2016-09-29 (0) (52865)

ДҰХА НАМАЗЫН ОҚЫҒАН АДАМҒА БЕРІЛЕТІН СЫЙ-САУАПТАР

ДҰХА НАМАЗЫН ОҚЫҒАН АДАМҒА БЕРІЛЕТІН СЫЙ-САУАПТАР

 

Ата дінімізде Алла Тағала бекіткен парыз амалдардан басқа қосымша құлшылықтардың атқарылу жолдары көрсетілген. Мұндай нәпіл (қосымша) ғибадаттар  парыздардың орнын толтыру, құлшылықты кемелдендіру, Аллаға сүйікті болу жолында қажет. Муслимнен жеткен құдси хадисте Қияметте адамдардың ең алдымен парыз намаздан сұралатындығы айтылады. Сонда Алла Тағала құлын бәрінен артық біле тұра періштелерден: «Менің құлымның намазына қараңдар, олар кәміл ме, әлде кемшіліктері бар ма?» - деп сұрайды. Егер намаз кемшіліктен ада болса, толық намаз ретінде қарастырылады, ал кемшіліктері болса, Алла нәпіл ғибадаттарды сұрап, парыздардың орнын толықтыруға мүмкіндік береді».

Келесі бір құдси хадисте: «Кімде-кім менің жақын құлыммен жауласатын болса, Мен оған қарсы соғыс жариялаймын. Менің құлым оған бұйырған парыз ғибадаттарымнан артық нәрсемен жақындай алмайды. Құлым нәпіл намаздармен Маған жақындыққа ие болады, ақыр соңында Мен оны жақсы көремін. Мен оны жақсы көрген сәттен бастап, оның еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы, жүретін аяғы боламын. Егер бұл құл Менен бір нәрсе сұраса, Мен оны міндетті түрде беремін. Егер Менен пана сұраса, оны сақтаймын және жасырамын» - делінген. (Муслим)

Адамды Аллаға жақындататын нәпіл ғибадаттардың бірі – дұха намазы. Бұл қандай намаз? Қандай артықшылықтары бар? Қалай оқылады? Осы секілді сауалдарға жауап іздеп көрсек.

 

ТАҢЕРТЕҢ ДҰХА НАМАЗЫН ОҚУШЫ КЕШКЕ ДЕЙІНГІ ҚИЫНДЫҚТАРДАН ҚҰТЫЛАДЫ

Әбу ад-Дарда мен Әбу Заррдан (р.а) жеткен құдси хадисте: «Уа, Адам баласы, күннің басында Мен үшін төрт  рәкағат намаз оқы және Мен сені сол күннің соңында құтқарамын» делінген (Тирмизи).

Ғалымдардың бір тобы: «Күннің басында» деп дұха немесе таң намазының сүннеті мен парызы нұсқалады. Өйткені, олар күн басында оқылады», - деген. Ал қатарында Тирмизи, Әбу Дәуд секілді хадис ғалымдары бар бір топ бұл намазды дұха намазы деп санап, хадисті дұха намазына арналған бөлімге қосқан.

Ғалым әт-Тьби хадисті: «Мен сені намазыңнан кейін және кешке дейін уайымыңнан құтқарып, саған жеккөрінішті болған нәрселерден қорғаймын. Күннің басында жаныңды тазарт және Мен қажеттеріңді өтеумен күннің аяғыңда жаныңды тазартамын» деп тәпсірлеген.

 

ДҰХА НАМАЗЫ ҚАЙ УАҚЫТТА ОҚЫЛАДЫ?

Дұха намазының уақыты күн көтерілгеннен кейін басталып, бесін намазына аз уақыт қалғанда аяқталады. Ғалымдар оны нақтырақ есептеп, күн шыққаннан кейін 15 минуттан кейін басталып, бесін намазына 10 минут қалғанда аяқталады деп белгілеген.

Мүмкіндік болса, дұха намазын күн ысығанда оқыған абзал. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Тәубе етушілердің намазы – түйелердің балалары күнге қыздырына бастаған уақытта» деген (Муслим).

 

ДҰХА НАМАЗЫ ҚАНША РӘКАҒАТ ОҚЫЛАДЫ?

Дұха намазы қосымша құлшылық болғандықтан мұсылманның ниетіне қарай 2 рәкағаттан 12 рәкағатқа дейін оқылады және 2 рәкағаттан бөліп оқыған дұрыс. Өйткені, Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) 2 рәкағат дұханы тастамауды өсиет еткені айтылса, Айша анамыздан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) күн сайын 4 рәкағат оқығандығы және қалауынша қосқандығы баяндалған.

 

САХАБАЛАРҒА ӨСИЕТ ЕТІЛГЕН НАМАЗ

Айша анамыз (оған Алла разы болсын) айтады: «Алла Елшісі 4 рәкағат дұха намазын оқитын және Алла қалағанша қосатын» (Муслим). Ғалымдар бұл намазды Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оқыған және сахабаларын бағыттаған деген екен.

 

ДҰХА НАМАЗЫ ӘР БУЫННЫҢ САДАҚАСЫН АЛМАСТЫРАДЫ

Алла Елшісі: «Күн шыққан әрбір күні әрқайсысың денелеріңде неше буын болса, сонша садақа беруге тиістісіңдер. Әрбір айтылған: «Субхана-Ллаһ» – садақа және «Әлхамду ли-Лләһ» – садақа. Әрбір айтылған «Лә иләһә ила-Ллаһ» – садақа және әрбір айтылған: «Аллаһу Әкбар» – садақа. Жақсылыққа шақыру - садақа, жамандықтан тыю да - садақа, бірақ осының бәрін таңертіңгілік оқылған екі бас нәпіл намаз /дұха/ ауыстыра алады», - деген. (Муслим)

 

СҮЙІКТІ ДОСТЫҢ МҰРАСЫ

Сахаба Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын): «Менің сүйікті досым (Пайғамбар) менен айына үш күн ораза ұстауды, таңертең екі рәкағат таңертеңгілік (дұха) намазын орындауды және ұйықтар алдында үтір намазын орындауды талап етті», - деген. (Бұхари, Муслим)  Ал Әбу ад-Дарда (оған Алла разы болсын): «Менің сүйікті Пайғамбарым көзім тірі кезде ешқашан бас тартпайтын үш нәрсені өсиет етті: ай сайын үш күн ораза ұстау, дұха намазын оқу және үтір намазын оқымай ұйықтамау», - дейді. (Муслим) Бұл екі хадис те  дұха намазын үнемі, тастамай орындап тұрудың артықшылығын көрсетеді.

 

ТӘУБЕ ЕТУШІЛЕРДІҢ НАМАЗЫ

Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) жеткізген басқа хадисте: «Дұха намазын тәубе етушіден басқа ешкім үнемі орындамайды, шын мәнінде бұл – тәубе етушілердің намазы!» делінген, (Ибн Хузейма)

 

ДҰХА НАМАЗЫН ОҚУШЫ ҚАЖЫЛЫҚ ПЕН УМРАНЫҢ САУАБЫН АЛАДЫ

 

Әнас ибн Мәлик (оған Алла разы болсын) жеткізеді: «Таң намазын жамағатпен оқып, содан кейін орнында қалып, күн шыққанша Алланы еске алып, кейін екі рәкағат намаз оқыса, оған толық, толық, толық қажылық пен умраның сауабы жазылады» (Тирмизи). Хадис ғалымдары мұндағы екі рәкағат намаз – дұха намазы деп санаған.

 

 

52865 рет оқылды