09:45 | Ем болсын
2016-11-09 (0) (11387)

«ОТЫЗ ТІСТЕН ШЫҚҚАН СӨЗ» НЕМЕСЕ БІЗ БАЛАМЫЗҒА НЕ АЙТЫП ЖҮРМІЗ?

«ОТЫЗ ТІСТЕН ШЫҚҚАН СӨЗ» НЕМЕСЕ БІЗ БАЛАМЫЗҒА НЕ АЙТЫП ЖҮРМІЗ?

  

    Қазанда не болса, шөмішке сол ілінеді. Қазақтың «Ішімдегінің бәрі тілімде, тілімдегінің бәрі түрімде» дейтін сөзі дөп басып дәл айтылған теңеу десек қателеспейміз. О баста тек жақсылық пен мейірімділікті насихаттауға бұйырылған тіліміз кейде ашуға булыққанда зәрін төгіп-төгіп алатыны жасырын емес. «Бал тамған тілден у да тамады». Дегенмен, біз баламызға не айтып жүрміз? Оның бала болашағына әсері қандай? Осы туралы ойланып көрдік пе?

   «Жексұрын», «атаңа нәлет», «атың өшкір», «иттің баласы», «қояншық», «құрып кеткір», «оңбаған», «сорлы», «қара жер тартқыр», «жер жұртқыр»... Тізбектей берсеңіз, мұндай қорқынышты сөз тіркестері көп-ақ. Біріміз анда-санда абайсызда айтып қалсақ, енді біріміз үнемі қолдануымыз мүмкін. Алайда, қай-қайсысын алсақ та, мағынасы қарғысқа барып тірелетінін бағамдай бермейтініміз тағы бар. Мәселен, «атаңа нәлет» сөзінің түбірінде «сенің атаңа лағынет!» деген қарғау жатыр. «Сорлы» деп сорлағанын, ал «оңбаған» деу арқылы өзгенің оңбай кеткенін қалаған боласыз. «Иттің баласы», «жер жұтқырды» бала-шағаға қолдану түптің-түбінде берекесіздікке алып барады. Сондықтан отыз тістен шыққан сөздеріміз дұға, бата есебінде кететінін ескерсек, былапыт, бейпіл сөздерден ауылымызды алыс ұстағанымыз жөн. Тіл түзелсе, ел де түзеледі. Ардақты Пайғамбарымыздың өзі (): «Кімде-кім Ақырет күніне сенсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», - деген жоқ па еді?

   Сіз айтқан жақсы сөз мұратқа жеткізеді, ал керісінше қарғыс ұрпағыңыздың өміріне балта шабады. Сіз аңдымай сөйлеген кей сөзден талай жан, талай ұрпақ қан жұтып, қайғы шегіп, расымен де оңбай кетуі мүмкін. Сол себепті, өзгені қарғап-сілегенше оларға жақсы дұға тілеген әлдеқайда тиімдірек. Бабаларымыз ашуланса да «бар болғыр», «өркенің өскір» деп жақсы сөзді жарым ырысқа балаған. Болар елдің баласы бірін-бірі батыр демей ме? Олай болса, қарғыстың орнына алғыс айтуды дағдымызға айналдырғанымыз жөн-ақ. «Атың өшкірдің» орнына «өркенің өскір», «құрып кеткірдің» орнына «бар болғыр», «тұқымың құрғырдың» орнына «тұқымың жайылғыр», «атаңа нәлеттің» орнына «жақсы атаның баласы екен» десек, қандай ғанибет болар еді?!

11387 рет оқылды