2016-06-20 (0) (13407)

АДАМ БАЛАСЫ САҚТАНУЫ ТИІС 4 ӘЛСІЗДІК

АДАМ БАЛАСЫ САҚТАНУЫ ТИІС 4 ӘЛСІЗДІК

 

Ғұламалар адам өміріне апат алып келетін, ісінің берекесін қашырып, алға басқан қадамын кері тартатын 4 нәрсені көрсеткен. Олар: қомағайлық, шектен тыс көп ұйқы, жалқаулық және сенім мен иманның әлсіздігі.

1.     Мешкей адам түрлі семіздік ауруларына шалдығып, тән дертін жұқтырады. Сонымен бірге, бар-жоқты аузына салып, белгілі бір өлшем, қалыпты сақтамаған адам ұқыпсыздыққа, салақтыққа ұрынады.

2.     Адам қалыпты түрде күніне шамамен 6-8 сағат ұйықтауы керек. Себебі, ұйқысы қанбай, әлсіздікке бой алдырған адам тағат-ғибадаттарды тиісінше атқара алмайды. Ағзаның халін ойлау, ұйқыға тисінше уақыт бөлу,  дұрыс тамақтану – бұлардың барлығы сапалы құлшылықтың «көмекшілері».

3.     Жалқаулық – кез келген адамның әлсіз тұсы. Алла Елшісі де (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ертеңі бітпейтін еріншектіктен Аллаға сиынып, пана сұраған. Сондықтан да асыл дініміз денсаулығы, ақыл-есі бар, еңбек етуге жарамды адамға  өзгелерден  зекет, садақа алуға рұқсат етпейді.

4.     Иман – бірде әлсіреп, бірде күшейіп, өзгеріп отыратын дүние. Сондықтан да ақыл-ойдың алыбы болған Абай: «Иманды сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек», - деген. Сенім кәміл болмай, ықылас пен ниет те, атқарылатын амал да  шынайы болмайды. Демек, әр мұсылман өз сеніміне берік болуы керек.

 

Бұрынғылар қауіп қылған бұл төрт әлсіздіктің арасында қандай байланыс болуы мүмкін деп ойланып отырған шығарсыз.  Оның сыры мынада екен:

Өзі тойса да, көзі тоймай, көп тамақ ішкен адамның ұйқысы келеді.  Ал ұйқысы келген адам еңбектенуге зауқы соқпай,  жалқаулыққа бой ұрады. Ал бұл – құлшылыққа деген құлшыныстың кеміп, иманның әлсіреуіне әкеліп соғады деген сөз. Абай атамыздың:

Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық –

Аздырар адам баласын, -

 

дейтін сөзінің түп төркіні, міне, осында жатса керек.

13407 рет оқылды