06:35 | Әжемнің әңгімесі
2018-05-25 (0) (8658)

НЕ ҮШІН ОРАЗАНЫҢ САУАБЫН АЛЛА ТАҒАЛА ӨЗІ БЕРЕДІ?!

НЕ ҮШІН ОРАЗАНЫҢ САУАБЫН  АЛЛА ТАҒАЛА ӨЗІ  БЕРЕДІ?!

Рамазан – шүкіршілік айы

Рамазан айы – құлшылық айы. Бұл ай қысқа мерзімді медресе секілді. Отыз күн ішінде адам мүмкіндігінше жақсы сөз айтып, өзінің сөзіне, мінезіне және басқалармен болған қарым-қатынасына назар салады, бақылайды.

Мүбәрак  Рамазан айында ораза ұстаушы бұрын мән бермей жүрген көптеген нығметтердің қадірін сезінеді. Ашығып, шөліркеп Алла Тағаланың ырзық-несібесі мен қара судың қадіріне жетеді. Күні бойы аш жүретін жарлы адамдардың жағдайын басынан кешіреді. Бойындағы жанашырлық, бауырмалдық сезімі оянады. Өзінен төменгілерге қарап шүкірлік етеді. Қолда бар мүмкіндіктердің қадірін ұғынады. Рамазан айы – әрбір мұсылманның бір жыл бойына атқарған тірлігіне, жасаған күнәларына, жіберген қателіктеріне көз тастап, отыз күн ішінде есеп беретін, тәубе етіп күнәлардан арылатын – қасиетті ай. 

Сондай-ақ, Рамазан – шүкіршілік айы. Алла Тағала құлдарының ішінен Өзінің нығметтеріне, ырзық-несібесісіне әрдайым шүкір етіп жүретіндерін жақсы көреді. Өйткені, Жаратқанның берген ырзығына алғыс білдіру – иманның ажырамас бөлігі. Себебі, Алла Тағала Өзіне күпіршіл болмай, шүкіршіл болуға бұйырған:

«Мені естеріңе алыңдар, сонда Мен де сендерді есіме аламын. Маған шүкіршілік етіңдер, күпірлік етпеңдер». («Бақара» сүресі, 152-аят)

Алла Тағаланың берген өміріне, денсаулығына, рухани және материалдық байлықтарына алғыс білдіріп, лайықты түрде шүкір ету – әрбір пенденің міндеті.

Ақиқатында, Алла Тағала құлдарының шүкірлігіне мұқтаж емес, керісінше, біз Раббымыздың рахымына зәру. «Нәміл» сүресінің 40-аятында былай делінген:

«Кім шүкірлік етсе, расында ол өзі үшін шүкірлік етеді. Ал, кім шүкірсіздік етсе, расында Раббың Бай һәм Жомарт». Мұсылман пенде нығметке қуанып, белгілі бір табысқа жеткенде, Аллаға шүкіршілігін білдіруі керек. Ол үшін сол сәт шын ықыласпен «Әлхамдулиллә» деп айтудың өзі жеткілікті.

Рахымдылардың рахымдысы Раббымыз біздің құлшылықтарымызды қабыл алып, бізді Өзінің нығметтеріне шүкір ететін шүкіршіл пенделерінен қылғай!


«Ораза –  Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін!»

Рамазан айы – ізгі амалдардың маусымы. Бұл айда орындалатын ораза парызын жауапкершілікпен, тақуалықпен орындағанымыз ләзім. Сонда ғана мойнымыздағы міндетімізді адал атқарып, Алланың разылығына жеткен боламыз.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мынадай керемет хадисі бар:  «Адам баласының тек оразадан басқа амалының барлығы өзі үшін. Ал, ораза –  Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін» (Бұхари, Муслим).

Осы хадисте айтылған Алла Тағаланың «Оразаның сауабын Өзім беремін» деген сөзі: «Адамдар басқа құлшылық түрлерінде Аллаға серік қосу күнәсіне ұрынып жатады, бірақ оразада осы ең ауыр күнәға ұрыну қаупі жоққа жақын десе де болады; сондықтан оның сыйы да – ерекше» деген ұғымға саяды.

Ниетімізбен, сөзімізбен және денемізбен орындалатын ғибадаттың барлығын тек қана Аллаға арнау және тек Алла Тағаланың разылығын мақсат тұту – біздің мұсылмандық сеніміміздің өзегі әрі хақ дінімізді дұрыс ұстанудың, құлшылықтарымыздың қабыл болуының ең басты шарты.

Шариғатта ораза екі түрге бөлінеді. Біріншісі – парыз ораза. Ол – осы Рамазан айында келетін ораза. Екіншісі – нәпіл ораза. Бұған Рамазан айындағы оразадан басқа барлық қосымша ораза кіреді. Алла Тағала Рамазан айында ораза ұстауды бұйырған. Сондықтан бұл айдағы ораза – парыз: «Ей, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақсынарсыңдар. Санаулы күндерде... Білсеңдер, сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы» («Бақара» сүресі, 183-185).   

Ораза құлшылығы – бұл кемшіліктерден ада. Ораза құлшылығын тек Алла Тағалаға ғана арнауға болады әрі Өзі айтпаса басқа ешбір пенде біле алмайтын, Жаратушы Иесі мен ораза ұстаушы адамның арасындағы құпия сыр болған бұл құлшылық оның ықыласының өте жоғары деңгейде екендігін көрсетеді. Ораза – бүкіл құлшылық-ғибадатты, оның ішінде қорқу мен үміт ету, жәрдем сұрау мен тәуекел ету секілді жүрек амалдарын да тек Ұлы Жаратушыға ғана арнайтын құлшылық.  Сондықтан тек Өзіне ғана бағышталған оразаның сауабын Алла Тағала Өзі береді.  Рамазан айының маңызын одан әрі ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына сөздерімен сабақтауға болады:

Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) былай деді: «Бірде Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір бәдәуи келіп: «Я, Алла Елшісі! Маған оны орындасам Жәннәтқа кіретін амал нұсқашы», – деді. Оған Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаға ешкімді ортақ қоспай құлшылық ет, намаз оқы, парыз зекетіңді төле және Рамазанда ораза ұста», – деп жауап берді. Бәдәуи: «Жаным қолында Болғанның атымен ант етемін, мен бұған еш нәрсе қоспаймын!», – деді. Ол шығып кеткеннен кейін Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім Жәннәт тұрғындарына қарап, көзін қуандырғысы келсе, онда ол осы бәдәуиге қарасын» (Бұхари, Муслим).

Ораза ұстаушыға берілген бес қасиет

Ораза – Алла Тағала мүмкіндік етіп берген бір айда жыл бойына жасаған күнәлар үшін шынайы тәубе қылып, құлшылық жасау деген сөз. Қасиетті Құран түскен қасиетті айда ораза ұстап, жақсылық жасауға асыққанымыз жөн. Себебі, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ораза ұстаушының ерекше қасиеттері жайында былай дейді: «Менің үмбетіме Рамазан айында бұдан бұрын ешбір үмбетке берілмеген бес түрлі қасиет берілді:

Ораза тұтушының аузының исі Алланың алдында хош иісті мисктен, сөзсіз, артық болады;

Ауыздарын ашқанша періштелер олар үшін Алладан истиғфар тілеп тұрады;

Алла Тағала Рамазан айының әрбір күні жәннатын безендіріп оған: «Менің ізгі құлдарымның ауыртпалықтар мен тауқыметтерді тастап, саған кіретін күні жақын қалды», – дейді;

Бұл айда жындардың біразы шынжырланып, басқа айларда істейтін нәрселерін істей алмайды; 

Ал, соңғы түні болғанда олардың (мұсылмандардың) күнәлары кешіріледі» (Әбу Һұрайра (р.а) риуаят еткен).

Сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол түн Қадір түні ме?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жоқ, жұмысшы да ісін толық бітірген соң өзінің сыйын алмаушы ма еді? Сол сияқты» – деген» (Ахмад).

Алла Тағала  баршамыздың иманымызды кәміл, дұғамызды қабыл еткей! 

8658 рет оқылды