шайқасатын. Сахабалар ол туралы: «сабыры мысықтың сабыры секілді, ал ұмтылғанда арыстандай бола шығатын» деп айтқан. Ол өз қол әскеріне тәкәппарлана қарамайтын, өзіне олардан артық санамайтын, олардың артына тығылмайтын. Үнемі алдыңғы шепте жүретін.