2016-10-21 (0) (9537)

ОЛ – БӘРІМІЗДІҢ ҮЛГІ ТҰТАР АЯУЛЫ АНАМЫЗ!

ОЛ –  БӘРІМІЗДІҢ ҮЛГІ ТҰТАР АЯУЛЫ АНАМЫЗ!

 

 

1.     АЙША – АЛЛА ЕЛШІСІНІҢ (ОҒАН АЛЛАНЫҢ ИГІЛІГІ МЕН СӘЛЕМІ БОЛСЫН) ЕҢ СҮЙІКТІ АДАМЫ ЕДІ...

 

Айша – Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жан досының қызы, жанашыр дос, қамқор әйел, барлық мүміндердің анасы. Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) махаббатының иесі, бұл өмірдегі ең сүйікті адамы.

 

Бірде Амр ибн Ас (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

– Уа, Алланың елшісі! Ең жақсы көретін адамың кім? – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (оған Алланың игіліг мен сәлемі болсын):

Айша, – деп жауап береді. Амр:

– Ал ер кісілерден ше? – дегенде, ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

– Оның әкесі, – деп жауап берген. (Бұхари, Муслим).

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айшаны артық жақсы көрсе де, әйелдерінің арасындағы теңдікті сақтап: «Я, Аллам, бұл - менің иелігімдегі тиесілім, ал иелігімде болмаған нәрседе мені сұраққа ала көрме»,дейтін. (Тирмизи)

 

Яғни Айша анамызға бәрібір жүрегі бұрып тұрушы еді. Мұны білетін адамдар Пайғамбарымыз (оған Алланың игіліг мен сәлемі болсын) Айшаның үйіне түсетін күні оларға арнап тарту-таралғылар, сыйлықтар әкелетін.

Бір күні Умму Сәләма анамыз (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, Айшаға қатысты қызғанышын білдіргенде, Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған:

«Уа, Умму Сәләма! Мені Айшаға қатысты нәрселерде қинама. Алланың атымен ант етемін! Сендердің араларыңда Айшамен ғана бір көрпенің астында жатқанымызда маған уахи келген»,деп жауап береді. (Бұхари)

 

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызы Фатимадан (оған Алла разы болсын):

Ей, қызым, сен мен сүйгенді сүйесің бе? – деп сұрайды.

Фатима:

– Әрине, Алланың пайғамбары сүйгенді қалайша сүймейін, – дейді.

Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

Онда мына кісіні  сүй, – деп Айшаны көрсеткен. (Бұхари, Муслим)

 

Умму Сәләмаға (Алла оған разы болсын) Айшаның дүние салғандығы жайлы хабар жеткенде, ол: «Алланың атымен ант етемін! Ол әкесін есептемегенде, Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ең сүйікті адам еді», – деген. (Хаким)

 

 

2.     АЙША АНАМЫЗ ЖАҚСЫ ЖАР ЕДІ. ОЛ КҮЙЕУІНЕ ДАУЫС КӨТЕРМЕЙТІН...

 

Айша анамыз Пайғамбарымызбен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге нағыз берекелі отбасының, отбасылық мөлдір махаббаттың үлгісін көрсетті.

Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айшаға:

Мен сенің маған ашуланғаныңды білемін, – дейді. Айша:

– Қалай білесің, уа, Алланың елшісі? – дейді.

Сонда Пайғамбарымыз ():

– Сен басқа уақытта: «Мұхаммедтің Раббысымен ант етемін», – десең, маған ашуланған кезіңде: «Ибраһимнің Раббысымен ант етемін», – дейсің, – деп жымиған. Айша:

– Рас айтасың, уа, Алланың елшісі! Алланың атымен ант етемін! Мен саған ашуланғанымда осылай есіміңнен басқа еш нәрсені кері қақпаймын, – деп жауап берген. (Бұхари, Муслим)

 

 

3.     АЙША АНАМЫЗҒА ӨЗГЕЛЕРГЕ БЕРІЛМЕГЕН ЕРЕКШЕЛІКТЕР НӘСІП ЕТІЛГЕН

 

Айша анамыз Пайғамбарымыздың () қыздай алған жалғыз әйелі еді. Бірде ол Пайғамбарымыздан ():

Уа, Алланың елшісі! Бір жазыққа түсіп, ол жерде бірі желінген, ал бірі желінбеген екі ағаш көрсең, түйеңді қай ағашқа жаяр едің? – деп сұрайды.

Пайғамбарымыз ():

Желінбеген ағашқа, – деп тіл қатқан. (Бұхари)

Айша анамыз сонда масаттанған сезім білдірген. Яғни өзін «желінбеген ағашқа» теңеген.

 

Айша өзіне берілген қасиеттерді есіне алып, Аллаға шүкір ете отырып:

«Маған Имранқызы Мәриямнан кейін ешбір әйелге нәсіп етілмеген (қасиеттер) берілді: Жәбірейіл қолына менің бейнемді ұстап түсіп, Алла елшісі () маған үйленуге бұйырылған, (Пайғамбар () мені қыздай алды және менен басқа қызға үйленген жоқ, ол менің құшағымда жатып көз жұмды, оның қабірі менің үйімде, менің үйімді періштелер қоршаған, мен онымен бір көрпенің ішінде жатқанда, оған уахи түскен, мен – оның халифасы мен шыншыл досының қызымын, мені ақтап көктен (Құран) аяты түсті, мен Жақсының алдында жақсы боп жаратылдым және маған кешірім мен игі ризық уәде етілді», – дейтін. (Әз-Зәһәби, Сиәр: 2/141)

 

4.     АЙША АНАМЫЗ МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ ОТБАСЫНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН

 

Әкесі – Әбу Бәкір -  Ислам дінінің Пайғамбарымыздан () кейінгі ең ардақты тұлғасы. Ол Ислам діні жолында жанын да, малын да пида еткен, Алла елшісіне еш күмән, күдік келтірместен иман келтірген, көзі тірісінде жәннатпен сүйіншіленген Пайғамбарымыздың () ең сүйікті адамы еді. Ол жайлы:

 

«Пайғамбарлардан басқа жер бетін Әбу Бәкірден абзал ешкім басқан емес», – деп айтылған.

 

Ал Айшаның анасы – Умму Руман Ғуәймирқызы өте тақуа, құрметті сахаба әйел болатын. Оны да Пайғамбарымыз () өз заманында жаннатпен сүйіншілеген.

 

Міне, Айша анамыз осындай үлгілі отбасында, Меккеде, Алла елшісіне () пайғамбарлық міндет жүктелгеннен кейін туылған. Бұл туралы анамыздың өзі: «Мен ата-анам мұсылман болғаннан кейін дүниеге келгенмін», – деген.

Осылайша Айша шыр етіп дүниеге келгеннен ислами отбасында тәрбиеленген. Пайғамбарымыз () бұл үйді өте көп зиярат ететін.

 

5.     АЙША АНАМЫЗ ӨТЕ ЖОМАРТ ӘРІ ҚАНАҒАТШЫЛ ЕДІ…

 

Ол көңілі дархан, жүрегі кең әйел еді. Алла елшісі () сияқты ол да өте сабырлы, төзімді кісі. Екеуі бірге екі қараны: құрма мен суды қанағат етіп, кедейшілік пен аштыққа сабыр ететін. Кейде Айшада ақша пайда бола қалса, дереу кедейлер мен мұқтаждарға тарататын.

 

Бірде халифа Муғауия оған сый-сияпат ретінде жүз дирһам жібереді. Сонда Айша өз үйінде жейтін ештеңе болмаса да, бұл қаражаттың барлығын мұқтаждарға таратып жібереді. «Өзіңе әлдене сатып алып, жүрек жалғауға бір дирһам болса да қалдырдың ба?» – деп сұраған қызметкер әйелге:

«Егер есіме салғандарыңда, қалдырар едім», – деп жауап берген.

Яғни садақа таратуға жан-тәнімен берілгені сондай, ол, тіпті, өзін ұмытып кететін.

 

Бірде Айша анамыздың үйіне екі қызын жетектеген бір әйел қайыр сұрап келеді. Анамыз үйінен берерге ештеңе іздеп таппайды. Бір кезде бір кішкентай құрма тауып алып, екі қызға бөліп берген.

 

Сондай-ақ бір күні оның есігін әлдебір қайыршы қағады. Есікті ашқан Айша бір түйір жүзімнен басқа ештеңе таппай, ол жүзімнің түйірін қайыршының қолына ұстатады. Сонда әлгі кісі:

– Мұны қайтемін, уа, мүміндердің анасы? – дейді. Анамыз:

Мұнда қаншама тозаңның салмағы бар ғой, – деп, Алла Тағаланың: «Кімде-кім тозаңның салмағындай жақсылық жасаса, оны (Ақыретте сауабын) көреді. Ал енді кім тозаңның салмағындай жамандық жасаса, оны да (Ақыретте жазасын) көреді», – деген сөздеріне ишара жасайды. («Зілзәлә» сүресі, 7-8 аяттар).

 

 

6.     «АҚҚА ҚҰДАЙ ЖАҚ» НЕМЕСЕ МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ СЫНАЛУЫ

 

Бірде Айша анамыза (р.а)  өзі істемеген масқара жала жабылады. Бұл оқиға Ислам тарихында «Михнәтул-ифк» , яғни «Жаламен сыналу»  деген атпен қалған. Оқиға былай болған:

 

Пайғамбарымыз () сапарға шығар алдында жұбайларына жеребе тастап, жеребе түскен әйелін өзімен бірге жорыққа алып шығатын. Бәну мусталиқ тайпасына қарсы шайқасқа аттанарда жеребе Айшаға түсіп, ол сол жорықта Пайғамбарымызға () ереді. Олар жеңіске жетіп, Мәдинаға қайтып келе жатқанда, күн батып, ымырт үйірілер шақта жол азабынан тынығу үшін біраз аялдайды. Сол жерде Айша қажеттілік туып, түзге шығады. Оның мойнында Йемен көзмоншағынан тізілген алқасы бар еді. Қапелімде сол алқасының үзіліп, сусып түсіп шашылғанын өзі де аңғармай қалады. Шешесі Умму Руман тойына сыйға тартқандықтан, алқаны аса қымбат көретін Айша оны іздеп тауып, теріп-жинап күймесіне келсе, күйме орнында жоқ. Әскер жиналып, жүріп кеткен. Айша анамыз өте жеңіл болатын. Сахабалар күймені көтеріп түйеге артқан кезде оның бар-жоғы білінбеген болса керек.

 

Менің күймеде жоқ екенімді байқап, қайтып келер деген оймен Айша анамыз (р.а) жамылғысын оранып алып жол бойына шығып тұрады. Әдетте, Сафуан (р.а) деген кісі әскердің соңында жүріп отырып, көштің ұмыт қалдырып, түсіп қалған заттарын жинап жүретін. Көш орнына келген Сафуан айналаны көзімен бір шолып өткенде, сонадайдан біреудің қарасын байқайды. Жақындап келгенде, оның Айша екенін таниды. Екеуі басы артық сөзге де бармастан, Сафуан түйесін шөктіреді де, өзі алысырақ барып теріс бұрылып тұрады. Айша түйеге мінгеннен кейін, түйенің бұйдасын жаяу жетектеп, таң атқан соң ғана демалып жатқан әскерді қуып жетеді. Ол екеуін көрген бойда бір топ адамның ішінде отырған екіжүзділердің басшысы Абдулла ибн Убәй: «Айша Сафуанмен келе ме?.. Алланың атымен ант етемін! Бұл жүрістері тегін емес шығар?..» – деген мағынадағы пасық сөздерді айта бастайды. Оның жымысқы ойы іске асып, адамдар Айша мен Сафуан туралы қаңқу сөз тарата бастайды. Оның ішінде, әсіресе, Абдулла ибн Убәй бастаған мұнафықтар жандарын салып-ақ кіріседі. Іздегенге сұраған, мұнафықтар тіпті болмаған түймедей жайттан түйедей өсек шығарып, екеуіне күйе жағып, жала жабады. Бір өкініштісі, өсектің қауға тиген өрттей лаулағаны сондай, кейбір мұсылман ер-әйелдер де олардың алдауына түсіп, Айшаны ашық зина жасады деп айыптаған сөздер айтады. (Алла олардың күнәларын кешірсін!)

 

Бір күні бұл өсектен өрілген жала Алла елшісіне де () жетеді, ал мұны Әбу Бәкір мен Умму Руман (Алла Тағала бұл отбасыға разы болсын) естігенде, төбелерінен жай түскендей хал кешеді. Жолдан сырқаттанып келген Айша Пайғамбарымыздан () рұқсат сұрап, ата-анасының үйіне кетеді. Бірнеше күн өтер-өтпестен ауырып төсек тартып, бір ай жатып тұрады. Сосын ғана ол жұрттың өзі жайлы не деп жүргенін біледі. Айша бұл жайында өзі:

 

«Мәдинаға келгенімізге көп болмаған, мен қатты сырқаттандым. Ұстамалы безгекпен бір ай төсекке таңылдым. Сол аралықта жұрт арасында маған жабылған өсек-аяң тарапты. Мен болған жайлардан мүлдем хабарсыз едім. Тек сырқаттанып жатқанымда Алла елшісінен () салқындық сездім. Атымды атамай, «Қалайсың?» дейтін де қоятын», – деген.

 

Сол сәттен бастап Айша анамыз (р.а) күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. Көзі жастан құрғамайды. Ыза кернеп, булыққан Айшаың қарақаттай жанары жасқа малынып:

«Алламен ант етейін! Істемеген нәрсем үшін Алладан кешірім сұрамаймын. Мұндай жағдайда мен өзіме де, сендерге де Юсуфтың әкесінің (Айша анамыздың күйінгені сондай, ол Яғқуб пайғамбардың (а.с) атын ұмытып қалған): «Енді көркем сабыр керек. Сендер айтқан жағдайға байланысты тек бір Алладан ғана көмек сұралады», – дегенінен басқа айтарым жоқ», – дейді. («Юсуф» сүресі, 18-аят)

 

Осымен сөзін доғарып, сырттай жыласа да, іштей Алла Тағаладан жәрдем сұрап жатады. Алла елшісі де () үнсіз қалпын сақтап отыра береді. Айшаның ата-анасы да ауыз ашпайды. Бір кезде Алла Тағаладан елшісіне () уахи түсіп, Пайғамбарымыз () терлей бастайды. Оның басына жастық қойып, көрпеге орап жатқызады. Бәрі айналасына жиналып, Алладан қандай уахи келерін күтіп, жандарын шүберекке түйіп отырады. Күнәдан пәк екеніне сенімді Айша ғана Алланың өзіне зұлымдық істемейтініне нанып, сабырлық танытады. Біршама уақыттан соң Алла елшісі (): «Айша, Алла сенің күнәдан пәк екеніңді уахи етіп түсірді», – дейді!

 

Сосын Пайғамбарымыз () тысқа шығып, келген аяттардан адамдарды хабардар етеді. Бұл қасиетті Құрандағы «Нұр» сүресінің 11-20 аяттары еді.

 

Айша анамыздың кішіпейілділігі сондай, ол:

«Алланың атымен ант етемін! Мен үшін аят түседі деп ойлаған емеспін», – деген.

 

Мінеки, Айшаға қатысты бұл оқиға осылайша аяқталды. Бұл жайт мұсылмандардың сыналуына себеп болды әрі Ислам дінінің хақ, Алла Тағаланың әділдігін барша әлемге паш етті.

 

7.     ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ () СОҢҒЫ КҮНДЕРІН АЙШАНЫҢ ЖАНЫНДА ӨТКІЗГЕН

 

Алла елшісі () қоштасу қажылығын өтеп, Меккеден оралған еді. Мәдинаға келгеннен кейін бірнеше күннен соң ауырып, Айшаның үйінде емделеді. Айша оған барынша қамқорлығын көрсетіп, бәйек болып жүгіреді. Пайғамбарымыз () басын оның көкірегіне қойып жатты. Бұл ұлы елшілік иесінің өмірдегі соңғы күндері еді... Алла елшісінің () жаны Жаратушының алдына аттанғанда, оны Айшаның үйіне жерледі.

Айша анамыз (р.а) – ең ұлы адам баласымен сегіз жыл бес ай бірге тұрған оның () ең сүйікті адамы еді.

 

8.     ОЛ – ӘБУ БӘКІРДЕН (Р.А) ҚАЛҒАН ЕҢ СҮЙКІМДІ БАЙЛЫҚ!

 

Пайғамбарымыз () дүние салған соң, араға екі жыл салып Айша анамыздың тағы бір ең сүйікті адамы – әкесі Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) дүниеден озады. Әкесі қайтыс болғанда, Айша анамыздың жасы жиырмада еді. Оған әл үстінде жатқан Әбу Бәкір:

«Уа, қызым! Артымда қалдырып бара жатқан ең сүйкімді байлығым – сенсің!», – деген.

 

 

 

9.     АЙША АНАМЫЗ ӨТЕ БІЛІМДІ ЕДІ...

 

Айша (р.а) Пайғамбарымыздың () имандылық мектебінің шәкірті болып, Алла елшісінің () тәлім-тәрбиесінен өткен. Бұл дарынды шәкірт Құран мен сүннетке сүйеніп, өз тұсындағылар мен келер буынға тәлімгер ұстаз атанған.

 

Ғалым Зуһри Айша анамыз жайлы: «Барлық адамдар мен мүміндердің аналарының ілімдерін топтаса да, олардан Айшаның ілімі асып түсер еді», деген.

 

Кейбір табиғиндер Айшадан Ислам қағидалары жайлы қайдан жақсы білетіндігін сұрағанда, ол:

«Шынында, мен Алла елшісінен () Ислам қағидалары жайлы сұрап келетін көп сахабаларды көретінмін», – деп жауап берген.

 

Ол мұсылман құқығы саласында бірінші білгір адам және хадис пен сүннетті таратудың бірінші қайнар көзіне айналады. Кейбір талас тудырған мәселелерде сахабалар оның төрелігіне жүгінетін.

 

Әбу Мұса әл-Ашғари (Алла оған разы болсын): «Біз бір хадистің сырын ұға алмағанда, оны Айшадан сұрайтынбыз. Айшаның міндетті түрде ол хадис жайлы мәліметі бар болып шығатын», – десе,

 

Һишам ибн Зубәйр: «Айша Құран мен Исламның шарттарын, ненің болатынын, ненің болмайтынын бәрінен жақсы білетін еді»,деп айтқан.

 

 

«ДІНДЕРІҢНІҢ ЖАРТЫСЫН АЙШАДАН ҮЙРЕНІҢДЕР!»

 

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айшаны «Хумәйра» деп еркелетіп, адамдарға: «Діндеріңнің жартысын осы Хумәйрадан үйреніңдер», – деп айтатын. (Ибн Ғимад, Шажарат: 1/62).

 

 

Міне, осылайша Алла елшісінің () қазасынан кейін бұл ақылды да парасатты әйел қалған ғұмырын, бар білімін адамдарға үйретумен өткізеді. Сахих кітаптарда одан риуаят етілген барлығы сенімді 2210 хадис енгізілген. Бұл нәтижемен Айша (р.а) хадис риуаят етуде Әбу Һурайра мен Абдулла ибн Омардан (Алла оларға разы болсын) кейінгі үшінші орында тұрады.

 

Айша анамыз  һижра жыл санауымен 58-жылы рамазан айында алпыс алты жасында дүние салады. Оның жаназасын Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) шығарады. Намазға бұған дейін Пайғамбарымыздың () қаласы куә болмаған қарақұрым халық қатысып, олар жаназа намазын зәйтүн майына малынған, жүннен жасалған шамның жарығымен оқиды. Ол дүние салғанда, Амр ибн Убәйд: «Айшаның қазасына анасы болмағандар ғана қайғырмады», – деген.

 

Осы уақытқа дейін Ислам әлемі оған тең келер әйел жанын білмеген және Айша бүкіл әлем әйелдеріне мәңгілік үлгі болып қалады. Алла оған разы болсын!

 

9537 рет оқылды