2016-11-26 (0) (33802)

ҚАРЫЗ АЛУШЫ БІЛУІ ТИІС 10 ӘДЕП

ҚАРЫЗ АЛУШЫ БІЛУІ ТИІС 10 ӘДЕП

(2-бөлім)

Қарыз – берсең сауап, алсаң аманат болып жазылатын дүние. Егер сіз аса зәру жағдайда ғана қарыз алып, оны қайтаруды ниет етсеңіз әрі тезірек беруге бел байласаңыз мұсылман әдебімен амал жасаған болып есептелесіз. Мақаламыздың өткен жолғы санында қарыз алудың бірнеше әдептерін санамалап өттік.  Бұл жолы қарыз тақырыбына қорытынды жасаймыз.

ҚАРЫЗ  АЛУШЫНЫҢ  БІЛУІ  КЕРЕК  АЛТЫНШЫ ӘДЕБІ: МЕРЗІМІНДЕ ҚАЙТАРУҒА ШАМАСЫ ЖЕТПЕСЕ, МҮЛІК ИЕСІНЕ БАРЫП ЖАҒДАЙЫН БАЯНДАУ, ҚОСЫМША УАҚЫТ БЕРУІН ӨТІНУ.

    Берешегін уақтылы қайтаруға шынында да шамасы жетпеген кісі қарыз берушіні өзі іздеп тауып, жағдайды түсіндіруі керек. «Әйтеуір бір берермін, шыдай тұр» деп жалпылама айта салу араға шайтанның түсіп, ұрыс-жанжалдың туындауына алып баруы ықтимал. Өз кезегінде қарыз беруші де мейірім танытқаны орынды. Себебі, Алла Тағала Құранда  «Кімде-кім (қарыздар кісі) қиын жағдайда болса, онда жеңілдегенше күту (керек). Ал, садақа етулерің, егер білсеңдер, өздерің үшін қайырлы» ( «Бақара» сүресі, 280-аят.)

Келесі бір әдеп уақтылы қайтара алмай қалған жағдайға байланысты: мәселен, мен қарызды  қыркүйектің он бесінде қайтарамын деп уәде бергеніммен  оған біраз мәселелер тосқауыл болса, қарыз берушіге барып мән-жайды түсіндіргенім абзал. Әрі қарызды қыркүйектің он бесіне емес, қарашаның біріне дейін беремін деп жаңа келісім-шарт жасасу орынды. Бұл адамдар арасындағы өзара сенімділікті одан сайын арттыра түседі.  Мұндағы басты мақсат – берушіні сабырға шақыру және алушының аманатқа деген жауапкершілігін күшейту. Жаңа келісім жасау берушіні де алушыны да разы етеді. Осылайша уәжіңіз әдеппен айтылса әрі құжат түрінде бекітілсе, сенім күшейеді. Сенім бар жерде бірлесіп атқаратын жарқын істердің аясы кеңейе түседі.

 "Ей иман келтіргендер!  Егер бір-біріңе белгілі бір мерзімге дейін қарыз берсеңдер, оны жазыңдар. Бір хатшы сендердің араларыңда әділдікпен жазсын... Және (қарыз) кіші не үлкен болса да, оны мерзімімен қоса жазудан ерінбеңдер. Осылай ету – Алланың алдында әділдірек әрі куәлік тұрғысында туралыққа және күмәнданбауларыңа көбірек жақын..."("Бақара" сүресі, 282-аят).

   Қарызды жазудың пайдасы: біріншіден, Алланың бұйрығын орындау болса, екіншіден, жауапкершілікті күшейту. Қарызды қайтаруда мерзімін ұмытып кетудің еш айыбы жоқ. Мұндай жағдайда әлгі кісі қарызды әдейі созған болып есептелмейді. Тек есіне түскенде мүлік иесіне жылдам хабарласып, жағдайын түсіндірсе болғаны.

ҚАРЫЗ  АЛУШЫНЫҢ  БІЛУІ  КЕРЕК  ЖЕТІНШІ ӘДЕБІ: ЕГЕСІ ҚАРЫЗДЫ УАҚЫТЫЛЫ ТАЛАП ЕТІП КЕЛСЕ ОҒАН ШАМДАНБАЙ, САБЫР САҚТАУ, ЖҰМСАҚТЫҚ ТАНЫТУ.

   Қандай жағдай болса да ашуды жұтып, барынша сабыр сақтау әдепті мұсылманның сипаттарынан.  Біреу хақысын талап етіп келгенде орынсыз ашу шақырып: «Осы ақшаға қарап қалдың ба? Мені мазалай берме. Қолыма қаржы тиген күні қайтарамын, кетші әрі» деп дөрекі сөйлеу екі араны суытқаны былай тұрсын, адамдардың бір-бірімен жауласуына алып барады. Қарыз берушінің бізді мазалап, табалдырығымызды тоздыруына кінәлі өзге емес, өзіміз. Аларын алып, қайтаруға келгенде әртүрлі сылтау айтып, біреуді кінәлі көріп балағаттау, реніш таныту мұсылманға жат қылық. Керісінше, сені іздеп келген адамның көңілін тауып, кешірім сұрап, бере алмаған себебіңізді айтсаңыз құба-құп.

ҚАРЫЗ  АЛУШЫНЫҢ  БІЛУІ  КЕРЕК  СЕГІЗІНШІ ӘДЕБІ: ҚАРЫЗДЫ КӨРКЕМ ТҮРДЕ ҚАЙТАРУ.

Егер бұл әдеп орындалса қарыз берушінің көңілі көтеріліп, сізге деген сенімі күшейеді. Және ол келесі жолы да дәл осындай ізгі амал жасауға өзін бұйырады. Берешегімізді көркем түрде қайтару – адамдардың достығын, бір-біріне деген мейірімі мен жанашырлығын күшейтеді.  Бұл өз кезегінде қоғамның тұрақтылығына әсер етеді. Сен алғанда қандай қуанышпен алсаң да берерде де сол кісіні қуантуың керек.

ҚАРЫЗДЫ КӨРКЕМ ТҮРДЕ ҚАЙТАРУ ӘДЕПТЕРІ:

1.     Уақытылы қайтару;

2.     Қарыз берушіні өзі іздеп келуге мәжбүрлемеу;

3.     «Алып кел»  деген жеріне өз аяғымен апарып беру;

4.     Алған заты ақша болса ақшалай, зат болса заттай қайтару;

5.     Көңіл қалауынша  одан да жақсырақ қылып қайтару;

6.     Берерде алғыс айту, оның өмірінің берекелі болуын Алладан сұрау.

    Қиналған кезде қол ұшын беруге асыққан жан – рахмет деген сөзді естуге лайықты. Қазақта алғыс айтудың бірнеше түрі бар. «Алла алдыңнан жарылқасын», «Құдайдан қайтсын», «Алла разы болсын», «Алла өзіңе, бала шағаңа және ұрпағыңа берекелі өмір нәсіп етсін» деген тіркестер соның айғағы.  Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдарға алғыс білдірмейтін адам Аллаға шүкір етіп жарытпайды»  деген.

Жәбир ибн Абдуллаһтан (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «(Бірде) Пайғамбарға ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сәске кезінде мешітте (отырғанда) келдім. Ол (маған): «Екі ракағат намаз оқы!»,—деді. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) маған қарыздар еді, қарызын қайтарып, артығымен берді» деген.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Жәбирге (оған Алла разы болсын) қайырымдылық жасау мақсатында қарызын артығымен қайтарған. Мәселен, көршімізден арық тоқты алсақ қайтарарда семізін беру жақсырақ. Қарызды одан жақсы етіп қайтару сүннет әрі көркем мінез-құлық үлгісі. Жақсы етіп қайтару оның сапасын да мөлшерін де қамтиды.  Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің жақсыларың қарызды қайтаруда жақсыларың» деген. Қарыз беруші Алланың ризалығын көздеп береді.  Ал алушы болса мүмкіндігінше қайтару үшін алады. Өмірі бойы Алладан дұға тілеп, қарыз берушіге игілік дұға тілеп, соның тілекшісіне айналады.

ҚАРЫЗ  АЛУШЫНЫҢ  БІЛУІ  КЕРЕК  ТОҒЫЗЫНШЫ  ӘДЕБІ: АЛҒАН БЕРЕШЕГІН ХАРАМ ЖОЛҒА ЖҰМСАМАУ.

Үмбетей жырау «Сырт тазасы не керек, тазарт әуел ішіңді» деп өсиет етсе, Жүсіп Баласағұн «Құлшылық қыл, хаққа беріп ойыңды, Күнәдан қаш, аулақ ұстап бойыңды» дей отырып күнәнің ауыр зардаптары мен құрдымға алып баратын іс екенін түсіндіреді. Өзгеге қарызданғанымен қоймай, ол ақшаны харам іске жұмсау күнәні арттырады. Алланың ашуын шақыратын әрекет жасасаңыз әлгі қарызыңызды мүлдем қайтара алмай қалуыңыз мүмкін. Қарыз алған соң оны арақ шығаратын зауыттарға, зинақорлық ордаларын салуға, күнәлі іске жұмсау да – қарыз алудың әдептеріне жатпайды. Пайызы бар ақша күліп кіріп, жылап шығатын дүние. Оның екі дүниеде де сауабы жоқ. Себебі Алла Тағала қасиетті кітап Құранда «Сауданы халал, өсімді харам еттім» деген. Біз бір ауыз сөзге тоқтаған бабалардың ұрпағымыз. Ендеше Ұлы кітапта айтылған осы ескертуге құлақ асайық. Пайызбен қарыз алудан және алған қарызымызды өзгеге пайызбен беруден сақтанайық. 

ҚАРЫЗ  АЛУШЫНЫҢ  БІЛУІ  КЕРЕК ОНЫНШЫ  ӘДЕБІ: ҚАРЫЗДЫ ТЕЗ ҚАЙТАРУҒА СЕБЕП БОЛАТЫН ДҰҒАЛАРДЫ ОҚЫП, АЛЛАДАН ЖӘРДЕМ СҰРАУ.

Тек қана өзінің күш-қуатына сүйену, қарым-қабілетіне сену дұрыс тәуекелге жатпайды. Адам алған қарызынан жылдамырақ құтылу үшін әрбір ғибадат кезінде  Аллаға жалбарынып, көмек сұрауы қажет.  Дұға – құлшылықтың өзегі. Дұға – мұсылманның қаруы.  Бізге күре тамырымыздан да жақын болған Жаратушы иеміз өзінен жәрдем сұраған мұсылманның өтінішіне міндетті түрде жауап береді. Егер Алла қаласа ризықтандырып, қарыздан тезірек құтылуға жағдай жасайды.

 Сахабалардан Әбу Саид Худри (оған Алла разы болсын) баяндайды:  «Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешітке кіріп ол жерде Әбу Умамәні көрді. Одан «Ей Әбу Умамә! Мен сені неге мешітте намаз уақытынан тыс уақытта көріп тұрмын?» деп сұрады. Әбу Умамә: «Мені қаптаған дерттер мен қарыздарымның кесірінен, я, Расулаллаһ!» деп жауап берді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Саған бір дұға үйретейін, бұл дұғаны оқығаныңда Алла дертіңе дауа береді, қарыздарыңнан құтылдырады. Таңертең және кешке осы дұғаны оқы» дейді. Ол: «Я Раббым! Қайғы-қасіреттен, дерттен, қабілетсіздіктен, жалқаулықтан, қорқақтықтан, сараңдықтан, қарызымды қайтара алмаудан және адамдардың қысымынан саған сыйынамын» - деген дұға.

Әбу Умамә: «Осы дұғаны оқыдым, дертім де жоғалды, қарызымды да төлеп құтылдым» деген екен. Мінекей, бауырлар, бұл берешегімізден тезірек құтылуға себеп болатын негізгі әдептердің бірі.

 «Уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің» демекші өтелмеген қарыз уайымды күшейтіп, жүйкеңізді тоздырады. «Тәуекел түбі желқайық, мінесің де өтесің» демекші, Аллаға ғана тәуекел етіп, мұсылман әдептерін өмірлік ұстанымға айналдырсақ игі. Хадисте Алла маған қарыз болсаң бол, пендемде қарызың болмасын деген. Алла пенденің ақысын кешпейді. Қайтармайынша тәубесі де қабыл бомайды. Қиямет күні қарыздан тек сауаппен құтылады. Тіпті өзгелердің күнәсін арқалап кетуі мүмкін. Сол үшін бұл дүниеде пендеге қарыз болып кетпеу керек.

    «Мұсылман бар мақсаты дүние болып, дүниеден басқаны ойламайтын адам емес. Мұсылман елге масыл, жатып ішер жалқау да емес. Ислам өмір үшін ерінбей еңбек ететін әрі ақыретке дайындығын қатар алып жүретін адамды нағыз мұсылман деп таниды» деген ислам ғұламалары. Сол үшін екі қолға бір күрек табылатын қазіргі уақытта тынымсыз еңбек етіп, қарызданбауға тырысайық. Ал қарыз алуға мәжбүр болсақ мақалада сөз болған мұсылман әдептерін ұмытпайық.

Сонымен, ҚАРЫЗ АЛУШЫНЫҢ ӘДЕПТЕРІ:

1.     ҚАРЫЗДЫ АСА ЗӘРУ ЖАҒДАЙДА ҒАНА АЛУ;

2.     ҚАРЫЗ АЛАРДА ТЕЗІРЕК ҚАЙТАРУДЫ НИЕТ ЕТУ;

3.     ІЗГІ АДАМНАН ҚАРЫЗ АЛУ;

4.     ҮНЕМІ ҚАРЫЗ АЛУҒА ӘДЕТТЕНБЕУ,  МҮМКІНДІГІНШЕ АЛМАУ, АСА ЗӘРУ ЖАҒДАЙ ТУЫНДАЙ ҚАЛСА, ӨЗІНЕ ҚАЖЕТТІ МӨЛШЕРДЕН АЗЫРАҚ АЛУ;

5.     ҚАРЫЗДЫҢ МЕРЗІМІН СОЗБАЙ УАҚЫТЫЛЫ ҚАЙТАРУ; 

6.     МЕРЗІМІНДЕ ҚАЙТАРУҒА ШАМАСЫ ЖЕТПЕСЕ, МҮЛІК ИЕСІНЕ БАРЫП ЖАҒДАЙЫН БАЯНДАУ, ҚОСЫМША УАҚЫТ БЕРУІН ӨТІНУ;

7.     ЕГЕСІ ҚАРЫЗДЫ УАҚЫТЫЛЫ ТАЛАП ЕТСЕ ОҒАН ШАМДАНБАЙ, САБЫР САҚТАУ, ЖҰМСАҚТЫҚ ТАНЫТУ;

8.     ҚАРЫЗДЫ КӨРКЕМ ТҮРДЕ ҚАЙТАРУ;

9.     АЛҒАН БЕРЕШЕГІН ХАРАМ ЖОЛҒА ЖҰМСАМАУ;

10.  ҚАРЫЗДЫ ТЕЗІРЕК ҚАЙТАРУҒА СЕБЕП БОЛАТЫН ДҰҒАЛАРДЫ ОҚЫП, АЛЛАДАН ЖӘРДЕМ СҰРАУ.

 

 

33802 рет оқылды