Отбасы 2016-05-14 (0) (37869)

Баланы айқайсыз тәрбелеуге 6 қадам

Баланы айқайсыз тәрбелеуге 6 қадам

 

Алаштың аяулы Абайы айтқандай, «өмірдің бір қызығы бала деген». Бала – Алланың адамға берген үлкен нығметтерінің бірі. Ол - ата-ананың жүрегінің, көзінің қуанышы, қиындықтарын ұмыттырушы, ұрпағын жалғастырушы. Бала – ең үлкен капитал. Ол сенің соңыңнан дұға жасайды, үйреткен біліміңді амалына асырып, артыңнан сауабы барып тұруына себепкер болады. Сондықтан болар, қасиетті хадис мәтіндерінде «Әкенің балаға беретін ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие» делінген (Тирмизи).

Ал бауыр еті баласын айқай-шусыз, қол жұмсаусыз, қорқытусыз тәрбиелеу – әрбір ата-ана үшін ең қалаулы да аңсаулы амал. Баласымен патшадай сөйлесетін аналар мен әкелерге қызығып жатуымыздың бір себебі де – осы. Ендеше, мамандар ұсынған әдістерге бір көз жүгіртейік:

1.     Дер кезінде өзіңе сауал қою.

«Алысқанды алып ұрған мықты емес. Нағыз мықты ашуланғанда өзін ұстай білген адам» (Бұхари) деген даналық бала тәрбиесіне де тікелей қатысты екен. Балаға деген ашудың «құрамында» оның ғана қатысы болмайды, күйеуіңмен қарым-қатынас, туыстармен келіспеушіліктер, жеке реніштер, жұмыстағы жағдайлар, денсаулық мәселесі болуы әбден мүмкін. Осыны дер кезінде еске түсіріп, өзіңе «менің ашуым баламның бүлдірген ісінің деңгейіне сай ма?» деген сауалды қоя білген дұрыс дейді мамандар. «Жоқ» жауабы жиі берілетіндіктен, адам өзін тоқтатуға тырысады.

2.     Жағдайға басқа көзбен қарау.  

Біз жағдайдың ішінде болғандықтан айғайымызды тоқтата алмаймыз. Осы сәтте сырттан өзіңді елестетіп көру қажет екен. Көзі аларған, бет-әлпеті қорқынышты, дөрекі дауысты, адам үрейленетін ишаралар жасаушы әйел кішкентай, қорғансыз жаратылысқа айқай салып жатыр. Бастығыңыз айқалайғанда қандай сезімде болушы едің? Баланың халін, өзіңнің халіңді ойла, сонда сен өз әрекетіңнен ұяласың деген әдіс те айтылады. Екінші жағынан, осыдан бала жүрегі қатаюы мүмкін. Сабырсыз, ашуланшақ, үлкенге дауыс көтеретін балалар да – айқаймен, қол көтерумен берілген тәрбиенің жемісі.

3.     Бала – аманат.

Иә, бала әкенің беліндегі судан жаралды, ананың құрсағынан шықты, біздің үйімізде тұрады. Алайда, олар уақытша берілген аманат саналады. Оларды асырау, тәрбиелеу, үйрету – ата-анаға артылған жауапкершілік. Ертеде дана әйелдердің бірі баласының қайтыс болғанын күйеуіне естірткенде: «Отағасы, егер біреу келесі біреуге аманат тапсырса, кейін уақыты келгенде қайта алып қойса дұрыс па? Оған наразылық білдіруге бола ма» деп сұрақ қояды. Жары: «Әрине, дұрыс. Мұндай іске ешбір қарсылық танытылмайды» деп жауап берген екен. Сонда әйел: «Алла Тағала бізге баламызды аманат қылып беріп еді, бүгін оны Өзіне қайта алды» дейді. Күйеуі оны еріксіз мойындап, ләм-мим деуге шамасы келмей қалады.

4.     Айқай естіген бала ата-анасына айқайлайды

Біз қартайғанда жанымызда болатын «қамқоршыларымызды» тәрбиелеп жатқанымызды есімізден шығармауымыз қажет. Егер сен балаңа дауыс көтерсең, өскенде олар да саған дауыс көреді. Бұл – бұлжымайтын заңдылық. Олар әуелі ойыншықтарына айқайлайды, кейін ашуын бауырларына, жолдастарына көрсетеді, соңында ата-ананың алдынан шығады. Ана – бала үшін ең қасиетті тұлға, күллі әлемнің сәулесі. Ана дауыс көтерсе, бүкіл әлем оған төніп тұрғандай болады. Нәтижесінде, оның психологиясына кері әсер етеді. Ынжықтық, нәзіктік, жаны жаралану осыдан басталады.

5.     Ата-анадан қаһар көрген бала олардан құтылуға асығады.

Адамның табиғаты сондай, ол өзіне қандай қарым-қатынас жасалса, соны қайтарады. Өзіне жақсылық көрсеткенге ешқашан жамандық жасай алмайды. Бұл ата-ана мен балаға да қатысты. Сөзсіз, ата-анасын қарттар үйіне өткізген перзенттердің тәрбиесінде бір кемістік болған. Мына бір тамаша оқиға балаға дауыс көтеруді емес, оны сыйлықпен тәрбиелеуді үйретеді:

«Ертеде мұсылмандардың билеушісі болған Мұғауия өз баласы Язидке ашуланып, онымен сөйлеспей, тастап қояды. Сонда ғұлама Ақнаф ибн Қайс оған: «Уа, мұсылмандардың әміршісі, шын мәнінде, олар біздің ұрпағымыз, жүрегіміздің жемісі, біз олардың сүйенішіміз, біз оларға көлеңке болатын «аспанбыз», олар үшін жүретін жерміз, егер, олар ашуланса, риза ет, бір нәрсе талап етсе, бер, оларға ауыр болма, олар сенен шаршап, өліміңді күтпесін» деп айтады. Сонда Мұғауия: «Сен қандай көркем сөздер айттың!» деді де, ұлы Язидке сәлем жолдап, 100 мың дирхем ақша, 100 киім сыйға тартады. Ұлы Язид те ақылды еді. Мұғауияның жанында Ақнаф ибн Қайстың болғанын біліп, жақсылыққа себеп болғаны үшін 50 мың дирхем, 50 киімді сыйға жібереді.

Бұл – ілгері буын ізгілерінің өмірінен келтірілген көркем мысал.

6.     Ата-ана өзінің ішкі дүниесін реттеуі тиіс.

Адамның сыртқы амалы – ішкі дүниесінің айнасы. Егер оның жүрегі иманға бай, сабырмен қапталған болса, ол кез келген жағдайда өзін ұстай біледі. Өзіне жақсы қарайтын, ішкі дүниесі тыныш ана дәл сондай қалыпты балаларға да қалайды. Сол себепті, ата-ана рухани халін жақсартумен айналысып, демалысқа,  дұрыс ұйқыға, өзіне күтімге уақыт табуы тиіс.

 

Біз – баласымен мақтанғысы келетін, оның жетістіктерінен өзінің бүкіл ғұмырының нәтижесін көріп, сүйсінгісі келетін халықпыз. Сен 50-60-қа келгенде 20-30 дағы балаң парасатты, салихалы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін көркем тұлға болғанын қаласаң, бүгін олардың бойына не егіп жатқаныңа бір қарап қойғаның абзал...

37869 рет оқылды