2016-10-19 (0) (9162)

ЕЛІНЕ СЫЙЛЫ, ЕРІНЕ АДАЛ ҚАЗАҚ ХАНЫМДАРЫ

ЕЛІНЕ СЫЙЛЫ, ЕРІНЕ АДАЛ ҚАЗАҚ ХАНЫМДАРЫ

 

 

«Намысын бермеу үшін жатқа қолдан,

Арулар аз болды ма атқа қонған?» – деген өлең жолдары әйел рөлін атқарып қоймай, сонымен бірге еріне адал, еліне сыйлы, асыл жар, ақылды дос, данагөй ханым атанған хан жұбайларын еске салып тұрады. Ұлы дала амазонкалары саналған Томирис, Тұмар, Зарина патшайымдар, ел басқарған ерлердің әрі жұбайы, әрі анасы атанған Бопай ханым, Фатима Тоташ, Күнімжан ханым секілді ауыр жүкті арқалаған әйелдер бейнесі күннен-күнге жадымыздан шығып, ұмыт болып барады.

 

Соғысты тоқтатқан Күнсұлу ханым

Сақ қызы Күнсұлу он жасында қару асынып, атқа мініп, жорықтарға қатысады. Соғыс өнерін жетік меңгерген Күнсұлу он екі жасында жүз қызға қолбасшылық етеді. Сақ патшасы Күнсұлудың жүз қызын ерекше тапсырмаларды орындауға жібереді екен. Бір күні Күнсұлу өзінің жүз қызымен ерекше тапсырмаларды орындап жүріп, парсы әскерінің екі мыңдық қолына тап болып, шайқасқа түседі. Күш тең болмаған соң, Күнсұлу қыздарға шегіне жүріп соғысуға бұйрық береді. Парсы әскерінің біразы оққа ұшып өледі. Бірақ жүз қыз қолбасшысы Күнсұлумен қолға түседі. Парсы билеушісі: «Жүз қыз қолбасшысы Күнсұлумен бірге өлтірілсін…» – деген бұйрық береді. Парсы патшасының ортаншы ұлы Күнсұлудың ақылы мен көркіне қызығып: «Әке, Күнсұлуды өлтірмеңіз, ол сіздің келініңіз болсын, мен әйелдікке алайын…» – дейді. Парсы патшасы ортаншы ұлының өтінішін орындайтын сыңай танытады. Сонда Күнсұлу бірнеше жылдан бері екі елдің арасындағы соғыстың ауыр зардаптар әкелетінін, жүз қыздың аман-есендігін ойлап, парсы патшасының ортаншы баласына: «Менің бір талабым бар, соны орындасаң, мен сенің әйелің боламын…» – дейді. Парсы патшасының ортаншы ұлы: «Ол қандай талап? Сен қандай талап қойсаң да орындаймын!..» – дейді. Сонда Күнсұлу: «Менің жүз қызымды тұтқыннан босатып, өз еліме қайтарыңыз…» – дейді. Парсы патшасы Күнсұлудың өтінішін орындап, жүз қызды тұтқыннан босатады. Сақтың батыр қызы Күнсұлуды өзіне келін етіп алады. Содан кейін сақтар мен парсылардың арасындағы соғыс жүз жылға дейін тоқтаған екен.

 

Жәңгір ханның асыл жары – Фатима ханым

Әдебиеттен Жәңгір ханға кектеніп шығарған Махамбет өлеңдерін оқыған шығарсыз.  Ал тарих  Жәңгір ханды жәрмеңкелер ұйымдастырған, тұңғыш қазақша-орысша білім беретін  мектеп, музей, емхана, аурухана аштырған, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге атсалысқан реформатор ретінде жазады. Тарихи деректерде татар қызы Фатиманың сұлулығы, элита өкілдеріне лайық маңғаздығы, мәдениеттілігі мен ақылдылығын айқындайтын деректер бар. Өзі европаша білім алған, қазақ және татар тілдерінен бөлек, орыс, француз, неміс тілдерін жетік меңгерген. Жәңгір ханның таңдауы Фатимаға неліктен түскендігі осы тұста байқалады. Бөкей Ордасының ханы Жәңгірдің қалауы орындалып, 1824 жылдың күзінде Орынбор муфтиі Мұхамеджан Хусейновтың қызы Фатимаға үйленеді. «Ол киіз үйде қалай өмір сүрмек, тіпті киіз үйі алтын болса да жапан түзге баруы міндетті ме?» деген жақындарының ашынған сөзіне Фатима мән бермейді. Кең сарайынан кең далада тігілген қазақы үйге келін боп түседі. Жәңгір ханның Жасқұс деген жерге сарай салдырғаны жайлы мәлімет бар емес пе, Фатиманың ықпалы осы жерде көрініс табады. Себебі, татар қызы хан әйелінің рөлін ғана атқарып қоймай, сенімді серігі және ақылды кеңесшісі бола біледі. 1826 жылы хан Жәңгір жұбайы Фатима ханшамен Орыс патшасы Николай I  таққа отыру рәсіміне шақырылады. Мәскеу қаласында өткен салтанатта Фатиманы Николай патша оның білімділігі мен мәдениеттілігіне, орысша таза сөйлегеніне тәнті болады. Қазан төңкерісіне дейін Фатима ханымның портреті Кремльдің Георгиевский залында ілулі тұрған. Онда  «Фатима (1809/11 ж.ш., Орынбор – 2.10.1845, Бөкей Ордасы) – Бөкей Ордасының ханы Жәңгірдің әйелі» деген жазулар жазылған. Патша сарайының Фатима ханымды құрметтеуі, сыйлауынан орыс шенеуніктерінің хан Жәңгiрге деген ықыласының еселенуіне септігін тигізгенін аңғарамыз. Жәңгір ханның халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында іске асырған жұмыстарына асыл жары Фатиманың бағыт-бағдар беріп отқанын түсіну қиын емес.

 

Кенесары ханның әйелі – Күнімжан ханым

Қазақ тарихында Кенесары ханның сүйікті жары туралы көп айтыла бермейді. Күнімжан ақылына көркі сай, ханға нағыз жар болуға лайық қыз болған. Шыққан тегіне назар аударсақ өте беделді адамдар болған. Әкесі – Тұрсын атақты байлардың бірі саналған деседі.  Бұдан Кенесары ханның текті жердің қызын алғанын көреміз. Күнiмжан жұбайы Кенесарыны «күйеуім», «ерім» деп емес, тек «төрем» деп атаған екен.
Бір жолы Күнімжанды көріп қалған Кенесары жас сұлуды ә дегеннен  ұнатып қалады.
Он жетiге жаңа толған жас ару да Кенесарыны ұнатады екен. Көп ұзамай «Күнiмжанды маған берсiн» деп қыздың ата-анасына құдалыққа кiсi жiбередi. Егер Кенесары тездетіп осылай жасамағанда, сұлу Күнімжан қалың малын төлеген Қо­ңырқұлжаға тоқал болып кетер берер ме еді… Осылайша Күнімжан Көкшетау баурайындағы Қасым төренің ауылына ұзатылады. Көп ұзамай ханым асыл жардан ақылгөй данаға, ел ертеңін ойлайтын ел анасына айналады.
Кенесары ханның Ресей өкіметімене қарсы айқасып жүрген кезі еді. Ауылда ханның жоғын пайдаланып Обручев бастаған жазалаушы отряд жүзден астам төлеңгіттерді өлтіріп, дүние мүлікті тонап, 30 шақты күтуші қыз-келіншектермен қоса ханның бәйбішесі Күнімжанды тұтқынға алады. Жазалаушы отрядтың басты мақсаты – Күнімжан ханымды тұтқындап, көтерiлiс басындағы Кенесарыны келiсiмге келуге мәжбүр ету едi. Оған көнетін хан Кене жоқ. Түк шықпаған соң Күнімжан ханымды қызметшілерімен бірге еліне қайтарып жібереді. Күнімжан қамақта болса да өзін нағыз ханның жары, қазақ әйелі ретінде байсалды ұстап, тіпті оырстар берген сый-сияпаттарына назар аудармай, күтушілеріне таратып отырған. Бұдан Күнімжанның Кенесары ханға лайық жан болғанын сезіне түсеміз.
Белгiлi тарихшы Жанұзақ Қасым­баев
«Кенесары хан» атты кiтабында Күнімжан ханым жайлы: «Кенесарының бәй­бiшесi Күнiмжан азаттық күрес­тiң барлық дерлiк өрiстi уақиға­ларының куәсi болды. Патша үкiметiнiң отаршылдық азабын бiрдей тартып, ханның басына түскен ауыртпалықтың бәрiн, өмiрiнiң ыстық-суығын бiрге көтердi. Жапар, Тайшық, Ахмет тәрiздi хан мирасқорларының анасы Күнiмжан балаларын халық үшiн күрестiң мүддесiне шыңдады», – деп жазады.

 

Шыңғыс ханның ой таразысы – Бөрте ханым

Қоңырат руынан шыққан Бөрте – Шыңғыс ханның бәйбішесі, оның арқа сүйері, сенімді серігі. Бөрте өз жұбайың маңдайына біткен жұлдызы.
Бөрте – Шыңғысханның бәйбішесі. Ұлы қолбасшы әйелі айтқан кеңестерге құлақ түрген. Бұл – тарихтан белгілі шыңдық. Сонымен қоса, билеуші Бөртеден туған 4 ұлын: Жошы, Шағатай, Үгедей, Төлені өз мұрагерлері ретінде таныған. Олардың тікелей ұрпақтары Керей мен Жәнібек хандар Қазақ хандығының негізін қалаған.  Парасаттылығы мен ақылдығының арқасында Шыңғысханның бәйбішесі өз дегеніне жетіп отырған. Тарихи дереккөздер бойынша, қоңырат руы көсемінің туған қызы Бөрте Шыңғысханға (қият ішіндегі бөржіген руының батыры Есугей баһадүрдің туған ұлы) атастырылған. Кейуана тағдырдың жазуымен Темучин әкесінен ерте айырылған. Алайда ер жеткеннен кейін Бөртені іздеп барып, алып қайтқан. Шыңғысхан мен зайыбы қиын-қыстау замандарды басынан бірге өткерген. Ет жақындары мен достары билеушіден бас тартқанда да, соғыста жеңіске жеткен алғашқы жылдары да, Шыңғыстың Моңғол ұлысының әміршісі ретінде қалыптасу кезінде де Бөрте әркез ханның қасынан табылған. Кейбір әдебиеттерде Бөрте сұлу, дана ханшайым ретінде сипатталады. Сонымен қоса, ақ жібек көйлек киген, шашында алтын тиындары бар әйелдей суреттеледі. Қасында ақ қозы бар, не атқа мініп отырған күйін де бейнелейді. Ұзақ жұбайылық ғұмыр кешкен кезінде Шыңғыс хан бәйбішесіне ерекше құрмет көрсетіп, оны бағалай білген. Ол –  аяулы жар, ардақты ана ғана емес, Шыңғыс ханға дана кеңесші бола білген әйел. Қазақтың қоңырат тайпасының өкілі Бөрте ұлы Шыңғыс ханның жол көрсетушісі, тірегі және ең сенімді серігі де болған.

 

Әбілқайырдың сенімді серігі – Бопай ханым

Бопай ханым ел басқару ісінде Әбілқайырдың сенімді әрі ақылды серігі болып, ханмен бірге дипломатиялық қатынастарды реттеп отырған. Қазақ халқының басына ел болу не мүлдем жоғалу қаупі төнгенде Әбілқайыр ханың саясатына қолдау білдіріп, кемшін тұстары болса жасырмай кеңес беріп, жақсысын асырып, тіпті, әйел заты қатыспайтын құрылтайға барып, қазақ хандығының ішкі және сыртқы мәселелерін шешуге атсалысады.
Өз атынан орыс патшайымдары Анна Иоановна, Елизавета Петровна, бригадалық генерал А.И.Тевкелев, Орынбор губернаторы И.И.Неплюев, канцлер А.П.Бестужев-Рюминтермен хат алмасып тұрады. Және ол хаттардан ел мүддесіне қатысты ұстанған бағыттарын, алдағы жоспарларын  айқын аңғаруға болады.

Тарихшы А.И.Левшин: «Бопай өзінің ақылдылығы арқасында бүкіл Кіші жүздің құрметіне бөленді және кейде оны басқаруға үлкен ықпал етті»,− деп жазды (А.И.Левшин. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. − Алматы, 1996. 217-бет). Бопайдың зеректігі мен тапқырлығы жөнінде ағылшын суретшісі Дж. Кэстльдің, Әбілқайыр ордасында болған орыс шенеуніктерінің жазбаларында біршама деректер келтіріледі. 1736 жылы ағылшын саяхатшысы Джонь Кэстль қазақ даласын аралап жүріп, Әбілхайыр хан ордасына соға кетеді. Суретші Джек Кестель салған суретте Бопай ханым балалаларымен кетіп бара жатады. Бопай ханым ұзақ жасап, тоқсанға жақындаған жасында 1780 жылы дүние салды.  Бопай ханымның Әбілқайыр хан және қолбасшы қасындағы адамдарға жасаған ықпалының арқасында, таришхылар оны орта ғасырлар дәуірі мен жаңа заманның аса көрнекті қазақ әйелдерінің біріне жатқызады.

 

Қайсар мінезді Қойсана ханым

Қойсана – Тарақты Байғозы батырдың қызы. Ол Кенесары ханның серiгi, орыс басқыншыларына қарсы соғысқан әйгiлi қолбасшы Ағыбай батырдың анасы. Ер Ағыбайға аяғы ауыр кезiнде елiнiң жылқыларын түн жамылып барымташылар келiп ұрлап кетедi. Мiне, сол кезде ержүрек әйел барымташыларды соңынан қуа жөнеледi. Ақыры қуып жетiп, бәрiн аттан түсiрiп байлап ауылына әкелген. Ауылға келген соң қарақшылардың басшысы былай дептi: «Бiздi аттан түсiрген әйелдiң күшi емес, оның iшiндегi баласының күшi». Көп уақыт өтпей Қойсана Ағыбай батырды туыпты. «Алып анадан туады» дегенде халқымыз алыптардың анасы да тегiн адам болмайды дегендi меңзесе керек.

 

P/S: Міне, бұл тек сол заманның ырқына көніп, ел басшыларының тұрмыс жағдайына, мемлекеттік істерінің орындалу барысына араласа білген қазақ ханымдарының бір легі ғана. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен ел тыныштығын тербеткен қазақ әйелдерінің мәртебесі әрдайым биік болғай!

 

 

9162 рет оқылды