2016-06-11 (0) (9284)

Бай болғым келеді ...

Бай болғым келеді ...

Данияр диванға жайғасып, суреттер бейнеленген кітапты тамашалап отырды.

– Анашым! Қарашы, қандай ұзын көлік!

– Бұл – лимузин,-деді анасы.

– Ал бізде неге мұндай көлік жоқ?

– Лимузин өте қымбат тұрады. Біздің оған ақшамыз жетпейді. Оның үстіне мұншалықты үлкен көлікті қайтеміз?

– Қайтеміз дейсіз бе? Бұл керемет қой,-деп бұртиды Данияр. Анасы  үнсіз ғана жымиды.

– Қарашы, мына жерде өте үлкен әрі әдемі үй бар екен.

– Иә, расымен де әдемі.

– Біздің үйден үлкенірек және жақсырақ қой,-деп, Данияр тағы да наразылық білдірді. Анасы:

– Біздің үйіміз жаман ба еді?

– Жоқ, мен жаман деген жоқпын. Бірақ, кішкентай. Суреттегідей әдемі де емес. Қарашы, мынау – түйе ғой. Бізде неге түйе жоқ?

– Балам, түйелерді пәтерде ұстауға болмайды,-деп күлді анасы.

– Көрдіңіз бе, үлкен үйіміз жоқ болғандықтан, түйе ұстай алмаймыз,-деп күрсінді баласы. Ал күзетші ит ше? Оған шағын үйшік жасап беретін едік.

– Итті үйді күзету үшін аулада асырайды. Біз пәтерде тұрғандықтан ауламыз жоқ,-деп түсіндірді анасы.

– Міне... Үйіміз кішкентай, сондықтан, ит те болмайды,-деді көңілі түскен Данияр. Ал мысық ше? Мынау сондай сүйкімді екен.

– Мысық асырауға болады. Алайда, сенің қарындасыңның жануар терісіне аллергиясы бар. Сондықтан, әкең мысық ұстауға рұқсат бермейді.

– Тағы да болмай ма? Анашым, неге олай? Біреулерде үлкен көлік те, түйе де, мысық та, үлкен үй мен көөөп ақша да бар. Ал бізде ешнәрсе жоқ.

– Ештеңе жоқ дегенің қалай? Олай наразылық білдіру жақсы емес. Біздің ыңғайлы пәтеріміз, дәмді тағамдарымыз, әдемі киімдеріміз бар. Ойыншықтарың мен кітаптарың ше? Осының бәрін берген Мейірімді Аллаға алғыс айту қажет екен.

Данияр үндемеді. Ол бәрібір кең сарайда өмір сүріп, жеке лимузині, ұшағы, сандық толы қазынасы болғанын армандап отырды.

– Бүгін әкең күні бойы үйде болмайды. Әмина апаң кеше екеуіңді көмекке шақырған. Сонда барып келе ғой, -деді анасы.

– Содан кейін достарыммен ойнауға бола ма?

– Әрине, бара ғой. Тек ұзаққа емес. Бір сағаттан кешікпе.

 

– Алланың сәлемі болсын, анашым!

– Саған да Алланың сәлемі болсын, ботам!

Есіктен шыққан бетте ақшаң көп болса, керемет нәрселер сатып алуға болатындығын ойлады. Бірінші кезекте ойыншықтар. Әкесі қымбат деп алып бермеген қуатталатын көлік есіне түсті. Жүз түрлі құрастырғыш ойыншықтар. Содан кейін Алмастың үйіндегідей үлкен компьютер. Әкесі кейінірек ақша жинап алып беретіндігін айтқан. Оған дейін қанша күту керек? Көп ақша болса бірден ала салар едім. Сыныптасы Бердікбек секілді отбасымен алыс-алыс елдерге барып қыдырып, қонақ үйлерде өмір сүрсе, қымбат тамақтар жеп, үлкен саябақтарда серуендесе, бассейнде шомылса...

Осындай ойлар құшағында болып, Әмина апасының үйіне қалай жеткенін білмей қалды. Бірнеше затты көтеріскен соң, достарымен ойнауға асығып кетіп қалды. Өз үйінің ауласына келе жатып мешіт алдынан өтті. Кенет оның көзі ескі киім киген өзімен қатарлас балаға түсті. Ол картон қиындысына жайғасыпты, алдына ескі ыдыс қойған және қағазға: «Алла разылығы үшін бізге көмектесіңіздерші. Өте мұқтажбыз!» деп жазып алыпты.

Ары-бері өткен адамдар тиын тастап жатыр. Бала әрқайсысына:

– Алла разы болсын, Алла разы болсын,-деп айтады екен.

Данияр осының бәрін ұзақ бақылап тұрды да, жақын келіп, баламен амандасты.

– Сенің есімің кім?-деп сұрады.

– Ерболат, – деп жауап берді күлімсіреген бала.

– Мұнда неге отырсың? Сенің үйің қайда?

– Менің үйім жоқ. Атам екеумізге мына мешіт жанындағы кішкентай бөлмеде тұруға рұқсат берген. Ата-анам ерте қайтыс болды. Ал шағын үйіміз таяуда өртеніп кетті. Атам екеуміз ғана қалып қойдық. Ол кісі қатты сырқаттанып қалғандықтан, ақшамыз таусылып қалды.

– Осыншалықты кедей болғандарың өкінішті... – деп күрсінді Данияр. Ерболат оған таңғала қарап:

– О не дегенің? Біз баймыз! Мен жалғыз емеспін, жақсы көретін атам бар! Тіпті, уақытша тұратын баспанамыз да бар. Жейтін тамағымыз мен киіміміз де жоқ емес. Аяқ-қолымыз сау, көзіміз көреді, құлағымыз естиді. Көрдің бе, қандай бай екенімізді?! Айналамыздағы мейірімді адамдар көмектесіп тұрады. Мен олар үшін дұға жасаймын. Осы үшін үнемі Аллаға рақмет айтамыз. Атам маған бізден де жағдайы мүшкіл адамдарға көп қара деп айтады. Мен де солай жасаймын. Расымен де, ешнәрсесі жоқ адамдар бар.  Бізге бар болғаны аз ақша жинау керек. Атам емделіп жатыр. Сауыға сала, жұмысқа қажет құралдарды сатып алады. Шеберханада жақсы жұмыс істейтін боламыз. Содан кейін шағын үй алып, баяғыдай өмір сүреміз! – деді.

Данияр үйіне қалай жеткенін есіне түсіре алмады. Әйтеуір, есіктің қоңырауын басып тұр екен. Жол бойы әлгі ескі киімдегі Ерболат пен атасының мешіт жанындағы алақандай бөлмеде қалай өмір сүретіндігін ойлады. Өзінің үш бөлмелі үйін  елестетті.

Есікті ашқан анасын көре сала қатты құшақтады:

– Анашым! Сіздің, әкемнің, Дарияның болғаны қандай жақсы! Үйіміздің болғаны қандай жақсы! Мен біз кедейміз деп ойлайтынмын! Сөйтсем, бізден де өте-өте кедей адамдар бар екен ғой. Сондықтан, шын мәнінде біздің өте бай екенімізді түсіндім.

 

Осы күннен бастап Данияр әдемі, үлкен, қымбат нәрселерді көріп, қызғана бастаса, Ерболатты есіне алатын және одан да кедей адамдарды ойлайтын да, өзінде барға қатты қуанып кететін. Анасы секілді Құдайға үнемі рақмет айтатын болды...

9284 рет оқылды