2016-11-15 (0) (12902)

Бала тәрбиесіне қажетті алтын ережелер және ізгі ананың өнегесі

Бала тәрбиесіне қажетті алтын ережелер және ізгі ананың өнегесі

 

         Бала тәрбиесі ‒ ата-ана жауапкершілігіндегі ең маңызды іс. Баланың бүгініндегі әрбір әрекетіміз олардың ертеңіне міндетті түрде әсер етеді. Бала көргенін қайталайды, сіңіргенін шығарады, ұққанын ұстаным етіп алады. Сондықтан да бала дамуының әр кезеңінде де Аллаға жүгініп, барынша ұстамдылықпен, даналықпен тәрбиелеу, көркем өнеге болу ‒ әрбірімізге міндет. Осы ретте, көмегі болар деген үмітпен, төмендегі ережелерді назарыңызға ұсынамыз.

1)    Ешқашан балаңызды жындармен, қорқынышты елес, құбыжықтармен қорқытпаңыз! Мұның соңы, сау басына сақина тілегеннің керін кигізіп, үлкен өкінішке қалдыруы мүмкін. Бала жүрегіне қорқыныш кіріп кетпеуіне баса мән беру керек. Себебі, қорқыныш пен үрей ‒ бар бәленің басы, көптеген мәселенің тамыры. Әрдайым бала жүрегіне сенімділіктің дәнін сеуіп, батылдыққа үйретіңіз, жүрек тыныштығын қадағалаңыз.

2)    Баланы ұқыптылыққа баулып, жеке тазалық ережелерін үйрету ‒ оның денсаулығын нығайтатын себептерден. Жаздың күндері күн сайын жуындырған абзал. Себебі, тазалық ‒ денсаулық кепілі.

3)    Балаға өз қолымен мұқтаждарға садақа: тамақ, киім, ақша т.б беруді үйретіңіз. Бұл оның сараңдықтан алыс, жүрегі жомарт, қолы кең, мейірімді болып өсуіне ықпал етеді.

4)    Балаңыздың айқайлауына, сөйлегенде қатты дауыспен сөйлеуіне жол бермеңіз. Мұның сондай жағымсыз қылық екенін әрі ең жаман дауыс ‒ есектің даусы екенін ескертіңіз.

5)    Балаларыңыздың, мінезі нашар әрі оқуға еш ықыласы жоқ, сондай-ақ ысырапшылдыққа бейім балалармен араласуына жол бермеңіз.

6)    Баланың санасына: өтірік, өсек, ғайбат, ащы тілмен сөйлеу, намысты қорлайтын сөздерді айтудың, алдап-арбау, алаяқтылықтың жиіркенішті нәрсе екенін сіңіріңіз. Басқа да жарамсыз қылықтарға жек көрушілігін тудырыңыз. Егер баланың бойында аталған жаман әдеттерден бірі байқалса, алдын алып, балаға қолдануға болатын шарамен жазалау қажет. Мұндай олқылыққа қаперсіздікпен не махаббат себепті көз жұма қарау, онысын дер кезінде қолға алмау, болашақта зор өкініште қалдыруы мүмкін.

7)    Бала өздігінен тамақтана алатын жасқа жете бастағаннан-ақ, өзінше тамақтануды үйреткен жөн. Тамақтан алдын және кейін қол жууға, оң қолмен және өз алдынан ғана жеуге әдеттендіріңіз. Сондай-ақ, тамақты қатты тоя жемеуге үйретіңіз. Бұл баланы түрлі аурулардан, іштарлық пен қызғаныштан сақтандырады.

8)    Балалардың үлкендерсіз базарға баруына жол бермеңіз. Егер, өзіңізбен бірге базарға ертіп барсаңыз, онда қажеттен тыс көп жүрмеген жөн.

9)    Өзге адамдардан ештеңе сұрамауға, тек отбасы мүшелерінен ғана сұрауға болатынын әрі рұқсатсыз ештеңені алуға болмайтынын үйретіңіз.

10)                      Баланы шамадан тыс мәпелеуге, шектен тыс жақсы көруге дағдыланбаған абзал. Себебі, үнемі солай болуы ‒ баланың мінезіне кері әсер етіп, өзімшілдікке әкеліп соғуы мүмкін.

11)                      Егер бала әлденені бүлдіріп не біреумен төбелесіп қалса, оған баяу үнмен түсіндіріп, ескерту жасаңыз. Бұзықтығына «менің балам осындай» деп қолпаштау, мәз болу, бетінен қақпау әсте дұрыс емес. Кейін келе мұндай бала мүлде айтқанға көнбейтін, тыңдамайтын болып, түзету қиынға соғады.

12)                      Балаңыз жеті жасқа толғанда пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өсиетіне сәйкес намаз үйретіңіз. Он жаста намазға тұрғызыңыз.

13)                      Жаттай алатын, әріп танитын жасқа жеткенде, Құран жаттатыңыз. Ең жақсы, ізгі ұстазды таңдап, сабақты жіберіп алмауына мән беріңіз.

14)                      Балаға пайдалы, ғибратты, өнегелі оқиғалар мен әңгімелерді жиі оқып беріңіз. Бейәдеп шығармаларды оқудан, пайдасыз фильмдерді көруден аулақ болуын қадағалаңыз.

15)                      Мектептен не медреседен келген балаға аздап еркіндік беріңіз. Ойнасын, демалсын, өзінше дамуына мүмкіндік болсын.

16)                      Балаңызға қандай да бір өнер немесе кәсіп үйретіңіз. Өйткені оған келешекте сол өнердің зор пайдасы тиюі мүмкін.

17)                      Балаға кейбір істерді өзінің істеуін, әр нәрсені орнына қоюын бұйырыңыз. Мәселен, өз шашқанын жинап жүруді, сабақтан соң киімдерін орындарына қоюды, төсегін өзі салып, өзі жинап кетуді...

18)                      Қыз баланы ас әзірлеуге, тігін тігу мен үй шаруасына қызықтырыңыз.

19)                      Егер балаңыз қандай да бір жетістікке жетсе, табысының үлкен-кішілігіне қарамастан оны шын пейілмен құттықтап, оған деген мейірім, махаббатыңызды төгіңіз. Жетістігі үшін сыйлықпен  марапаттап, қуанышын  үстемелеңіз. Бұл оны тағы сондай жетістіктерге жетелеп, өзіне деген сенімділігін арттырады.

20)                      Баланы үлкендерді құрметтеуге, қай адаммен қарым-қатынасында да кішіпейіл болуға, өзгенің көңіліне қаяу, кісі хақысына қол салмауға тәрбиелеңіз.

21)                      Бала бойында ақиқатқа бойсұнушылық пен қарапайымдылықты жетілдіріңіз. Мақтаншақтыққа, тәкаппарлануына жол бермеңіз.

22)                      Өз қателігін мойындаудан қорықпауға үйретіңіз. Әрі қателесудің адамға тән сипат екенін, оны түзетумен кемелдікке жол ашыла түсетінін түсіндіріңіз...

Ізгі ана осы жолда не істейді?..

         Ізгі ана ‒ игі ұрпақты дүниеге әкелген соң, асыл дінінің талаптарына сәйкес тәрбие береді. Ол күн шықпай тұрып оянып, балаларын да таңғы намазға оятады. Намаздан соң Раббысынан иманын күшейтуді, Оның заңымен жүруін жеңілдетуді, Ислам дінін дұрыс түсініп, амал етуді, ұрпағына көркем, жақсы тәрбие беруді Алладан тілейді. Ол осылай үнемі дұға қылады. Осыдан кейін барлық балаларын жинап, кәлима сөзін (Лә иләһә иллә Алла ‒  «Алладан басқа тәңір жоқ» деп) айтқызады да келесідей өсиеттермен ақыл береді:

1)    Ата-аналарыңды, ұстаздарың мен үлкендерді сыйлаңдар, құрметтеңдер, оларды тыңдаңдар.

2)    Өздеріңнің аға-іні, қарындас-әпке бауырларыңмен өзара тату болып, келісімде өмір сүріңдер.

3)    Бауырларыңмен, достарыңмен тартыспаңдар, таласпаңдар, ұрысқа жол бермеңдер.

4)    Туыс-туғандарыңа үнемі жылы қабақта болып, әрдайым күлімдеп қарсы алыңдар, оларды сыйлап, қадірлеңдер.

5)    Бейпіл ауыз болмаңдар, балағат, боқауыз, жаман сөздерден алыс болыңдар. Ондай сөздерге лайық болмағайсыңдар.

6)    Барлық мұсылмандарға өз бауырым деп қараңдар.

7)    Ақсаққа, көзі көрмейтіндерге, мүгедектерге жәрдем беріңдер.

8)    Көкіректік пен тәкаппарлық көрсетпеңдер. Ешкімге қолмен де, тілмен де зиян тигізіп, ренжітпеңдер.

9)    Қашанда тек шын сөйлеңдер. Ақиқатты айтыңдар. Өтірік сөзден аулақ болыңдар.

10)                      Уәде берсеңдер, оны бұзбаңдар. Өзгелер туралы өсек сөз, ғайбат айтпаңдар.

11)                      Ұрлық қылмаңдар. Ұнамсыз, көргенсіз қылықтарды жасамаңдар.

12)                      Мұқтаждарға күлімдеп болса да садақа беріңдер. Қолдарыңнан келіп тұрса, кедей-кепшіктерге көмек қылыңдар. Алланың бұйырғандарымен жүріп, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетіне ілесіңдер. Әрі барлық құлшылықтарың мен амалдарыңды тек Алланың разылығы үшін жасаңдар да оны ешкімге міндетсінбеңдер...

Ізгі ана осылай өсиет айтқан соң, кешкісін балаларын қайта жинап, олардан айтылғандарға қаншалықты амал еткендерін сұрайды. Егер қай бір баласы ережені сақтамаған болса, сабырмен, баяу үнмен, мейірімі және даналықпен қайта түсіндіреді, бағыт береді. Ұрпағының бойына бұл әдеттер әбден сіңіп, амал-әрекеттерінен көрініс тапқанға дейін иманды ана балаларына көркем үлгі болуын, оларды жақсылыққа бағыттауын, үнемі өсиет айтып, дұға қылуын тоқтатпайды. Мұндай тәрбиені сіңіріп өскен ұрпақтың ертеңі жарық, жолы ашық, халқына пайдалы, ал ата-анасына екі өмірде де қайырлы болмақ, Алла қаласа...

12902 рет оқылды