Бүкіл әлемдердің Жаратушысы, барлық нәрсені жоқтан бар еткен, барлық нәрсені жаратуға құдіреті жететін бір Аллаға сену – балиғатқа жеткен әрбір пендеге парыз етілген. Әлемдегі танымал тұлғалардың Ислам дінін қабылдап жатқанын күнделікті естіп, қуанамыз. Айналамыздағы адамдардың күн сайын аузынан түспейтін танымал адамдардың Алла Тағаланаың бар және бір екендігіне, Одан басқа жаратушы жоқтығына, барлық нәрсені жоқтан жаратқанына, жүрекпен сеніп, қабыл етуіне және ғаламға рахмет етіп жіберген соңғы пайғамбары Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) арқылы жіберген дінін толығымен қабылдағанына дән риза боламыз.
Күнделікті көгілдір экран алдынан көріп жүрген әлемдік деңгейдегі жұлдыздарға қол соғып, қошеметтеп келеміз. Тіптен олардың танымалдығы соншалық, бірнешеуінің есімдерін жатқа айтамыз. Ал, Сіз танымалдығымен иманы қатар келе жатқан шариғат шәлісіндегі танымал әйелдерден кімдерді білесіз?!
Алла Тағаланың: «Әй, пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүмін әйелдерге айт! (Үйлерінен шығатын болса) үстеріне жилбәбін (яғни жамылғысын) жапсын! Бұл оларды жеңіл (күң емес, жезөкше емес, азат әрі пәк әйел екендігін) тануға, оларға бөтен еркектердің тиіспеуіне жақын!» («Ахзаб» сүресінің 59-шы аяты) деген бұйрығына бойұсынған бірқатар әлемге танымал әйелдердің өмірін назарларыңызға ұсынамыз.
Изабель Эберхардт – щвейцариялық ғалым, танымал саяхатшы (1877-1904). Ислам дінін қабылдап, шариғат шәлісін жамылған Изабель жастайынан қасиетті Құранды жатқа оқыған. Ислам дініне келмей тұрып бірнеше тілді еркін меңгерген Изабель араб тілін әкесінен үйренеді, әкесімен ілесіп Құран оқиды. 1897 жылы анасымен бірге Ислам дінін қабылдаған. Әкесі Александр Трофимовский де Ислам дінін қабылдаған оқымысты адам болған. Ол қызына Ислам дінінен білім беріп, арабша еркін жазуды үйретті. Кейін Изабель әкесіне еріп бірнеше жерге саяхатқа бірге барған. Оның жастайынан кең етекті киімге әуес болуы өз ортасына оғаш көрінгенімен Изабель осы киім үлгісімен жүрді. Саяхатының бірінде ол 1901 жылы Францияның Марсель қаласында алжир солдаты Слимана Эхниге тұрмысқа шығып, шариғат шәлісін жамылады. Ислам дінін танып, білуге жастайынан ұмтылған Изабель 1904 жылы 27 жасында Алжирдың Айн-Сефра қаласындағы су тасқыны кезінде көз жұмады. Мәйіті Айн-Сефра қаласында мұсылмандық рәсімге сай жерленеді.
Далия Могахед – АҚШ президентінің кеңесшісі, танымал әлеуметтанушы-ғалым. 1974 жылы Мысыр елінде дүниеге келген Далия кейін ата-анасымен бірге АҚШ еліне қоныс аударған. Бүгінде Далияның есімі "әлемге танымал ең үздік мұсылман" қатарында.
"Маған осындай өмір бергені үшін Аллаға сансыз шүкіршілік! Кезінде заводта жұмыс жасағанымда әріптестерім арасында жалғыз мұсылман мен болдым. Кейін мен жұмыс жасаған бірнеше қалаларда да орамал таққан жалғыз әйел мен болдым. Басында өте қиын болғанымен, сол қиындықтан өмірлік сабақ алдым. Айналамдағы адамдар мені тани түскен сайын мен олардың ортасында өзімнің үздік екенімді білдім және оларға өзімді мойындаттым..."
© Далия Могахед
Захра Лари – Біріккен Араб Әмірлігінің ең танымал спорт жұлдызы. 20 жасар Захра қысқы олимпиада ойындарына орамалмен қатысқан тұңғыш мәнерлеп сырғанаушы. Оны өз елінде "Мұз ханшайымы" деп атайды. Захраның осы спорт түріне келуіне де "Принцесса льда" фильмі қатты әсер еткен екен. Басқа елдің мәнерлеп сырғанаушылары бұл спорт түріне 4-5 жасында келсе, Захра 11 жасынан бастап айналысқан.
«Біздің елде әйелдер қауымына спорт түрімен айналысуына басқа елдердегідей еркіндік бола бермейді. Мәнерлеп сырғанаудан тіптен спортшы жоқ десем де болады. Бірақ, бұл қадамды алғаш болып мен жасадым. Ал, елдің алдына орамал тағып шығуым бұл ерекшелік қана емес, менің ислам дініме деген құрметім. Халқым менімен бірге, мен орамалыммен біргемін...»
© Захра Лари
Лорен Бут – Ұлыбритания Корольдігінің адам құқықтарын қорғау қозғалысының белсендісі, қоғам қайраткері және әлемге танымал журналист. Лореннің Ислам дінін қабылдап, шариғат шәлісін жамылуына алғаш рет «Гардиан» газетінде жарияланған орамалды әйелдің мақаласы әсер етеді.
Ол 1967 жылы Исламнан алыстау Ұлыбритания елінде дүниеге келген.
Лорен 2008 жылы Палестина премьер-министрі Исмаил Ханиенің қолынан Палестина азаматтығын растайтын құжатты қабылдады. Осыдан кейін араб елі, әлемдік журналистер қауымы Лоренге біраз уақытқа дейін таң қалыспен қарады. «Мен іс-сапармен Таяу Шығыс еліне көбірек келетін едім. Әр келген сапарымда мешітке баратынмын. Алғашында бұл маған тек туристік қызығушылық болып қана көрінетін. Кейін Исламды ұғына келе мұның барлығы, менің бұл елге жиі сапарлауымның өзі Ислам дініне деген сеніммен байланысты екенін ұқтым. Дұрыс емес нәрселердің барлығынан бірте-бірте бас тарта бастадым: уақытымның көбін мешітте өткізуге арнадым, бес уақыт Аллаға құлшылық жасап, тек халал асты қолдануға қадам жасадым. Міне, қазір мен шариғат шәлісін жамылған мұсылман әйелмін...»
© Лорен Бут
Ибтихадж Мухаммад – АҚШ-тың 30 жасар ең үздік семсерлесуші әлем чемпионы. Мухаммад 2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өтетін олимпиада ойындарына орамалмен қатысатын жалғыз американдық семсерлесуші.
«Мені алда өтетін олимпиада ойындарында семсерлесуші деп таныстырғанда көрерменнің менен мұндайды күтпейтіні анық. Олимпиада ойындарына алғаш рет осылай орамал тағып қатысу арқылы ислам дінінің күнделікті өмірге де, спортқа да, алға қойған мақсаттарға да еш кедергісі жоқ екенін білдіргім келеді...»
© Ибтихадж Мухаммад
Феликсия Ийп – 29 жастағы Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде танымалдылыққа ие болған малайзиялық сәнгер. Феликсия 2014 жылы Куала-Лумпур қаласының Таман Тун Исмаил мешітінде өзінің мұсылмандық қабылдап, шариғат шәлісін жамылғанын өз оқырмандарына әлеуметтік желілер арқылы хабарлады. Осыған дейін әлемдік журналдарда, роликтерде түрлі бейнеде сән көрсетіп жүрген сәнгер қыздың бірден орамал тағып кетуі оның миллиондаған оқырманын таң қалдырды. Осындай күндердің бірінде оған мұсылманша қыз-келіншектер киім үлгісінің фотосессиясына түсу туралы ұсыныс келіп түседі. Бұл күн Феликсияның өміріндегі шешуші сәт болды. Ол ислам дініне ерекше ықыласпен қарап, өзі де көп ұзамай шариғат шәлісін тарта бастады. Бірнеше айдан кейін Ислам дінін қабылдағысы келетіндігін айтып, кәлимамен мұсылманшылыққа келеді. Тіптен, күні кешеге дейін Playboy секілді журнал жарнамасына түскен Феликсия Йип бүгінде ораза ұстап, Құран оқиды. Феликсия Йип белгілі мұсылман кәсіпкеріне шариғат шартына сай ақ некесін қидырып, тұрмысқа шықты.
«Мен Ислам дініне келуге жүрексіндім. Қасиетті дінге қадам жасамай тұрып, Ислам дінінен арнайы сабақ алып жүрдім. Орамал тағу біліммен келетін қымбат нәрсе екенін түсіндім. Қазір тек жабық киім үлгісін көрсететін сән көрсетілімдерге ғана шақырылатын болдым. Ислам дінін қабылдағаннан бері мен өзімді қайта дүниеге келгендей керемет әсердемін. Мен бұл күйден ешқашан арылғым келмейді...»
© Феликсия Ийп
Расымен, біздің де осындай керемет күйден арылғымыз келмейді. Әбу Хурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Мен көрмеген тозақылардың екі түрі бар: Қолдарында сиырдың құйрықтары сияқты қамшыларымен адамдарды ұратын кісілер және бұзылуға бейім әрі басқаларды да бұзуға дайын, шаштары түйелердің өркештері сияқты, үстерінде киімдері болғанымен жалаңаш әйелдер. Олар Жәннатқа кірмейді, оның исін де сезбейді. Ал оның исі өте алыс жерден сезіліп тұрады» – деген. (Муслим риуаят еткен) Бұл әйелдерді бөтен еркектердің алдында ашық-шашық жүруі үлкен күнәлардан екенін білдіреді. Орамал – мұсылман әйелдерге Жаратқанның сыйға тартқан ең қымбат сыйлығы. Сол сыйлықтың астында қаншама сауаптың жасырынып тұрғанын зерделей білген, Алласын танып, өздігінен ұятын жапқан, тәубесіне келген, шындықтың не, жалғанның не екенін білген, орамал тағып, жабық киінген аналарымызға, аруларымызға Алла разы болсын!