2016-06-15 (0) (19691)

Ыстық күнде ораза ұстаушыға сүйінші!

Ыстық күнде ораза ұстаушыға сүйінші!

 

Алла Тағала бекіткен құлшылықтардың қатарындағы сауабы еселеніп тұратыны – ыстық күндегі ораза. Күн ұзақ, әрі ыстық, ал түн қысқа. Бұл – нағыз сабыр мен ұстамдылықтың, ықылас пен ниеттің сыналар шағы. Алайда,  нәпсісінің назына жауап таппай, құлшынысы құбылған, қорқынышы қарқындаған бауырларымызға асыл дініміздің айтар сүйіншісі бар!

Жеңіс – сабырмен!

Біліңіз, сый-сауаптар қиындық артқан сайын еселене түседі. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аяулы жары Айшаға (оған Алла разы болсын): «Сауабың шаршағаның байланысты» демеп пе еді? Жанды алқымға келтіретін шыжыған ыстық адамның тақуалығын арттырады, жаман істерден тосады, құлдық қасиетін арттырады.

 «Жан қиналмай Жәннат жоқ» екендігі тағы бар. Екінші жағынан, «Жәннат қашанда қиындықтармен қоршалған» ғой. «Алла сендерден күресушілер мен сабыр етушілерді айқындамай тұрып, Жәннатқа кіреміз деп есептедіңдер ме?»  деген ескертуді де қаперде ұстағанымыз абзал  («Әли Иимран» сүресі, 142-аят). Қиындықтан кейін екі бірдей жеңілдік, қайғыдан кейін шаттық бар.

Ықыластылар ыстық күннің сауабынан дәмелі

Сондықтан да, ілгері буынның ізгілері ыстық күндегі құлшылыққа ерекше табандылық таныта білді. Ардақты сахаба Муаз ибн Жәбал (оған Алла разы болсын) өлім алдында енді ыстық күннің ортасындағы шөлді сезіне алмайтындығына өкініш білдірген. Шыншыл Әбу Бәкірдің (оған Алла разы болсын) қыс мезгілінде емес, жаздың аптапты ыстықтарында ораза ұстағандығы туралы хабар да жеткен. Сөзі Құран аяттарымен қуатталған Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) ақтық демі шығар сәтте ұлы Абдуллаға: «Иманның мінез-құлқына ие болуға тырыс» деген кеңес айтып, оның ең алғашқысы ретінде ыстық күндегі оразаны айтты.

Әл-Қасым бин Мұхаммад (оған Алланың рақымы болсын) мүміндердің анасы Айшаның (оған Алла разы болсын) ыстық күнде ораза ұстағандығын айтады. Мұның себебін: «Ол өлім келгенге дейін ыстық күндерден пайда алатын» деп түсіндіреді. Үмбетіміздің басқа да салихалы әйелдері ораза үшін жылдың ең ыстық күндерін таңдайтын және «баға төмен болған сайын барлығы оны алғысы келеді» деп өсиет айтады екен. Яғни, олар ықыласы биіктер ғана тәуекел ете алатын құлшылықтан дәмелі болды.

Әмр ибн Абд Қайс Басрада болып, Шамға аттанғалы отырады. Сол кезеңдегі әмірші Мұғауия одан қалаған нәрсесін сұрауды өтінеді. Ол сұраудан бас тартады. Алайда, соңында: «Маған сендерден ең қажетті нәрсе – оразаны күрделендіру үшін  Басраның ыстығын менің өлкеме аудару. Өйткені, біздің аймақта ораза ұстау оңайырақ» деген екен.

 

«Еріндері кезеріп шөлдегенде,

Жәннаттағы Кәусарды еске алыңдар!» (М. Ниязов)

Әбу Мұса әл-Ашғари қайықта бара жатып, біреудің: «Уа, жолаушылар, тұрыңдар!» деп жар салғанын естиді. Және ол мұны үш рет қайталайды. Сонда Әбу Мұса: «Біз қалай тұрмақпыз? Қайда келе жатқанымызды көрмедің бе?» дейді. Сонда жаршының: «Маған Алла Тағаланың Өзіне қандай ережені бекіткенін жеткізуге рұқсат етіңдер: «Кім ыстық күнде Алла разылығы үшін өзін шөлге байласа, Алла Тағаланың Қияметте оның шөлін қандыруына хақысы бар» дегенін естиді. Осы сәттен бастап Әбу Мұса жылдың ең ыстық күндерін іздеп, өзін қазанда қайнап жатқандай сезінгенге дейін ораза ұстайтын болды. Ғалымдар, ыстық күнде ораза ұстаушыларға Алла Тағаланың: «Қиямет күні Менің разылығым үшін шөлдегеннің шөлін қандыруды Өзіме міндет қылып алдым» деген сөзін сүйінші ретінде жеткізеді. Бұл мәтін Тәуратта да келеді екен: «Ұлы Күннің алдында ашыққандарға қуанышты хабар, онда оның аштығы қанағаттандырылады және Ұлы Күн алдында шөлге шыдағандарға қуанышты хабар, онда оның шөлі қандырылады».

Балды өзен жанында хор қызымен бірге болғың келсе...

Әл-Хасан айтады: «Жәннаттағы хор қызы Аллаға жақындатылғанмен, Жәннатағы балдан болған өзеннің жанында жатып сөйлеседі. Ол тәтті сусынды ұсынып жатып: «Алла Тағаланың сендерді маған қашан үйлендіргенін білесіңдер ме? Ол сендерді жаздың ұзақ мезгілінде, аптапты ыстық күннің ортасында шөлдегендерінде көрді де, періштелерді шақырып: «Менің құлыма қараңдаршы, ол өзінің әйелін, тамақ пен судың рахатын Мен  үшін тастады, өзінің қалауын Мендегі нәрсеге айырбастады. Оны кешіргеніме уәде беремін» деді де, сендерді кешірді және мені сендерге әйелдікке берді» деп айтады».

Алла Тағала оразаға шақырады

Әл-Хаджаж Мекке мен Медине арасында сапарда болады. Ол өзінің кешкі асын шығарып, жақын маңда жүрген бір кісіні шақырады. Сонда әлгі кісі: «Мені сізден де абзалдың шақыртуын естігенмін және оны қабыл алдым» дейді. Әл-Хаджаж таңғалып: «Ол кім?» деп сұрады. «Алла Тағала мені оразаға шақырды, мен ораза ұстадым» деп жауап беріледі. «Осындай ыстық күнде ме?» деген сұраққа: «Иә, мен бұдан да ыстық күнді күтіп жүрмін» деп жауап берген екен. Сонда әл-Хаджаж: «Онда бүгін менімен жақсылап тамақтанып, ертең ораза ұста» дейді. Шақырылған кісі: «Ертеңге дейін тірі болуыма кепілдік берсеңіз ғана» дейді. «Бұл менің құзырымда емес» деді. Әлгі пенде: «Болашақта сіздің күш-қуатыңыз жетпейтін Ұлы күн тұрғанда, сіз менен мұндай өтінішті қалай сұрай аласыз?» деп жауап қайырған екен. (Деректер ибн Раджабтың «Лята’иф әл-Ма’ариф» еңбегінен алынған, 272-273 беттер).

P.S:

Тұтса кім оразаны маусымдағы,

Аз күнде мол сауапқа малшынғаны.

Жандырып жаз ыстығы, шөлдегендер,

Жәннаттан сусын ішіп, жансын бағы!

(Қ. Қолхаев).

19691 рет оқылды