2017-05-21 (0) (7860)

ТАРАУИХ – РАМАЗАННЫҢ ТҮНІН БЕЗЕНДІРЕТІН ҚҰЛШЫЛЫҚ

ТАРАУИХ – РАМАЗАННЫҢ ТҮНІН БЕЗЕНДІРЕТІН ҚҰЛШЫЛЫҚ


Тарауих намазын орындаудың артықшылығы

«Тарауих» – «таруиха» сөзінің көпше түрі. Осылай, рамазан айының түндерінде оқылатын, түнгі нәфил намаздар аталған. «Тарауих» намазының аты, «демалуды» білдіретін «рохатун» деген сөзден шыққан. Оның бұлай аталуының себебі, ізгі ата- бабаларымыз бұл намазды өте ұзақ оқығандықтан, әр екі немесе төрт рәкәттан сайын демалуға отырғандарында (Қараңыз: «Фатхуль-Бәри» 4/294, «Раддул-мухтар» 1/474).

Тарауих намазы – Рамазан айының қасиетiн арттырып, жан-дүниемiздi күнәдан тазартатын ғибадат. Қаншама жүрек осы құлшылықты атқарумен нұрлана түседi. Жыл сайын сағындырып келетін Рамазан айында ауыз ашып болған соң Алла Тағаланың тарту еткен нығметіне шүкiршiлiк жасап, тарауих намазын оқып, рухани тазарамыз.

Тарауих намазы сауабы мол сүннет амалына жатады. Алла Елшiсi (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) тарауих намазының сүннет болу мәселесiне қатысты: «Хақ Тағала сендерге оразаны парыз, тарауих намазын сүннет еттi. Шын иман және ықыласпен Рамазан оразасын ұстаған және тарауих намазын оқыған адам күнәдан анадан жаңа туған нәрестедей пәк болып тазарады» (Бұхари, Муслим риуаят еткен). Бір хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын)  мұны біздерге қатаң ескертеді: «Қаншама адам бар, тұтқан оразалары аштықтан өзге дәнеңе емес! Кештерін намазбен өткізген (тарауих) қаншама адамдар бар, оқыған намаздары ұйқыдан қалудан басқа дәнеңе емес!» (Ибн Мәжә, Сиям, 21).

Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) тарауих намазын кей күндері мешітте жамағатпен оқыған. Омардың (оған Алла разы болсын) заманында отыз күн оразада тарауих намазын мешітте жамағатпен оқу бір жүйеге келтіріліп, жиырма рәкат оқылды. Сол күннен бүгінге дейін күллі ислам әлемі тарауихты жиырма рәкат етіп оқып келеді.

 

Тарауих намазының уақыты

Имам ән-Нәуауи былай деген: «Тарауих намазының уақыты, бұл туралы әл-Бағауи және басқалар айтқандарындай, құптан (иша) намазының аяқталысымен кіреді де, таңға дейін жалғасады».

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Ақиқатында, Алла сендерді тағы бір намазбен нықтады, ал бұл – үтір! Ендеше, оны құптан мен таң намазы аралығында оқыңдар!» (Ахмад 6/397, әт-Тахауи 1/250). Алайда түнгі намаздар үшін ең жақсы уақыт – бұл соңғы үшінші бөлігі. Бұл туралы Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім түннің соңғы бөлігінде ұйқыдан ояна алмай қалуынан қорықса, үтірді оның басында оқысын, ал кім үтірді түннің соңында оқығысы келсе, солай істесін, өйткені, расында, түннің соңында орындалатын намаздың куәгерлері  болады, әрі бұл жақсырақ!» (Муслим 755).

 

Пайғамбар (с.ғ.с)  заманындағы тарауих намазы

Әбу һурайра былай деп баяндайтын: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазанда адамдарды қосымша түнгі намаздарды орындауға ынталандыратын, бірақ оны үзілді-кесілді түрде бұйырмайтын, әрі: «Рамазанның түндерін иманмен және Алланың сауабына деген үмітпен намаз оқумен өткізген адамның бұрынғы күнәлары кешіріледі», –  деп айтатын» (Бухари, Муслим 759).

Хазірет Айша (оған Алла разы болсын) анамыздың айтуынша Алла Елшiсi (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын)  Рамазан айында ауыз ашып болғаннан кейiн мешiтке барып сахабаларымен тарауих намазын оқиды. Келесi күнi де Алла Елшiсi (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сахабаларымен бiрге мешiтте тарауих намазын оқиды. Үшiншi күнi Алла Елшiсi (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) мешiтке келмейдi. Сахабалары Алла Елшiсiн (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) таң рауандап атқанға дейiн күтедi. Таңғы намаз үшiн мешiтке аяқ басқан Адамзаттың ардақтысы (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сахабаларға қарап: «Сiздердiң тарауих намазын оқу үшiн мешiтке жиналғандарыңызды бiлдiм. Бiрақ, сiздер бұл намазды парыз ретiнде қабылдамасын деп, мен әдейi келмедiм» (Әл-Хуласа, Фатау-й Хиндийе) дейдi.

 

Әйелдерге тарауих намазына қатысуға рұқсат етіледі

 

Әйелдер қалаған қосымша намазын мешітте оқи алады, дегенмен, олардың үйлерінде оқыған намаздары жақсырақ болып табылады. Себебі, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Әйелдеріңе мешітке баруға тыйым салмаңдар, алайда олардың үйлерінде оқыған намаздары олар үшін жақсырақ!» (Абу Дауд 567).

 

 

Тарауих намазын қай жерде оқыған жақсырақ?!

 

Абу Дауд былай деп баяндайтын: “Мен имам Ахмадтқа: «Сіз адамның Рамазанда намазды адамдармен бірге орындағанын абзал көресіз бе, әлде жалғыз өзі ме?», — деген сұрақ қойылғанын естідім. Ол: «Адамдармен бірге оқығанын», – деп жауап берді. Ол сондай-ақ былай деді: «Мен адамның түнгі намазды имаммен бірге оқығанын әрі үтірді де имаммен бірге орындағанын қалар едім, өйткені Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«Ақиқатында, барлық намаздарды имаммен бірге ол кеткенге дейін оқыған адам түнімен намаз оқыған адамға тең», – деп айтты»  («әл-Мәсаил Абу Дауд» 62).

Мұсылман адам өз жағдайын, яғни ол қай жерде тарауихты ынталы және бой ұсынған кейіпте орындайтынын ескеруі қажет: үйде ме, әлде мешітте мұсылмандардың жамағатымен бірге ме? Бірде бір кісі Хасан әл-Басриден: «Рамазан кірді, ал, ендеше, сіз маған қай жерде намаз оқуға кеңес бересіз: бір өзім бе, әлде мұсылман жамағатымен бе?» , – деп сұрағанда, ол: «Расында, сен мұны өзің таңдауға құқықтысың! Екеуін де қарап көр, әрі жүрегің қайсысына ауса және намазды қай жерде жақсырақ орындайтын болсаң, соған ілес», – деп өте жақсы насихат айтқан екен (Ибн Наср «Қияму-л-ләйл» 231).

 

Тарауих намазын жамағатпен оқудың заңдылығы

 

Алла Елшiсi (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) мешiтте тарауих намазын оқығанда сахабалар сiлтiдей тынып, оған ұйыған. Бiрақ, Пайғамбармыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) көз жұмғаннан кейiн сахабалар мешiтте тарауих намазын жеке-жеке оқыған. Хазірет Омар (оған Алла разы болсын) халиф болып тұрған шақта, бiр күнi Рамазан айында мешiтте жамағаттың жеке-жеке тарауих намазын оқып жатқанын көрiп, олардың шашыраңқы түрде құлшылық жасағанын ұнатпай, хазірет Убейдi имам қылып, бұдан кейiн тарауих намазын жамағат болып оқуды бұйырады. Осыдан соң тарауих намазын жамағат болып оқу үрдiсi қалыптасады.

 

Абдур-Рахман ибн Абдул-Қари былай деп айтады: «Бірде біз Омар ибн әл-Хаттабпен Рамазанның бір түнінде бір мешітке кірдік, ондағы адамдар намазды бөлек-бөлек оқып жатқан болатын. Сонда Омар: «Менің ойымша, егер мына адамдарды бір қаридың артына жинасам жақсы болады!», — деді. Сөйтіп ол жұртты Убай ибн Ка’бтың артына жинады. Кейін, мен онымен бірге келесі түні мешітке барғанымда, адамдар бір қаридың артына ұйып намаз оқып жатыр екен», – деді (Бухари 2010).

 


Бізді Алла Тағаламен қауыштыратын, ауызбiршiлiгiмiздi арттыратын тарауих намазының сауабынан құр қалмайық!

7860 рет оқылды