17:35 | Ем болсын
17:45 | Құран уақыты
Руханият 2016-10-04 (0) (7063)

Мұхаррам- құлшылық қақпасы

Мұхаррам- құлшылық қақпасы

 

Мұхаррам күнтізбеде ең алғашқы ай,

Тек жатпа амалыңа амал қоспай.

Көбейтіп құлшылықты, сауап жина,

Күнәлі бөтен іске қадам баспай.

 

Алладан аят түскен замандардан,

Төртеуі он екі айдың харам болған.

Мұхаррам соның бірі, ал бауырым,

Аулақ бол шайтанға еріп арандаудан.

 

Осы айда, дұға қылып жалынғанда,

Екіге Қызыл теңіз жарылғанда.

Құтқарған Перғауынның жасағынан,

Мұса мен оған ерген қауымды Алла.

 

Алланың жәрдемі мен кешірімі,

Мүмінге мүмкін емес кешігуі.

Мұса да шүкірлік қып өле-өлгенше,

Ораза тұтып өткен осы күні.

 

Пенде болсаң іске бар, ашуға жоқ,

Бұл айдың игілігі расында көп.

Кейіннен Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметтері,

Атаған сол бір күнді Ашура деп.

 

Аттанбай сауап іздеп алыс жерге,

Пайда тап дәл осындай әр істен де.

Пайғамбар (с.ғ.с.) Ашураның оразасын,

Бекіткен сүннет қылып хадистерде.

 

Атқарсаң ықыласпен парызыңды,

Бұл сүннет болсын саған нағыз үлгі.

Бір жылдық күнәм егер өшсін десең,

Берік қыл Ашурада ауызыңды.

 

Сауаптан басқа амалға көп тер төкпе,

Күзде тер жемісіңді көктемде ек те.

"Алланың айы бұл" деп Алла елшісі,

Айтпаған Мұхаррамды тектен-текке.  

                   

 ҚУАНЫШ ҚОЛХАЕВ

7063 рет оқылды