2016-08-17 (0) (8406)

«МЕНІҢ КЕЛІНІМ – ҰРЫ!»

«МЕНІҢ КЕЛІНІМ – ҰРЫ!»

2-бөлім

 

Күндер өтіп жатты. Сол бір жағдайдан кейін анасының денсаулығы сыр бере бастады. Әр тірлікті бар зейінімен істейтін анасы кейінгі кездері не істеп, не қойғанын білмей, әбігерге түсетін болды. Баласының атын ұмытып, кейде өзінің де кім екенін есіне түсіре алмай есі кіресілі-шығасылы  жүрді. Мектепті бітірер шағында, ағасымен бірге аналарын дәрігерге көрсеткенде, ешқашан біліп көрмеген ауру туралы естіп, төбелерінен жай түскендей күй кешті.

-Бұл ауру орталық жүйке жүйесінің зақымданған ауру түрі. Дәрігерлік тілмен бұны «Альцгеймер ауруы» дейді. Бізде қазақша бұны алжыған дейміз. Адам не істеп не қойғанын ұмытып, көзіне небір елестер елестеуі мүмкін. Ешкімді, ешнәрсені танымай, тілі байлануы мүмкін. Жас сәби секілді қылықтар көрсетеді. Осыған мән беріңіздер,-деп дәрігер түсіндіруді аяқтамастан, Батырбек сыртқа жүгіре жөнелді.

-Жоқ, анам алжыған емес, анам әлі-ақ сауығып кетеді,- деп іштей күбірлеп аурухана ауласындағы ағаштың саясына отыра кетті. Әкесінен қапыда айырылған ол ендігі жерде анасынан да көз жазып қалғысы келмеді. Артынан ере шыққан ағасы:

- Батыр,  сен енді бала емессің. Апамыздың жағдайын көрдің. Не шара? Ендігісін келешекте көре жатармыз,- деп қолындағы бір бет дәрілік атаулар жазылған қағазды ұстатып бұған басу айтқандай болды.

Тіршіліктің қам-қуытымен жүрген әрқайсысы аналарының жағдайына көңілдері босағанымен, ешқайсысы да қара шаңыраққа қайта оралғысы келмеді. Бірі кеткен адаммын десе, бірі жұмысын сылтауратты. Бірі отбасын алға тартты.

-       Маған ешкімнің де көмегі қажет емес, апам екеуміз-ақ күн көреміз. Алла бізді нәпақасыз қалдырмайды.  Тірі тіршілігін істейді,-деп Батырбек ешкімнің  көмегіне мұқтаж еместігін білдірген-тұғын.      Анасының жанынан табылған оның жора-жолдастары үлкен маман иесі болып, мәртебелі атаққа ие болып жатқанда, бұл алжыған апасының артынан жүріп, істемей кеткен тірліктерін бітіріп, күйбең тіршіліктің ортасында жүрді. Тағдырға не шара, анасының жағдайы күн өте нашарлай берді. Өз баласын танымай, «ұры, ұры» деп пышақ ала жүгіретінді шығарды. Өткір, ұзын деген заттардың бірін қалдырмай жиып, қораның сөресіне тығып тастады. Анасын қамқорлығына алып жүре берер ме еді, Бибіні жолықтырып, өмірін де өзгертуге шешім қабылдады. Жасы отыздар шамасына келіп қалғанда, артынан ұрпақ қалдырып, адал жардың еркелігін көргісі келді. Бибіні анасының кезекті дәрігер кеңесіне барғанда ауруханада жолықтырды. Жаңбырлы күнде аяқ киімі батпаққа малынған анасының ары-бері жүріп, еденді лайлауы  еденді жуып жүрген Бибінің ешбір көңіліне тимей, қайта тек күлімдеп қана, былғанған жерді қайта қайта жууы, асқан сабырлығы Батырбекті тәнті еткен болатын.

-       Кешірерсіз, анам кішкене тыным таппай тұр еді,- деп еді,  Бибі:

-       Ештеңе етпейді, бұл – менің жұмысым,  бастысы, аналарымыз аман болсын. Жүз өтсе, жүз рет жууға дайынмын, Жәннәт ананың табанының астында, - деп, Батырдың мейірімін арттырған еді. Танысытығы осылай ұлғайған Батыр мен Бибі күндердің күнінде бас қосуды ұйғарған –тын.

-       Қызым, барған жеріңе тастай батып, судай сің, су бетіне қалқып шықпа. Отағасын құрметте, оның разылығын ал. Анасына кеюші болма. Тағдырыңа не жазылса, соған көн. Алла Тағаладан пана сұраудан жалықпа. Құлшылықтарыңды қаза етпе. Әрқашан дұғаларыңа отбасыңның берекесін қос. Сабырлығыңды аяма, Алла сабырлыларды дос етеді. Жақсы мінез-құлық таныт. Барға қанағат ет. Отағасының тапқан ризығына шүкір ет, Алла несібеңді арттырады. Ашу – әлсіздік, ашуыңды жеңе біл. «Сондай-ақ ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла жақсылық істеушілерді сүйеді» Ешкімге ешқашан шағым айтпа. Шаңырағыңды шайқалтатын әрекеттерден аулақ бол. Аяулы ана бол. Ибалы келін бол. Ақ батамды бердім. Ақыретте сенің тәрбиең үшін пейіштің төрінен құр қалатын жағдайға жеткізбе, - деп Бибінің әкесі, ауыл молдасы кенже қызына дұға-тілектерін айтып, шығарып салған еді. Келін болып түскелі тұрған үйінің шаңырағын биік көтеріп, болашақ жарының анасына деген құрметті аямау, адал жарының разылығын алу Бибінің алдына қойған ендігі мақсаты болды. Осылай екі жас шаңырақ көтеріп, бас қосты.  Жас келіншегі мен анасының қамы үшін, ұрпақ келер болса, оған да барын беріп тәрбиелеу үшін Батырбек екі жеңін түре дабыл қақпай жұмыс істеді. Маман иесі атана алмаса да, өмірден үйренгені бар, әйтеуір,  екі қолына бір күрек табылып жатты.  Кейде ауыл аралап, көрші-қолаңдардың тұрмыстарына қолғабыс бола білгені үшін де, жұрт разылығын білдіріп жатты.

Алғаш келін болып түскеннен-ақ , ақ жаулығын басынан тастамаған Бибіні Батырдың анасы көрсе көзіне отағасын қан жоса етіп, жәбірлеп кеткен ұрылар елестейді ме, әйтеуір Бибіні аса жақтырмағаны көрінді.

-       Сен, бейбақ, түбіме жетпекпісің? Бар алтын мен ақшаны алсаң да, керегі менің жаным ба? Ұры, ұры,-деп байбалам сала келе:

-       Еее, қарғам-ау, менің Батырымның келіншегісің бе? Көп жаса айналайын. Батырым саған аманат, ұрпағымының жалғасы, кенжемді саған тапсырдым,-деп бір мезетте өзгере кететіні бар. Бибі бұндай жағдайда жай ғана сабыр етіп, дұға тілеумен ғана болды...

-       Батыр,-деді Бибі сыбырлай, ұйықтап жатқан анасының аяғын уқалап отырған отағасына:

-       Сіз Алла қаласа жақында әке атанасыз,-деді сәл ұяла, қызыл алма бетін төмен қарата, жымиып. Раббым менің дұғамды қабыл етті, енді салиқалы ұрпақ тәрбиелеу біздің мойынымызда. Жүзіне бақыт лебі ұялаған Батыр, көзіндегі қуанышын жасыра алмай,

-       Разымын саған, Аллаға мың да бір шүкір етем. Артымызда бізге дұға оқитын ұрпақ келеді,- деп жас балаша ойнақтай, қуана кеткен Батырға:

-       Мен сізді Алла разылығы үшін жақсы көрем, сіздің де Жаратушымыздың сүйікті құлы болғаныңызды қалар едім. Бір тілегім бар еді...

-   Айта ғой, Алладан аманаттап алдым, қолымнан келгенше тілегіңді орындауға әзірмін,-деп Батыр да сөзге тартыла, анасының үстіне жамылғы жауып, Бибінің қасына келіп, қолынан алып саусақтарын сүйе кетті.

-   Мен сіздің Алла жолында білім алып, сол білімді үйретушілерден болғаныңызды қалаймын. Келешекте ұрпағымызға ілім үйретіп, оларды тура жолға бағыттап, игілікке бастар азамат етіп тәрбиелегеніңізді жөн көрем. Ілім алсаңыз... - деген Бибіге, Батыр:

-   Ілім алу – парыз. Алайда мен анам мен жарымды тастап, ілім іздеп кетсем, еркегі жоқ үйге көз алартатындар табылмай ма? Анамнан көз айырмай қарап, мал-мүлікке сақ болу нәзік жүректі саған ауыр тиеді емес пе? Асыраушың алыста болса, асыңды қайдан аласың? - деп жауап қайтарған-ды.

-   Алла – асыраушы, несібе беруші. Анамның ендігі жағдайы менің қарауымда. Жаратушым амандық берсе, анамды да, мал мүлікті де көзімнің қарашығындай сақтаймын. Мен сіздің иманыңыздың жартысымын. Сіздің иманыңыз толық болып, Ақыретте биік дәрежеден көрінгеніңізді қалаймын. Әкеммен бұл туралы тілдесіп те  қойғам. Сізді білім алушылардың ішінен көргім келеді...

-       Бибінің ұсынысына көп толғанған Батырбек бұл істі Жаратушысына тапсыруды жөн санады. Артына қарай-қарай, ауыл молдасынан білім алуға ниеттеніп, күндіз қам тіршілікке бойұсынып, кешқұрым ауыл имамынан біліммен сусындап жүрді.

Құранның біраз парасын жаттап, ендігі кезде біраз ілім үйреніп қалған Батыр, Раббысына тек мадақтар айтумен болды.Батырдың жоғын сездірмей, апасының асты-үстіне түсіп, тірліктерін ысырмай, қимылын жылдамдата жүгірген Бибіге де оңай соқпады. Бірнеше айдан кейін дүниеге келер ұрпағына да аманатпен қарап, көп шүкіршілік етіп жатты.

-       Сен пәлекет, қайдан келдің? Аттан, аттан, сатқындар, - деп  айғайлаған апасының дауысынан селт еткен Бибі, жүгіріп далаға шықты.

-       Бәлем, бәлем, ұстадым ба - деп апасы қайдан тапқаны белгісіз, өтпейтін пышақпен аулада шауып жүрген мысықтың марғауын ұрып жатыр екен. Көзі шарасынан шыққан Бибі апасының қолынан пышақты жұлып алып, жон арқасы тілінген марғауды қолына алып, шет жақта тұрған себетке салды. Жайлап апасын тыныштандырып, бөлмеге алып кірді. Төсегіне жатқызды.

                                                                                               

 

 

Апат айтып келмейді...

 

-       Апа, апатайым менің. Ештеңеден қорықпаңыз. Мен сізді ешкімге де ренжіткізбеймін. Алла қаласа балаңыз кешке оралады. Сол кезде дұшпандарыңыз да жер жастанады, - деп Бибі апасын алдаусыратып, сабырға шақырды. Таңның уақытында Аллаға құлшылық етіп бола, белін буа тірлікке кірісетін Бибі бір уақыт тыным таппай, отағасын да, анасын да күтіп, мал мүлікке де ие болып жүрді. Күннің шуағы қызара арайлап шығысымен, сиыр сауып, оны жайлымға шығарып салып, сүттен өнімдер жасап, Алла берген несібемен күн көріпжүрді. Десе де, апасының жағдай қатты ойландырып қоятыны бар. Кейде дала кезіп, көршілерді аралап кетсе, кейде қайдан тауып алатыны белгісіз, өткір пышақ, қайшы дегендерді қолына ұстап алатыны бар. Іші біліне келе Бибі де әр іске қинала кіріссе де, тек сабырлы болумен жүрді. Бірде апасының ұйықтап жатқанын көрген ол, шаршағаны білініп, мызғып алудың реті келген шығар деген оймен жантайып төсекке жата кетті. Көзі ілінер ілінбес, ащы өткір күйік иісі бөлмені шарпып жатқанын сезіп, орнынан атып тұрды. Ас бөлмесінен шығып жатқан от есіктегі перделерді де шарпып жатыр екен. Көзі шарасынан шығар шықпас, Бибі апасының ас үйде отырғанын көріп қалды. Қолына оттықты ұстап, газ жанында тұрған апа ештеңе сезбестен, балаша ойнап тұр. Далаға атып шығып, сыртта жиналған жаңбыр суын шелектеп алып, Бибі ас бөлменің есігіне шашып жіберді. Есік жақтағы отты сәл сөндіре, ол асүйге жүгіре кіре, апасының қолынан сүйреп, алып шықты. От жалындап, ас үйдің керегелерін алып жатты. Таза ауаға шығарып, жайлап тыныштанған апасын есік алдына отырғызып, дереу өрт сөндіруге кірісті. Көршілер де алда-жалда келіп, су бүркеп жатты. Жалындаған оттың ішіне кіріп кеткен Бибі өрт сөндірілді-ау дегенде ғана байыз тауып, терең демін алды. Абырой болғанда, өрт ас үйдің керегесі мен есігін, перделері мен азық-түлікті ғана шарпыпты. Үйдің бәрін жалмап өртемегеніне шүкіршілік айтып, Жаратушыға мақтау білдірді де, көзі қарауытып, есінен танып бара жатты...

-       Иә, Бибіжан, есіңді жидың ба, қарғам, қызым-ау, аман есен екеніңе мың да бір шүкір. Раббым бір өзіңе жар болсын,-деген әкесінің даусынан Бибі өз-өзіне келіп жатты.

-       Әкешім, апам, апам қайда? Мен қайда жатырмын, апам аман ба?-деп Бибі мән жайды білер-білместен, Батырбектің  анасын іздей бастады.

-       Апаң жақсы, қызым, қазір үлкен жеңгең келіп қарап жатыр. Сен мұнда үш күн болды, есіңді жияр-жимастан ұйқыға кетіп, ояна алмай жатырсың. Міне, енді өз-өзіңе келдің. Алдыңғы шыққан өртте, көп түтін жұтып қойыпсың, соның әсерінен әлсіреп, есіңнен таныпсың,-деген әкесінің сөзін аяқтатпастан, Бибі қолын ішіне ала жүгіртті.

-       Балам, балам, аман ба өзі,-деп томпайып тұрған ішін көріп, сәл сабырға келді.

-       Балаң да өзің де амансыңдар, қызым, Алла қуат берсе, ертең үйіңе апарып тастаймын. Апаң да сені іздеп жатқан сияқты ғой. Тек сенің есіміңді атап,шақырып жатыр екен.

-       Әй, апатайым-ай. Өзі сондай қызық кісі. Кейде балаша еркелеп, көңіліңді көтерсе, кейде ата жауын көргендей күй кешеді. Тағдыры солай болса не шара, апам менің анамның орнын басты. Бала кезімнен аналық құшақ пен мейірімнен құр қалып, анамды аңсаумен өткен күндерімді осы кісі ұмыттырды. Менің екінші анам ғой бұл кісі.

-       Иә, сені кейде жауын көргендей ренжітсе де, ол сені өз қызындай жақсы көреді. Бұл ауру кейде ұмытып, кейде есіне бәрін түсіріп тұратын ауру екен. Өрт болар күні сенің қатты шаршаған түріңді көрген, апаң сен жастыққа жантая сала, саған арнап көже істемекші болған екен. Жерік асын да жасап бере алмадым деп ойласа керек, пешке  от жағайын деп, оттықты ала оны қалай пайдалану керек екенін ұмытып, не істерін білмей тұрыпты. Сөйтіп, терезе жақтауына барып, оттықпен ойнап кетсе керек, оттық лап етіп жанып терезеде ілулі тұрған пердені ала жөнеліпті. Содан өрт шықса керек. Бар жағдай осы. Апаң есін жиғанда еміс –еміс есіне түсіре айтып берді,- деген әкесінің сөзіне жібіп кеткен Бибі, оны қатты құшақтап, өксігі басылғанша жылап алды...Бұл кезде Батырбек те қасақана болғандай, көрші ауылға бір апталық жұмыспен шығып кеткені бар.

Ауруханадан аман-есен шыққан Бибіні, апасы құшақ жая қарсы алып жатты. Келінін көрген апа да, анасын сағынып көріскен бала секілді қуанып, Бибінің жанынан бір елі ажырамай, төңірегінен алшақтамай жүрді. Өрт болған ас үйдің керегелерін сырлап, перделерін ауыстырып қойған абысынына Бибі алғыс айтып, қалған тірлігіне  кірісті. Күнделікті күйбең тіршілік болған жайды ұмыттырып, күндер өте берді. Апасының бірде есін біліп, бірде білмей алжып отырғанына еті үйренген Бибі қай уақытта не істеу керек екенін алдын ала біліп отыратын болған. Іс қимылы ауырлай, әне-міне деп жүрген Бибіні толғағы да келіп жеткен еді. Таң атысымен сиырын сауып, оны жайылымға жіберісімен, оның іші белінен тарта, ауырып жатты. Апасын шошытып алмайын деген ниетпен, ештеңе білдіртпестен, қысқан толғаққа шыдап жүре берді. Күн тас төбеге келе, толғағы жиілеп, шыдатпаған Бибі жедел жәрдем шақырды. Апасын көрші келіншекке аманаттап, өзі бір сөмкені құшақтап кете барды. Қиналысын білдірткісі келмей, жанын қоярға жер таппай ауырсынған Бибі тек қана Раббысына мадақтар айтты.

Кішкене шыда, енді күшен, қоя тұр, тағы күшен, - деген дәрігердің даусын бір естіп, бір естімей қиналып жатқан Бибі бір сәтке демін ішіне терең тарта, бар күшін баланы итеріп шығаруға жұмсап жатты. «Ух» деп демін,ала ішін босатқан Бибінің көзі қарауытып, баласын бір көре алмай, ұйқыға кеткендей болды.

Баланың жылаған даусынан оянған Бибі орнына тұра сала жан-жағына жалтақтай бастады. Қасында тұрған бала бесігі бос жатқан еді, жата жата аяқ қолы ісінген ол орнынан сырғи тұра, дәлізде отырған медбикені шақырды:

-       Менің балам, меніңбалам қайда? - деді жыламсыраған күйде бесікті нұсқап.

-       Сабырлылық танытыңыз, балаңыз аман-есен, қазір балалар бөлімінде жатыр, оған мейірбикелер жақсы қарайды, қорықпаңыз, барып демалыңыз, - деген мейірбикені, тыңдамастан:

-       Балалар бөлмесін көрсетіңіз,- деп қасарысып тұрып алды. Айтқанынан қайтпайтын келіншекті көргенде, мейірбике де сөз жарыстырмай, дәліздің соңында орналасқан бөлмені нұсқады, да өз жұмыстарымен кете барды.

Басы айнала, аяғын сүйрете, жай басып келе бөлменің жанына кідірген ол, көзі бөлме есігінің маңдайшасына жазылған жазуға түсті. «Сал балалар бөлмесі» деген жазуды оқып, денесіне біреу мұздай су құйып жібергендей күй кешті. Есігін жайлап ашып, төргі жақта сәбидің жөргегін ауыстырып тұрған мейірбикеге сыбырлай тіл қатты:

-Амансыз ба, мен Бибі, менің балам,- дей бере, есік сыртынан кірмей тұрып байқап қалған мейірбике бұны танып, сөйлей кетті:

-А, Бибімісің? Келе ғой. Балаңды көруге келдің бе? Міне алпамсадай батырың мына жігіт. Өзі сондай сұлу, анасына ұқсаған секілді,-деп мейірбике де жылдам-жылдам оған баласын көрсетіп жатыр. Бесіктегі баланың қасына кеп баласының жүзіне үңілген Бибінің көзінен бір тамшы жас ытқып шығып, баланың бетіне тамып кетті.

-Балам, алтыным, Аллама шүкірлер болсын, сен сондай кішкентай тәттім екенсің. Ана болған деген осы екен-ау,-деп ішіндегісін сыртқа айта, бақыттан бал-бұл жайнады. Кенет есіктен кірген балалардың бас дәрігері мұның ойын бөліп, жалт қаратты.

- Сіз барып дем алыңыз, ал бұл балаға қарайтын мейірбикелер бар. Қазірше бұл бала дәрігерлердің қарауында болу керек. Бірді-екілі сараптамадан кейін балаңызды қолыңызға аларсыз. Әзірше бұл шарананың мекені осы бөлме болсын, - деген дәрігердің сөзіне таңданған Бибі еш түсінбестен, баласына не болғанын сұрап жатты. Дәрігердің сөзін аяқтатпастан, есі кіресілі-шығасылы болған Бибінің жаны жараланып, көз жасына ырық бере, мең-зең күйге еніп кетті. Суық хабар. Баласының тағдыры осындай болар деп кім ойлаған? Төбесіне жай түскендей күй кешіп,  отағасының аманатына қиянат жасадым ба деп әлек болды-ау. Кейде өзін сабырға шақырып, Алланың тағдырына мойынсұна, осындай сынақ бергеніне шүкірлер айтты. Баласын шығарып алуға келген Батырбек те мұңлы жүзбен жарына бір қарап, баласын ыстық құшағына алды.

-Сен ауру емессің. Алла қаласа, ең үлкен азамат боласың. Мен саған уәде берем, сен үшін аянбай еңбек етем, балам, - дегенде Бибі де өзін-өзі ұстай алмай, бір ентігіп алды. Енді ауру апасына баласының жайы қосылған Батырбек пен Бибінің алдағы күндері тек сабырлықты серік етумен өтетін болды...

                                                                                                 (жалғасы бар)

 

 

8406 рет оқылды