Патриоттық 2016-10-26 (0) (30126)

ПАЙҒАМБАР (ﷺ) ҚАЛАЙ ТАМАҚТАНҒАН?

ПАЙҒАМБАР (ﷺ) ҚАЛАЙ ТАМАҚТАНҒАН?

 

«Адам баласы өмір сүру үшін тамақтанады, алайда тамақ ішу үшін өмір сүрмейді» деген қағида баршамызға мәлім. Иә, тамақ ішу – табиғи қажеттілік. Алайда адам денсаулығының жақсы я жаман болуы 18-20% тегіне, 20 пайыз сыртқы орта жағдайларына, 5-10 пайызы дәрігерлерге, ал қалған 50 пайызы күнделікті өмір сүру салты мен тамақтануға байланысты болады екен. Демек, дұрыс тамақтану – тәнге қуат, дертке шипа. Сонымен, күнделікті ішіп жүрген тамағымыз әрі қорек, әрі шипа болуы үшін не істеуіміз қажет?

 

1.     Қолды жуу және тамақ ішердің  алдында “Бисмиллә”  (Алланың атымен) деп айту

 

 

Пайғамбарымыз (): “Тамақ жеуден бұрын Алла Тағаланы еске алыңдар яғни, “Бисмиллә” (Алланың атымен) деп айтыңдар. Ал егер ұмытып кетсеңдер, «Әуелінде де, соңында да Алланың атымен бастаймын» (Бисмилләһи фи әууәллиһи уә әхириһи) деңдер», - деген. (Тирмизи)

Бірде сахабалар Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: “Я, Расулулла! Бiз ас жегенiмiзде тоймай қалып жүрмiз”, – деп шағымданады. Сонда  Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) “Сендер жеке-жеке тамақтанатын шығарсыңдар?”, – деп сұрайды.

Сахабалар: «Иә», - деп жауап береді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

Бәрің бірігіп, бiр-бiрiңмен дастархандас болып жеңдер, әрі ас жеуден бұрын “Бисмилләһ” (Алланың атымен) деп айтыңдар. Сонда жеген астарың сендер үшiн берекелi болады”, - деген. (Әбу Дауд)

 

2.     Тамақты оң қолмен жеу

 

 

Әбу Сәләмә (Алла оған разы болсын) атты сахаба былай дейді: «Мен бала кезімде Алла елшісінің () қамқорлығында болдым. Әдетте мен қолымды (ортаға қойылған) ыдыстың әр жеріне соза беретінмін. Бір күні Алла елшісі  () маған: «Ей, балақай! «Бисмилләһ» деп айт, оң қолыңмен же және өз алдыңнан же!»—деді. Содан бері мен тек солай тамақтанамын». (Бұхари, ибн Мәжаһ)

Шындығында, сол қолмен жеген астың берекесі болмайды. Алла елшісі (): «Сол қолмен жемеңдер, өйткені, шайтан ішіп-жегенде сол қолын пайдаланады», - деген. (Муслим)  Демек, шама келгенше тамақты оң қолмен жеуді әдетке айналдырған дұрыс.

 

3.     Тамаққа мін тақпау

 

 

Пайғамбарымыз () алдына қойылған асқа мiн тақпайтын. Ұнаса жейтiн, ұнамаса жемей қоя салатын.(Бұхари, Муслим).

Бірде Пайғамбарымыз () бір үйде ас ішіп отырып, олардан ас қатығын сұрайды, алайда үй ішіндегілер: “Бiзде сiрке суынан (уксустан) басқа ешнәрсе жоқ”, – деп, сірке суын алып келеді. Сонда Нәби () оны тамағына қосып: “Сiрке суы қандай жақсы еді, сiрке суы қандай жақсы еді!”, – деп сүйсіне жеген”. (Муслим)

 

4.     Өзгелермен бөлісіп жеу

 

 

Қазақтың қанына сіңген бір қасиеті бар. Ол – «өле жегенше бөле жеу». Қазақ баласын кішкентайынан-ақ бауырларына қарайласып жүретін қолы ашық, жомарт болуға тәрбиелеген.  Қарап отырсаңыз, дәл осындай ұлағатты тәрбие Алла елшісінің () «Екі адамның тамағы үшеуге жетеді, үшеудің тамағы төртеуге жетеді»,—деген хадисімен ұштасып жатыр екен.

Бірде сахаба Әбу Һурайра (р.а) аштықтан қатты қалжырап, Омар ибн әл-Хаттабты (р.а) жолықтырып қалады да, одан бір аятты түсіндіруін өтінеді. Ол бұл өтінішті Омарға өзінің аштықтан қалжырап тұрғанын аңғарып, қонақ ете ме деген ниетпен ғана жасаған болатын. Алайда ештеңені аңғармаған Омар (р.а) оны үйіне әкеліп, әлгі аятты түсіндіріп береді. Тысқа шыққан Әбу Һурайра (р.а) біраздан соң қатты әлсізденіп жерге құлап қалады. Мұны көрген Алла елшісі () оны үйіне апарып, сүт ішкізеді. Кейін Әбу Һурайра (р.а) бұл оқиғаны Омарға айтқанда, Омар (р.а): «Алламен ант етейін, ей, Әбу Һурайра, егер білгенімде сені үйіме кіргізіп, тойғызып жібергенім мен үшін қызыл түйелерді иемденуден де жақсырақ еді!»,—деген.  (Бұхари)

 

5.     «Мүмін бір ішегін толтырады»

 

 

Қазақтың «Ауру – астан», «Дәрінің ең жақсысы – аз тамақ» деген даналық сөздерінде үлкен мән бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адам өз асқазаны секілді ешбір жаман ыдысты толтырған емес. Солай бола тұра, белді бүгу үшін бірнеше түйір тағам жеткілікті. Асқазанды толтыру қажет болса, үштен бірін тамақпен, үштен бірін сумен және үштен бірін ауамен толтырсын» деген болатын. (Тирмизи) «Мұсылман тамақты көтеріп жүрмейді, тамақ оны көтеріп жүреді». Яғни, мұнан шығатын қорытынды – адам жүріп-тұруы, құлшылық жасауы үшін жеткілікті асты жегені абзал. Ал артық астың денсаулыққа да, ақыл-ойға да, құлшылыққа да зияны көп. Айша анамыз (р.а): “Пайғамбар біз екі қараға: құрма мен суға енді ғана тойып жүргенімізде өмірден өтті», - деген (Бұхари). Пайғамбарымыздың (), одан кейінгі ізгі буынның өкілдеріне қарасаңыз, ешқайсысының тоя тамақ жемегенін аңғарасыз. Тіпті, сахабалардың аштықтан іштеріне тас байлап алып жүргенін де білеміз. Алайда бұл ешқайсысының  құлшылығына, дінге, елге қызмет етулеріне кедергі жасаған жоқ. Дегенмен, дінімізде тойып тамақ жеуге ешқандай тыйым салынбаған.  Тек ғалымдардың дәлелдеуінше, үнемі тойып жүретін адамнан гөрі керісінше аш адамның миы өте жақсы жұмыс істеп, еңбекке, жұмысқа деген қабілет, құлшынысы жоғары болады екен. Осы ретте аз жеу, қарын ашқанда ғана  жеу және үйлесімді тамақ жеу деген үш қағиданы ұстансақ ұтылмайтынымыз анық. 

 

 

6.     Астың берекесі – ортасында

 

                           Әрбір жанның періште бар қасында,

                     Шүкір еттік Алланың арқасында.

                                     Пайғамбар () айтып кеткен бір хадис бар:

                       “Береке – ас-ауқаттың ортасында».

 

Әбу Дәуд пен Тирмизиден жеткен хадисте Алла елшісі () сахабаларына: “Береке астың ортасында болады”, - деп асты ортасынан емес, жанынан, яғни әркім өз алдынан бастап жеуді бұйырған.

Бір күні намаздан соң тамағы бар ыдыс әкелініп, адамдар оның айналасына жинала бастайды. Асқа Алла елшісі де () келген еді. Ол () отырып жатып: «...Асты шетiнен бастап ала берiңдер. Ортасына тимеңдер. Сонда астарың берекелi болады”, – дейді. (Әбу Дәуд)

 

 

7.     Жатып тамақ ішу – денсаулыққа зиян

 

 

Бүгінде денсаулық сақтау саласының мамандары белгілі бір үзірлі жағдай болмаса (ауру, жарақат, т.б) адамның жатып тамақ ішуі денсаулыққа өте көп зиян тигізетінін айтып жар салуда. Егер адам теледидар көріп жатып немесе газет, кітап оқып жатып тамақ жесе, асқазан сөлі дұрыс бөлінбей, соның салдарынан түрлі асқазан ауруларына шалдығады екен. Ал Пайғамбарымыз () бірде жанындағы адамға: «Мен жантайып жатып тамақ ішпеймін», - деп оның құпталмайтын амал екенін айтып кеткен. (Бұхари)

 

Сонымен бірге Пайғамбарымыз () ыдыстың iшiне демалуға немесе оған үрлеуге тыйым салған. Егер ас тым ыстық болса, оны суығанша қоя тұруды бұйырады. Ал дәрігерлер тамаққа үрлеу түрлі вирустар мен микробтардың таралуына жол ашатынын алға тартады.

 

8.     Тамақтанған соң не деп айту керек?

 

 

Халқымыздың тамақтан соң ас қайыруы ең алдымен, өзін тойдырып, ризық берген Құдайына  шүкірлік, мақтау айтуы деп түсінгеніміз абзал. Себебі, бір жұтым су ішсек те оны нәсіп ететін, қарнымызды тойдырып, бойымызға күш-қуат сыйлайтын – Алла ғана. Егер Алла қаласа, Алла нәсіп етсе, жегіңіз келген тамақ, тіпті, теңіздің ар жағында өсетін болса да,  топ етіп алдыңызға келе қалады. Дүниеде кеңірдегінен бір жұтым су өтпей ауырып, қарны ашса да, тамақ жей алмай қиналып жүрген қаншама адамдар бар. Ал біз тағамды талғап жеп, сусынды таңдап ішіп жүрміз. Сондықтан Пайғамбарымыз () әрдайым, тіпті, жай тамақтың дәмін көрсек те, оның дәмін сезуді нәсіп еткен Алланы есімізге алуды үйретеді.

Пайғамбарымыз ()  тамақ жеп болған соң: «Әлхамду лилләһил-ләзи ат-ъамәни һәзә, уә разәқаниһи, мин ғайри хаулим-минни уә лә қууәһ (Менен ешқандай күш-қуат талап етпей, осыны беріп ризықтандырған Аллаға шүкір!)»,—деп айтатын.

 

9.     Тамақтан соң қол мен ауызды шаю

 

 

Тазалық – иманның жартысы. Муслимнен жеткен хадис бойынша бірде Пайғамбарымыз () сүт ішеді де,  содан кейін су алдырып, аузын шаяды. Имам ән-Нәуәуи бұл хадис сүт ішкеннен кейін ауыз шаюдың абзалдығын  көрсетеді десе, ғұламалар бұл сондай-ақ басқа тағамдар мен сусындарға да қатысты екенін айтқан.  

Пайғамбарымыз (): «Тамақтың берекесі – тамаққа дейін және одан кейін қол жууда» (Тирмизи) десе, тағы бір хадисте: «Кімде-кім үйінде жақсылықтың артқанын қаласа, тамаққа дейін және тамақтанғаннан кейін қолдарын жусын», – деген (Ибн Мәжаһ, Байһақи).

 

P.S: Алла сөзін ұлықтап, жаттағанда,

Жамандықты жасырып, жапқан Алла.

Берекеміз артады одан сайын,

Тамақтану әдебін сақтағанда...

Ендеше, шамамыз келгенше тамақтану әдебін сақтап, берекелі ғұмыр кешейік!

 

 

30126 рет оқылды