23:20 | Пайғамбарлар қисасы
23:45 | По душам
Медицина 2016-11-01 (0) (37883)

БАЛДЫҢ БІЗ БІЛМЕЙТІН ЕМДІК ҚАСИЕТТЕРІ

БАЛДЫҢ БІЗ БІЛМЕЙТІН ЕМДІК ҚАСИЕТТЕРІ

 

Қасиетті Құранда балда шипа бар екендігі айтылған. «Раббың бал арасына былай деп уаһи етті: «Таулардан, ағаштардан және адам­дар салған күркелерден өзіңе ұя жаса. Сосын әртүрлі жемістермен қоректеніп, Раббыңның саған жайылуға жеңілдеткен жолымен жүр!». Араның қарнынан түрлі-түсті бал шығардық, онда адамдарға шипа бар. Әлбетте, мұнда ойланған қауым үшін ғибрат жатыр» («Нахл» сүресі, 68,69-аяттар).

 

Оның қуаты – құрамында

 

Балдың құрамы мен қуаты жөнінде сөз қозғағанда тағы да оның тарихына қатысты мағлұматтарды сырт айналып өте алмаймыз. Бұл өнімнің құнарлылығын әйгілі математик-ғалым Пифагор өз естеліктерінде: «Менің ұзақ өмір сүргенім – балдың құдіреті», – деп тамсанса, философ Демокрит те өзінің бір ғасырлық ғұмырының өлшемін бал өнімімен байланыстырған.

 

Табиғи дауа

 

Білікті дәрігерлердің пікірінше, балды дәрумен ретінде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін пайдаланғаны дұрыс.Себебі, бал – шипалы тағам. Құрамында адам ағзасына өте қажетті жетпістен астам зат бар. Бал жайлы мағлұматы аз деген жандардың өзі түрлі аурулардың алдын алуда оны жиі қолданады. Мәселен, жөтел тигенде сүтке қосып ішу, моншаға түскенде денеге жағу, бет терісін жұмсарту секілді қарапайым адамдардың өздері-ақ білетін рецептер жетіп артылады.

Ал, балдың бүгінгі ресми және халықтық медицинада қолданылып жүрген қасиеттері қаншама?!

 

 

Жоғары тыныс жолы ауруларын емдеуге болады

 

 

Бал ингаляциясын (демалу арқылы балды ағзаға енгізу) қолдану ісі ерте кезде дамыған. Ингалияциялағанда бал мұрынның кілегей қабығы мен кеңірдекке ғана әсер етіп қоймайды, өкпенің альвеолы арқылы қанға түсіп, денсаулықты нығайта түседі.

 

 

Суық тиюден болған ауруларды емдеуге де болады

 

 

Суық тигенде балды жылы сүтпен (бір ас қасық балды бір стакан сүтке) лимон сөлімен (100 грамм балға бір лимонның сөлін ) ішу ұсынылады. Суық тиіп ауырғанда балды дәрі ретінде қолдана отырып, екі- үш күн үйде отыру керек. Себебі, бал қатты терлетеді. Сондай-ақ, шәйнекте қайнап тұрған суға бір ас қасық бал қосып, ауыз бен мұрынды булау тамақтың қызарғанын басады.

 

 

Өкпе ауруларын емдеуге пайдаланады

 

 

Гиппократ бал ішімдігі қақырықты түсіріп, жөтелді басады деп жазды. Ибн Сина туберкулез басталған кезде раушан гүлінің жапырағы мен бал қоспасын қолдануды ұсынды. Бұл қоспаны күндізгі сағат 12-ге дейін қолдануды тиімді деп санады. Балға қосылған орман жаңғағы да үздік-создық жөтелден сауықтырып, қақырық түсіреді. Осы арқылы бал ағзаның туберкулез инфекциясына қарсы күресіне көмектеседі.

 


 

Жүрек ауруларын емдеуге қолдануға болады

 

 

Жүректің қалыпты жұмыс істеуі үшін глюкоза қажет. Балды қолдану жүректің бұлшық етіне жақсы әсер етеді. Себебі, онда жеңіл сіңетін глюкоза өте көп. Балдың құрамында Diastase (диастас) ферменттері болғандықтан, ол жүрек маңы майларын жояды. Сондықтан жасы үлкен адамдар мен жүрегі ауыратындарға бал жеу насихат етіледі. Неміс дәрігерлерінің айтуынша, балдан, тіпті, қант ауруымен ауырғанда да бас тартуға болмайды. Өйткені, фруктозаны немесе ара балын енгізгеннен кейін жүректің қызметі жақсарады. Тәулігіне 50-140 граммнан (орташа есеппен 70 граммнан) ұзақ уақыт бойы (1-2 ай) бал жеу жүрегі қатты ауыратын адамдардың көңіл-күйін көтеріп, оның қан құрамын қалпына келтіреді. Сонымен бірге, гемоглобинді өсіріп, жүрек-қан тамырларының айналымын жақсартады.

 

 

Асқазан-ішек ауруларын емдеу

 

 

Балды асқазан жарасын емдеу үшін де қолданады. Мұндай жағдайда балды тамақ ішуден 1,5-2 сағат бұрын немесе тамақтан соң 3 сағаттан кейін жеу қажет. Ең дұрысы, ертеңгі және түскі тамақтың алдында 1,5-2 сағат бұрын, кешкі тамақтан соң 3 сағаттан кейін жеген жөн. Оны қайнаған жылы суға ерітіп ішу де жақсы нәтиже береді. Суға ерітілген балды жылылай ішу асқазан сөлін сұйылтып, оның ішекті тітіркендірмей тез сіңуіне көмектеседі. Керісінше, балдың салқын ерітіндісі қышқылдылықты арттырып, асқазандағы асты бөгейді де, ішекті тітіркендіреді.

 

 

Жүйке жүйесі ауырғанда қолдану

 

 

Жүйкесі шаршаған адамдардың күш-қуатын қалпына келтіру үшін кешке қарай бір қасық бал және жарты лимон сөлі қосылған бір стақан ыстық су ішу немесе екі ас қасық бал жеу керек. Бір стакан бал суынан артық ұйқы келтіретін дәрі жоқ көрінеді. Қан қысымы көтерілгенде де зығырдан 50 гр. балдан 60 гр-ды 220 гр. қайнаған суға қосып, күніне екі рет ішсе, қан қысымын төмендетеді.

 

 

Бауыр ауырғанда қолдану

 

 

Бал құрамындағы глюкоза бауырдың да жұмысын жақсартады. Глюкоза тін жасушаларын қоректендірумен бірге бауырдағы глюкоген қорын арттырады, тіндік алмасу жұмысын жақсартады. Оны белгілі бір мөлшерде ақ ірімшікке (творог), сәбізге, лимон шырынына қосып жеген дұрыс. Кейде тұрыптың (редька) ішін үңгіп, оған балды толтырып қойып, үш-төрт сағаттан соң дайын болған шырынды өт жолы ауыратын ересек адамға ас қасықпен, ал балаға шәй қасықпен күніне 2-3 рет беру керек. Мұндай әдіс өт жолы мен бүйректе құм, тастың жиналуынан сақтайды.

 

 

 

Бүйрек ауырғанда қолдану

 

 

Бүйрек ауруына балдың пайдалы болу себебі, онда бүйрекке өте зиянды ақуыз аз. Ал тұз мүлде болмайды. Бүйректе қиыршық тас бар болса, балды зәйтүн майы мен лимон сөліне араластырып, бір ас қасықтан күніне үш реттен ішкен дұрыс. Бал құрамындағы глюкоза бүйректің қатты қабынуы кезінде бұзылған қан мен тін арасындағы осмотикалық тепе-теңдікті реттейді.

 

 

Отадан кейін қолдану

 

 

Бет, жақ сүйек операцияларынан кейін ерекше диета қолдануға тура келеді. Шайнау толық мүмкін болмаған әрі жұту қиындаған жағдайда ара балы таптырмайтын тамақ. Мұны ауру адамға итмұрын тұнбасының ерітіндісіне, жемістен алынған сөлге қосып беруге болады. Науқасқа ақ ірімшік, жұмыртқаның сары уызы және қаймақпен араластырылған сұйық бал берген дұрыс. Сұйық балды жегеннен кейін-ақ ауыз ішін дезинфекциялаудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, ол жарақаттын жазылуына да қолайлы әсер етеді.

 

 

Жараны емдеу

 

 

Бал ластанған жаралардың тазарып, жазылуына, ал балық майы жараның тез бітіп кетуіне ықпал етеді. Жараның жазылуына балдың антибиотикалық заттарының пайдасы ерекше. Балдың әсерімен жараға қан мен лимфаның келуі күшейеді. Лимфа өздігінен бактерияларды жуып-шайып кетеді. Балықтың майына қосылған бал асқынған жарақатты оңай жазады. Аузы уылған адам бал жесе тез айығатыны белгілі. Бал күйген жерге де пайдалы. Күйікке балды күніне екі рет жағып отыру керек. Жараға жағатын дәріні 60 грамм балға бір шәй қасық балық майын қосып, жақсылап араластырып жасайды.

 

 

Ұйқысыздықты жою

 

 

Ұйқысыздықтан құтылу үшін жасалатын әр түрлі ем бар. Солардың ішіндегі ең тиімдісі – бал жеу. Жатар алдында 1 шай қасық балды 1 стақан жылы суға араластырып ішсе, жүйкеге жайлы әсер етіп, тез ұйықтауға көмектеседі. Моншада емен жапырақтарымен соғыну да жақсы ұйықтауға септігін тигізеді. Таза ауада көбірек жүру, күнделікті бір уақытта дағдылану да өз кезегінде ұйқының тұрақтылығына ықпал етеді.

 

Бал пайдалы екен деп оны бей-берекет қолдана беруге болмайды. Оны пайдаланғанда организмнің ерекшелігіне қарай, белгілі бір тәртіппен жүйелі түрде пайдаланған дұрыс. Мысалы: кейбір адамдар балды ашқарынға жесе, жүректері қыжылдауы мүмкін. Олай болса, ірімшікпен, сүтпен, тағы басқа тамақпен араластырып жеу керек. Ал панкреатин, қант диабеті аурулары бар адамдардың балды тек дәрігердің кеңесінен кейін пайдаланғаны жөн.

 

37883 рет оқылды