17:15 | Хадис уақыты
17:35 | Ем болсын
17:45 | Құран уақыты
Руханият 2017-09-26 (0) (183143)

САПАРҒА ШЫҚҚАН АДАМҒА ҚАНДАЙ ЖЕҢІЛДІКТЕР БАР?

САПАРҒА ШЫҚҚАН АДАМҒА ҚАНДАЙ ЖЕҢІЛДІКТЕР БАР?

Ата дінімізде адамның шамасы жетпейтін, орындалуы мүмкін емес нәрсе жоқ. Себебі – Алла Ұлы, Құдіретті, Күшті және мұндай ұлылықты жаратылысынан талап етпейді. Құранда бұл туралы: «...Ол сендерді таңдады әрі Ол сендерге дінде ешбір қиындық жасамады» («Хаж» сүресі, 78-аят) делінеді.

Тақырыбымызға арқау болып отырған «сапар» ұғымына артық анықтама қажет емес секілді. Өйткені, сапарға шықпайтын адам кемде-кем. Сол себепті бұл әркім үшін маңызды тақырып болып отыр. Хадисте: «Сапар—азаптың бір бөлігі. Ол оны ішіп-жеуден және ұйқыдан тияды. Егер (кісі) шаруасын тындырса, отбасына асықсын», (Муслим) делінуі адам үшін сапардың қолайсыз жағдай екендігіне нұсқау бар. Осындайда шариғатымыз мұсылманның өмірін барынша жеңілдетуге тырысады.

 

Сапарда жасай алмаған құлшылығың  үшін де сауап аласың!

 

Алла сондай Кең әрі Жомарт! Жолаушыға жасамаған амалы үшін де сауап алуға мүмкіндік беріп қойған!

Әбу Мұсадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Пенде ауырса не сапарда болса, ол үшін тұрғылықты, дені сау кезінде істеп жүрген амалдарындай (сауап) жазылады»,—деп айтты»,—деген. (Бұл жерде пенденің жайшылықта істеп жүрген, бірақ науқастануы не сапарда болуы себепті орындай алмай қалған игі амалдары туралы айтылған).

 

Сапардан үйіңе қарай асық!

 Мәлик ибн Хуайристен (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Қауымымның бір топ адамымен Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келдім және оның қасында жиырма күн тұрдық. Ол өте мейірімді және аса жұмсақ еді, біздің отбасыларымызды сағынғанымызды көргенде: «(Елдеріңе) қайтып, олардың арасында болыңдар және оларға (дінді) үйретіп, намаз оқыңдар. (Жолда) намаз (уақыты) болса, сендерге біреулерің азан айтып, жасы ең үлкендерің имамдыққа өтсін»,—деді»,—деген (Бұхари).

 

 

Сапардағы адам үшін намазға байланысты жеңілдіктер!

 Мазхабымызда сапарға шыққан адамға парыз намаздарын қысқартып оқуға рұқсат береді.

Яхия ибн Әбу Исхақтан жеткен хадисте: «Әнәстің (Алла оған разы болсын): «Пайғамбармен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинадан Меккеге шықтық. Ол  Мәдинаға қайта оралғанша екі-екі ракағаттан намаз оқыды», – дегенін естідім. Одан: «Меккеде тұрдыңдар ма?» – деп сұрадым. Ол: «Онда он күн тұрдық», – деп жауап берді», – деді (Бұхари).

 

Жолаушы атану үшін қандай шарттар қойылады?

 Шариғатта жаяу жүріспен үш күндік не одан да алыс жерге он бес күннен аз уақытқа барғысы келген адам жолаушы саналады. Қазіргі кезде ол шамамен сексен бір шақырым деп есептеледі. Ал кейбір ғалымдар оны сексен тоғыз шақырым деп санаған дұрыс дейді (Әл-фиқһ әл-Ханафи фи сәубиһил-жәдид, I том, 310-бет).

Сапарға шығуға жиналған адам өзі тұратын елді мекеннің ең шеткі үйлерінен өткеннен кейін жолаушы саналады. Бұл жағдайда оның мінетін көлігінің жайлылығы мен жылдамдығы сапардың ұзақтығы мен қиындығына еш қатысы жоқ. Себебі сапардағы жеңілдіктер – Алланың құлдарына берген садақасы. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  мұсылмандарға Алланың садақасын қабыл етуді бұйырған.

Омар (Алла оған разы болсын) Алла елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Намазды неге қысқартамыз?» – деп сұраған. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алланың сендерге жасаған садақасы, Оның садақасын қабыл алыңдар», – деген (Муслим).

Сапарға шыққан адам тұрғылықты жеріне оралғанға дейін немесе бір елді мекенде он бес күннен артық тұрақтауды ниет еткенге дейін жолаушы деп есептеледі. Ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын) жеткен хадисте: «Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  Меккеде он бес күн тұрған (кезінде) намазды екі-екі ракағат етіп оқыды», – деген. Ибн Омардан жеткен хадисте: «Кімде-кім он бес күн тұрақтаса, намазын толық оқысын», – деген (Тирмизи).

 

Намаздар қанша ракағатқа қысқартылады?

 Сапар барысында қысқартылып оқылатын намаз «қасыр намазы» деп аталады. Сапарда төрт ракағатты бесін, екінті және құптан намаздарын екі ракағатты қылып оқу – уәжіп.  Айша (Алла оған разы болсын): «Алла намазды парыз еткенде тұрғылықты кезде де, сапарда да екі-екі ракағаттан қылып парыз етті. (Кейінірек) сапар намазы сол күйінде бекітілді де, тұрғылықты кезде (оқылатын) намазға қосылды», – деген (Бұхари). Демек 4 ракат бесін, екінді және құптан намаздарының парыздары 2 ракат болып қысқартылып оқылады. Ал шам намазының парызы қысқармайды. Пайғамбар (с.ғ.с) сапарда сүннет намаздарын оқымаған, бірақ, таң намазының сүннетін сапарда болса да қалдырмаған.

 

Сапар намазға байланысты есте сақтау керек қағидалар!

·         Егер жолаушының бөтен елде істері уақытша болса және ол жақтан ісі біткен күні қайтуды көздесе, бірақ жұмысын бітіре алмай, сол елде он бес күннен артық тіпті бір ай тұруға мәжбүр болса  әрі ол бір жерде нақты тұрақтамаса ол жолаушы деп есептеледі. Өйткені Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  Тәбук соғысында он тоғыз немесе жиырма күн бойы намазды қысқартып оқыған. Себебі Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ол жерде тұрақтауды ниет еткен жоқ болатын және ісі біткен күні қайтуды ойлаған.

·         Егер кімде-кімнің арасы алыс екі елді мекенде де баспанасы болып, өзін сол жерде тұрғылықтымын деп есептейтін болса, ол сол екі елді мекенде де намазды қысқартпайды. Мысалы, оның Алматыда бір үйі және Астанада екінші үйі бар делік. Ол тек жол барысында оқылатын намаздарын ғана қысқартады. Ал Алматыға не Астанаға, яғни өз үйіне келгенде, намазын толық оқиды.

·         Егер кімде-кім туған жерінен басқа жаққа көшіп кетсе, туған жеріне зиярат етіп барған кезде он бес күннен аз тоқтаса ғана намазын қысқартады. Тіпті онда ата-анасы және барлық ағайын-туыстары тұрса да, ол намаздарын толық оқымайды. Себебі ол адамның ата-анасының үйі сапардағы адамның үйі емес ата-анасының үйі деп есептеледі.

·         Егер кімде-кім жұмыс бабымен екінші бір жерге үнемі баратын болса және ол жерден жалға үй алып қойса, ол жерде он бес күн не одан да көп тұруды ниет етпейінше намазын қысқартып оқиды.

·         Егер қателесіп немесе жаңылысып төрт ракағат намазды толық оқыса, оның алғашқы екі ракағаты парыз намазы, ал қалған екі ракағаты нәпіл ретінде есептеледі.

·         Егер жолаушы адам қателесіп үшінші ракағатқа алғашқы отырысқа отырмастан тұрып кетсе, парыз намазы бұзылады. Себебі алғашқы отырыс – жолаушы үшін парыз. Ал осылай оқып бітірген намазы нәпіл ретінде қабыл етіледі де, ол қасыр намазының парызын қайта оқуы керек.

·         Жолаушы тұрғылықты имамға ұйып намаз оқи алады. Ол тұрғылықты имамға ұйыған кезде намазын қысқартпай төрт ракағатты етіп толық оқиды. Әбу Мижләздан жеткен хадисте: «Ибн Омарға (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Жолаушы олардың, яғни тұрғылықты адамдардың намаздарының екі ракағатына үлгерсе, сол жеткілікті ме, әлде олардың (тұрғылықтылардың) намазымен оқиды ма?» – дедім. Сонда ол күліп: «Олардың (тұрғылықтылардың) намазымен оқиды» (яғни, 4 ракағат), – деді», – деген (Бәйхақи).

 

·         Тұрғылықты адам да жолаушыға ұйып намаз оқи алады. Төрт ракағатты намаздарды қысқартып, сапар намазы етіп оқыған жолаушы имамға ұйыған тұрғылықты адамдар имам сәлем бергеннен кейін, сәлем берместен орындарынан тұрып, намазының қалған екі ракағатын толықтырады. Ал жолаушы имам ұюшыларға өзінің намазды қысқартып оқитындығын және олардың тағы екі ракағат оқулары керек екендігін ескерткені дұрыс. Абдуллаһ ибн Омардан жеткен хадисте (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Омар ибн әл-Хаттаб Меккеге келгенде, (ол жердің тұрғындарымен) екі ракағат оқитын. Сосын: «Ей, Мекке тұрғындары! Намаздарыңды толық оқыңдар. Біз жолаушылармыз (яғни Мәдинадан келгендер)», – дейтін», – деген

 

Сапарда нәпіл намаздарды оқуға болады!

 Алайда, нәпіл намаз оқығысы келген адамға ол тыйым салынбайды екен. Жәбир ибн Абдуллаһтан (Алла әкесі екеуіне разы болсын) жеткен хадисте: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) нәпіл намаздарды көлік үстінде ... оқитын»,—деп айтқан. (Бұхари).

 

Кісі намазды отырып оқи алмаса, жамбастап жатып оқиды!

 

Имран ибн Хусайннан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Менің көтеу (геморрой) ауруым бар еді, (қалай) намаз (оқу керектігі) туралы Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сұрағанымда, ол: «Тік тұрып оқы, шамаң келмесе отырып оқы, (оған да) шамаң келмесе, жамбастап оқы»,—деді»,—деген (Бұхари).

 

 

 

Сапарда мәсіге мәсіх тартуға болады!

 

Мәсіге мәсіх тарту Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  сөзімен де, ісімен де бекітілген.

Имам әл-Бұхари Муғира ибн Шуғбадан (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте былай делінген: «Муғира Алла елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  бірге сапарда болғанда, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қажетін өтеуге барады. Сонда Муғира оған (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  су құяды. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  дәрет алып бетін, екі қолын жуады, басына мәсіх тартады және мәсісіне мәсіх тартады» (Бұхари).

Аяқты жуып, мәсіні киген тұрғылықты адам дәрет алып, алғшқы мәсих тартқан уақыттан  бастап толық бір тәулік (24 сағат), ал жолаушы толық үш тәулік (72 сағат) бойына дәрет алғанда мәсіх тарта алады.

 

Сапарда су жоқ болса тәяммум алуға рұқсат!

 Әбу Сағид әл-Худри (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Екі адам сапарға шығады. Намаздың уақыты кіргенде, олардың өздерімен бірге сулары болмайды. Сонда екеуі таза жер қыртысына тәяммум соғып, намаз оқиды. Содан кейін (намаздың) уақыты шықпай тұрып, екеуі су табады. Олардың бірі намазын және дәретін қайталайды. Екіншісі қайталамайды. Сосын Алла елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келгенде, оған болған істі баяндайды. Ол қайталамаған адамға: «Сүннетке дөп түстің, намазың дұрыс», – деп, ал дәрет алып, (намазын) қайталаған адамға: «Саған екі есе сауап (беріледі)», – деді», – деген (Әбу Дәуд).

183143 рет оқылды