2016-08-20 (0) (6305)

«Біз бақыттымыз!»

«Біз бақыттымыз!»

«Ата-анаң жынды болса, байлап бақ»

4-бөлім

«Біз бақыттымыз!»

 

Жылдар да өтеді екен. Бар өткенін ойлай, алдыға нық басатын Батырбек бүгін сол анасы мен әкесінің жатқан жеріне барып ұзақ дұға жасап келіп отырғаны осы.  Алдынан жүгіре шыққан Мағжаны мен Маржаны бүгінде беске келіп, әжептеуір іске жарап қалды. Ал онға таяп қалған Азамат сол қалпында, тұңғиыққа кетіп, бір нүктеден көз алмай кейде ұзақ тоқтамастан Құран сүрелерін оқи жөнелетін. Иә, Бибі мен Батырдың жабыла үйреткен сүрелерді бұл еш қиындықсыз-ақ жаттап алып оқитын. Айтарға сөз таба алмай іркіліп, қиналып, кекештенетін Азамат Құран сүрелерін оқығанда ешбір ақаусыз зуылдата кетеді. Бибі де өсіп келе жатқан балаларының әр ісіне сүйсіне қарап, шүкір етумен бақытты болып жүр. Салиқалы ұрпақты тәрбиелеу үшін, Батыр да, Бибі де қолдарынан келгенін аянбады. Бақыт – иманда. Иманы мықты ұрпақ қана елдің ертеңі бола алады. Үйдің сыртқы тірліктерінен қол үзіп қалған Бибіні есепке ала, Батыр да ендігі сырт жұмыстарын өз қолына алған. Аллаға тәуекел етіп азын -аулақ жиналған малдан бір сауынды сиырды ғана алып қалып, қалғанын сатып, түскен тиын-тебенге ең қажетті деген заттар алып, сатып жүрді. Сөйткен жұмысы өз жемісін беріп, зекет беретін дәрежеге де жетті. Көз қуанышы жан жарын аяғынан тұрғызам деп талмай жинап жүрген ақшасы бар. Көршілес жатқан Ресейде атақты дәрігер барын естіген бұл, сонда бару үшін күн-түн демей, тыным қақпай тірлік етті. Сол дәрігердің еміне баруға санаулы-ақ күндер қалды. Аяғымнан тік тұрам деген үміт оты қылаң бере Бибі де қуаныш құшағына еніп, балаларының жанында күлімсіреп, мойымай жүр.

Кезекті дәрігерлік текесеріс. Бала-шағасын ерте келген ерлі-зайыпты ығы-жығы болған адамдардың үстіне тап болды.

-        Қиын болыпты, жазмыштан озмыш жоқ.

-       Обал-ақ, енді қайда барар екен?

-       Күні күн болмады-ау, бұл бейшараның, - деген күбір-күбір дауыстар жан –жақтан шығып жатты. Не болып жатқанын түсінбеген бұлар жөн жосықты білмек болып тобыр адамның ішіне кіріп кетті.  Өмірде әртүрлі жағдайлар кезігеді екен. Ауыл мешітінің бірі күзетшісі, бірі сыпырып тазартушысы ерлі-зайыпты Айман мен Ербол өмірден өтіпті. Артында көздері мөлдіреп бес баласы қалып отыр. Кешқұрым мешіт жақтан қайтып келе жатқанда бұл екеуін көлік қағып кетсе керек. Екеуі де ауруханаға жеткізіліп, бірінің артынан бірі көз жұмды. Туғандарынан жетімдікті көріп өскен бұл ерлі-зайыптылардың тағдыры ендігі жерде балаларының басына қонбақ. Асыраушысынан айырылып, қапияда жетімдіктің қасіретін мойындарына іліп қалған бес баланың ендігі болашағы бір Аллаға аян. Осыны естіген Батыр мен Бибі көңілдері толқып кетті. Үйге келе сала, бар ойын жасырмай Бибі бұларды тілге тиек етті:

-        Жетімдіктің соры кімнің маңдайын жазылатынын алдын ала біле алмайсың. Әр нәрсені білуші тек Алла ғана. Әке-шешеден айырылған балаларға енді кім қамқор болмақ? Жүрегімнің алас ұрып тұрғаны. Менің қасымда бұлардың жағдайы әлдеқайда ауыр екен. Менің балаларымның әкесі бар, сал болса да анасы бар. Ал олардың ешкімі жоқ. Енді қайтіп күн көрмек, - деп ойын ашық айта:

-       Ресейге бармаймыз. Жиған пұлыңды жетім балаларға зекет ет, - деді.

Үнсіз тұрған Батыр да ары ойланып, бері ойланып, бір  шешімге келді.

-       Жарайды, ертеңгі күні кімнің басына келмейтін тағдыр. Біз кетіп, менің балаларым жетім болса, осылай көмек берер жан табылар. Тәуекел еттік, Жаратушыға, - деді.

Осылайша армандарын аяқасты етіп, сандыққа жасырған ақшаны алып, Батыр сыртқа шығып кетті.

***

Балалардың қуанышты жүзін көргенде жібіп кеткен Батыр Бибіні ойлап келеді. ­Өмір бойы сал болып қалатын болды-ау деп күйінді. Алла әр қайырлы істің мың сауабы бар екенін еске түсірмеді ол кезде.

Бір күні Құранды бастан –аяқ жаттап алған Азаматқа сонау Ресей елінен хат келіп тұр. Бұл мүгедек балаларға арналған Құран жарысы екен. Жасы небәрі оннан енді асқан Азамат пен отбасын қолпаштай, ауыл әкімі де келіп тұр. Жол ақысы мен жатар орын және жүріп- тұруына қаржы бөлінген бұл отбасыны бір күнде-ақ шетел асырып жіберді.

-        Балам, сенің мұндай қабілетіңе Аллаға мың шүкір. Сенің Алла сөзін осыншалықты әсерлі айтып, жүректерді жібітер даусың бар екенін білмеппін ғой. Я, Раббым, Өзіңе көп шүкірлер болсын, Ризамын саған балам! - деді тебіреніп, көзіне жас алып, езіліп отырған Бибі сахнада Құранды ұзақ оқып, қошеметке ие болып тұрған баласына қарап. Әр көрерменнің көзін жасқа толтырған Азаматқа деген қошемет ерекше болды. Міне, енді оған бас жүлдені ұсынған кезде, ата-ананың жүрегі жарылардай, баласы үшін дұға етіп, қуаныштан көз жастарына ерік берді. Отбасымен бірге барар қажылық пен Бибінің еміне деп жинаған ақшаның екі есесі.

-       Сіздер неге емге келмедіңіздер? - деген дауысқа жалт қараған Батыр мен Бибі көз алдында өздерінің бара алмай қалған дәрігерін көрді. Түр сипаты мұсылман адамға келеді.

-        Сіздерді өзім тапқан сияқтымын. Осы сайысқа келгенім қандай жақсы болған! Сіздің балаңыздың аты-жөнін ести сала сол бала екенін ұқтым. Мен сізді емдегім келеді. Сіз бұндай баланы тәрбиелеп өсіргеніңіз үшін, сізді ақысыз емдеймін, - деді дәрігер қуанып.

Жаратушы – Әділ. Бар тапқанын зекетке беріп, үмітін үзген Бибінің арманы қайта  қылаң беріп, көзі жайнап сала берді...

Міне бүгін көптен бергі әрекеті нәтижесін беріп келеді. Ол аяғын екі аттам жерге дейін басты. Аяқ ұштары мен тізелері ыстық пен суықты сезіп келеді. Аяғына қан жүріп, жан бітіп келеді. Енді біраз күнде, қол арбасын тастап, шауып кетеді деген үміт бар...

-       Ана-шым, мен бақ-ыт-ыт-ты-тымммын,- деп кекештене бір ауыз сөзді бар ықыласымен, көз жанарына қуаныш лебі болысып, сұр болған бетіне қызыл қан жүгірген, бала болса да, жүрегі кеңге құлаш ашатын, қам көңіл, ерік жігері бір жігіттей, санасын тек Құран сөздері бойлаған асыл ұлдары Азаматқа қараған Батырбек пен Бибі бір бірінің жүзіне күлімдеп қарап, Мағжаны мен Маржанының қолдарынан ұстаған күйі, бұдан былай пәк, таза, тек құлшылықтан тұратын өткінші өмірге бар ықыласымен қоларбасыз  аяқтарын нық баса жүре:

-       Біз де бақыттымыз, балам,-деп тіл қатты.

  Томпиып, білінір-білінбес болған құрсағын сипай Бибі де, бақытты жүзбен балаларын кең құшағына ала «Шүкір Алла» деді. Туған жерлеріне асығып келе жатқан бұл шаттыққа толы бақытты отбасы қажылықтан алған әсерін жарыса айтып келе жатты...

P.S  «Ізгілік –жүздеріңді шығысқа немесе батысқа бағыттауларың емес. Алайда ізгілік (етушілер) – Аллаһқа, Ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтіргендер, сондай-ақ, өзі жақсы көре отырып байлығын жақын туыстарға, жетімдерге, кедейлерге, (елдеріне жете алмай жүрген) жолаушыларға, қайыршыларға, құлдарды азат етуге жұмсағандар әрі намазды толық орындап , зекет бергенде, уаделессе уадесінде тұрғандар, қиыншылықта (таршылықта, кедейшілікте), ауырғанда және соғыс кезінде сабырлық қылған кісілер. Міне, солар (имандарында) шыншыл болғандар. Міне, солар нағыз тақуалар»(Бақара сүресі 177аят.).

«Дүние өткінші. Дүниедегі өткіншілердің ең қайырлысы –салиқалы әйел!» (хадис)

 

Қарлығаш Сарыбай 

6305 рет оқылды