11:10 | «Маңызды мәселе» – Қайталау
2016-11-18 (0) (11947)

Әбу Бәкірдің (р.а) ыждағатты дұғалары мен қанатты сөздері

Әбу Бәкірдің (р.а) ыждағатты дұғалары мен қанатты сөздері

 

Алла Тағалаға дұға жасау – ұлы қақпа. Ол қайсыбір құлға ашылса, игілік пен береке құшағында қалмақ. Әбу Бәкір де (р.а)  дұға арқылы үнемі Алламен байланыста болуды қалайтын. Екінші жағынан, жеңіске жеткісі келетін мүміннің ең үлкен қаруы да – осы дұға. Алла Тағала Құранда: «Мені шақырыңдар (Менен сұраңдар), жауап беремін (тілектеріңді қабыл етемін)» - («Ғафир» сүресі, 40-аят) деген.

Алла Елшісінің () жанында үнемі болғандықтан, оның Алладан жеңіс пен жәрдем сұрайтындығына жиі куә болатын. Және өзінің дұғасының да Алла Елшісіне () ұқсағандығын қалады. Ол айтқан сөздермен Алланы мақтап, пәктегісі, кешірім сұрағысы келетін. Өйткені, өзге адамдардың сөздері қаншалықты көркем болса да, адамзаттың ұстазы, жол көрсетушісі айтқан мақтау, дұға сөздердің дұрыстығын, абзалдығын түсінетін. Бірде Әбу Бәкір (р.а) Алла Елшісінен () намазда және үйде Аллаға жалбарынатын сөздерді үйретуді сұрайды. Сонда Алла Елшісі (): «Былай де: «Иә Алла, мен өз-өзімді көп ренжіттім (не өз-өзіме зұлымдық жасадым), Сенен басқа ешкім күнәләрымды кешірмейді! Маған Өзіңнің кешіріміңді сыйлап, мені кешір және маған мейіріміңді төк, расында, Сен – Кешірімдісің, Мейірімдісің!» деген.

Бұл дұға құлдың Жаратушының кешіріміне мұқтаж екендігін және кешірімді Одан өзге ешкімнің бере алмайтындығын ұғындырады. Және Оның кешіріміне, мейіріміне деген үмітті оятары сөзсіз.

Әбу Бәкір әс-Сыддық (р.а)  тағы бірде: «Я,Алланың елшісі, маған таңертең және кешке қандай сөздер айту керек?» - деп сұрайды. Пайғамбар (): «Иә Алла, жер мен көктің Жаратушысы, ғайып пен анықты білуші, бәрінің Раббы мен Қожасы, Сенен басқа құдай жоқ деп куәлік беремін, сондай-ақ Өзіңе өзімнің нәпсімнен және шайтанның зұлымдығы мен тұзағынан сыйынамын де», - деді. Сосын Пайғамбар (): «Бұл сөздерді таңертең, кешке және төсекке жатарде айт», - деген.

 

Әбу Бәкірдің (р.а)   кейбір сөздерінен...

Әбу Бәкір әс-Сыддық (р.а)  қоғамда өз ойын тура әрі анық жеткізе білетін тұлға еді. Және бұл мақсатта ол өзінің көркем де шешен тілін жұмсайтын. Ол Алла Елшісінің () ең үздік сөз шеберлерінің бірі еді. Даналық тұрғысынан да, мораль тұрғысынан да оның тарапынан айтылған сөздер қысқалығымен, мазмұндылығымен ерекшеленеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін қаншама ғасыр бойы қағаздан қағазға ғана емес, жүректен жүрекке жетіп келе жатқан кейбір даналық сөздерінен үзінділер келтіре кетпекпіз...

«Уа, адамдар! Шын мәнінде, мен сендерді басқаруға тағайындалдым, бірақ, сендердің жақсыларың емеспін, және егер мен жақсы іс атқсарсам, көмектесіңдер, ал тура жолдан бұрылсам, қайтарыңдар. Шыншылдық –  сенім, ал өтірік – опасыздық.  Егер, Алла нәсіп етсе, мен оның құқығын қалпына келтірмейінше, әлсіздерің мен үшін ең күшті болады. Ал өзгелердің хақысын беруге мәжбүр етпегенімше, күштілерің мен үшін ең әлсіз болады... Адамдар арасында бұзықшылық кең таралса Алла оларға қайғы жібереді... Сендерге қатысты Алла мен Оның Елшісіне () бағынуымды доғармайынша, сендер де маған бағыныңдар. Егер Мен Алланың бұйрығын орындамасам, сендер маған бағынуға тиіс емессіңдер.... Намазға тұрыңдар, Алла сендерді панасына алсын!»

Сабырлыққа шақыруы: «Жұбату барда қасірет жоқ, тіпті, қайғырудың мәні де жоқ. Өлім – оны күтіп тұрғаннан оңай, бірақ, өлімнен кейінгі жағдай одан да ауыр. Алла Елшісінің () өлімін естеріңе алыңдар, сонда қайғыларың түкке тұрғысыз болып көрінеді және Алла сый-сауаптарыңды арттырады»

Бұзақы істерден тыюы: «Қараңғылықтың бес түрі және жарықтың (нұрдың) бес түрі бар. Бұл дүниеге деген махабат – қараңғылық, ал оның жарығы – тақуалық (Алланың жазасынан қорқып, сақтану). Күнә – қараңғылық, ал оның жарығы – тәубе. Қабір – қараңғы, ал оның жарығы – «Алладан басқа құлшылыққа лайықты Тәңір жоқ, Мұхаммед Оның Елшісі» деген куәлік сөзі». Мәңгілік өмір – қараңғы, ал оның жарығы – ізгі амалдар. Сырат – қараңғылық, ал оның жарығы – сенімді әрі дұрыс білім».

Жұма күні мінберден сөйлеген сөзінен: «Уа, адамдар! Алладан игілік сұраңдар, шын мәнінде, Ол ешкімге дұрыс білімнен кейін игіліктен артық нәрсе берілмеген. Әрдайым шыншыл болыңдар, өйткені, шыншылдық әрдайым ізгіліктің жанында. Өтіріктен алыс болыңдар, өйткені, ол бұзақылықтың жанында және Тозаққа алып барады. Бір-бірлеріңмен қарым-қатынастарыңды үзбеңдер, теріс қарап жүрмеңдер, өзара жеккөрушіліктен бас тартыңдар, бір-біріңді күндемеңдер, бауыр болыңдар, уа, Алланың құлдары!».

«Уа, мұсылмандар! Ұлы Алладан ұялыңдар! Жаным қолында болған Алланың атымен ант етейін, мен ешкім жоқ жерге қажеттілігімді өтеу үшін барғанда да, Ұлы Раббымнан ұялғандықтан, киімімді бүркемелеп отырамын»

«... Мен сендерге Алладан қорқуды және Оған тиіс түрде мақтау-мадақ айтуды, қорқа отырып, Оның мейірімінен үміт етуді және Оған үнемі дұға жасауды өсиет етемін, өйткені, Алла Зәкәрия (ғ.с)  мен Оның отбасын (ғ.с)   мақтап былай деді: «Олар  жақсы істерді істеуге ұмтылатын. Бізден үміт және қорқумен тілейтін әрі Бізге беріле бойұсынушы еді» («Әнбия» сүресі, 90-аят)... Сендерге берілген бұл Алланың Кітабы – сарқылмайтын ғажайып және сөнбейтін нұр. Оның Сөзіне сеніңдер де, Оның Кітабын өздеріңе кеңесші етіңдер және қараңғы күн үшін одан алған нұрларыңмен қамданыңдар. Ақиқатында, Ол сендерді құлшылық үшін жараттты және мәртебелі жазушыларға сендерді бақылауды тапсырды, олар сендердің не істегендеріңді біледі... Біліңдер, уа, Алланың құлдары. Сендер өздеріңе белгісіз уақытта кетесіңдер және қайта келесіңдер. Егер ажалдарың сендерді Алла үшін еңбектеніп жатқанда табатындай ете алсаңдар, солай жасаңдар. Алайда, мұны Алланың жәрдемінсіз істей алмайсыңдар. Сендерге берілген мерзім мәресіне жеткенге дейін игі іс жасауға асығыңдар. Асығыңдар, асығыңдар, өйткені, алда – құтылу, артта – табанды әрі жылдам аңдушы бар. Сендерге әкелерің, балаларың, бауырларың ғибрат болсын!».

«Өздерің білген достарың, бауырларың қазір қайда? Олар өздері дайындағанға қайтты. Олар өмір сүрген күндерінде қандай амал жасаған болса, соны тапты... Бақыт немесе бақытсыздық құшты. Кезінде қалалар тұрғызып, қамалын тастан соққан атақтылар қайда? Өздері жартастар мен құдықтардың астарында қалды. Өздерінің жастығы мен сымбатына тәуекел еткен, көркем жүзді, сұлу бозбалалар қайда? Соғыста әлсіздің қанын төккендер ше? Оларды уақыт сындырды және қабір қараңғысына қамалды. Олар алыс әрі ұмыт қалды. Тіпті, мүлде болмағандай... Алла үшін айтылмаған сөзде жақсылық жоқ және Алла үшін жұмсалмаған мал-мүлікте жақсылық жоқ, надандықтан жеңілген сабырлықта жақсылық жоқ, Алланың бұйрығын орындауына  кедергі болған жанда жақсылық жоқ. Алла Тағала Өзі игілік беріп, жамандықтан қорғайтын жаратылыс пен екеуінің арасындағы қарым-қатынас ешбір туыстық қатынасқа ұқсамайды. Мұндай қарым-қатынастан тек қана Оның бұйрығын орындап, бойұсынғандар ғана үміт ете алады. Біліңдер, сендер – Оның құлысыңдар және барлығы үшін Оған қарыздарсыңдар... Расында, соңынан от ілескен «жақсылықта» жақсылық жоқ, соңынан Жәннат ілескен «жамандықта» жамандық жоқ. Біліңдер, ізгі амалдарды атқару арқылы сендер Оған бағынған боласыңдар әрі өз хақыларыңды сақтайсыңдар. Аллаға мұқтаж болғандарға Одан қорқуды,  тиісті түрде мақтау-мадақ айтуды және Одан кешірім сұрауды өсиет етемін. Ақиқатында, Ол – Кешірімді. Мен осыны айта отырып, өзім үшін және сендер үшін Алладан кешірім сұраймын».

 

 

11947 рет оқылды