2017-06-24 (0) (8789)

АЙТ МЕРЕКЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ТОҒЫЗ ӘДЕП

АЙТ МЕРЕКЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ТОҒЫЗ ӘДЕП

Барша мұсылман қауымы үшін ең қасиетті, ең қуанышты мерекелердің бірі Құрбан айт та келіп жетті. "Айттау", "айтшылау" ұғымы қазаққа бұрыннан таныс. Алайда, жылына бір-ақ рет келетін мерейлі мерекені лайықты деңгейде атап өту үшін не істеуіміз керек? Төменде ертеңгі айт күніне орай бірнеше кеңестерді ұсынып отырмыз:

 

1. Қуаныш пен шаттық таныту

Айт мерекесінің алғы шарттарының бірі – қуаныш пен шаттық таныту. «Ақиқатында,  айт (мереке) күндерінде қуаныш пен шаттық таныту – діннің рәсімдерінен!» (“Фатх әл-Бәри” 2/514.). 

 

2. Ғұсыл алу

Айт мерекесінің тағы бір шарттарының бірі – толықтай тазаланып, ғұсыл алу. Бұл туралы  Зазан былай деп баяндайтын: «Бірде (бір кісі) Әли ибн Әбу Талибтен (оған Алла разы болсын) ғұсыл туралы сұрады, әрі ‘Әли: «Қаласаң, күнде шомыл», – деп жауап берді. Әлгі кісі: «Жоқ, мен шынайы ғұсыл туралы сұрап тұрмын!», – деді. Сонда Әли: «Жұма күні, ‘Арафа күні, Құрбан айт күні және Ораза айт күні!», – деді». (Әш-Шәфи’и 113, әл-Бәйһақи 3/278.   «әл-Ируа» 1/177.)

3. Жақсы киім кию

Айт мерекесінде әр мұсылман ең әдемі әрі таза киімін кигені жөн. «Ибн Омар айт күндерінде ең жақсы киімдерін киетін» (Әл-Бәйһақи 3/281) Имам Мәлик: «Мен ғалымдардың айт күндерінде жасанудың және хош иістер жағудың абзал екендігі туралы айтатынын естігенмін», – дейтін («Фатхул-Бәри” 8/414). Әйткенмен, жібек матадан ер азаматтардың бойын аулақ ұстағаны жөн. Себебі, бұл туралы  Ибн ‘Омар былай деген: «Бірде Омар бин әл-Хаттаб базардан жібек көйлек сатып алды да, оны Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алып келіп: «Уа, Алланың Елшісі, мынаны айт күндерінде, сондай-ақ сізге елшілер келгенде киіңіз», – деді. Бұған Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұндай киімді Ақыреттен үлесі болмаған адам ғана киеді»,  – деп жауап берді».  (Әл-Бұхари 886, Муслим 2068.)

 

4. Ораза айтының намазына шығарда бір нәрсе жеп шығу, ал Құрбан айт намазына шығудан бұрын қайтып келгенше ешнәрсе жемеу

Бұл амалға байланысты Әнас былай деп баяндаған: «Ораза айты күні Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ешқашан айт намазына бірнеше құрма жемей шықпайтын. Әрі әдетте ол тақ сан құрма жейтін». (Әл-Бұхари  953).  Және Бурайда «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ораза айтының намазына тамақтанбай шықпайтын, әрі Құрбан айт намазына шығудан бұрын қайтып келмейінше тамақ жемейтін» (Әт-Тирмизи 542, Ибн Мәжаһ 1756) деген. Осы хадистің имам Ахмад келтірген риуаятында: «Әрі Құрбан айт намазына шығудан алдын одан қайтып келмейінше тамақ жемейтін. Содан соң өзінің құрбандығынан жейтін», – деп айтылған (Ахмад 23034).

 

5. Айт намазына жаяу бару

Қасиетті айт мерекесінің намазына жаяу барудың да өзіндік сауабы көп. Бұл тұрғыдан Имам Ахмадтың: «Егер айт намазы орындалатын жер алыс болмаса, біз айт намазына жаяу шығамыз, бірақ бұл орын алыс болса, онда оған салтты (көлікпен) баруда еш жаманшылық жоқ» деген қолтаңбасын кездестіруге болады.

 

6. Айт намазына имамнан бұрын шығу

Язид ибн Әбу ‘Убайд былай деп баяндайтын: «Бірде мен Сәләма ибн әл-Акуа’пен Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешітінде  таң намазын оқыдым, әрі ол шыққан кезде, мен де онымен ілесіп шықтым, (сөйтіп) біз айт намазы орындалатын жерге келдік. Әрі біз отырып, имам шыққанға дейін күттік». (Әл-Фирьяби «Әхкамул-‘идайн» 29). Ал, Имам әл-Бағауи былай дейтін: «Таң намазын орындап болған соң отырып, имам (айт) намазына шыққанға дейін тәкбір айту керек».  («Шархус-Сунна» 4/302).

 

7. Айт намазына бір жолмен бару және одан басқа бір жолмен қайту

Жәбир былай деген: «Айт күні Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әдетте айт намазынан оған барған жолдан өзге жолмен қайтатын» (Әл-Бұхари  986). Ғалымдар Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айт намазынан басқа жолмен қайтуының мәні мен даналығы туралы түрлі пікірлер айтқан. Олардың арасында оның көп адамдарды құттықтауды қалаған, Қиямет күні әр басқан қадамдарына ол жүрген жерлер куә болуын қалаған деген жорамалдар бар.  («Задул-мә’ад» 1/449  «Субулюс-Сәләм» 2/435.)  Алайда, бұл туралы имам ән-Нәуауи айтқанындай, ол амалдың шынайы себебін ешкім білмесе де, ол мустахаб екеніне күмән жоқ. Бірақ бұл амал тек екі айт намазына ғана қатысты екенін ерекше атап өту керек.  

 

8. Ораза және Құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салынады

Қуаныш пен шаттыққа толы бұл қос мейрамда мұсылмандар ораза ұстамайды. Бұл туралы Әбу Са’ид әл-Худри былай деп баяндаған: «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға Ораза айт пен Құрбан айттың екі күнінде ораза ұстауға тыйым салатын».  (Әл-Бұхари 3/280, Муслим 2/577).

 

9. Мерекелік тәкбірлер айту

Айт күндерінде белгілі тәкбірлерді айту заңдастырылған. Әрі ғалымдардың арасында мұның мұстахаб екеніне қатысты келіспеушіліктер жоқ. Имам әз-Зухри де  былай деп  баяндайды: «Адамдар тәкбірлерді айт күні үйінен шығар кезде намаз орындалатын жерге барғанға дейін және имам көрінгенге дейін айтатын. Ал имам көрінген кезде, олар имам тәкбір айта бастағанға дейін тынышталатын, ал содан соң олар тағы да тәкбір айтатын».  («Ируаул-Ғалил» 2/121). 

Айт мерекесінде айтылатын тәкбірдің  түрлері, уақыты мен тәртібі туралы да ақпарат беруді жөн санадық.

 

а) Тәкбірлердің айтылу уақыты

Имам әл-Бұхари өзінің «Сахих» жинағында: «Ибн Омар әт-Тәшриқ күндері әр намаздан кейін де, төсегінде жатып та, шатырында болған кезде де, адамдармен бірге болған кездерде де,  бір жаққа жаяу барғанда да тәкбір айтатын», – деп баяндаған. (Әл-Бұхари 1/461).  Сондай-ақ имам әл-Бұхари Ибн Омар мен Әбу һурайраның зул-хижжаның он күні барысында базарға шығып, тәкбір айтатындарын, әрі осы арқылы оларды осы сөздерді айтуға ынталандыратынын баяндаған.  Сол сияқты Мұхаммед ибн ‘Әли де тәкбірлерді нәпіл намаздарынан кейін айтатын болған.  (Әл-Бұхари 2/448) Және Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне сәйкес  айт намазы оқылатын орынға барарда да тәкбір айту керек. Ибн Омар бұл туралы былай баяндайтын: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) екі айт намазына Фәдл ибн ‘Аббаспен, ‘Абдуллаһ ибн ‘Аббаспен, ‘Әлимен, Жә’фармен, Хасанмен, Хусайнмен, Усама ибн Зайдпен, Зайд ибн Харисамен және Айман ибн Умм Айманмен бірге шығатын. Олар намаз орындалатын орынға жеткенше «лә иләһа иллә-Ллаһ» және «Аллаһу әкбар» сөздерін айтқанда дауыстарын көтеретін». (Әл-Бәйһақи 3/279).

Айт мерекесінде әйелдерде де тәкбірлер айтқан. Оған дәлелді Имам әл-Бұхаридің еңбектерінен кездестіруге болады. Ол: «Мәймуна Құрбан айт күнінде тәкбір айтатын. Сондай-ақ әйелдер де әт-Тәшриқ түндерінде ерлермен бірге мешітте намаз оқып болып, Абан ибн ‘Усман мен ‘Умар ибн ‘Абдул-‘Азиздің ізінен тәкбір айтатын». (Әл-Бұхари 2/463) деген. Ескерте кетерлік жәйт, әйелдер бұл тәкбірлерді қатты дауыстап айтпаулары керек.

 

ә) Тәкбірдің түрлері

Мерекелік тәкбірлердің түрлеріне қатысты Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеке өзінен жеткен нақты тәкбір айтудың үлгісіне қатысты  бірде-бір сахих хабар жоқ.  Алайда, тәкбір сөздері сахабалардан сенімді түрде жеткізіледі.  Мысалы,  Ибн Масъудтың былай дейтіні жеткізілген:

الله أكبر الله أكبر لا إله إلا الله، والله أكبر الله أكبر ولله الحمد

«Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар! Лә иләһа иллә-Ллаһ! Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, уә лиЛләһил хамд!» (мағынасы: «Алла Ұлы, Алла Ұлы! Алладан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ! Алла Ұлы, Алла Ұлы, әрі Аллаға мақтау-мадақ!»). (Ибн Абу Шәйба 2/2.)   

Және Ибн Масъудтың былай дейтіні де жеткізілген:

الله أكبر كبيراً الله أكبر كبيراً الله أكبر وأجلّ ، الله أكبر ولله الحمد

«Аллаһу Әкбар кәбиран, Аллаһу Әкбар кәбиран, Аллаһу Әкбар уә әжәл, Аллаһу Әкбар уә ли-Лләһил-хамд».

 

 

8789 рет оқылды