2016-06-28 (0) (14646)

Рамазанның берекесі

Рамазанның берекесі

(болған оқиға желісімен)

 

Күн қара бұлттанып, әр жерден найзағай бір ұрып, келе жатқан жауынның күркірі айналаны қою қара түнекке айналдырып жібергендей болды.  Екі бөлмелі, саз кірпіштен соғылған бұл кішкене кепе тәріздес үйде, анасы мен он үш жасар баласы отыр. Жаңбыр жауса тағы да төбеден су сорғалайтынын біліп, мұңайып отыр. Мына келер жауын, қайта төбемізді шайып кетпесе игі еді..., – деді Маржан ойылып ойылып қалған қабырғаларды бір шолып өтіп. – қазір жауын басталса, төбемізден су сорғалап, әбігерге салатын болды ау. Жауын жаумай тұрғанда, тегеш, легендерімді дайындап қояйын,-деп ол орнынан түре келді.

– Ана, анашым, қарным ашты, нан жегім келеді, – деген баласының дауысына іркіліп қалған Маржан еріксіз көзіне тағы жас алды. Еңсесі түсіп кеткен Маржанның ендігі шыдар шамасы жоқ. Отағасының жоғалып кеткеніне міне екі жылға уақыт болды. Еш түссіз, қайда кеткенін ешкім де білмейді. Не өлі денесі табылмай, не тірі екенін білмей әлі де екі ойлы болып, сағынып, сарғаюмен жүр.  Отағасы кеткелі бері, еш жерде жұмыс істемеген Маржан екі қолын сыбана жұмыс іздеп, қолдан келгенді істеп бақты. Жұмыс орынға тек тәжірибелі маман мен қолында дипломы бар адамдар керек. Ал бұда ештеме жоқ. Қай жерде еден жуу керек, қай жерді тазалау керек, қоқыстан тазарта ма, әйтеуір баласы мен өзіне ішер ас табылса болғаны деп, ештеңкеге қарамастан жүре берді. Тапқан таянғаны ас ауқатынан арылмай, киер киімге де жетпей, жай ғана шүкірлікпен жүре берді. Сол шүкірлікпен әлі де осылай жүр. Бір айдан бері екі қолына бір күрек табылмаған Маржанның жағдайы тым мүшкілденіп бара жатыр. Енді оның сабыры таусылып, түңіліп барады. Қарным ашты деп жылаған баласын көріп, кешеден бері өзі де нәр тартпағанын білсе де, іші қан жылап тұрса да, баласына білдіртпеді.

– Балам, ертең ораза басталады екен. Сен ендігі мүшел жасқа да жеттің. Демек сен жігіт болдың. Мұсылман болдың. Ал мұсылмандардың бес парызы бар. Соның бірі рамазан айы келгенде ұсталатын ораза екен. ораза ұстаған адам өте бақытты, өте бай болады екен. Ертеңнен бастап біз жаңа өмірге қадам басып, бақытты болуға тырысамыз, Алла үшін ораза ұстасақ, Алла бізді де жарылқайтын болады. Маған сенесің ғой, балам. Ораза ұстаймыз ба?,-деді баласына Маржан.

– Ана, ораза ұстасақ, қарнымыз тойып, берекеміз артады ма? Алланың мейіріміне бөленеміз бе? Олай болса, ертеңнен бастап мен нағыз мұсылман боламын. Мен сіздің бетке ұстар балаңыз боламын. Менімен мақтанатын боласыз!, – деп, он үш жасар Жомарт та анасын қолпаштап, көзінен шығар шықпас толып қалған жасын іркітіп, анасына көрсетпей, сұқ саусағымен сүртіп алды. Жауын жаумай тұрғанда, екеуі қосылып, үйдің төбесіне шығып, қалған құтқан жұмсақ пакеттермен су ағады ау деген тесіктерді бітеді. Жауын бірнеше күн жауса, онда бұл тірліктің еш маңызы болмай қалады. Бұл бітеуіш тек бір күнге жарасы анық. Төбеден түсе, Маржан соңғы қалған екі жүз теңгесіне бір бөлке нан мен бір сары май алып келді. Баласына  екі тілім нанга майды қалыңдап жағып беріп, ыстық ыстық шай беріп, тойдырып қойды. Қалған нан мен майды сәресіне дайындап, жаңадан бері гүрсілдеп келген жауынға қарап,  ұйқыға жатты.

– Ана, сәресіне қалған нан мен майды жеп қойдық, енді ауыз ашарға не жейміз?, – деп мұңайған Жомартқа Маржан күлімсіреп бір қарады да,

Оны Алладан сұраймыз, Алладан шын ниетімізбен сұрасақ бізге өз несібесін береді, балам, – деп құшақтады.

– Ана, мен жаздық демалыстамын, енді көшеге шығып қоқыс тазаласам да, жейтін ас суыңды тауып бергім келеді, маған рұқсат беріңіз, мен ендігі жігіт болдым, – деді Жомарт. Баласының мұндай шешіміне разы болған Маржан, бір шетінен қатты қынжылды. Бауыр еті баласына жақсы жағдай жасап бере алмай, жастайынан жұмысқа салып қоймақ па. Бұл үшін өзін өзі кіналады. Әйтсе де сыр білдірмей, баласын ертіп, көшеге шықты. Базарға барды, сатушылардың алып кел, барып кел, тастап кел деген жұмыстарын еш қиындықсыз атқарып, жол бойында жанармай бекетіндегі дәретханаларды тазалауға дейін барды. Оған еш қымсынбады бұлар. Анасы мен баласы өлместің күнін көрді. Үйге шаршап шалдығып, ауыз ашарға таяу бірақ келді. Қолдарында ұстаған 1500 теңгесі бар. Екеуі де қуанышты.

– Ана, міне Алла бізге берді. Өз несібемізді берді. Бүгінгі ауыз ашарға жейтін тамақ табылды. Ертеңгі ас ауқатымызды да Алладан сұрайықшы, – деді қолына ақша ұстаған Жомарт таңданысын жасыра алмай, сөзін жалғап:

– Ана, Рамазан шынымен берекелі ай болса керек. Мен тіпті қатты шөлдегенімді де сезбедім. Қарным ашса да шыдадым. Өзімді әлі де бақуатты сезініп тұрмын. Еш шаршамадым да, маған бұл ұстаған оразам ұнады, – деп тағы қуанды. Екеуі дүкенге барып азын аулақ ішер ас пен ауқатты алып, тамақ дайындап, ыстық-ыстық сорпаны сораптап, терлеп ішіп алды. Тамақ пен судың дәмін алғаш татып көргендей күй кешті бұл жолы Жомарт. Судың дәміне ешқандай да тәтті шырындар да жетпейді екен-ау. Ал анамның мына етсіз дайындаған сорпасына да ешқандай асханалардың тамағы жетпейді-ау. Қандай керемет сезім, қандай берекелі ай,», – деп ойлады іштей Жомарт. Алғашқы ұстаған оразасы болса да, баламын деп мойымады. Шөлге де, тамаққа да шыдады. Тіпті бұрынғыдай қарны ашпайтын да болыпты. Анасы мен баласы екі қолға бір күрек ұстап, қай жерде қандай жұмыс бар, сол жұмыстарды істеп, өз несібелерін тауып жүрді...

– Балам, бұл Рамазан айы, жаныңа дауа, отбасыңа береке алып келеді. Рамазанда жасаған барлық күнәларымыз кешіріліп, Жәннатқа апарады екен. Білесің бе, Алла үшін ораза ұстап берген адамның екі қуанышы бар. Бірі ауыз ашарда болса, екіншісі Раббысымен қауышқанда екен. Ал мына сәресі ораза үшін ең берекеті. Сәресін ішкен адам берекетте болады. Алла үшін бір күн болсын ораза ұстаған адам, жетпіс жылға тозақ отынан аластатылады екен. Бұл Рамазан айында үлкен-үлкен шайтандар кісенделеді де, адамдар тек жақсылық жасауға ұмтылады. Тіпті ауыз ашарды күтіп, асыққсаң да, балам, ол үшін үлкен сауапқа кенелесің. Ораза ұстаушыларға берілетін сауапты түгендеп бітіре алмайсың, өте көп. Балам, әкесіз өсіп жатсаң да, әкедей болып саған бар Ислам қағидаларын үйретемін деп уаде беремін. Алғашқы қадамың осы ораза болсын. Ораза ұстап, Алланың мейіріміне бөлене көр,-деді Маржан сәресін ішіп отырған баласының басынан сипап, бар білетін хадистерін өсиет етіп.

Күндер де өтіп жатты. Маржан еден жуушы болып үлкен дүкендер желісінің біріне жұмысқа тұрды. Ал Жомарт болса, күнде Алладан өз несібесін тілеп, әрекетке берекет деп, қолынан келген әрқилы жұмыстарды істеп жүр. «Аузыңнан жағымсыз иіс шығады, қандай таза емессің» деп, ашу шқырып, балағаттады бірде бұны жұмсап тұрған саудагер ағай, «Ағай, мен оразамын, «Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жанын уысында ұстаған Алланың атымен ант етейін! Ораза ұстаушының аузынан шыққан жағымсыз иіс Алла Тағаланың құзырында мисктің иісінен де хош болып табылады»деп қайтарғаны бар. Бұл сөздерді айтқанда Жомарттың жүрегін қуаныш кернеп, бар жақсылықты тек Алладан күтіп, осы Рамазандаға бар ұстаған Оразасы тек Алла үшін жұмсалғанын, тек Жаратушы ғана осы ораза үшін сыйды Өзі беретінін есіне түсіріп,  кереметтей сезімге бөленді.

Рамазандағы ұстаған алғашқы оразасы Жомарт үшін ең керемет, ең берекелі, ең сүйікті болды. Өмірінде бұндай жеңілдікті, бұндай дәмді тамақты ішіп көрмепті.  Ораза ұстаушыларға берілетін сауап пен сый сыяпатты кішкене ғана жүрегіне сақтап, мөлдір қара көздеріне елестеткен Жомарт, расында жомарт бола бастады. Қолында тапқан аз ғана тиын тебен болса да, сол барымен бөліскісі келіп, өзінің жағдайынан да мүшкіл жандарға тапқан табысының жартысын бермекке ниет етті. «Алла  көруші, Алла жәрдемші, Алла берекені беруші, менің несібем Алланың қолында, Раббым бүгінгі несібемді Өзің бере көр. Ал мына қолымдағы бар тиынымды пітір еттім» деп Жомарт іштей сыбырлай, екі аяғы жоқ, арбада отырып қайыр тілеп, жол жиегінде отырған егде тартқан әжейге беріп кетті. Қолына түскен тоғыз жүз теңгені көрген әжей, «Балам, өркенің өссін, Алла әрдайым жолыңды ашсын, бай бақуатты бол, көкірегің кең болсын», деп дұға етті...

Үйге қолындағы барын берсе де, басы салбырамай, әйтсе де, ауыз ашарға ішетін су болса да жеткілікті деп кіріп келгенде, алдынан көзі жасқа толса да көңілі қуаныштың лебіне серпіп, мөлдіреп шыққан жасы күліп тұрған жүзін жуған анасын көрді. 

– Анашым, не болды, жыладыңыз ба, әлде қуанып тұрсыз ба, мені кешіріңізші, мен бүгін бар тапқан тиынымды екеуіміздің атымыздан пітір етіп кеттім. Бүгінгі ауыз ашарға алар тамағым болмады. Мені кешіріңіз,-деді Жомарт басын төмен салбыратып.

– Балам, Алла жүзіңнен мейірімділікті кетірмесін, мен сені мақтан етемін, жаның жомарт, пейілің кең болғанына Аллаға мың да бір шүкір. Сен менің бар байлығымсың. Сендей ұлы бар ана нағыз бақытты жан. Мен  бақыттымын, балам. Бүгінгі оразада сен Алла жолында барыңды сарп етсең,  Алла саған одан да көп байлықты нәсіп етті. Міне, міне көріп тұрмысың, мынау ақша, мына тағамдар, мына киімдер сен сияқты ізгі жандардан келді. Мен олардан ештеме сұрамадым, тіпті бұны кім жібергенін де білмеймін. Кім болса да Раббым Жәннатымен сүйіншілесін, – деп Маржан үстел үстіне қойылған азық түліктер мен бір бума ақшаны көрсетіп:

– Бұл Бір Жаратушымның мейірімі мен сенің Аллаға деген ізгі таза жүрегіңнің арқасы. Аллаға жақын болған сайын, Алла да саған бар мейірімін аямайды.  Рамазандағы береке осылай болады екен. «Ұлылығы шексіз Аллаһ тағала: Адам баласының ұстаған оразасынан басқа барлық амалдары өзіне. Ал оразаның жөні бөлек. Өйткені, ораза Менің разылығым үшін ұсталады. Сондықтан да, оның қарымын (сауабын) Өзім беремін – деген» екен. Міне Алла Тағалаға шын ниет етіп ораза ұстап едік,  бізге бұл өмірде де бар мейірімін беріп жатыр...», – деп Маржан көзіне толған жасты еріксіз шығарып жіберді.

Екеуі көздері шаттыққа толып, мейірімділік құшағына еніп, ауыз ашты. Әр түрлі тәттілерді жеп, көңілдерін көтерді.  Бұл түн Қасиетті Қадір түні. Қадір түніне ерекше дайындық жасады. Бар тәттілерді қойып, тап таза киімдерді киді. Әдемі болып таранып, дәрет алды. 

 – Бұл түн Қасиетті Қадір түні. Мың айдан да қадірлі түн. Білесің бе, «бұл түні жер бетіне түскен періштелердің көптігі сонша- жер бетіне періштелер сыймай кетеді» екен. Қадір Түні жасалған құлшылық мың айда жасайтын құлышылықпен тең болады екен. Мен саған осы күнге арнап бір сыйлық дайындадым, кішкене болса да шын ізгі ниетпен қабыл ет. «Расында Біз Құранды қадір түні  түсірдік. Қадір кеші мың айдан да қадірлі» деп Құранда айтылған. Сол себепті мен саған мына Құран кітапты сыйламақпын. Менің сендей ержүрек, қамқор, жомарт балам барына бақыттымын, Аллаға мың да бір шүкір, – деп Маржан баласын ыстық құшағына алып, әдемі қаппен қапталған Құран кітабы мен оның қазақша мағынасын сыйлады.

– Ана, мен сондай бақыттымын. Біз бақытты екенбіз. Ислам нұрымен сусындап, Рамазанның дәмін таттық. Анашым ең Алдымен Аллаға, одан кейін сізге рақметімді айтамын. Сіз маған ораза жайлы түсіндіріп, ниетімді тураламағаныңызда, мен бұндай бақыт құшағына ене алмас едім. Бізді Алла жақсы көреді екен. Мейлі төбесі құлайын деп тұрса да, баспанамыз бар. Алла бізді несібемізден айырмасын. Жаратушымызға мың да бір шүкірлер болсын деймін. Бұл Құран мен үшін өмірімдегі ең қымбат сыйлық болды. Енді осы Құранды бастан аяқ жаттап аламын деп сізге уәде беремін. Анашым өзіңді қатты жақсы көремін, – деп Жомарт та анасының ыстық құшағына ене, анасының иісінен терең бір иіскеді...

...Екі үш күннен бері толассыз жауған жауыннан құлайын деп тұрған үйдің төбесі жөнделіп жатыр. Бес-алты жүздеріне мейірім ұялаған жандар осы екі бөлмелі кепешіктің үстіне шатыр жауып, қабырғаларын сылады. Бұл жұмысқа қарап отырған Маржан мен Жомарт қуаныштары қойындарына сыймай, өздерін ең бақытты жан санап, Раббысына шүкірлер айтып отыр.

«Рамазан мен сені сағындым. Берекесі мол Рамазан, сені сағынып, күтудемін. Алла келесі Рамазанды көріп, ауыз бекітуім үшін ғұмыр бер. Сені қатты сағындым, иә, ұлық ай Рамазан», – деп Жомарт ақшам намазы кірісімен, дүйсенбі күнгі оразасының ауыз ашарына дайындалып, бір түйір құрманы аузына салды.

Мұхит Джаримбетов,

Қарағанды қаласы

14646 рет оқылды