– Бұл ерекше күн, ғибадатқа толы күн...
– Көптеген игі істер күні…
– Күнәлардан тиылу күні…
– Көмекке, сүйіспеншілікке, құлшылыққа толы күн…
– Жұмаққа апаратын күн…
Бұл күні нендей жағдайлар болады?
Сәресінің алдында тәһәжжудқа тұрып, дұға етіңіз!
Нәпіл намаздардың ішіндегі ең абзалы ол – түнгі тәһәджуд намазы. «Тәһәджуд» сөзі «һужуд» түбірінен шығады, оның мағынасы ұйқы. Ал, «тәһәджуд» – ұйқыдан кейін ояну дегенді білдіреді
Шариғаттағы мағынасы – Құптан намазынан кейін, бір ұйықтап тұрып, түнде оқылатын нәпіл намазды «тәһәджуд» дейміз.
Ел терең ұйқыда жатқан сәтте, тәтті ұйқысын бөліп, мамық төсектен Аллаға мінәжәт етуге тұрған мұсылмандарға Жаратушы жанында зор сыйлық бар. Құран Кәрімде Жаратушымыз мүмін пенделерін сипаттай келе былай деп өтеді:
«Олардың жамбастары төсектерінен ажырап, (түнде ұйқыдан тұрып,) Раббыларынан қорқа-дәмете жалбарынады. Сондай-ақ олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды. Жасаған жақсы істеріне орай сақталған, оларды қуантатын зор сыйлық барын ешкім білмейді» (Сәжде сүресі – 16-17 аяттар).
Ауыз бекітіп, Алланың бұйрығын орындаған кез келген мұсылман алдымен дайындығын сәресіден бастайды. Ораза ұстаған адамның күні бойы шаршамай, оразаны қиналмай өткізуінде сәресінің алар орны ерекше. Әсіресе, жұмыс жасап, күндіз бір сәт тынығып ала алмайтын жандар үшін. Алдымен ас мәзіріңізден ащы, тұзды, майлы, тым қою, қуырылған тағамдарды, кофе мен қою шайды, тәттілерді (кондитерлік өнімдер), фаст-фуд, газдалған сусындарды алып тастаңыз. Себебі бұлар ағзаңызды әлсіретіп, тез шөлдетіп, қарныңызды тез аштырады. Орнына тары, талқан, балғын көкөністер мен жемістер, күріш, сүт өнімдерін қолданыңыз. Суды тамақтанып болған соң ішкен абзал. «Күндіз шөлдеп қалмайын» деп таңертең суды тым көп ішуге де болмайды, тамақты да асықпай, аз-аздан жеңіз, қарным ашып қалады деп қатты тойып алмаңыз.
Дәретке ерекше ықылас танытыңыз!
Мұсылман адам таң намазына дайындалып тахарат (дәрет) алуы тиіс. Бұл турасында Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кім жақсылап дәрет алса, оның күнәлары денесінен арылады, тіпті тырнақ астынан болса да шығады» (Муслим).
Мүмкіндігінше мұсылман адам таңғы намазды оқып болған соң сол оқыған жерінде таң атқанша отырғаны абзал. Бұл уақытта ол Құран оқып, немесе Аллаға жалбарынып, дұға тілеуіне болады.
Таңғы уақытты дұрыс пайдаланыңыз!
Алла Тағаланың сыйлаған тағы бір берекелі таңын дұрыс әрі тиімді пайдалануды әдетке айналдырыңыз. Арайлап атқан таңның шапағы берекелі уақыт саналады. Кімде-кім таң атқанда ояу болса, күнделікті несібесін молынан жинап алады деген сөз. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Таң намазын оқығаннан кейін ырыздықтарыңды табудан қапыда қалып ұйықтамаңдар» (Табарани). Әркім өз ырыздығын бір орында отырып табуы мүмкін емес. Ертерек тұрып, ертерек қамданса Алла Тағала нәсіп етіп, дегеніне қол жеткізеді.
Құранды көп оқыңыз!
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Алла Тағала: «Құранмен шұғылдану (яғни, Құранды жаттау, мағынасын ұғу, арабшасын оқу, т.с.с.) себебінен зікір және дұға етуге уақыты болмаған адамға барлық дұға етушілерге бергеннен артық беремін», – дейді» деген (Тирмизи). («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи») Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Расулалла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдардың жомарты болатын. Ал, Рамазанда Жәбірейілмен (а.с) кездесетін кезде ерекше жомарттық ететін. Жәбірейіл (а.с) Рамазанның әр түнінде Расулалламен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жүздесіп, Құран оқитын». («Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари»)
Нәпіл намаздарын өткізіп алмаңыз!
Мұсылман адам келесі намазды тағатсыздана күтеді, себебі ол оның маңыздылығын жете түсінеді. Содан соң жамағатпен бірге намаз оқығаны абзал.
Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені келтіріледі: «Егер адамдар азан сөздерін қайталаған үшін және жамағаттың алдыңғы қатарында тұрып намаз оқыған үшін қандай сауап болатынын білсе, онда олар міндетті түрде соған ұмтылар еді» (Бұхари, Муслим).
Бұдан кейін қосымша намаз оқуына болады, бірақ ол нәпіл намазды үйде оқығаны жөн.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Ер адамның оқыған намазының ең жақсысы — оның үйінде оқыған намазы, тек парыз етілген намаздан басқасы» (Бұхари, Муслим).
Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы да мынадай өсиеті мәлім: «Кімде-кім түскі намазға дейін төрт рәкат, және одан соң төрт рәкат намаз оқыса, Алла ол адам үшін тозақ отын харам еттеді» (Тирмизи).
Түскі намаз бен екінті намазының аралығында тынығып алыңыз!
Осы уақытта мұсылман адам тарауих намазын өткізіп алму үшін және түнгі құлшылыққа ықыласты болу үшін тынығып алуына болады. Тіпті 10-20 минуттық ұйқының бір күнге жететін берекесі болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бесін мен асыр намазының арасында ұйықтаған.
Мұқтаждарға қамқорлық етіңіз!
Рамазан қайырым мен қамқорлық айы. Адам нәпсі тәуелділігінен Аллаға құлшылық етуге құштарлық танытатын ай. Таң атқаннан күн батқанға дейін нәпсі бұғатынан босап, Аллаға жан тәнімен құлшылық етіп жүрген мұсылмандар осы айдың мүмкіншілігін барынша пайдалануға тырысады. Әсіресе, Құранда сенімді шынайылықтың белгісі болып есептелетін садақа, қайырымдылық жасау тұрғысында жарысып жатады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан уақытында оразаның құрметіне барынша жақсылық істеуге тырысып, бар уақытын дінді жеткізіп, мұқтаждардың қажетін өтеуге сарп ететін.
Иман келтіргендерге қуаныш сыйлаңыз!
Қолыңыздан келгенше жақыныңызға, тіпті танымасаңыз да мұсылман бауырыңызға жәрдем жасап, көмек қолын созыңыз. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Ең игі істер: мұсылман бауырыңа қуаныш сыйлау – оның қарызын өтеу, оны тамақтандыру» (Байһақи).
Жамандыққа жақсылықпен жауап қайтарыңыз!
Мүмкіндігінше өзгеге тіліңізбен де, қолыңызбен де зиян келтірмеуге тырысыңыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) былай деген: «...егер оны біреу балағаттаса, ол «менің аузым берік» десін» (Бухари, Муслим).
Екінті намазына ертерек қамданыңыз!
Азаншының айтқан азанын тыңдап, сөздерін қайталау, азаннан кейін жоғарыда айтылып кеткен дұғаларды оқысаңыз болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген екен: «Екінті намазының алдында төрт ракат намаз оқыған адамға Алланың мейірімі болсын» (Тирмизи).
Садақа беруде бірінші болыңыз!
Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Кімде-кім садақа ретінде адал жолмен тапқан бір түйір құрманы берсе, Алла оны сендер құлыншақтарыңды өсіргендеріңдей етіп ол садақаны да үлкен тауға айналғанға дейін өсіреді (Бухари, Муслим).
Ауызашарға асығыңыз!
Алла Тағаланың: «Ораза ұстағандардың ішінде Менің ең жақсы көретін құлдарым – ауыз ашуға асығатындары», – дегеніне сай («Әл-Жәмиъус-Сағир»), күн батқаннан кейін ауыз ашуды кешіктірмеген дұрыс.
– құрмамен немесе сумен ауыз ашу;
– ауыз ашар дұғасын оқу;
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде, ораза тұтушының ауыз ашарда сұраған дұғасы, жауапсыз қалмайды» (ибн Маджа).
Ораза тұтушылар үшін ауыз ашар жасаңыз!
Бір жұтым су мен бір түйір құрманың қадіріне жеткізетін қасиетті айда аузы берік өзге де мұсылман бауырларыңызға ауыз ашар жасап екі есе сауапқа кенеле аласыз. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Ораза тұтқан адамды тамақтандырған адам ораза тұтқанмен бірдей сауапқа кенеледі».
Қатты ыстықтағанда салқындап, шомылып алыңыз!
Қазіргі Рамазан айы жаз мезгілімен қатар келгендіктен ораза ұстаған адамға қажет болған жағдайда шомылуға болады. Тек ауыз немесе мұрыннан ішке су кетпеуін қадағаласаңыз жеткілікті.
Азан мен қамат арасындағы дұғаны оқыңыз!
Азан мен қамат арасындағы дұғаны оқу арқылы сауап жинаңыз. Абдуллах бин Муғаффал (оған Алла разы болсын) былай айтқаны мәлім: «Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) былай деген: «Әрбір екі шақырудың (азан мен қамат) арасында – намаз» деп үш рет қайталайды және үшіншісінде «бұл қалаған адамдар үшін» деп қосады (Бухари, Муслим).
Намаздан кейінгі зікірлер айтыңыз!
Әбу Умама (оған Алла разы болсын) баяндайды: «Бірде Пайғамбардан (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай деп сұраған екен: «Қай дұғаға жауап алуға көбірек үміт бар?», сонда ол: «Түн ішінде және парыз намаздардан кейін Алладан жалбарынып сұралған дұғалар» деп жауап береді»
Тарауих намазын өткізіп алмаңыз!
Әрбір мұсылман Рамазан айында осы қосымша намазды мешітте жамағатпен бірге оқығаны абзал. Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені келтіріледі: «Кімде-кім Рамазан уақытында Алланың сыйына үміт пен сеніммен түнде намаз оқыса, Алла оның бұрынғы күнәларын кешіреді». (Бухари, Муслим].
Мұсылман бұл намазды имаммен бірге аяғына дейін сабырлықпен, шыдамдылықпен оқығаны дұрыс. Өйткені пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтқан: «Намазды имаммен бірге аяғына дейін оқыған адамға түнімен намаз оқығандай сауап жазылады». (Тирмизи, Абу Дауд).
Алла Тағала қасиетті айда жасаған барлық құлшылықтарыңыз бен дұғаларыңызды қабыл етсін!