2016-10-05 (0) (8750)

КЕЛІНДЕРГЕ АРНАЛҒАН ТАЙМ–МЕНЕДЖМЕНТ

КЕЛІНДЕРГЕ АРНАЛҒАН ТАЙМ–МЕНЕДЖМЕНТ


уақытты тиімді меңгерудің жолдары

 

«Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген халық даналығы бар. Расында, үй жинастырып, кір жуу, тамақ жасап, балаға қарау үшін де көп уақыт керек. Демек, уақытты тиімді жоспарлай білу үй шаруасындағы кез келген әйел үшін өте маңызды. Байлығымыз – уақыт. Ол біздің ойымыздан жүйрік. Уақытыңызды барынша тиімді өткізуге тырысыңыз. Ол үшін әрбір сәттің қадірін біліп, оны дұрыс жоспарлауды үйреніңіз.

 

Ең алдымен біздің жинақылығымыз таңертең қалай тұрғанымызға байланысты. Сағат сегізде оятқыштың дыбысынан кейін әрең тұрып, күн соңында тезірек төсекке оралуды ойлап тұруға болады. Дәл үйден шығар алдында тұрып, апыл-ғұпыл жиналып, бутербродты сөмкеге тыға салып, айналада және басыңда не болып жатқанын түсінбей далаға атып шығуға болады. Бірақ ең дұрысы өзіңді оянуға алдын ала дайындау, жаңа күннің демін сезіну. Сол үшін сізді жаңа күнге бейімдейтін таңертеңгілік салт-жораңыз болсын.

►Ол үшін қарапайым нұсқа: оятқыштың бірінші дыбысынан ояну, аздаған физикалық жаттығу, ыстық-салқын душ, пайдалы таңғы ас, оқу. Мұның бәрін сіз шамамен бір сағатта жасайсыз.

►Қандай салт-жора ойлап табатыныңыз маңызды емес. Ең бастысы, сіз одан демалыс және мейрам күндері де бас тартпауыңыз керек. Уақытыңызды тиімдірек жұмсап, жинақы, тәртіпті бола бастағаныңызды өзіңіз байқамай қаласыз. Уақыт өте келе таңғы жұмыстарды автоматты түрде жасайсыз, олар өміріңіздің бір бөлігіне айналады. Және де ұйқы жайлы ұмытпаңыз. Ұйқыңыз қану үшін 7-8 сағат ұйықтау керек.

►Әр күніңізді дұғамен бастауды ұмытпаңыз. Өзіңізге іштей сенім білдіріңіз. Үй жұмысын, ас үй тірлігін қолға аларда да өзіңіздің жасағалы тұрған жұмысыңыз оң нәтиже береріне сеніңіз. Барлығы да тек Алланың қалауымен ғана болатынын естен шығармаңыз. Себебі, сіз тек өз уақытыңызды үнемдеуші ғанасыз. Ал, сізге берілген мүмкіндіктер Алланың қалауымен келеді.

►Өзіңізге жұмыс журналын арнаңыз. Оған жалпы «атқаратын жұмыстарыңызды», бір күндік және айлық жоспарыңызды, келін ретінде жасауға міндетті жұмыстарыңызды жазып жүріңіз.

►Әрдайым «Үй шаруасында менен асқан пысық жоқ. Бәріне үлгеремін, жақындарым үшін де бос уақыт табамын» деп іштей қайталап жүріңіз және өзіңізді соған сендіріңіз. Бұл сөздер адамды қайрап, алдыңыздағы шаруаны аяғына дейін жеткізуге, бәріне уақытылы үлгеруге итермелеп, алға жетелеп тұрады. Ал, керісінше, «ешқашан үлгермеймін, уақыт жетпейді» дей берсеңіз, шынымен де, алға жылжу қиындай түседі.

►Егер «үй жинау керек, киімдерді бүктеу керек» десеңіз, бұл үлкен жұмыс сияқты көрінеді. Ал осы «керек» деген сөзді басқа сөзбен алмастырып, «киім бүктегім келіп тұр» деп айтып көріңізші. Естілуі де басқаша, көңіл күйіңізге де өзгеше әсер етеді. Киім­-кешегіңіз шашылып жатпауы үшін оны бүктегіңіз келіп тұр. Демек, бұл – басқа нәрсе. Уақытты дұрыс жоспарлау жүйесін құрушы зерттеушілер алдыңыздағы шаруаны осылайша екі есе аз уақытта аяқтауға болатынын айтады.

►Уақытыңызды жоспарлауды таңертең емес, күні бұрын, кешкісін қолға алыңыз. Ертең орныңыздан тұрғаннан бастап не істейтініңізді, қайда баратыныңызды, бәрін-­бәрін ойластырыңыз және сол жағдайды көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Осылайша бүкіл бір күніңіздің сәтті өтуіне кедергі болар жайттарды да уақытылы байқап, алдын алуға болады. Мысалы, жарыңыздың ертең киетін жейдесі. Ол жуылмаған болуы мүмкін немесе үтіктеу керек шығар. Оны ертерек дайындап қойғаныңыз абзал. 

►Ертеңге қалдырмауды үйреніңіз. Жиналып қалған жұмысты уақыттың тығыздығын сылтауратып, келесі күнге қалдыра бергеннен ол азаймайды, керісінше, арта түседі. Осыны ескеріп, дұрыс жоспар құрыңыз. Үйіліп тұрған істің тым болмаса, бір бөлігін міндетті түрде бүгін бітіру керектігін естен шығармаңыз.

►Сақ болыңыз, сіздің жаныңызда үнемі «уақыт ұрлаушы» жүреді. Ол сізді:

         фильмдер мен сериалдарды;

ғаламтор мен әлеуметтік желілерге тәуелділікке;

қажетсіз қоңырауларға жауап беруге итермелейді.

Бұл уақытты да тоқтатуға болады. Ең бастысы – өзіңізге жоқ деп айтуды үйрену.

►Кейде телефонмен ұзақ сөйлесеміз, бітпейтін ойындар ойнаумен отырамыз, мағынасыз телехикаяларды бірінен соң бірін жалғастырып қараймыз, ғаламтор мен әлеуметтік желілерді ақтарып, қайта-­қайта орынды не ­орынсыз шай ішеміз. Міне, осындай түкке тұрғысыз нәрсемен айналысып, алтын уақытты «өлтіреміз». Сондықтан осынау керексіз істі қысқартып, күн санап, мүлде тоқтатқанымыз дұрыс. Себебі, уақытты босқа жіберіп алудан артық өкініш жоқ.

►Көліктегі немесе қоғамдық көліктегі уақытыңызды да үнемдей біліңіз.  Күнделікті бір-­екі сағат, кейде одан да көп уақыт көлік кептелісі болып тұрады. Осы уақытты сіз босқа өткен уақыт деп емес, демалыс уақыты деп қарастырыңыз. Көлік орнынан қозғалып, баратын жеріңізге жеткенше көптен бері хабарласа алмай жүрген жақындарыңызбен сөйлесіңіз, газет­-журнал оқып, айналаңыздағы жаңалықтардан хабардар болыңыз.

►Жалқаулықты жеңетін уақыт жетті. Алға қойған мақсаттарымызға кедергі келтіретін де – осы жалқаулық. Ешқашан «дүйсенбіден бастап басқа адам боламын» деген қағиданы қолданбаңыз. Үлгілі келін үшін бұл бағыт әлдеқашан «сәннен» қалған. Ал, сіз барлығын дәл қазірден бастап өзгертуді қолға алыңыз. Не нәрсені де алдын ала ойлауды әдетке айналдырыңыз.

►Өзіңізді риэлтормын деп елестетіп көріңіз. Яғни сіз өз үйіңізге сырт көзбен де қарап көріңіз. Мәселен, сіздің үйіңізді жалға алайын деп жатыр, сіз ол үшін бөлмелердің қай жерін жөндеуіңіз керек? Терезе ауыстыру қажет пе? Заттар өз орнымен орналасқан ба? Осы мәселелерді күнделікті қағазға түртіп алып жүріңіз. Кем-кетіктердің орнын толтыру арқылы сіз өз үйіңізді арманыңыздағыдай өзгерте аласыз.

►Ешқашан екі істі қатар жасамаңыз. «тезірек аяқтауым керек» деп жанталаспаңыз. Бұл ісіңіз «арықтау» процесіне көбірек ұқсайды. Диета ұстап, тез арықтаудың жолын көздеген адам артынша біршама салмақ қосатыны сияқты сіз де екі істі бірдей әрі асығыс жасау арқылы біраз нәрсені ушықтырып аласыз. «Асықпаған арбамен қоян алады». Ал, асыққан «ненің ісі» екенін жақсы білесіз.

►Егер күшіңізді есепке алмай, жұмыс таңдаған болсаңыз, сіз оны міндетті түрде орындауыңыз керек, басқа жол жоқ. Бір күнде үлгермейсіз бе? Қажеттінің барлығын істеп бітпейінше, басқа істерді қоя тұрыңыз. Бұл тапсырма өте қиын, себебі өзіңді сатып кетуге болмайды. Мәселен, сіз өзіңіз әлі әзірлеп көрмеген торттың не пирогтың немесе жаңа бір салаттың түрін жасап көріңізші. Осыны жасап болған соң, күш-қуатыңыз артып, көп нәрсені істей алатыныңызды біліп, бойыңызды мақтаныш билейді. Себебі барлық шектеулер тек өзіңіздің қиялыңыз екенін аңғарасыз.

 

Әдетті қалыптастыру уақыт пен жігерді талап ететінін естен шығармаңыз, есесіне кейін олар сізді кез келген қиындыққа қарамастан армандарыңызға жетелейді.

8750 рет оқылды