2016-06-16 (0) (5398)

ІЗГІЛЕРДІҢ ОРАЗАСЫ ҚАНДАЙ БОЛҒАН?!

ІЗГІЛЕРДІҢ ОРАЗАСЫ ҚАНДАЙ БОЛҒАН?!

 

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Жәннәтта «Әр-Райан» деп аталатын қақпа бар. Қиямет күні одан ораза ұстағандар кіреді. «Ораза ұстағандар қайда?», – делінеді. Олар орындарынан тұрады. Олардан басқа ол қақпа арқылы ешкім кірмейді. Олар кіріп болған соң ол қақпа жабылады да, одан кейін ол арқылы ешкім кірмейді» (Бұхари, Муслим) деген хадисі бар. Ислам тарихында өзгелерге теңдессіз құлшылық – ораза ұстау арқылы үлгі болып қалған тұлғалар бар. Сол ізгі жандардың оразасы мен түнгі ғибадаты жайлы естіген кезде өз құлшылықтарыңызға қанағаттанбай қаласыз. Біреуге жақсылық жасауда, шын ниетпен құлшылық жасауда адамның өз-өзіне қанағаттанбауы ол – жақсы қасиет. Тақуа жандардың ұстаған оразасы мен Рамазан айындағы құлшылыққа деген құлшынысын оқып отырып іштей ұяласыз, Рамазан айының қалған күндерін сауаппен өткізуге асығасыз.  Бізді ұялтқан ең тақуа адамдардың оразасы қандай болған?! Назарларыңызға бірқатар сахабалар мен асыл дініміздегі үлгі тұтар тұлғалардың Алланың разылығы үшін жасаған кіршіксіз құлшылықтарын ұсынамыз.  

 

Сахаба Абдулланың (р.а) құлшылығы

Айша (оған Алла разы болсын) анамыздан : «Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан екі адам бар. Олардың екеуі де игілікті істерді мүлт жібермейді. Олардың бірі ақшам намазы мен ауыз ашуды асықтырады, ал екіншісі ақшам намазы мен ауыз ашуды кешіктіреді». Айша (оған Алла разы болсын): «Кім шам намазы мен ауыз ашуды асықтырады?», – деп сұрады. Масруқ: «Абдулла», – деді. Яғни, Ибн Масғуд (оған Алла разы болсын).  Сонда ол кісі: «Алланың Елшісі де (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) солай істейтін.», – деді (Муслим).

 

Ақын сахаба – Ибн Рауаха

 

Әбу Дәрда (р.а.) риуаяты: «Бір жолы пайғамбармен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге сапарға шықтық. Ауа-райы тас төбені тесетіндей қатты ыстық болатын. Арамызда тек Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен Абдулла бин Рауаха ғана ораза еді».

 

 

 

Жәннатпен сүйіншіленген сахаба


Осман бин Аффан (р.а.) жұбайы риуаят етеді: «Осман жыл бойына ораза тұтушы еді. Түннің алғашқы бөлігінен басқа уақытты құлшылықпен өткізетін. Оған қастандық жасалған кезде аузы берік болатын. Қолында Құраны бар, сақалын қос жанарынан төгілген жас жуып-шайған болатын».

 

Жаужүрек сахаба


Әбу Талха Ансари (р.а.) жайлы Пайғамбарымыз  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әбу Талханың әскердегі дауысы мың сарбаздан да айбарлы», – деген. Ал, Әнас бин Малик (р.а.): «Әбу Талха (р.а.) Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәуірінде жорыққа шыққандықтан нәпіл ораза тұтпайтын. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бақилық болғаннан кейін тек үлкен-кіші айттарда ғана ауыз ашып, қалған уақытта ораза тұтатын», – дейді.

 

 

Ғұлама әрі тақуа сахаба


Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Абдулла неткен тамаша құл», – деп айтқан сөзінің көп нәрсені аңғартады. Нафиғ: «Ибн Омар сапарға шықса ғана ораза тұтпайтын. Ал, қалған уақытта үзбей ораза ұстайды», – дейді.

 

 

 

Ғалә бин Зияд


Ол ерекше тақуалығымен танылды. Тек қара нанмен күнелтетін және өзіне міндеттелмеген көп амалдарды мойнына жүктеп алатын. Күндердің күні Әнас пен Хасан (р.а) кіріп: «Алла Тағала саған мұның ешқайсысын әмір етпеді», – дегенде, Ғалә: «Мен бар болғаны басыбайлы құлмын, пендемін. Шама келетін бірде-бір құлшылықты қалдырмай орындаймын», – деп жауап береді.

Бір күні оның құлшылығына тәнті болған біреу келіп: «Сен сіздің жәннаттық екеніңізге куәмін», –дейді. Сонда ғұлама: «Шайтан мазақ ету үшін сені екеуімізден басқа адам құрып қалыпты ма?» – деп кейіп тастаған екен.

 

Мұсылмандар анасы – Айша (р.а.)


Әл-Қасим ибн Мухаммад  мүминдердің анасы Айша анамыздың (оған Алла разы болсын) қатты ыстық күні ораза ұстағаны туралы риуаят жектізеді. Ол кісіден Айша анамыздың неге бұлай жасайтындығы жайлы сұрағанда,“Ол тірі күндерінің пайдасын ажал сәті тумай тұрып алған еді” деп жауап берді. Кейбір тақуа әйелдер ораза тұтуға қатты ыстық күндерді таңдайтын еді. Оның себебін “Егер оның құны арзан болғанда, әркім оған қол жеткізе алушы еді» деп түсіндіретін. Яғни, олардың (әйелдердің) мақсаты кез келген адамның шамасы жете бермейтін амалдарды орындау арқылы Алланың алдында өздерінің шынайы ықыластарын көрсету еді .

 

 

 

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жұмақтағы жұбайы


Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Хафсаға талақ береді. Сонда екі нағашысы Құдама мен Осман кіріп келгенде көз жасына ерік беріп: «Менің аузым ашық болған кезде талақ етпеді», – деп жылайды. Біраз уақыттан соң Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кіріп келіп: «Маған Жәбірейіл келіп: Хафсаны қайтар, ол оразашыл және түнгі ғибадатқа аса берік. Ол сенің жәннаттағы жұбайың, – деді», – деп қайта алады.

Періштелердің төресі Жәбірейілдің (ғ.с.) өзі Хафса (р.а.) анамыздың оразаға берік екеніне көктен куәлік етіп келген. Байқасаңыз, Ораза Хафса (р.а.) анамызға отбасын сақтап қалуға көмектесті. Тіпті, Пайғамбардың жәннаттық жұбайы болу мәртебесіне жеткізді. Хафса анамыз дүниеден өткенге дейін оразасын үзбей тұтып кетті.

 

Бұл тек аты аталған ізгі жандардың таусылмайтын тақуалық өмірінің бір ғана көрінісі. Олардың барлығы да жақсылық жасауда жарысатын ізгі жандар еді. Қасиетті Құран Кәрімнің: «Олар жақсылықты ұмтыла, жарыса жасайтын. Әрі Бізден үміт пен қорқумен тілейтін. Сондай-ақ, Бізге беріле бойұсынушы еді», – деген аятында осы ізгі жандар жайлы айтылған. Олардың жүректері Расулулланың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мүбәрәк жүрегінен тікелей нұр алғандар, жүректері нұрланған жандар.

 

 

5398 рет оқылды