2016-07-21 (0) (8678)

Әлемдегі ең кемел төрт әйел

Әлемдегі ең кемел төрт әйел

 

(баллада)

 

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Көптеген еркек кемелдікке жетті, бірақ, әйелдер арасында кемелдікке жеткен төртеу ғана: Имранның қызы – Мәриям, Музахимның қызы – Әсия, Хуайлидтің қызы – Хадиша, Мұхаммедтің қызы – Фатима», – деген хадисті келтіреді

(Бұхари).

 

 

Адамзатты тура жолға бастаған,

Әрбір ісі, әрбір сөзі дос маған.

Пайғамбарым, сен әлемнің нұрысың,

Саллалаһу әлейһи уә сәлләм!

 

Талай жанның тәубе дейтін таңысың,

Арсыздармен арпалыстың ар үшін.

Мың еркектің міндетінен жоғары,

Биік қойдың нәзік жанның намысын.

 

Асыл едің, сыйға тартты Хақ дарын.

Бес парызбен бес күніңді сақтадың.

Абыройлы әйелдерге ескерттің,

Ана өмірде жұмақ барын, бақ барын.

 

Салиқалы әр ісіңді санадым.

Мен жай ғана басқан ізің ғанамын.

Сен әлемге жарық болып келгенсің

Әлдиімен Әминадай ананың.

 

Сырқат жандар сендік сөзбен емделер,

Тау тұлға жоқ енді саған тең келер.

Сен артыңа өсиет қып қалдырдың

Әйелдерді әлемдегі ең кемел.

 

Бес күн жалған өтер, кетер келте еді,

Өткінші өмір өзегімді өртеді.

Төрт әйелдің тәрбиесін оқып ем,

Төрт құбылам секілденді төртеуі.

 

Біріншісі – Хадиша анам қайырлы,

Ең керемет жанның ғажап зайыбы.

Аппақ ары аппақ қардан кіршіксіз,

Әрбір сөзі әр аруға сай үлгі.

 

Өсиеті шұғыласы шуақтың,

Оқып едім, жүрегімді жылаттым.

Екі дүние бақытының иесі –

Хадиша анам – ханшайымы Жұмақтың.

 

«Қаралы жыл» Пайғамбарды қорлады,

Жалған десті, жалған ақпар жолдады.

Хадиша анам қиын кезде қол созып,

Алла Елшісін ең бірінші қолдады.

 

Түсінгенге зар заманның зары бұл,

Пайғамбардың ең аяулы жарының –

Өмір жолын оқығаннан білдім мен,

Ақ екенін аналардың арының.

 

Ғасыр аунап жанарымның ішінде,

Даналығы дарып жатты күшімде.

Иландырған иманы мен ибасын,

Жырға қостым үлгі болғаны үшін де.

 

Қуат беріп жасығанда жаныма,

Бағыт сілтеп бақпен атқан таңыма.

Хадиша анам Фатимадай пәк нұрдан,

Туылған жан мұсылманның бағына.

 

Екіншісі – перғауынның әйелі,

Әсия анам құрметтеуге сай еді.

Исламды қабылдаған ананы,

Танушы еді әлемнің де қай елі.

 

Бір Аллаға құлшылық қып қалайда,

Иман үшін ойлап тапты сан айла.

Алақанын жайғанымен күн кешті,

Адамға адам табынатын сарайда.

 

Жалғыз өзі тек Аллаға табынды,

Сара жолы салиқалы сан үлгі.

Жаратқанға құлшылығы үшін де,

Жәннаттан ең үлкен сарай салынды.

  

Тек Алласын өмір бойы сүйген құл,

Түйсігіме тәрбиесін түйгенмін.

Әлем білген Әсиядай анамнан,

Жан дүниенің әсемдігін үйрендім.

 

Ізіменен жеткен талай ғасырдың,

Аналар-ай, сынығындай асылдың.

Үшіншісі ­­– Мәриямдай ананың,

Өміріне өлгенімше бас ұрдым.

 

Көбейткен жан шын мұсылман қатарды,

Талай ана, талай ару бата алды.

Мәриямның есімімен Құранда,

Тоқсан сегіз аят солай аталды.

 

Абыройын асқақтатты ақтығы,

Жәннат бақта ескереді Хақ мұны.

Дәрежесін күллі әлемге паш етті –

Тазалығы, даналығы, пәктігі.

 

Бар ғұмырын Пайғамбарға арнады,

Исламмен байланысты бар бағы.

Әлемдегі әйелдердің ішінен,

Мәриямды тазартты Алла, таңдады.

 

Өмірі өтті Исламға бас ұрып,

Орамалы сұлулығын жасырып.

Жаратушым Жұмақтың ең төрінен,

Абыройын қойған оның асырып.

 

Нұрға малған дүр-дидарын сүйген Күн,

Әр сөзінен тағылым, тәлім түйгенмін.

Әлемдегі ең әдемі әйелден,­

Қарапайым бола алуды үйрендім.

 

Көкірекке күнәларым жиса мұң,

Күмбірледі кеуде тұста күй сағым.

Мәртебесі Мәриямның ең биік –,

Үлгі тұтар ұлы анасы  Исаның.

 

Әлемдегі кемел жан бар төртінші,

Төрт құбылам – жанды иманға толтыршы.

Ол –­­ Фатима, парасатты пайымы,

Көркемдіктің келтіретін көркін шын.

 

Көңіліне иман нұрын түнеткен.

Құлшылығын жасаған жан жүрекпен.

Ханшасына айналғанмен Жәннаттың,

Күйбең тірлік оны үнемі күң еткен.

 

Өкінбеді жастайынан шоқ басып,

Берекесі күннен-күнге жатты асып.

Фатима мен Әли құрған шаңырақ

Меккедегі ең мерейлі отбасы.

 

Шүкір етті барлығына, барына,

Тақуалық тағдыры үшін мағына.

Хасаны мен Хұсейініне ана боп,

Адал болды Әли атты жарына.

 

Ізгілігі бақ боп орнап басына.

Сабыр құйды жанарының жасына.

Соңғы күні ең соңғы рет әкесі,

Қоштасуға шақырған-ды қасына.

 

Пайғамбардың жолын жалғар шырағы,

Әкесіне тосып еді құлағын:

«Бүгін менің соңғы күнім» дегенде,

Көз жасына ерік беріп жылады.

 

Кетер болса келмейді ғой Ол енді,

Екінші рет сыбырлайын деп еді:

«Менен кейін сен кетесің» деген соң,

Жымиды да, қуанышқа бөленді.

 

Бар уақытын әкесіне арнайтын,

Қыз болса да әке ізін жалғайтын,

Фатиманың болмысы мен бітімі,

Күлкісі де Пайғамбардан аумайтын.

 

Жымиятын қаяу салмай көңілге,

Орамалмен оралмайды ол мүлде.

Көп ұзамай Пайғамбардың соңынан,

Екінші боп кетті екінші өмірге.

 

Қайта айналып келмейді олар, көңіл – сең,

Қайтер едік олар қайта көрінсе?!

Төртеуінен тағылым қалды тобықтай,

Мың ғасырға ұласатын өміршең.

 

Бес күн жалған өтер, кетер келте еді,

Өткінші өмір өзегімді өртеді.

Төрт әйелдің тәрбиесін оқып ем,

Төрт құбылам секілденді төртеуі.

 

Қанағат бар, болмаса да қолда түк,

Асыл жандар жүрер ылғи қорғатып.

Төрт ананың тәрбиесін үлгі етіп,

Өң бойыма жиып кетсем ­– сол бақыт...

 

Салтанат Қожа

 

8678 рет оқылды