08:30 | Менің анам, менің әкем
2016-10-11 (0) (7066)

АШУРА КҮНІНІҢ ҒИБРАТЫ

АШУРА КҮНІНІҢ ҒИБРАТЫ

 

 

Бүгінгі күн несімен ерекшеленеді? Бұл күннің басқа күндерден айырмашылығы қандай?  «Ашура» күні туралы қасиетті Құранда не делінген?

Бүгінгі мақаламызда осы сұрақтарға жауап іздеп көрмекпіз.

Иә, дәл осы күні жер бетінде адамзат тарихындағы ең үлкен мұғжиза, ең үлкен оқиғалардың бірі орын алған. Бұған «Шұғара» сүресінің 52-59-аяттары дәлел. Құранда:

«Біз Мұсаға: «Құлдарымды түн ішінде жолға алып шық, өйткені, олар сендердің соңдарыңнан түседі», - деп уахи еттік. Сонда Фиръаун қалаларға (әскер) жинаушыларды жіберді. Ол: «Негізінде, олар аз ғана топ. Әрі олар біздің ашу-ызамызды келтірді. Және шын мәнінде біз барлығымыз да сақ болуымыз керек», - деді. Біз оларды бақтары мен бұлақтарынан осылайша шығардық әрі қазыналары мен сәулетті тұрақ жайларынан. Біз ол жерді Исраил ұрпақтарына мұра етіп бердік. Олар Мұсаның артынан таңертең түскен еді», - делінеді. Аяттан ұққанымыздай, Алла Тағала Мұса пайғамбарды өзінің бауырымен бірге перғауынға жіберіп, оларды бір Аллаға ғана құлшылық етуге шақыруын бұйырады. Алайда өзін бүкіл әлемнің билеушісімен деп таныстырған перғауын иман келтіре қоймайды. Ол Мұсаны «жын соққан біреуге» балайды. Сонда Мұса оған айқын дәлел келтіруді ойлайды да, қолындағы асасын (таяғын) жерге тастаған кезде таяқ Алланың құдіретімен жыланға айналып кетеді әрі Мұсаның қолы аппақ нұрға айналады. Бірақ бұған да көнбей, тәкаппарлық танытқан перғауын еліндегі сиқыршыларды шақыра бастайды. Мұсаны жеңген сиқыршыға жоғары дәреже, үлкен сый беретінін айтады. Алайда Мұсаның таяғы ол сиқыршылардың елес етіп көрсеткен нәрселерінің барлығын жұта бастаған еді. Осыны көрген сиқыршылардың барлығы дерлік жаппай: «Біз әлемдердің Раббысына сендік. Мұса мен Һарұнның Раббысына», - деп құлдық ұрады («Шуъара» сүресі, 47,48-аяттар). Бірақ перғауын ғана мойынсұнбай, қасарысушылардан болады. Осыдан соң Алла Тағала Мұсаға қауымымен бірге қаладан шығып кетуді бұйырады.

 

Сөз жоқ, Құрандағы әрбір қисса адамзат баласы үшін – тәрбие мектебі, ұлы сабақ екендігі анық. «Шұъара» сүресінде сөз болатын бұл оқиға жер бетіндегі әрбір зұлымдықтың, шектен шығушылықтың соңы, аяғы болатындығын білдіреді. Демек, мына ғаламның Раббысы, Жаратушысы, Иесі бар! Алланың қалауынсыз ештеңе болмайды. Себебі, таяқтың өзіне сондай таңғажайып мұғжизаны жасатып қойған Алла еді. Алла осылайша «Мына Мысырдың мүлкі менікі емес пе? Өзендер менің сарайымның жанынан ағып жатқан жоқ па?» деп мақтанған перғауынды әп сәтте-ақ қауқарсыз, шарасыз күйге түсірді. Барлық байлық, мүлік, нығметтердің иесі  - Алла. Алла оған денсаулық пен байлықты берді, ішкізіп, жегізді. Перғауын қанша бай, дәулетті болса да, оның күш-қуаты Алланың мүлкінің қасында шаңның тозаңы құрлы болмады...

 

АЛЛА ТАҒАЛА ӘРҚАШАН ӨЗ ҚҰЛДАРЫМЕН БІРГЕ!

 

Осы оқиғадан соң Мұса мен оның қауымы түнделетіп Мысырдан қашып шығады. Перғауын тез арада әскерін жинап, арттарынан қуады. Мұса пайғамбар мен қауымы Қызыл теңізге келіп тіреледі. Сол кезде арттарынан құйындатып желіп келе жатқан перғауынның қалың әскері көрінеді. Құранда бұл оқиға былай баяндалған:

«Екі топ бірін-бірі көрген кезде, Мұсаның жанындағылар: «Анығында, бізге қуып жететін болды» деді. Мұса: «Жоқ, олай емес! Ақиқатында, Раббым – менімен. Ол маған жол көрсетеді» деді». («Шуъара» сүресі, 61-62 аяттар). Бұл Мұса пайғамбардың иманының шынайылығын, сенімінің беріктігін көрсетеді. Демек, шынайы мұсылман әрдайым Раббысына арқа сүйеп, Оған ғана тәуекел етуі керек.

 

Жан қысылып, жүрек сығылған, адамдардың иманы әбден сыналған кезде Алла Тағала Мұсаға теңізді таяқпен ұруды бұйырады. Осы сәтте Алланың құдіретімен теңіз құп-құрғақ қара жолға айналып шыға келеді. Мұса бұған дейін жыланға айналған таяғының өзі қалаған кезде емес, тек Алла қалаған уақытта ғана оған көмектесетінін білді. Сондықтан да ол қолындағы таяғына емес, «Ақиқатында, Раббым – менімен» («Шуъара» сүресі, 62-аят) деп Жаратушысына үміт артып, Одан ғана жәрдем тіледі. Сөйтіп, теңізден аман-есен өткен соң Мұса пайғамбар таяғымен теңізді қайтадан ұрып, екіге жарылған суды қайта қосқысы келеді. Бірақ Алла Тағала оған: «Әрі теңізді тыныш күйінде қалдыр, өйткені олар (фиръаундықтар) – суға батырылатын әскер» («Дұхан» сүресі, 24-аят), - деген уахи жібереді.  «Әрі біз Мұсаны және онымен бірге болғандарды – барлығын құтқардық. Содан кейін басқаларды суға батырдық. Шын мәнінде, мұнда белгі-ғибрат бар. Бірақ олардың көбі иманға келушілерден болмады. («Шұъара» сүресі 65-67-аяттар) «Біз Исраил ұрпақтарын теңізден өткіздік. Сонда Фиръаун мен оның әскері әділетсіздік әрі дұшпандықпен олардың соңынан қуды. Ал ол (Фиръаун) суға батар кезінде: «Исраил ұрпақтары сенген құдайдан басқа ешбір құдайдың жоқтығына сендім. Мен де мұсылманмын (бойұсынушымын)», - деді. «Енді ғана ма? Ал бұрын бойұсынбаған едің әрі бұзушы-бүлдірушілерден болдың» («Йунус сүресі, 90,91-аяттар). Перғауын осылайша жаны дәл алқымына келген кезде өткен ісіне өкініп, иман келтіреді. Алайда, бұл кезде барлығы кеш еді...

 

Бұл оқиғадан алатын ғибратымыз сол, Алла Тағала Өзінен ғана жәрдем тілеп, Өзіне ғана арқа сүйеген пендесін ешқашан қиындықта қалдырмайды. Егер Аллаға ғана арқа сүйеген болсаң, перғауыннның қалың әскерінен құтқарғаны секілді Алла сені де кез-келген қиындықтан алып шығатыны күмәнсіз.

 

АЛЛАНЫҢ ҮКІМІ ОРЫНДАЛДЫ!

 

«Бүгін сені өзіңнен кейінгілерге бір белгі болу үшін мүрдеңді (тәніңді) құтқарамыз». («Йунус» сүресі, 92-аяттар). Алла Тағала осы күннің ұлықтығын ұмыттырмас үшін шектен шыққан тәкаппар құлы перғауынның денесін шірітпей сақтап қойды. Сол арқылы астамшылықтың жазасын әлемге паш етті. Перғауынның денесі бүк түсіп, қорланған күйде, сәжде еткен қалыпта сақталып қалған.

Міне, дәл осы Ашура тарихта бүкіл адамзат баласына ескерту болған дәл осындай елеулі оқиға орын алған. Ал Ашура күнінің оразасына келер болсақ, бір жолы Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударып келгенде, Мәдиналық яһудилердің Мұхаррам айындағы Ашура күні ораза тұтып жүргенін көреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) олардан: «Сендер ораза тұтып жүрген бұл қандай күн?»  деп сұрайды. Олар: «Бұл – ұлы күн, онда Алла Мұса мен оның қауымын құтқарып, перғауын мен оның қауымын суға батырған. Мұса бұл күні шүкіршілік ретінде ораза тұтқан, сондықтан біз де бұл күні ораза тұтамыз», - деп жауап береді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге қарағанда Мұсаға біз көбірек құқылымыз әрі оған біз көбірек лайықпыз» дейді де, өзі осы күні ораза тұтып, өзге мұсылмандарға да осы күні ораза тұтуды бұйырады (Бұхари, Муслим)

Демек, Алла Өзінің сүйген құлын ешқашан жалғыз қалдырмайды. Және пенде әрбір табысы мен жеңісі, қуанышы үшін Аллаға шүкірі мен алғысын білдіріп тұруы керек. Аллаға деген разылығымыздың белгісі ретінде Оған ұнайтын, Оны разы ететін амалдарды жасауға асығуымыз керек.

 



7066 рет оқылды