Сәресі мен ауызашардың әдептері
Оразаның әр күні сәресі ішуден басталады. Сәресі деп Рамазан айында ораза ұстау ниетімен таң атпастан бұрын тамақтануды айтады. Бүгінде ораза ұстаушылардың көпшілігі түнде тойып ішіп-жеп, сәресін ішпей, оразасын ары қарай жалғастыра беруді әдетіне айналдырған. Алайда, сәресінің сіз бен біз біле бермейтін пайдалары мен артықшылықтары ұшан-теңіз.
Сонымен, біріншіден, әрбір мұсылман түннің соңғы бөлігінде ораза тұтуға ниет етіп, сәресін ішкені жөн. Неге? Өйткені, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Таң атпастан бұрын тамақтаныңдар, өйткені сәресінде береке бар!», — деген (Бұхари, Муслим). Адамның кейде сәресіне тұрмаған күндері біртүрлі әлсіздік сезініп, өзін жайсыз сезінуінің себебі осыдан.
Екіншіден, «Расында, Алла және Оның періштелері сәресін ішкендерге салауат айтады» (Ахмад). Енді өзіңіз ойлаңыз, аса Құдіретті, әлемнің Иесі Алланың өзі есендік тілеген пенде қалай ұтылмақ? Жоқ, оның бұл күні амандықта, есендікте болатыны анық!
Үшіншіден, сәресі – сіздің, яғни мұсылманның оразасы мен христиандардың, яһудилердің оразаларын бір-біріне ұқсатпай ерекшелеп түратын бір айырмашылық. Өзге дін өкілдері де біз секілді ораза ұстайды. Сондықтан Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, біздің оразаның өзге Кітап иелерінің оразасынан айырмашылығы — сәресі ішу», - деген (Муслим).
Сәресін ішудің маңыздылығы туралы хадистер өте көп. Ибн `Амр, Әбу Са`ид және Әнастан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір жұтым сумен болса да сәресін ішіңдер», - десе, келесі бір хадисте «Расында, сәресіде игілік бар, сондықтан оны қалдырмаңдар», — деген (Ахмад).
Сәресі қай кезде ішіледі?
Сәресінің уақыты таң атуға жақын қалғанда басталады. Егер адам таң атпастан бірнеше сағат бұрын немесе ұйқыға жатар алдында тамақтанса, онда бұл сәресі болып саналмайды.
Сәресін түннің ақырғы бөлігіне дейін қалдыру керек немесе тіпті, дәл таң намазының алдына жақын тамақтанған абзал. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бізге, пайғамбарларға ауызды уақыты кіруімен ертерек ашып, сәресін кешірек жасау әмір етілген», — деген (Ибн Хиббан, Табарани).
Адам таң ата бастағанына анық көзі жеткенше тамақтана беруіне рұқсат етіледі. Алла Тағала Құранда: «Таңның ақ жібі мен қара жібін ажырата алғандарыңша жеңдер және ішіңдер», - деген («Бақара» сүресі, 187 - аят). Ал қазір бізде бұл жағдай арнайы бекітілген ораза кестесі арқылы жеңілдетілген.
Ауызашар
Ауызашар – ораза ұстаушылардың оразасы тоқтатылатын күн батқан мезгіл. Немесе мұны қарапайым тілмен ақшам намазына азан шақырылған кез деп түсіндіруге болады. Омар ибн әл-Хаттабтан (р.а) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «... күн батқан кезде ораза ұстаушылардың оразасы тоқтатылады», — деген (Бұхари, Муслим).
1. Ауызашар жай тамақ ішетін кез емес, ол – Алла сізді тозақтан азат ететін сәт!
«Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Ұлы әрі Құдіретті Алланың әрбір ауызашар кезінде Оттан босататын құлдары бар. Әрі бұл әрбір түн сайын орын алады!», - деген (Ибн Мәжаһ).
2. Ауыз ашуға асықсаңыз, игілікте, жақсылықта боласыз!
Ораза ұстаушы адам ауыз ашар уақыты кірсе де, оразасын бұзуға асықпай, уақыт өткізіп жүре беруіне болмайды. Себебі, ауыз ашуды кешіктіру яһудилер мен христиандарға тән (Әбу Дәуд, Нәсаи, Хаким). Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдар ауызашарларына асығып жүргендеріне дейін игілікте болады», - деген (Бұхари, Муслим).
3. Ауызашар алдында жасалған дұға мен Алланың арасында перде болмайды!
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Расында, ораза ұстаушының ауызашар алдында жасаған дұғасы қайтарылмайды» (Ибн Мәжаһ, Хаким).
Ауызды немен ашу керек?
Сүннет бойынша ауызашарды жаңа піскен немесе құрғақ құрмалармен немесе сумен бастаған абзал. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерден біреу ауыз ашатын болса, құрмамен ашсын, ал егер ол құрманы таба алмаса, онда су ішсін, өйткені, расында, ол тазартады», - деген (Әбу Дәуд, Тирмизи, Ибн Мәжаһ). Егер ол да болмаса, оразасын іштегі ниетімен тоқтатуы тиіс.
Алдымен ақшам намазын оқимыз ба, әлде ауыз ашамыз ба?
Ауызды намаз оқудан бұрын ашу керек. Әнас ибн Мәлик (р.а) былай деген: «Мен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ораза кезінде сумен болса да ауызын ашпастан ақшам намазын оқығанын ешқашан көрген емеспін» (Әбу Яғлә, Ибн Хузайма).
Ауыз ашқанда қандай дұға оқимыз?
ذهب الظمأ وابتلت العروق وثبت الاجر إن شاء الله
Зәһаба ззома-у уәбталләтил-‘уруқ, уә сәбәтәл-әжру иншә-Алла.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ауызын ашқан соң: «Шөл басылды, тамырлар нәрге толды, Алла қаласа, сауап та бізді күтіп тұр», - деп айтатын (Әбу Дәуд, Бәйһақи).